Бұқаралық ақпарат құралы өкілі болғандықтан түрлі басқосуларда жиі болып тұруға тура келеді. Ондай жиындарға ардагерлердің де қатысатын кезі көп болады. Сондай да ақсақалдарымыздың арасынан үнемі бір кісіні іздейтінмін. Ол кісінің қатысып отырғанын көрсем неге екенін білмеймін бір серпіліп қалатынмын. Мүмкін ардагердің өзгелерден ерекшелендіріп тұратын шындықты бетке айтатын батылдығы, екі тілде еркін сөйлеп, келелі мәселелерді басшыларға кібіртіктемей жеткізетін батырлығы секілді қасиеттері әсер еткен болар. Алайда, бір өкініштісі, енді оны ешқашан да көре алмаймыз. Өйткені, біз айтып отырған Шайхислам Серікбайұлы осыдан бір жылдай уақыт бұрын дүние салған еді.
Иә, Шәкеңді облыста білмейтін жан кемде-кем. Еңбек арадагері, Қызылорда облысының құрметті қайраткері, жазушы-журналист, Журналистер одағының, «Иман» қоры сыйлығының иегері, КСРО құрметті теміржолшысы, Мәдениет қай¬раткері, Қазалы ауданының құрметті азаматы Шайхислам Серікбайұлы үлкен өнегелі өмір жолынан өткен. Ол 1926 жылы 22 наурызда Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. Оның жастық шағы соғыс жылдарына тура келді. ФЗО (фабрика-завод оқуы) мектебін бітіргеннен кейін он алты жасында деподағы жұмысын бастады. Жұмыс ауыр, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен күні-түні тынбай еңбек етті. Нан тек жұмыс істегендерге ғана карточкамен беріледі. Онда да берілетін көлемі бар болғаны 600 гр ғана. Жас организмге ол аздық етеді, бірақ амал жоқ соны қанағат тұтуға тура келетін. Міне, осындай қиын кезеңдерді өткерген Ш.Серікбайұлы ағамыз үшін «Еңбек етпеген ішіп жемейді» деген нақыл сөз өмірлік ұстаным болып қалған-ды.
Соғыс аяқталды. Ташкент теміржол техникумын бітірген жас жігіт Қазалы депосында, одан кейін Қызылорда теміржол бөлімшесінде еңбек етті.
Алайда, өзінің бойындағы шығарма¬шылық қасиетін жерде қалдырмауды мақсат тұтқан Шәкең тағы бір мамандық иесі атануды қалаған болатын. Осындай ниетпен Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің орыс бөлі¬міне оқуға түседі. Жоғары оқу ¬орнын бітіргеннен кейін Ш.Серікбайұлы об¬лыс¬¬тық «Путь ¬Ленина» (қазіргі «Кызыл¬ор¬¬динские вести»), «Теміржолшы» газет¬терінде жұмыс істеді. Сондай-ақ Қазалы аудандық, Қызылорда облыстық партия комиттерінде, халықтық бақылау коми¬тетінде абыройлы еңбек етті.
Жұмыс істеп жүрген кезінде, зей¬неткерлікке шыққаннан кейін де Серік-байұлы шығармашылық жұмыс¬тарынан қол үзбей, тарихи хикаяттар мен деректі әңгімелері кірген он бестен аса жинақ шығарып, оқырмандардың ықыласына бөленді. Екі тілде еркін көсілетін белгілі қаламгер Шайхислам Серікбайұлы оқыр¬ман олжасын мазмұны бай, тағылымы зор шығармалармен толықтырды. Оның «Ардақтылар мен абзал жандар», «Тұлға¬лар», «Ақиқат туралы аңыз», «Шешендер мен көсемдер», «Легенды и люди древнего Сыра», «Кто же мы», «Целеустремленность» атты кітаптары негізінен Сыр елінің тарихи тұлғаларына арналды.
Ұзақ жылдар партия, баспасөз, бақы¬лау органдарында және теміржол саласында табанды еңбек еткен қаламгер өмірдің сан салалы соқпағынан орамды ой, тұшымды пікір, салқар сезім қозғау арқылы шығармалар өзегін әдемі әспеттейді. Қаламгердің жарық көрген ондаған публицистикалық кітаптары, тарихи-деректі мақалалары, өлеңдері, басқа да тапқырлық пен талғампаздықтың қылын шертетін еңбектері жинақ еншісіне топтастыра білді. Жергілікті «Тұмар» бас¬пасынан автордың екі томдық қазақша «Таңдамалы шығармалары» мен орыс тіліндегі «Избранные» кітабы жарық көрген болатын. Оның бірінші томында ислам, тарихи тұлғалар, өмірде кездесетін оқиғалар мен шешендік, мәдениет әлемі секілді уақыт безбеніндегі ерекше құбылыстарды жан-жақты аша суреттейді. Оқырманның өмірге көзқарасын серпілте түсетін жинақ маңызды мағлұматтарды да шынайы көтереді. Ал «Таңдамалы шығармалардың» екінші томында қара¬пайым азаматтардан бастап, белгілі тұлғалар, шешендер мен көсемдер, әділ билер мен көріпкелдердің керемет сөздері автордың терең ойлы талғамын анық айшықтайды. Мұнда Сыр елінің, Аралдың таңғажайып әлемі, би-болыстардың, бел¬гілі тұлғалардың өміріндегі беймәлім деректер секілді хикаяттар қызықты сурет¬теледі.
Кітапты оқу барысында оның авторы¬ның өмірден көргені мен түйгенінің мол екеніне, жазып отырған жайларын жан-жақты қамтитын біліктілігіне бейіл бересіз. Жинаққа енген үлкенді-кішілі туындылардың қай-қайсысы болмасын жеңіл де жүрдек оқылады. Жазушының баяндау мәнері, оқиғаны игеруі, олардан ой туғызуы көңілге қонады. Қыс¬қасы, қаламгердің осынау таңдамалы шығармалары оқырманнан жоғары баға¬сын алып қана қоймай, ұрпақтар сабақ-тастығы жолында рухани қазынаға айналарына сенім мол.
Ардагердің қаламгерлігімен қатар қоғам¬дағы өзекті мәселелерді үнемі көт嬬ріп отыратын қайраткерлігі де есте қала¬тыны рас. Ол кездесулерде жоғары лауазым иелерінен мұнайдан түскен қар¬жы¬ның қайда жұмсалып жатқаны немесе Байқоңырды жалға беру, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы деректерді талап етіп қана қоймай, орынды ұсыныстарын да беріп отыратын. Сыр елі тұрғындарына төленіп келген экологиялық төлемдерді алып тастау туралы бастама көтерілген кезде оған қарсы дәлелді пікірлер келтіргені бір бөлек әңгіме.
Шайхислам ағамыз Елбасын аса қадір тұтты. Халықпен кездесулерінде -Президентке құрметті ақсақалдардың бата бере¬тіні белгілі. Ш.Серікбайұлы осындай құрметке ие болған санаулы адамдардың бірі. Ол 1993 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сыр еліне сапармен келгенінде оған:
– Шырағым, шешім шығарарда батыл бол, ел-халқыңа жақын бол. Ойың орнықты, ісің әділетті, жүзің жарқын, тіле¬гің қабыл болсын! – деп батасын арнаған еді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.