Ұстазым Базархан Төреқұлұлы Ақжігіт мен алғаш салық сала¬сына қызмет жасауға келген кезімнен бастап-ақ жас маманды тәрбиелеуге қатысты тәлімін бере бастады. Ағаймен бір басқармада немесе басқа бөлімдерде жүрген кезімде болсын, алдыңда ұстаз болған қандай жақсы деген қуаныш сезімі жүреді көңілімде. Тек жұмыс барысын түсіндіріп отырып, қызметкерлердің көңіл-күйін бір ауыз сөзбен көтеріп қоятыны бар. Әке қамқорлығын сезінесіз кәдімгідей. Ал, егер тапсырманың дұрыс орындалмау, оң нәтиже шық¬пау қаупі туындаса, біттің дей бер. Жерден алып жерге салғанда... «мұндай ауыр жазаны қайта естімегенім абзал»,- деп шешіп кетесің ішіңнен.
Біз халыққа қызмет көрсетеміз. Сол үшін де сауатты болуымыз керек. Келушімен қалай сөйлесу керектігін үйретті. «Тек өзің оқып, жан-жағыңа білгеніңді таратпай отырғаның ешкімге қажет емес, реті келсе, білгеніңмен бөліс» деп үйретті.
Базархан Төреқұлұлы салық саласының басшы құрамында ұзақ жылдар қызмет жасап келеді. Оның ішінде, облыс бойынша салық комитеті басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған. Ешқашан бастықпын деп көкірегін кермейтін қарапайым адам. Жаңақорғандағы басқарманы бірнеше жыл басқарып, Қызылорда қа¬ла¬сына жұмыс бабымен ауысуы кезінде жігіттер заттарын көшіру үшін барған ғой. Сол кезде қонақүйде тұрып жатқан ағайдың бөлмесінде телевизор да болмағандығын көріп таңғалыпты, тек радио тыңдаған екен. Қазір де ол кісінің жұмыс бөлмесінде «Қазақ радиосы» қосулы тұр.
Бірінші орынбасар кезінде кабинеттерді жиі аралайды. Қызметкерлердің жұмысқа ынтасынан бастап, отырған орнындағы ұқыптылыққа дейін аса мән береді.
Департаменттің қазіргі басшысы Серік Жолдасбекұлының қалыптастырған үрдісі бойынша ұрпақтар жалғастығын айқын суреттейтін 20-30, 40-50, 60-тан жоғары жастар аралығында қызметкерлерді топтап, мерекелер кезінде олардың арасында түрлі жарыстар, байқаулар өткізетінбіз. Мұндай жарыстардың белді қатысушылары 50-60 жас аралығы. Октябряттан бастап, пионер, комсомол кезеңдерінен өткен бұл ұрпақтың қазақтың ұлттық дәстүрін бүгінгі заманмен ұштастыра отырып, басынан өткендерін халыққа айнытпай жеткізіп, көрініс ретінде жасаған қойылымдарын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жаңа жылда, кәсіби мереке күндерінде көрсеткен өнерлерінде керемет тапқырлық және дайындық болатын. Олардың барлығында Базархан ағайдың үлесі ерекше.
Мынадай бір жағдай болды. Хаттамалық тапсырманы жаза алмай ұрыс естіп, жылап отырмын. Алдыңғы аптада да ұрысқан, онда да жылағанмын. Кабинетте бірге отыратын бір әріптесім «Света, сен сонда бастық ұрысқан сайын жылай бересің бе, бастықтар келеді, кетеді, бәріне жылай берсең нең қалады?!» демесі бар ма. Күліп жібердім. Бір кезде байқап қалдым, есіктен жәймен кіріп, ағай қарап тұр екен. Алдында ғана ұрысқан, мен жылап отырған сияқты едім, 5 минут өтпей күліп отырғаныма ыңғайсызданып қалдым... Сонан соң бәріміз қосыла күлдік.
Мына оқиғаны да айтпай кете алмаймын. Мен жақын тәтем арқылы түрменің бас бухгалтері қызметіне шақыру алдым. Содан ағаймен ақылдастым. Сонда ол кісі «Айналайын-ау, бір өркендеп бара жатқан компанияға барсаңшы, қайда кетті десе, түрмеге кетті дейміз бе?» деп күлдірді, сонан соң «ол жақта тіл қатты, шыдамайсың-ау» деп ақылын білдірді. Мен ешқайда ауыспай қалып қойдым, міне, осы саланың маманы болғаныма да 13 жыл болды.
Халық байлығының қара қазанын толтырып отырған мемлекеттік кірістер органдарының құрылған күні қарсаңында біздің толқынды біліктілікке, ұқыптылыққа тәрбиелеген тәлімгеріме – Базархан ағайыма шәкірттік алғысымды білдіремін.
Светлана ҚАЗБЕКОВА,
облыс бойынша
Мемлекеттік кірістер департаментінің
бас маманы.