Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жаңғырған қоғамның тереңнен бастау алатын рухани коды болатыны айтылады. Сондай-ақ, мақалада ұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетімізді сақтауға, бағалауға, дамытуға баса назар аударылады.
Ұлттық код мәселесіне келгенде әрбір сөзіміз рухани тамырымызбен сабақтасуы қажет. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалинның республикалық «Айқын» газетінде жарияланған мақаласында: «Көшбасшымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халықтан қызу қолдау тапқан тұғырнамасын ширек ғасырды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігіміздің жаңа бастауы деп бағалауымыз керек. Сөз жоқ, «Ұлттың рухани коды» дейтін академиялық ұғым кешелі-бүгін ғана емес, Мемлекет басшысының ой-санасында әлденеше рет елекке түскен, таразыға тартылған, сан жылдардан бері сарапталып, пісіп-жетіліп, өзінің сын сағатын күтіп келген дүние екені даусыз» деп айтылады.
Мемлекет басшысы болашаққа бағдар болған мақаласында: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» – дейді. Шынында, жаһанданған қоғамға жұтылып кетпеуіміз үшін де ұлттық тамырдан нәр алуымыз қажет. Заманға тіке қарайтын кез жетті. Қазір немерелеріне ертегі айтатын әжелер некен-саяқ. Ондай әжелер болғанның өзінде «Мақтақыз бен мысық» немесе «Бауырсақтан» әрі аса алмай жатқан жайымыз тағы бар. Сондайда ұлттық рухты күшейтетін батырлар туралы ертегілер айтса ғой дейсің.
Ұрпақ тәрбиесіне әрбіріміз жауаптымыз. Сол себепті, аталар мен әкелер де балаларға ұлттық тамырымызбен сабақтасатын аңыз әңгімелерді айтып, құлағына сіңіріп отырса болмай ма?! Құдайға шүкір, қазақ даласында келешек ұрпаққа үлгі боларлық небір кемеңгерлер өткен. Олардың арасында хан да, би де, жырау да, батыр да бар екенін назарда ұстауымыз керек. Қоғам қайраткері Амангелді Айталы ағамыз «Қазақпарат» агенттігінің тілшісіне берген сұқбатында: «Бүгінгі жаһандану заманында көптеген мемлекет ұлттық құндылықтарына алаң¬дап отыр. Ағылшын тілінің қуаты, әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының тасқыны өсіп тұрған жағдайда елдің ұлттық құндылығы, оның тағдыры қалай болады ¬деген мәселе көптеген мемлекетті мазалайды. Соның бірі – біз. Құнды-лықтар дегеніміз – ұлтты ұлт ететін қасиеттер. Президент өз мақаласында ұлттық рухани код туралы жазды. Бұл «қазақты қазақ ететін қандай құндылықтар, қандай мәдениеттің бағыттары» деген сөз. Біз тек тамағымыздың тоқтығына мәз болмай, рухымыздың күшті¬лігіне, қадір-қасиетіміздің мол¬ды¬-ғына бүгін мән беруіміз ¬керек. Адамға тек жұмыс күші, мате¬риалдық өндірісті игіліктерді шы-ғаратын тұлға деп емес, қоғамның маңызды күші, рухы биік тұлға, рухы биік қазақ, рухы биік Қазақстан мемлекетінің азаматы деп қарауымыз керек» деген ойын білдіреді.
Осы жерде қазақты қазақ ететін құндылықтардың бірі бесік жыры дер едім. Қазір бала туыла салысымен оларды ұйықтату үшін ұялы телефондардың әуендерін қосып қояды. Бала – ізімізді жалғар болашағымыз. Халқымызда «адам ұрпағымен мың жасайды» деген тәмсіл бар. «Тәрбие басы – тал бесік» деген бабаларымыз ұрпақ мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Бесікте жатқанында құндақтағы баласын бесік жырымен өсірген. Одан өсе келе халықтық ертегілер мен аңыз-әпсаналарды айтып, небір батырлар жырлары арқылы еркіндік пен әділдікті сүйетін қазақы рухты бойларына сіңірген. Дала мектебінен тәлім алған ата-бабаларымыз болашақта ізін жал¬ғар, тұяғын басар ұл-қыздарына осылайша тәрбие берген. Осы арқылы ұлттың тіні мен дінін ұрпақ бойына сіңірген. Абайды оқыған, Құрманғазыны тыңдаған қазақ түп-тамырынан ажырамайды. Ұлттық кодтың негізі ұлттық тәрбиеде жатыр.
Елбасы мақаласында жаң¬ғыру атаулы бұрынғыдай ¬тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүр¬лерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрін¬бей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайтыны айтылған. Ұлттық код туралы сөз қозғалғанда ұлттық таным-түсінік, әдет-ғұрып, салт-дәстүр де назардан тыс қал¬мауы керек. Өйткені, біздің әдет-ғұрпымыз күнделікті тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасып жатыр. Салт-дәстүрімізде көрініс тапқан ғұрыптық жоралғылар түп¬тен келгенде тәрбиемен ұшта¬сады. Осы жерден қазақтың мәдени кеңістігінің қаншалықты кең екенін көруге болады. Мәдениет бар жерде, әдебиет те бар, әдебиет бар жерде өмір де болады. Мемлекет басшысы: «...Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаң¬ғыру болмайды» дейді өз мақа¬ласында. Біздің айтқымыз келгені де осы.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.