« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Мемлекет тәуелсіздігіне қол жеткізу, оның негізін қалау түсінген адамға оңай шаруа емес. «Тәуелсіз ел болдық» деп бөркімізді аспанға атып қуану айтар ауызға жеңіл дүние болғанымен, шынайы экономикалық және ұлттық тұрғыдан Тәуелсіздікке қол жеткізу Қазақстан үшін оңай болған жоқ. Көк байрағымыздың биік желбіреп, төрткүл дүниеге дербес ел атанғанымызды нақты іспен көрсету үшін ұлтжанды азаматтар тоқсаныншы жылдардың басында жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етті. Қазақстан өзінің Тәуелсіздігіне ие болған 1991 жылдары ең алғашқы Қазақстан Үкіметін басқарып, тәуелсіздіктің қазығын тереңге батыра қаққан азаматтардың көшбасында Ұзақбай Қараманов болды. Саналы ғұмырын Қазақстанның өсіп-өркендеуіне жұмсаған тұлғаның өмір жолына көз салған адам ел Тәуелсіздігінің шежіресін оқып отырғандай күй кешеді. Иә, дәл солай. Бұл – артық-кемі жоқ, ешқандай әсіре-қызылсыз, боямасыз айтылған шын сөз.
Құрылыс саласында мол тәжірибе жинаған Ұзақбай Қараманов Куйбышев қаласындағы инженерлік құрылыс институын ойдағыдай тәмамдағаннан кейін елге бет түзеп, біраз уақыт Ақөбе жерінде жұмыс істеген соң, кіндік қаны тамған туған жері – Қызылорда облысына ат басын бұрып, қызу жүріп жатқан құрылысқа бел буып, білек сыбана кіріскенін білеміз. "Қызылордастрой" тресінде елеулі еңбек жолын бастаған жас жігіт аз ғана уақыттың ішінде өзіне тапсырылған жұмысты ұршықша үйіріп, ілкімді ісімен басшылықтың назарына ілікті. Арада біршама уақыт өткеннен кейін жалындаған жас жігіттің тапсырылған жұмысты тиянақты орындап, әрбір іске жауапкершілікпен қараған соң жас маманды құрылыс-монтаж басқармасының басшылығына сайлайды.
Осылайша Ұзақбай ағамыздың еңбекке толы өнегелі ғұмырының бастау қайнары туған жері – Сыр бойында бастау алып, кейіннен ол республика деңгейіндегі жауапты қызметтерге ұласты. Атпал азаматтың алға қойған мақсатқа жетудегі табандылығы, дербес шешім қабылдауға дағдылануы, әр мәселеге қатысты жеке көзқарас пен көкейге тұнған пікірді ашық айта білуі, сонымен қатар басқалардың да пікірін ынта қойып тыңдауы, тартымды ойларды жұмыс барысында басшылыққа алуға дағдыланған Ұзақбай Қарамановтың қандай қиындық болса да, бәрін байыппен шешуді өмірлік кредосына айналдырды. Ұзақбай ағамыз осы бір бекзат болмысы тұңғыш жасақталған Қазақстан Үкіметінің табысты жұмыс істеп, қазақ қоғамының нарықтық қатынастарды жатсынбай қабылдап, ел экономикасын оңалтуға барынша ықпал еткені сөзсіз. Құрылысқа деген құштарлық Ұзақбай ағамызды ұдайы алға жетелеп, жайлы кабинеттен гөрі құрылыс басында жүруіне итермеледі. 1964 жылы Қызылордадан Алматыға келгенде де ағамыз өзінің облыс көлемінде жетекші құрылыс мекемелерін тізгіндеп, олардың табысты жұмыс істеуіне ықпал еткенін айтпастан құрылыстағы қарапайым жұмыстан бастап, аз ғана уақыттың ішінде маңайындағы адамдарды ортақ іске жұмылдыратын іскер басшы екенін іспен дәлелдеп шықты. Бұла күші бойына сыймаған жас жігіт кабинетке қамалып, қағазбастылыққа салынуды жаны қалаған жоқ. 1967 жылы Қазақстан Компартиясы істер басқармасының құрылыс-бақылау тобының меңгерушілігі қызметіне шақырылып, біраз уақыт табысты жұмыс істегеннен кейін, білікті маман жұмсақ кресло мен мансап баспалдағынан бас тартып, құрылысқа аңсары ауа берген соң, нақты жұмыс істеуге тағы да сұранды. Осылайша білікті маман Алматының адам танымастай ажарлануына бар күш-жігерін жұмсады.
Ұзақбай ағамыздың ғұмырнамалық кітабын оқып отырғанымызда күні бүгінге дейін Алматының бойтұмарына айналған іргелі ғимараттардың бәріне абзал азаматтың жылы алақанының табы тигенін білдік. Айталық, М.Әуезов атындағы драма театр, «Көктөбедегі» телерадио кешені, «Медеу» шатқалындағы тасқыннан қорғайтын бөгет, «Қазақстан» қонақ үйі және қазіргі Достық даңғылы мен Фурманов көшесінің аумағындағы іргелі ғимараттарды салуға Ұзақбай аға барынша атсалысты. Осылайша құрылыс саласында құлашын жазып жұмыс істеген асқар таудай ағамыз Алматының ажарлануына бір кісідей үлес қосып, Отан алдындағы парызына барынша адалдық танытты.
Кеңестер Одағының бір-біріне ажырамастай матаса байланысқан экономикалық жүйесі күйреген тұста АҚШ-тың белді саясаткері Зигмунд Бжезинский өзінің атышулы «Ұлы шахмат тақтасы» кітабында Кеңестер Одағының шекпенінен шығып, тәуелсіздікке ие болған бірқатар елдер (оның ішінде Қазақстан да бар) ұлтаралық қақтығыстардың ошағына айналады деп сәуегейлік жасаған-ды. Иә, айтса айтқандай, бірқатар елдерде ұлтаралық дүрдараздықтың салдарынан қарулы қақтығыс пен қантөгіс орын алды. Көпұлтты Қазақстанды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында қарулы қақтығыс пен қантөгісті айналып өтті.
Сол кездегі республика басшылары тәуелсіздік жылдары пайда болған Жаңаөзен мен Қарағандыдағы қоғамдық толқулардың алдын алғанын білеміз. Тәуелсіздік жылдары мұндай қоғамдық толқулар қандайда бір саяси мақсатты көздемегені анық. Мұндай шеру-толқулардың өзегінде халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауы себепші болғаны белгілі. Сол кезде халықтың сеніміне ие болып, қоғамдық өмірімізде орын алған экономикалық қиындықтардың түйінін дер кезінде тарқатуда Ұзақбай Қараманов Үкіметі күн-түн демей, бел жазбай еңбек еткенін бүгінгі жас ұрпақтың бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңадан құрылған алғашқы Қазақстан Үкіметін басқару ісін Ұзақбай Қарамановқа сеніп тапсыруында не сыр бар? Сөз жоқ, бұл жерде үлкен сенім болғаны анық.
Кетеуі кеткен ескі Кеңестік жүйеден жаңа нарықтық экономикаға қадам басқан сәтте қазақ қоғамын бұрын адам естіп, көз көрмеген қиындықтар күтіп тұрған еді. Мемлекет басшысы осы қиындықтан ұлтжанды азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімі ғана алып шығатынын сезді. Ал мұндай өршіл, қиындыққа мойымайтын өжет қасиетті Ұзақбай Қарамановтың бойынан талай рет байқаған да болуы керек. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев үзеңгілес әріптесі Ұзақбай Қарамановқа сенім артты. Сол бір сенім жайында Ұзақбай ағамыз өзінің ғұмырнамалық кітабында былайша ой толғайды: «Адам қызмет баспалдағымен көтерілген сайын үнемі үйренеді, алдына қойған міндеттерін жан-жақты зерттеп, оған қол жеткізуге ұмтылады. Сондықтан жауапты лауазымдық қызметке кандидат таңдауда оның тек білімі мен тәжірибесі есепке алынбайды. Өзіне беймәлім жаңа қызметтерді түсіне алатын қабілеті мен жолында кездесетін қиындықтарды жеңуге жұмсайтын күш-жігері қоса есепке алынады», – деп өзінің тұңғыш премьерлік қызметке қалай келгенін қолмен қойғандай түсіндіріп берген еді. Иә, бұл жерде Президенттің Ұзақбай Қарамановқа үлкен сенім артқанын байқаймыз. Осылайша 1991 жылы 25 маусымда «Қазақ КСР Министрлер Кабинеті туралы» Заң қабылданып, Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Қазақ КСР Премьер-Министрі деген лауазымды қызмет пайда болды. Аталған қызметке бірінші болып Ұзақбай Қараманов тағайындалып, атпал азамат еліміздің өсіп-өркендеуі жолында жан аямай еңбек етті.
Сол бір кезеңде кең өрістеген тұрғын үй құрылысы мен халықтың тұтыну тауарларын өндіру, агроөндіріс кешендерін толықтай жекешелендіру үрдісі қолға алынды. Ең бастысы Қазақстан Үкіметі ұзақ жылдар бойы тісі батпай жүрген Семей әскери полигоны аймақтағы ондаған мың адамға зиянын тигізіп, денсаулығын бұзып жатқанын ашық айтып, Керемльдің ядролық сынақтардан зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселесі турасында Қараманов Үкіметі тұспалдамай-ақ, Мәскеуге батыл түрде талап қойды. Бұдан басқа ғасыр апаты саналған Аралдың экологиялық мүшкіл халін реттеу турасында нақты шаралардың қолға алынып, бұл іске кейіннен Ұзақбай ағаның көп еңбек сіңіргенін айтсақ, алғашқы қазақ Үкімет бүгінде мақтанышпен айтып жүрген қадау-қадау істерді аз ғана уақыттың ішінде қалай атқарғанына таңғаласың.
Ұзақбай Қараманов басқарған алғашқы Үкімет қазақ қоғамының социалистік шен-шекпенін шешіп, жаңа нарықтық экономикаға бет бұрып, даңғыл жол салды. Бұл ел дамуындағы маңызды белес, жаңа кезең болды. Өйткені нарықтық экономикаға көшу біз үшін бұрын-соңды болмаған мүлде бейтаныс іс болатын. Дәл осы кезеңде түрлі қиындықтар мен әбден шиеленіскен түйінді мәселелерден айналып өту мүмкін емес-тұғын. Сондықтан еліміздің экономикалық басқару жүйесін қайта құрылымдау, жаңа сападағы шаруашылық жүйесін қалыптастыру және оның тұтас ағза секілді үздіксіз жұмыс істеуі үшін заңнамалық жүйесін құру Қараманов Үкіметіне жүктелген маңызды міндет болды.
Осылайша 1990 жылдары Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың нұсқауымен еліміздің нарықтық экономикаға өту бағдарламасын дайындайтын арнайы жұмысшы тобы құрылды. Маңызды жұмыс жедел түрде қолға алынды. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі кіріптарлықты, қарапайым халықтың санасын дендеп енген керенаулықты жеңу оңай болған жоқ.
Қазақ қоғамын нарықтық қоғамға кіріктіруде Үкімет әлеуметтік бағыт ұстанып, еліміздің экономикалық және табиғи мүмкіндігін есепке алып, барша халықтың жақсы өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызатын алғышарттарды басшылыққа алуға тырысты.
Сол кездегі еліміздің нарықтық қоғамға бет бұруын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезеңде, саяси жағдайды тұрақтандыру, мемлекеттік және құқықтық тәртіпті нығайту, әлеуметтік шиеленістердің өріс алмауын қамтамасыз ету маңызды жұмыс болғанын байқаймыз. Осы аталған жұмыстарды табысты іске асыру үшін заман талабына сай заңнамалық базаны қалыптастыру да өзекті мәселелердің бірі еді. Екінші кезеңде, нарық механизмдерін іске қосып, экономиканы тұрақтандырып, өндірістің құлдырауына жол бермеудің жүйесін қалыптастыру аса маңызды міндеттердің біріне айналды. Бұл үшін бағаларды босату, жер реформасын жүргізу сынды маңызды міндеттер жедел түрде қолға алынғанын білеміз. Үшінші кезеңде, Қазақстанда нарықтық қатынастардың қысқа мерзімде аяққа тұрып кетуі үшін мемлекеттік-монополиялық қызметтерді шектеу және еліміздің инвестициялық саясатын дамытып, осы аталған маңызды бағыттардың аясында еліміздегі экономикалық жағдайды тұрақтандыру көзделді.
Бүгінде біздер жемісін жеп отырған нарықтық экономиканың негізін қалыптастыру оңай болған жоқ. Ұзақбай Қараманов өз естелігінде сол кезде көптеген өндірістік мекемелер өзінің монополистік жағдайларын пайдаланып, мемлекеттің жағдайына қарамастан, бағаларды негізсіз көтеріп, елімізді экономикалық керікетушілікке ұрындырғанын еске алады. Қарапайым жұртты былай қойғанда, ірі кәсіпорындарға нарықтық экономика қағидаттарын түсіндіру оңайға соқпағаны анық. Міне, осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу, мемлекеттік құрылымның сағаттың тіліндей артық-кемсіз жұмыс істеуін қалыптастыруда алғашқы Үкіметтің атқарған жұмыстарын ешбір дүниемен салыстыруға болмайды.
Сол бір қиын жылдар жайында Ұзақбай ағамыз өзінің естелік кітабында: "Біз экономиканы түбегейлі қайта құрудың алғашқы қадамын жасадық. 1990 жылы Қазақстан тәуелсіздігіне ие болғанға дейін Үкімет меншік, кооперация, кәсіпкерлікті дамыту және шаруашылық қызметінің еркіндігі туралы, шаруашылық жүргізуде сыртқы экономикалық принциптерді қамтамасыз ететін заңдарды қабылдады. Ал бір жылдан кейін кәсіпорындар, оларды мемлекет қарамағына алу және жекешелендіру, шаруашылық серіктестіктер, банктер мен банк қызметі жайында, жер реформасы туралы заңдар да қысқа мерзім аралығында әзірленіп, қабылданды. Осылайша Қазақстан Одақ тарамай тұрып-ақ, нарықтық экономика құруға мүмкіндік беретін заңдарға ие болды», – деп сол кезде өз бағасын берген болатын.
Қараманов Үкіметі Қазақстанды қысқа мерзім ішінде Қазақстанды нарықтық экономикаға бейімдеп қана қойды, сонымен қатар Кеңес Үкіметінен мұраға қалған күрделі мәселелерді шешіп, халықаралық деңгейдегі маңызды міндеттерді абыроймен атқарғанын айрықша атап өткен жөн. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың табандылығына арқа сүйеген Ұзақбай Қараманов бастаған Үкімет мүшелері Семей ядролық сынақ полигонын жабу және Аралдың экологиялық түйінін тарқатуда қыруар шаруа атқарғанын барша қазақ жақсы біледі.
Елімізде Семей полигонын жабу мәселесі 1989 жылдан көтеріле бастаған еді. Дәл осы жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті және республика Үкіметі СОКП Орталық комитетінің Саяси бюросына Қазақстандағы сынақ алаңын жабу турасында хат жолдап, бұл мәселеге алғаш рет қозғау салынғаны есімізде. Міне, сол кезден Нұрсұлтан Назарбаев, Ұзақбай Қараманов бастаған азаматтар бұл мәселені бір сәтке болса да назардан тыс қалдырған жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаев Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тұрған кезде Мәскеу Қазақстанды ядролық сынақ алаңына айналдыруды көздеп, сол кездегі одақ басшысы М.Горбачев Қазақстан билігімен санаспай, қазіргі Алматы облысының аумағында 10-12 мың гектар жерге жаңа сынақ алаңын орналастыру турасында шешім қабылдайды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбин бұған ешқандай қарсылық білдірмеген соң, Н.Назарбаев бұл істің алдын алып, қазақ жерінің тағы да ядролық сынақ алаңына айналмауына бар күшін жұмсады. Бұл ретте ол Мәскеудегі орталық әскери ведмоства басшыларына мұндай қадамға бармау керектігін барынша түсіндіргенімен, өктем жүйенің басында отырғандар Назарбаевтың жанайқайына құлақ аспады. Бұдан кейін Тұңғыш Президентіміз сол кездегі Талдықорған облысы басшыларының бірі С.Шаухамановқа мәселенің мән-жайын түсіндіріп, жоғарыда талқыланған жаңа полигонның құрылысы жайындағы әңгімені халықтың құлағына кездейсоқ жеткізуге өтініш жасайды. Нәтижесінде тапсырма мүлтіксіз орындалып, облыс аумағында көптеген адам қатысқан қарсылық акциялары мен шерулер орын алып, халыққа арқа сүйеген Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуді райынан қайтарғанын Ұзақбай ағаның өз аузынан естіген едік.
Кең-байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен жекелеген адамдар, еңбек ұжымдары қасиетті қазақ жерін атом сынағынан құтқару турасында өтініш-хаттар жазумен болды. Барша қазақ баласының ортақ мақсатқа біркісідей атсалысқанын Ұзақбай ағамыз өзінің естелігінде былайша еске алады: «Республика Үкіметінің басшысы ретінде сол кезде қазақ халқының қоғамдық белсенділігі мені қатты қанаттандырды. Өйткені қойылған мәселенің қаншалықты маңызды екенін жақсы білуші едім. Бірнеше рет Семей жеріне барып, облыс және аудандағы қоғам белсенділерімен, жұртшылықпен кездескенімде, адамдардың мұң-мұқтаждарын, тілектерін барынша құлақ қойып тыңдадым. Полигонды жабу мәселесімен айналысқанда маған ұсынылған құжаттардан бұрын, көзбен көрген мәселелерге сүйеніп, шешім қабылдауға тырыстым. Сол кезде радиациялық сәулелердің әсерінен денсаулығын бұзған жарты миллионнан астам адамға Мәскеудің бір тиын өтемақы төлемеуі менің көңіліме қатты қаяу салды. Өйткені АҚШ-тың ядролық сынақ жүргізілген Невада штатының тұрғындары үшін АҚШ билігі мемлекеттік бюджет тарапынан қыруар қаржы бөліп, ауқымды әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырғанын білуші едім. Ал біздің Семей жерінде мұндай «алтын жаңбыр» ешқашан жауған емес. Осы әділдік пе?», – деп қоғам қайраткері сол кезді асқан күйінішпен еске алады.
Тоқсаныншы жылдардың басында сынақ алаңындағы халықтың денсаулығын жақсарту бағытындағы әлеуметтік кешенді жұмыстар мен Семей полигонын жабуға қатысты маңызды жұмыстар қатар іске асты.
1991 жылдың жазында Мәскеуде «Тамыз бүлігі» орын алып, осының нәтижесінде республика басшылары Мәскеуге қарайламай біраз мәселені өздері шешу мүмкіндігіне ие болды. Осы қолайлы сәтті ұтымды пайдаланған Нұрсұлтан Назарбаев ойланбастан 1991 жылдың 29 тамызында «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлық шығарып, үлкен ерлік жасады. Осылайша көптен бері қазақ халқы үшін қып-қызыл тажалға айналған полигон ресми түрде жабылып, қазақ жері кең тыныстауға мүмкіндік алды. Қазақ жерін экологиялық апатқа айналдырған Кеңестік жүйенің үлкен қателіктерінің бірі Арал мәселесі болды. Көлемі жағынан дүниежүзінде төртінші орынды иеленген Арал теңізінің экологиялық апатқа айналуы еліміз үшін үлкен қасірет болғаны даусыз шындық. Сол жылдары Кеңес өкіметі күріш өсіру бойынша Қытаймен бәсекеге түсіп, Қазақстан жыл сайын 1 миллион тонна, Өзбекстан 6 миллион тонна күріш өндіріп, Әмудария мен Сырдарияның Аралға құятын бар суын бұрып алып, экологиялық апатты қолдан туындатты. Осының кесірінен Арал теңізінің деңгейі 16 метрге дейін түсіп, теңіз өзінің бастапқы жағалауынан 150 шақырымға дейін алыстап кетті. Теңіздің бір литр суындағы тұздың көлемі 25 грамға дейін артып, дәстүрлі балық шаруашылығы толықтай күйреді.
Ұзақбай Қараманов кіндік қаны тамған туған өлкесіндегі осы экологиялық апатқа бей-жай қараған жоқ. Ол еліміздегі білікті эколог-ғалымдардың басын қосып, бұл мәселені халықаралық деңгейде көтеріп, әлемдік қауымдастықтың назарын аударуға тырысты. Ұзақбай Қараманов бастаған топ Арал теңізінің табанынан жыл сайын 75 миллион тонна құмды тұз аспанға көтеріліп, дүниежүзіне үлкен қатер төндіріп жатқанын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берді. Ғарыштан түсірілген фотоларды мұқият қараған мамандар сол кездің өзінде Арал табанынан ұшқан тұзды шаң Шығыста Тянь-Шань тауларының басынан, ал Батыста Скандиванияға дейін жеткенін байқаған. Осындай нақты жұмыстардың нәтижесінде бұл іске халықаралық ұйымдар назар аударып, экологиялық апатпен әлем болып күресудің маңызын түсінді. Бұл бағытта Сырдария мен Әмудария бойындағы шаруашылықтардың суды пайдалануына квота қойылды. Бұдан басқа Дүниежүзілік даму банкі тарапынан 64,5 млн доллар несие бөлініп, Үлкен және Кіші Аралдың арасына ұзындығы 13 шақырымға созылған бөгет салынды. Осылайша ушыққан жағдайдың беті бері қарағаны белгілі.
Ұзақбай Қараманов Қазақстан Үкіметі Төрағасы қызметінен кеткеннен кейін де Арал мәселесін бір сәтке назардан тыс қалдырмады. Қайта ҚР Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайланған жылдары Мәжілістің қоршаған ортаның экологиялық мәселелерін басқарып, бұл мәселені ұдайы назарда ұстағанын білеміз. Туған жеріне деген сүйіспеншілік оның Аралды сауықтырып, экологиялық апаттың асқынуына жол берген жоқ. Атпал азаматтың Аралды құтқару бағытында атқарған жұмыстарын бір ғана мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Бұл жайында бірнеше кітап жазуға болады.
Бүгінде 80 жасқа аяқ басқан ел ағасы әлі күнге елдің жайын ұдайы назарда ұстап, кез келген мәселеге қатысты көкейдегі ойын бөлісіп отырады. Саналы ғұмырын Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, Тәуелсіздігіміздің нығаюына арнаған абыз ағамызды сексеннің сеңгіріне шыққан беласуымен құттықтаймыз. Елдік мақсат-мұратпен біте қайнасқан ғұмырыңыз жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып, Қазақ еліне жарық шашқан сүмбіле жұлдыздай жарқырап, ортамызда жүре беріңіз.
Нұрлан ЖҰМАХАН,
журналист.
Алматы қаласы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |