АДАМ БІР КӨШКЕН КЕРУЕН

Ой тұманына тұмшалана отырып, қолыма қалам алғанмын. Құдайбергенқызы Бибігүл ұсынған жазбаларды парақтай отырып, марқұм Құдайберген Нұрболатов жүрген соқпақты да тоқпақты өмір жолы көз алдыма көлбеңдей тұрды. Елі кемел, жері киелі, қойнауы қазына Арал топырағынан талай тектілердің нәр алып, ел еңсесін тіктеуіне орасан зор үлес қосқандарын санамалап айту әсте мүмкін емес. Солардың бірі, бірі ғана емес бірегейі, сөзі уәлі, ісі ұлағатты болған, бітім-болмысы бөлек тұлға – Құдайберген Нұрболатов болатын. Әттеген-ай, бүгінде 70 жастың желкесіне мініп, бала-шағасының қызығына кенеліп отыратын ол мәңгілік сапарға мезгілсіз кетті. Бірақ тектен-тек кеткен жоқ, артында өлмейтұғын сөз, өшпейтұғын із қалдырды. Кеткісі де келген жоқ, өмір мен өлім арпалысына түсті.
Біздің тіршілік те солай ғой, адамға өмір сыйлап, бар ғұмырын жақсылық жасауға арнаған өмірді жайлы көреміз де, құрметіміз кем түсіп жатады. Егер, өлім секілді аузынан ажал шашып келе жатса, қорыққаннан қол қусырып, алдынан иіле шығарымыз айғақ.
Иә, өлімде тыныш жатар болса да, «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп Жұбан ақын айтқандай, Құдекең соқпақты да тоқпақты өмір жолымен жүре бергісі келген. Өзі үшін емес, өзге¬лер үшін рахым шапағатын шашып та жүре бергісі келген. Өзгелерді бақытқа бөлегендігін өзіне де бақыт болатынын сезінген ол тағы да... тағы да жүре бергісі келген. Бірақ, адам бір көшкен керуен ғой... Айтар ойымыз орнықты, сөзіміз салмақты болуы үшін Құдекеңнің өнегелі өмір жолына сәл-пәл шегініс жасалық.
Ел-халықтың толарсақтан саз, то¬бық¬тан қан кешкен Ұлы Отан соғысы аяқталып, ел еңсесін енді-енді көтергелі жатқан 1946 жылдың күз айы, 2 қазан күні  Қарасайұлы Құдайберген Ауан елді мекенінде дүние есігін ашады. Өкініштісі сол, есін жияр-жимаста асқар таудай әкесі – Қарасайдан көз жазып, желкесіне жетімдік мініп, анасы Зағипа (Жәкіш) мен ағасы Темірхан, апасы Базардың қамқор құшағына алынып, ерте есейеді. Құдекең өмірге келгенде Базар апасы: «Бізге Құдай берген болар» деп есімін Құдайберген қояды. Балалық бал дәуренінде елгезек те ерке болған оны Құдекеш атаған. Күні кешеге дейін біреулерге Құдайберген, ал енді біреулерге Құдекеш атанып, өмірден өткен.
Жастайынан жесір қалған анасы Зағипа екі қолға бір жұмыстың күйін кешеді, яғни белін буып, білегін түре жүріп, қара жұмыс істейді. Мақсаты – ұл-қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай жетілдіру болатын. «Тас қайнатар» атанған баласын мойнына отырғызып алып, мектеп ғимаратын тазалауға барады екен. Бар-жоғы 4 жасында әріп таныған баласын мектеп басшылығына өтініш жасап, 5 жасында «Әліппе» бетін аштырған көрінеді.
Көнекөздердің айтуынша, алғыр да білгір бала тек қана 4 пен 5-тік бағаға оқып, 1961 жылы Ақбасты ауылындағы он жылдық мек¬тепті тәмам етіп, болашақ баспалдағына табанын тигізеді.
Қазалыдағы ауыл шаруашылығы тех¬ни¬ку¬мы¬ның есепші қызметін беретін факуль¬те¬тіне оқуға қабылданған Құдекеш 1963 жылы оқуды тәмамдап, қолына Павлодар облысына баруға жолдама табысталады. Ол жаққа баруға оның жағдайы мүлде жоқ. Қарастығы жоқ жалғыз анасын тастап, қайда бармақ? Ой тұманында адасумен жүрген оған Сағитжан Серма¬ғанбетов ағасы қамқор қолын созады. Сәкең сол кезде Құланды жылқы зауытында директор болып қызмет істейтін Келімбетов Құттыбайға телефон шалып, Құдекешті жұмысқа қабылдауға өтініш жасайды. Сонымен 1963 жылдың қазан айында Құланды жылқы зауытында инженер-технолог болудан еңбек жолы басталады. Сап-сары, доп-домалақ жігіт 17 жасында «бала бухгалтер» атанады.
...1976 жылдың мамыражай мамыр айы болса керек. Құдекешке сол кездегі жаңадан іргетасы қаланған «Жіңішкеқұм» қой совхозының директоры Махашов Шәкібайдан қызметке шақыру келеді. Құдекең шаруашылықтың бас экономисі қызметіне тағайындалады. Өз басына ғана емес, ағайын-туысына қамқор қолын созуды ұстанған ол өзімен бірге апа-жездесі мен Аташ ағасының жанұясының да қонысын аударады. Бұл жерде де Құдекештің қанаты кеңге жайылып, дос-жарандарының қатарын көбейте түседі.
Құдайберген 1981 жылы Арал қала¬сының іргесіне қоныс тепкен «Приарал» сов¬хозына бас экономист болып қызметке келсе, 1982-1983 жылдары Арал аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімін басқарып, табаны өрлеу баспалдақтарына тиеді. Яғни, 1983-1985 жылдары ол кездері екінің бірінің басына бұйыра бермейтін қызмет – «Приарал» совхозына директор болса, 1988-1993 жылдары аудандық агроөнеркәсіп бөлімінің басқарма төрағасы, аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін зор абыроймен атқарады.
Құдекештің тағы бір ерекшелігі, ол көпшіл болатын. Содан да оның айналасын тұмшалаған ағалары мен дос-жарандарын санамалап шығу әсте мүмкін емес. Шуақты шаңырақтың ошағында қайнап жатқан қазан арылмайтын, ақ дастархан жиналмайтын. Құдекештің құдай қосқан қосағы Зухра жеңгеміздің аялы алақанынан даярланған астың дәмін татпағандар кемде-кем болар.
Құдекеңнің сарғайған өмірпарақтарына көз салсаңыз, күрмеуі қиын кезеңдер де болған. Әлдекімдердің жаласымен жұмыссыз жүрудің де зардабын шегеді. Бірақ қайраты бар Құдекең мұндайға мойыған да жоқ, қайта қасқая қарсы тұрды. Дүниедегі ең жаман қасиет – өтірік деп білетін ол шама-шарқы жеткенше сол өтірікпен бітіспес майдан ашумен жүрді. Қолынан келетін де, келмей қалатын да жері бар, бірақ барлық уақытта өзі ұстанған шептен оңайлықпен қаймықпайтын мінезі бар Құдекең бұған қалай мойын ұсынсын. Жөнсіз тиіскен жерде адамның көңілі де кірпияз, шыны секілді сынып түседі. Құдекеш жаманды-жақсылы әңгімені басынан асырып жіберіп, ештеңені көріп-білмегендей бәз-баяғы қалпында жүре беретін адамның сыңайынан емес-ті.
Міне, жұмыссыз жүріп, тұрмыс тау¬қы¬метін азын-аулақ тартса да, Құде¬кеңе ел батасы тиіп, қайтадан қанатын кеңге жайып, қомдана түседі. Яғни, 1993-2002 жылдары «АгроБанк», «Наурыз Банк» директоры қызметін атқарса, 2002-2005 жылдары Арал вагон жөндеу зауытында директордың қаржы жөніндегі орынбасары, ал 2005 жылдан 2014 жылға дейін «Арал Ырысы» несие серіктестігі ЖШС-ның басқарма төрағасы қызметін атқарады.
2011 жылдың қазан айында зейнет¬кер¬лікке шығып, енді ғана бала-шаға қызығына кенелермін деп жүрген Құдекең айықпас дертке шалдығады. Әлгінде айтқандай, өмір үшін арпалысқа түскен ол 2014 жылдың сәуір айына дейін жұмыстан қол үзбей жүреді. Ауыр науқастың айтқанына көнбеске лажы  болмаған ол қызметін біржолата табыстап, өмір үшін күрес жолына түседі. Отбасына салмақ салмайды. Ауруды мойындамайды. Сырқатын бала-шағасына сездірмеу үшін жүзінен жылылық шуағы арылмайды. Жаратылысына тән қалпымен аңқылдай сөйлеп, қарқылдай күлумен жүреді. «Бала өскенше, немере өлгенше» дегендей, бала-шағасы, ағайын-туысы үшін қолдан келер қамқорлығынан да өле-өлгенше қағыс қалдырмайды. Ұрпағы үшін өлімді мойындамайды, суға да түскен, отқа да оранумен ғұмыр кешкен  Құдайбергеннің қара басының қамы үшін емес, ел-халық үшін емірене еткен еңбегі де ескерусіз қалған емес. Атап айтар болсақ, 1990 жылдың 6-маусымында Елбасының Жарлығымен «Халықтар достығы» орденімен марапатталған.
Шуақты шаңырақта ғұмыр кешкен жарасымды жұп – Құдайберген мен Зухра өмірге 8 ұл-қыз әкеліп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған бақытты жандар. Қазақта «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, үлкендері Әділбек – аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында қызметкер болса, Бибігүл Қызылорда қаласындағы «Веst-авто» ЖШС-да кадр бөлімінде қызмет етеді. Алтынгүл №13 қазақ орта мектебінде 20 жыл бойы ұстаздық жасап келсе, Жаңагүлі – «Дәулетэнерго» мекемесінде есепші. Ал, Айнұры Шиеліде жеке нотариус болса, Марфуға – облыстық орман шаруашылығы инс¬пекциясында бас маман. Қуанышбек Сексеуіл станциясындағы темір жол саласында еңбек етіп жүрсе, Жадырасы үйінде. Құдекеңнің Жанқожа, Мансула есімді немерелері жоғарғы оқу орындарын бітіріп, мамандықтары бойынша қызметке орналасқан. Мейрамкүл аграрлық университеттің соңғы курсында, Ирусалим Ақтөбе қаласында дәріс алуда. Құдекең мен Зухра – 8 баладан 17 немере мен жиендерге жетіп, оларды шөпілдете сүйіп, рахат сезіміне бөленген жандар.
Иә, осындай айтулы азамат Құдайберген де өмірден өткен. «Адам бір көшкен керуен» демекші, талай-талай текті тұлғалар өмірден өтіп барады. Соның бірі Әкім Лұқпан «Мен мың жасадым» деген екен. Сонда қасындағы серіктері: «Тақсыр, бұл дүниеде мың жасаған адам болды ма екен?» деген сауалдарын тас¬тапты. Сонда Әкім Лұқпан «Бұл дүниеде мың жасаған адам жоқ. Мен «мың жасадым» дегенде әр жақсы азаматпен жүздескенімді бір жасқа балаған едім» деп жауап берген екен. Жоғарыда айтқандай, Құдекештің сыйлас та сырлас болған әріптестері мен дос-жарандары мыңдап саналады. Демек, Құдекеш те мың жасаған адам.
Бұл жарық дүниеде 70 жыл жасаған Құдекең өмірден мезгілсіз озды. Содан да ағайын-туысы, құда-жекжаты, дос-жараны мен бала-шағасы әлі күнге дейін Құдекеңді іздейді. Сағымданып бара жатқан жанды сағына еске алады. Қай жерде де Құдекеңнің орны ойсырап тұратын сыңайлы.
Бүкіл саналы ғұмырын Арал аумағының ғана емес, еліміздің өркен жайып, дамуына орны толмас үлес қосқан, ағайын-туыс, дос-жаранға қамқор қолын созумен жүрген «Арал ауданының құрметті азаматы», марқұм Құдайберген Қарасайұлының өнегелі өмірі мен еңбек майданындағы ерлігі жайлы ұрпақтарының ұстанымымен «Тумысы бөлек тұлға еді» атты кітап жарық көреді. Кітапта Құдекеңнің қандастары, қызметтестері мен зиялы жандардың да жан жүректен жазған ой-толғамдары топтастырылған. Айтулы азаматтың бітім-болмысы, ел адында атқарған қызметі, халыққа жасаған қамқорлықтары сырлы сезіммен боямасыз баяндалып, сағыныш саздары сыр шертеді. Әкелерін мәңгілікке қимай, қайта тірілтуді мақсат етіп, қарыздары мен парыздарын өтеуді мұрат тұтқан ұл-қыздарына, Құдекештің құдай қосқан қосағы – Зухра жеңгемізге ел-халықтың айтар алғысы шексіз.

Еркін ӘБІЛ,
Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі.
ТАҒЫЛЫМ 22 тамыз 2017 г. 912 0