ШУАҚТЫ МЕЗГІЛДІҢ МӨЛДІР ШЫҒЫНДАЙ

  Сыр елі – сүлейлердің бесігі. «Сырға барып жыршымын деме» дейтін сөздің астары соны айғақтап тұр. Тәңіршілдік пен Ұмай анаға бас иген түркі өркениетінде «сүлей» сөзі «соғыс құдайы» деген мағына береді екен. Қобыз бен домбыраның құдіреті бұл атауды «өнер құдайы» деген мәнге ауыстырған. Шынында қара бұлтты көшіріп, жаңбыр төктірген қобыз үнінің қасында мылтықтың дауысы ешкімді селт еткізбес еді. Ал, ұлының қазасы үстінде көзін қан қаптаған Шыңғысханға жан адамның дәті жетпеген жаманатты сайрап тұрып жеткізген домбыраның алдындағы қарудың қауқары қайсы?!

Өнердің осындай тозбас топырағында өмірге келген  Шынберген Сүлейменовтің есімі аталғанда елең етпейтін қазақ жоқ. Себебі Шынберген шығармашылығы – сүлейлер тамырынан қуат алған, халықтық өнердің тұнық бастауынан сусындаған саф өнер. Құмарлана тыңдайсыз, құлағыңызда жаңғырып қайталанады. Жасандылық жоқ, жаныңды сүйсінтеді.

Нұртуған, Балқы Базар,  Шораяқтың Омары, Тұрмағанбет мұралары неліктен заманнан заманға ауысып келеді? Өйткені оның дәрпін дәуір ақиқатының, өнер, сөз тазалығының таразысы безбендеп тұр.

Сүлейлердің бойында әулиелік, ақындық, шешендік, әншілік секілді бірнеше қасиет қатар дамыған. Шынбергеннің сүлейлерден алған қуат нәрін осы тұстан анық аңғарамыз. Ол – әрі ақын, әрі композитор, әрі орындаушы, атбегілігі мен шешендік өнері өз алдына бір тарау тақырып. Ел ішінде Шынберген айтыпты деген әзіл сөздер жетерлік.

…Бірде Шынберген өзінің «Ақұдайлар» деген әнін орындапты. Сол кезде оған бір кісі сын айтып, «Ақұдайлар» деген сөз дұрыс емес, оны «Әлімдер» деп ауыстыр десе керек. Сонда Шымберген: «Аға, бұл өлеңнің авторы марқұм Рүстем Жанаев еді. Шынында неге «Ақұдайлар» деді екен, соны өзіңіз барып біліп келсеңіз жақсы болар еді» депті. Әлгі кісі уәж таппай теріс бұрылып кетіпті. Айтылған сөзге әбжіл жауап қату, оны әзілге ауыстыру екінің бірінің қолынан келмейтін шеберлік емес. Мұндай тапқырлықты ата қаны, ана сүтіндегі шешендік өнер қонған адам ғана айта алады.

Шынбергеннің анасының айтуынша, оның өмірге келуі де бір тылсым құбылысты ұқтырады. «Осы балама тоғыз күн толғаттым, – дейді Алтыншаш апа, –  перзентханадағы дәрігерлер «я анасы қалады, я баласы қалады» деп кесіп-пішіп қойыпты. Бірақ салмағы бір жарым кілә ұл тудым. Алла екеумізге де өмір несібесін берді. Бұл бала бізге берілген шын бала болды деп, есімін Шынберген қойдық».

Расында, бұл баланың тегін бала еместігін ата-анасы әу бастан-ақ болжапты. Сөйтіп, Шынберген жасынан домбыраға әуестенген. Ұзақ жырларды оңай жаттап айтатын болған. Сүлейлердің сынығы Бекұзақ Тәңірбергенов ағасы көріп, Шынбергенді бірден шапанына ораған. «Айналайын, Шынберген, Шынбергенді кім берген…» деп ерекше жақсы көрген. Сонымен, жас талапкер әуелгі өнерін айтыс сахнасында көрсетіп, жүлделер ала бастаған. Арал ауданындағы Қызылжар ауылынан мектепті бітірген соң Алматыға барып, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түскен.

2002 жылы Ақтөбеге қоныс аударды. Әуелде Шынберген­ді асаба есебінде таныған Ақтөбе жұрты бүгінде жан-дүниеңді баурайтын мөп-мөлдір әндердің авторын «біздің баламыз» деп бауырына тартады.

Шынберген – бар қазақтың баласы. Бірақ оның өскен ұясы, қанат қаққан қиясы қасиетті Сыр топырағы екені даусыз.

Шынында Шынбергеннің басты даралығы – шығарманың әнін де, сөзін де өзі жазып, өзі орындайтыны. «Ассалаумағалейкум», «Бәйге», «Мектепке сағыныш» әндері кімді елітпейді, кімнің делебесін қоздырмайды?! «Сонау жыл күзде кеудеге гүл тағып...» десеңіз болғаны, бұл сөзді естіген жан жаңылмай әнімен әрі жалғап кете береді. Ал, оның Мұқағали Мақатаевтың  «Қайран жеңгем» деп аталатын өлеңіне жазылған әні сөз жоқ, тыңдаушысының көз жасын сығып, кеуде тереңінде жатқан мұңды қозғаған шығарма.

«Құдай тіл-көзден сақтасын, тфә, тфә» деп жатамыз. Сол нәрсе де жоқ емес. Былтыр Шынберген Тараздың тұсында көлік апатына түсті, жиырма бір күн ес-түссіз жатты. Халықтың Шынбергенге деген сүйіспеншілігі осы кезде тағы бір анық көрінді. Астана, Алматы өз алдына, дәрігерлер тілдестірмейді дегенге қарамай, Жетес ағасы бастап Жамбылға қарай Қызылордадан қанша адам ағылып жатты. Әлеуметтік желілерде жүздеген адамның ниет-тілегі жарияланды.

Ауруханадан айығып шыққан Шынбергеннің елімен көріскеніне қатты қуандық. Сонан соң туған жеріне барып «Қауыштым қайта әніме» деп аталатын концертін берді. Өнердегі достары, іні-қарындастары, қазақ әнінің жұлдыздары – Заттыбек Көпбосынов, Еркін Нұржанов, Ерболат Абдуллин, Айгерім Мамырова, Төреғали Төреәлі, Әбжапбар Әлқожа  Шынбергеннің әндерін шырқап, туған жердің  тамылжыған бейнесіне ән сәулесін айшықтап қосты. Бұл күн жаны жарықтанған жұрттың жүрегінде мөлдір шықтай тұнып қалды.

Шынбергеннің есімі де, бейнесі де ел-жұртының жүрегінен шынайы орнын иеленгенін оның замандастары, біз әлдеқашан мойындағанбыз.

Жақында мен телефон арқылы Шынбергеннің жары Меруертпен тілдестім. Бала-шағаның амандығын сұрадым. «Үлкеніміз Ержан университеттің филология факултетін бітірді. Ақындыққа бейім. Қызымыз Ақбота биыл колледж оқуын аяқтады. Жетінші сыныптағы ұлымыз сахнаға шығып, әкесінің әндерін орындап жүр. Қазір Бағлан Байғараев деген аты-жөні әжептәуір белгілі. Әке жолын қуса, осы қуар. Кішкентайымыз әлі балабақшада», – деді ол.

Жалпы, көпшілік өзі сүйіп тыңдайтын, ерекше бағалайтын өнер адамдары туралы көбірек білгісі келеді. Соңғы әңгімені сол үшін айтып отырмыз.

Негізгі ойымыз, «халқыңды қуанта бер, өмір төріне ән шуағын шаша бер, Шынберген» дегенді жеткізу еді.


Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

ТАҒЫЛЫМ 29 тамыз 2017 г. 2 546 0