ЕМЕННІҢ ИІР БҰТАҒЫ

Қазалы ауданы облыс бойынша кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттік бағдарламасына байланысты шараларды жоғары деңгейде орындап келеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін осы жылдың жеті айында 830 кәсіпкерге өз кәсібін ашу үшін 2320 кеңес берілген. Мұнан өзге, «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша бүгінгі күнге дейін 93 қазалылық біліктілігін жетілдірсе, 110 кәсіпкерге сервистік қызмет көрсетілді. Қызмет алушылардың басым бөлігі  бухгалтерлік қызметке жүгінген. Қазіргі таңда ауданда 4094 шағын кәсіпкерлік субъектісі есепке алынып, 2536 жеке кәсіпкер, 469 шаруа қожалығы жұмыс жасауда. Жыл басынан жаңадан 380 кәсіпкер тіркелген. Осы кәсіпкерлік саласы бойынша ауданның 8719 тұрғыны жұмыспен қамтылып отыр. 

Қазалы ауданындағы тіршіліктің тынысы тым бөлек. Әсіресе кәсіпкерлердің өз өнімін өндіруге, өңдеуге деген ықылас-пейілі ерекше.

Тағдырдан пенде ешқашан қашып құтылған емес. Алайда, жазмыштың жазуына қасқайып қарсы тұрып, қандай сынақ болса да, төтеп бере алатын жігерлі жандардың өмірі көпке үлгі. Әріге бармай-ақ, жерлестеріміз Зейнолла Шүкіровтің жалынды жырлары әрқашан оқырманның жігерін жанып келеді. Жастайынан трактор руліне оты­­рып, абайсызда аяғынан айырылып қалса да, еңбекке араласқан Жадыраның ерлігі талайды таң қалдырады. Арбаға таңылса да, қаламын тістеп өлең жазатын Әбілқасымның өмірге деген құштарлығына тәнті боласыз. Меніңше, тіршілік ету үшін де алға қарай ұмтылу ерлікпен пара-пар.

Өмір – күрес. Сол күресте барлығы бірдей жеңімпаз бола бермейтіні де шындық. Сондай күрескер кейіпкеріміздің бірі – Оңдашбай Өтеміс.

Қазалы ауданының «Абай» ауылында тұратын Оңдашбай Өтемісті арнайы іздеп барып, оның бойындағы бірнеше өнерді көріп тамсандық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы жаңа дәуірдің жағымды жағын бойға сіңірудің үлгісін Оңдаш­байдан аңғардық. Қос қолынан айырылса да, он екі мүшесі сау адамдардан да артық еңбек ететін азаматтың бір күні тірліксіз өткен емес. Оның өзгелерден даралығы тігін мәшинесімен тымақ тігіп, қалам ұстап өлең жазып, кетпен алып бақша егіп, саз илеп, кесек қалап, ұялы телефон жөндейді. Бойына бар өнерді жиған Оңдашбайға келген жұрт шын көңілден ризалығын айтып, тірлігіне тәнті болып кетеді. Оның әрбір ісі көпке үлгі болып қана қоймай, ой салары сөзсіз.

Осыдан тоғыз жыл бұрын қаңтардың қақаған аязды күндерінде далада мал бағып жүріп, қалың қарға аттан оңбай құлайды. Қатты аяз бен үскірік желден сол күні саусақтарын үсік шалады. Ақырында он саусағынан айырылып, еңбекке жарамсыз болып қалады. «Тағдырдың жазуы осылай болар, қос қолдағы он саусақ үсіп қалған соң дәрігерлердің кесіп тастауына тура келді. Басында қатты қиналдым. Он екі мүшеңнің сау болғанына жетпейді ғой, тірлік істеуден қалдым. Бірақ, бұл – сынақ. Оған төтеп беру керек болды», – дейді Оңдашбай.

Қиналған сәттерінде жары Қиғаш  үнемі қолдау көрсетіп, жанына демеу болып, жігерін жаныды. Бұл күндер оған да оңайға соқпады.

– Алғашында қолының, яғни саусақтарының шолақтығына қуыстанып, көпшілік жерге баруды қойған. Отағасы келе-келе оңала бастады. Қайратты, еңбекқор азамат қой. Әр іске икемі бар. Оның үстіне, төрт ұлдың әкесі қол қусырып қарап отырғанды құп көрмей, ескі кәсібіне қайта оралды, – дейді жары өткен күнді еске алып.

Тігін мәшинесін қайта қолға алып, жігерлі жан мүмкіндігім шектеулі деп мойымай, құлақ­шын, көрпе, перде, масахана, тымақ тігумен айналысады. Жасы қырықтан асқан Оңдашбай тігін тігуді жастайынан үйренген екен. Əсіресе, ол – құлақшын, тымақ тігудің шебері. Бас киім мен киімге тапсырыс беретіндер де көбейген. Әсіресе, түлкі тымағына сұраныс өте жоғары. Себебі, малшылар мен аңға шығатындар арнайы тапсырыс­пен тіктіреді екен.

Қазіргі таңда ол бір қыста 15-20 адамға құлақшын мен тымақ тігіп береді. «Алғыс алған мың жасайды, қарғыс алған бір жасайды» дегендей, алғыс алған сайын шабыттана түседі. Тігіншілікті кәсіп көзіне айналдырған Оңдашбай ұялы телефонды да жөндейді. Кәдімгі он саусағы  түгел адамның өзі ептілікпен жөндейтін ұялы телефонды еш қиындықсыз шашып, қайта жинап береді. Естігенде онша сенімсіз болғанымызбен, көзімізбен көргенде таңғалдық. Ұялы телефон тілін түсіне бермейтін ауылдастар үшін Оңдашбай таптырмайтын маман.

Оңдашбай ағамыз есік алдындағы бақшасын да жайқалтып қойған. Қазалыда қызанақ егіп, жеміс-жидектің түр-түрін өз ауласынан жеп отыр дегенді естіп қана қоймай, өзіміз де тәнті болдық. Бақшада қызанақ, қиярдан бастап қауын, орамжапырақ, тәтті бұрыш, алма мен алмұрт, өрік сияқты жемістің түр-түрі бар. Мұның бәрі тынымсыз еңбек еткеннің нәтижесі. Оңдашбай бақшаға ерте көктемнен егін егіп, жеміс ағаштарын күтіп баптайды. Қазір оның көкөністері мен жеміс-жидектеріне сұраныс көп. Ауылдастары көктемде өрігін шелектеп алса, қазір қияры мен қызанағын сатуда. Сонымен қатар, қорасындағы азын-аулақ малын бағып, балаларының аузын аққа тигізіп отырған жайы бар. Еңбекқор азамат шаршау дегенді білмейді. Есік алдына шағын құрылысқа қажетті кесекті өзі құйып жатыр.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Оңдаш­байдың ақындық өнеріне де тәнті болдық. Оның жазған өлеңдерін балалары жатқа соғады. Ақын­жанды азаматтың ендігі арманы – жүректен шық­қан жырларын жинақтап, кітап етіп шығару, ұрпағына рухани мұра қалдыру. Жігіттік дәуре­нінде домбырамен әуелетіп ән салған екен. Қазір сол қос ішекті домбырасын тарта алмай, сағынып жүр. «Қолы қимылдағанның, ауызы қимылдайды» демей ме, табандылықпен тірлік етсең, ас та табылады. Саусақсыз қиын әрине, дегенмен «әрекетке – берекет». Тағдырдың сынағына шүкірлік еткен ағамыздан сенім мен жігерді көрдік. Рухы мықты азаматтың күнделікті тірлігі көпшілікке үлгі болса керек.

Табиғат пен адам егіз дейді. Емен – мәңгілік жасыл ағаш. Оның діңі де мықты болады. Оны балтаман шауып құлату да оңай емес. Тағдырдың талай сынына төтеп беріп келе жатқан Оңдашбай маған емендей мықты көрінді. Жасыл желекке оранып жайқалған еменнің иір бұтағындай Оңдашбайдың да кәсібі өркен жаятыны сөзсіз. Оның ендігі арманы – мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болса, кәсібін одан әрі дамыту. Ұлдары да ержетіп келеді. Әкесінің тынымсыз тірлігін көрген балалары да кәсіпті жалғастыруға ниет білдіріп отыр. Ендеше берекесі мен ынты­мағы жарасқан шаңыраққа толағай табыс тілейміз.


Бекбол ҚАРАТАЙҰЛЫ.

ТАҒЫЛЫМ 21 тамыз 2017 г. 1 158 0