ТҮСПЕГЕН ТҰҒЫРЫНАН АҚЫНДЫҚТЫҢ

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Махамбетқали Тұрсанов айтыскер ақын-дардың ішінде өзіндік орны бар жан. Облыстың бас ақыны атанған ақын кезін¬де сөз додасында ешкімге дес бермеген, әлі күнге дейін айтатын сөзінен жаңылмаған дуалы ауыз шайыр екені баршаға аян. Өз басым Махаңмен немере ағасы Байнаш Нұрымбетов жайлы мақала жазғанға дейін жақын дидарласпаппын. Сол күнгі әңгімелесуден оның Сыр бойында өмір сүрген  ақын-жыраулар жайлы көп білетінін аңғардым. Құймақұлақ қария біраз тарихи оқиғалардың да түйінін тарқатады. Көзі қарақты оқырманға тың дерек ұсынуға құмар басым «Жырла, Маха, Жырлай түс» деп білгенін қағазға түсірген кезім болған. 
– Шырағым, тілші бала, осы Арзулланың төрт қатардан тұратын мына бір шумағы да жадымда жатталып қалыпты. Қазіргі «Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәде¬ниет үйінде» облыстық ақындар айтысы өтетін болды. Әдетте Шайтұрсын таныс¬тыратын. Бұл жолы ақындарды сах¬наға түгел шығарып, өздеріңді таныс¬тырыңдар демесі бар ма?! Мен бас ақын ретінде топты бастап шығып, өзімді өлең¬мен таныстырдым. Менен кейін Арзекең шығып:
– Барлығы орындалса үмітімнің,
Ақынға керегі жоқ үгітіңнің.
Алпыстан он екі жас асып кеткен,
Арзулла Шиелінің жігітімін, – деп жырлап жіберді. Сонда Арзулла ақынның жетпіс екі жастағы шағы екен, – деп жанарын алысқа салып, біраз үнсіз отырды. Ақын ағасымен бірге өткізген ғибратты шақтары есіне түсті-ау,  шамасы. Домбырасына сүйеніп: «Сен бірде Мүтәліп Қыраубаев жайлы мақала жазыпсың. Оныңа өзім қатты қуандым. Көз көрген жанды жастар жағы ұмытпай еске алса, жақсылықтың нышаны дедім де қойдым. Сұлутөбе өңірінде Өзипа деген жұрттың барлығына ат қойғыш қыз болған. Өзі иығы жерге тимеген палуан, өлең-сөзде анау-мынауға дес бермес ақын Мүтәліп маған ат қоя қоймас деп барса, «Қайрақбет» деп қайтарып жіберіпті. Содан маған «мен шығарайын сен жырла, бірде апа, бірде қарындас деп әбден жаңылдырайық» деді. Бұл өлеңді мен сол кезде Өзипа қыз жұрттың ¬арасында отырғанда шырқағанмын, енді сен тыңда:
– Өзипа өлең жаздым сізге арнап,
Сөйлеуге тура келді сізді қармап.
Ат қойғыш апайсыз деп ат береді,
Мінекей, қалам ұстап біздің бармақ.
Ат қойғыш өзіңіздей апайлармен,
Көңілі құрбыңыздың беріп алмақ.
Нар секілді үстіңізге түссе салмақ.
Айбатты арыстандай аузыңызбен,
Кісіні жақындаған жүрсің жалмап.
Аузыңа жақындаған аптектерді,
Жібермей жараламай тісің қармап.
Доқтыр деп ат қойыпсың қайраққа да,
Осыны қоясың ба, берсек пара?!
Ат дорба, шикі сары, бейпіл депсің,
Кетті ме осыларда ақың ғана.
Ежелден жүк көтергіш кәрі байтал,
Мойныңа қамыт салып жектім шана, – деп  бір сарыннан ауытқымай қоңыр даусымен әндетіп айтып берді. Қолына домбырасын алса арқасы ұстап, делебесі қозатыны айқын көрініп тұр. Сұлутөбе ауылының тарихын жазатын кезде осы өңірде Нұрғали атты ақын болғанын естігенім бар. Алайда, өлеңдерін қолға түсіре алмағандықтан ол жайында сөз өрбіте алмаған едім. Енді міне, соның оңтайлы жолы туғанын сездім. Алып-ұшқан алай-дүлей сезіміммен күресе отырып, Нұрғали ақынның өзі білетін өлеңін айтып беруді өтіндім. Махаң болса, менің жоғалтқанын тапқандай болып отырған күйімді байқады ма, әлде өзі білетін дүниелерді мұра етіп қалдыруды көздеді ме, әйтеуір, менің сұрағаныма жоқ демей, білгенінің бәрін айтты.
 – Мен Нұрғалидың тек жалғыз өлеңін білемін. Нұрекең өзі найман руынан болатын. Бір күні найманның күйеу балаларына арнап жыр жазыпты. Кейіпкерінің барлығы біздің туған өлкенің адамдары, – дей келе домбырасын қағып-қағып:
– Жақсығұл келе жатыр желдей
заулап,
Сөйлейді Пермағамбет омыраулап.
Боқайда Еңбекшінің гентазасы,
Жасынан егін еккен, пішен баулап.
Басына сусар бөрік киіп алып,
Ергешбай жорға мінер мұртын таулап.
Баласы Сырлыбайдың Шермағамбет,
Жатпайды түніменен кемпір аулап.
Қойнына Айбөпенің кіріп барды,
Жеңеше жатайын деп төсіңе аунап.
Қақ басқа жұдырықпен қойып қалды,
Жүгермек жүрсейші деп менен аулақ.
Қарасай Мәді ағайдың формасына,
Құдай солай жаратқан о басында.
Үлекте қотыр болған Тұрегелді,
Керәлин жағып алып қол-басына.
Тәжіде Асан қайғы ойбай салған,
Қазыны салып алып дорбасына.
Алтынбек барқыт киіп қылтыңдаған,
Мінезің құрсын сенің жылтыңдаған.
Кетесің қойды тастап, қоян аулап,
Не керек, сырлы күмбез
сыртың маған.
Көпешбай құдық қазса үш күн жатар,
Денесі жұмыс істеп жыртылмаған.
Ішінде бұл өлеңнің Өтеулі бар,
Бақайы кәрі есектей сыртылдаған, – деп әзіл өлеңді шырқап кеп жіберді.  
Ерғара Жолдасовтың дәл осы Махаң жайындағы өлеңін оқығаным бар  еді. Осыны арқау етіп: – Маха, шыныменен айтысқан ақындарыңыздың барлығын жеңгенсіз бе? Замандастарыңыз солай деп жүр ғой. Өзіңізді «Облыстың бас ақыны» деп мақтанамыз. Шиеліде айтыс өте қалса, бүгінде айтыстың әкесі атанып жүрген Жүрсін Ерманның өзі сізді қазылардың қатарына қосады. Мұнысын сізді сыйлағандық деп білеміз. Айтқандарыңыздың барлығын жазып отырмын. Қағазға жазылған дүние оқыған жанның жадында жаңғырып тұратыны мәлім. Өзіңізді халық ақыны ретінде ғана емес, сонымен қатар, батагөй қария деп те таниды. Бірнеше рет батагөйлер сайысына қатысып, жеңімпаз атандыңыз. Сондай шақтарда есіңізде қалған қызықты сәттер, не болмаса сізді тебірентіп, тол¬қытқан сұрақтар болды ма? Сол жайында әңгіме қозғасаңыз, – дедім кейіпкерімді одан сайын сөйлеткім келіп.
– Е, балам, болғанда қандай, небір сұрақтар болды ғой, соның ішінде «Алты Алаш қайдан шыққан?», ¬«Ерден би» туралы аңыздарға берген жауабым жұрттың көңілінен шықты деп ойлаймын, – деп домбырасын ¬жанына сүйеп қойды да әңгімелеуге көшті. – Алдымен, Алты Алаш туралы ¬айтайын. Алаш ханнан Сейілхан, Жайылхан, Майқы, Айырқалпақ, Созақ, Қазақ деген алты бала болған. Сейіл¬ханнан сегіз арыс Түрікмен, Жайылханнан Ноғай мен Башқұрт, Майқыдан Өзбек, Сақыпжан, Сақыпжаннан Сарт туады. Айырқалпақтан Қырғыз, Сүгір, Созақтан Қарақалпақ пен Төленді, ал, Қазақтан Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс деген үш ұл туады. Осы үшеуінен бүгінгі үш жүз қазақ ұлты тараған. Енді «Ерден би» жайында айтайын. Ерденнің ұлы қайтыс болып, қазасын көтере алмай жатып қалыпты. Кім келсе де, басын көтермеген Ерденге Шоқай мен Досбол билер көңіл айтуға барыпты. Ерденнің жатқанын көріп сөз бастаған Шоқай би:
– Ей, Ерден,
Көтер басыңды жерден.
Алланың ақ бұйрығына қарсы шығып,
Кетейін деген екенсің жөннен.
Алланың өзі берді, өзі алды,
Нең бар еді сенің Аллаға берген.
Өзіңнен шыққан шарана түгілі,
Әкең Сандыбай да өлген.
Оны мына Шоқай би көрген.
Құдайдың құдіретінен күшті болсаң,
Тірілтіп әкелші соларды көрден, – депті. Оның сөзін іле-шала Досбол би жалғап:
– Атан нарға жүк артса,
Қанатынан артық деп,
Бақырмайды деуші еді.
Хан-патшаға іс түссе,
Қарашаның алдында,
Аһ ұрмайды деуші еді.
Қас батырға оқ тисе,
Қасындағы жолдасын,
Шақырмайды деуші еді.
Қарадан шыққан хан емес пе-ең,
Айырдан туған нар емес пе-ең.
Кешегі әкең Сандыбайдың кезінде,
Мен бар емес пе-ем.
Сен сол кезде жалаңаш,
Ойнап жүрген бала емес пе-ең.
Мың қарғаға бір кесек,
Жүз жаманың бір кесек.
Жақсыға айтар есіл сөз,
Жаманға айтсаң желге сеп, – дегенде Ерден орнынан тұрып, «Арыстарым келіпті ғой» деген екен.  
Бағаналы бері бір жырды екінші жырға жалғап, аузынан өлең түспей отырған қартымды халық ауыз әдебиетін жинақтап жүрген ғалым секілді мүл¬де басқа қырынан тани түстім. Ол кісі¬ге қарап Маха айтыңыз, айта түсіңіз дегім келді. Ақсақал өлеңмен бастаған әңгімемізді өлеңмен аяқтайық. Айтыс¬тарыңыздың қызықты сәттері есіңізде болса, бірін шырқап жіберіңіз дедім. Бас ақын болса жанына қойған домбырасын қолына алып шерте бастады. «Ертеректегі республикалық ақындар айтысының бірінде халық ақыны атанған атақты Манап Көкеновті елге әйгілі Тәушен әзілдеп отырып жеңіп кетті. Содан Тәушен екеуміз жұптасып айтысатын болдық. Тәушен Манаппен айтысында мұрнын өлеңге қосып, әзілдеп сұраған еді, мен дәл соны негіз етіп:
– Манапты Тәушен жеңген мұрын сұрап,
Көрмеген Мәкең мұндай бұрын сұрақ.
Мұрнына ағамыздың ауыз салды,
Жүргендей бір нәрседен қызыл шырақ.
Мұрынға қойсаңызшы қызығуды,
Әлде баса алмай жүрсің бе қызуыңды.
Алпысқа қараған шағыңызда,
Ойыңа алып жүрсің бе бұзылуды, – дегенімде Тәушен орнынан тұрды да кете берді. Иығынан төмен қарай орамалы түсіп қалып, оны Әселхан алып кетті. Есімнен кетпейтін айтыстардың бірі осы шырағым, – деп өнерде жанына серік еткен домбырасын төрдегі кілемнің үстіне іліп қойды.
Махамбетқали Тұрсановпен әңгімеле¬суге келгенімде күн арқан бойы көте¬ріліп тұрған болатын. Сұхбатымыз аяқ¬тал¬ған тұста бесін намазының уақыты жақындағанын аңғардық. ¬Расында, «Жақ¬сы¬мен өткізген жарты сағат, жаман¬ның өтіп кеткен ғұмырындай» демекші, бас ақыннан талай жерде айтып жүрер мол мағлұмат алдым. Айтыстың ақтаңгері атанған майталман ақынның әлі де айтары көп екенін алысқа сала қараған жанарынан ұғынған күйі қоштасып, жолға шықтым.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
ТАҒЫЛЫМ 19 тамыз 2017 г. 1 020 0