ФЕДЯ АҒАЙДЫҢ ҚОЛТАҢБАСЫ

Былайғы жұрт бұл кісіні Федя ағай дейді. Бұл есімді осыдан 50 жыл бұрын тереңөзектіктер Фанавей Батыровқа берген екен. Туған жері Башқұртстанның Балташ ауданы болғанымен, жиырма жасында Қазақстандағы нағашы жұртына келіп, өсіп өнген Федя ағай зейнетке шыққанша адал еңбекті серік етті. Оның кәсібі — фотограф.
Суретке түсіруді кейбіреулер әуесқойлық деп түсінсе, кәнігі маман болу үшін арнайы білімнің де қажеті бар екенін білген жөн. Міне, біздің фотограф өмір бойы суретке түсірумен айналасқан кәсіби маман.
Фанавей Хаматшаұлы Татарстандағы алыс колхозда туып-өсіп сонда сегіз жылдық мектепті бітіреді. Әкесі Хаматша мен анасы Нағима колхозшылар болған, отбасындағы 5 баланың үлкені Фанавей қарындасы Фаузия мен үш інісі Флюр, Ралиф, Мунирға қамқор болып өседі. Ес біліп, ер жеткен соң тракторист-машинист мамандығы бар азамат Тереңөзектегі нағашысы Фарих ағаның үйіне қолғабыс етуге келеді.
-1967 жылы осы елге келдім. Нағашым үй салып жатыр екен, өзі аудандағы май зауытта инженер-механик. Мені өзіне жақын тартқысы келгені болар, үш күнде жұмысқа орналастырды. Жұмысым зауытта моторист, — деп еске алады Федя ағай өткен жылдарды. «Жігіттің жақсы болуы нағашыдан» демекші, өзінің 3 баласы бар Фарих ағасы Фанавейдің өмірден өз орнын табуына ықпал етеді. Ағасының айтуымен Қызылорда қаласында фотографтарды оқытатын училищеде 1 жыл білім алады. Сонаң соң Жалағаш ауданына барып, еңбек етеді. Табандай 4 жыл бойы сол ауданда осы қызметтің қыр-сырын меңгеріп, Тереңөзекке қайта келеді. Мұнда да жас фотограф сол жылдары аты дүркіреп тұрған тұрмыстық қажетті өтеу комбинатына жұмысқа орналасады. Өз мамандығын меңгерген азаматтың күндіз-түні тыңбай еңбек етуі, талай біртуар адамдармен сұқбаттасуына, дәмдес болуына себебін тигізеді.
— Менің жұмысымның қиындығы да қызығы да қатар жүрді. Себебі осы кәсібімнің арқасында талай азаматтармен жүздестім, — дейді Федя ағай өзінің естелікке айналған әңгімесінде.- Жыл сайын өтетін шопандар слеті нағыз мереке болатын. Малшыларды суретке түсіріп, чемпиондардың суретін құрмет тақтасына дайындадым. Иә, шын мәнінде, бүгінде аудандағы кез-келген отбасындағы фотоальбомдағы көне суреттен Федя ағайдың қолтаңбасын көресіз. Сол ескі фотолардан талай өмірдің бейнесі сақтаулы тұр.
— Қазіргі суретте сапа жоқ қой, біздің кезімізде фотаның қағазынан бастап, бояулары өте сапалы болатын, күндіз суретке түсіріп, түнімен оларды шығарып, таңертеңге дайындаймын. Шаршау дегенді білмеймін, дейді әңгімесін жалғаған фотограф.
Федя ағай шын мәнінде қарапайым еңбек адамы ретінде өз мамандығын шын сүйген азамат. Оның есімі ауданға белгілі болған Владимир Ягунинмен қатар айтылады. Ол кісіні өзіне ұстаз санап, әріптестері марқұм Ерғали Әбдіқалықов, Жолдыбек Жұмағалиев, Наташа Грещенкова жайлы да жылы лебіз білдірді. Барлығы бір дәуірде, бір заманда еңбек етіп, замандас болғандарын мақтанышпен айтады. Бұрынғының еңбек адамы қашанда кең пейіл ғой. Мекеменің басшысынан бастап, үлкен ұжымдағы еңбек адамдарының есімін ұмытпай құрметтеу оның қасиеті. Бір кереметі, Федя ағай өзінің қызметінің арқасында халықтың жадында. Федя ағай бармаған жер, баспаған босаға жоқ десек артық айтқандық болмас.
-Мемлекетке қызмет еткен соң, басшылық тапсырма береді, арасында жекелеген адамдардан мерекелік шараларын фотоға түсіруге тапсырыс аламын, қазынаға қаржы түсірсең болды, уақытпен санаспай жұмыс істейсің… Бірде ауданға гастрольдік сапармен Роза Рымбаева келді, алдымен аудан орталығында концерт беріп, ертесіне ауылдарға кетті. Сол кезде мен суретке түсіріп, түнімен оны шығарып, артынан ауылға барып, әншіге суретін бердім. Фотоға риза болған Роза ханым өзіме бір суретін қолтаңбасын қойып қайтарып берді, — дейді еңбегінің қуанышты сәттерін тілге тиек еткен Федя ағай. Бұл ағайдың өміріндегі бір ғана мысал. Ал, мұндай естелік сәттер қаншама. Барлығы күні бүгінгідей көз алдында.
Ауданның өткен тарихын фотоға түсіріп, жасаған альбомдары, Федя ағайдың қолтаңбасы бүгінде мүзей мен мұрағаттарда сақтаулы. Олар көнеріп, сарғайса да асыл мұра ретінде талай жыл ұрпақтан-ұрпаққа сақталатын болады. Осындай азаматтың еңбек етуіне, ауданның тарихын жасауға атсалысуға жағдай жасаған Федя ағайдың жары Оразкүл Абуова апамыз ауданда болған жалғыз мейрамханада даяршы болды. Осындай жарды өмірлік серік еткен Федя ағай алтын асықтай ұл мен қос қарлығаш сүйді. Тұңғыштары Гүлфира қазір Астанада, 3 баланың анасы. Кенжелері Жанат Қарағандыда, санитарлық дәрігер, ішкі істер қызметінде, капитан, ұлдары Қанат заңгер. Анар есімді келін түсіріп, Дильназ бен Дамир атты тәп-тәтті немерелер сүйгізді. Балалардың барлығы жоғары білімді мамандар. Өкініштісі әжелерінің, сүйікті жардың дүниеден өткені. Бүгінде 70 жасқа келіп қалған Федя ағай әлі де сүйікті ісінен қол үзген емес. Отбасылық мерекелерде, немерелердің мектептегі шараларында қолына фотоаппаратын алып суретке түсіреді. Бірақ мұнысы қазіргі заманғы, түрлі-түсті етіп түсіретін цифрлық аппарат.
-Мен мемлекетіміздің Тәуелсіздік алған жылдары да кәсібімнен қол үзгем жоқ. Осындағы халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет еттім. Әлде де жұмысымды жалғастыру ойымда бар, — деді 70-і алқымдаған еңбек ардагері.
Міне сонау татар елінен арман қуып қалың қазақтың ортасына келген Федя ағай мұндағы жұрт оны жатсынбай қабылдаған тағдырына риза. Себебі осында жарты ғасыр ғұмырын өткізіп, өмірінің ең бақытты кезеңін сүрді. Қаймағы қалың қазақ халқын бауыр етті. Бауыр, туысқан тапты, барлығымен емен-жарқын араласты. Бұдан артық бақыт бар ма?
-Мені қызметке, жылтыраққа керемет дүниеге қызыққаным жоқ. Кісінің ала жібін аттамадым. Қазақтың аруымен бас қосып, перзент сүйдім. Қолымнан келгенше халыққа қызмет еттім. Ұрпағымыз бақыттың базарында өмір сүрсін,- деп батасын берді Федя ағай. Лайым да солай болғай!
Бибісара ЖАНӘЛІ
ТАҒЫЛЫМ 08 қыркүйек 2017 г. 945 0