...Киелі Шиелі атырабы, Сұлутөбе ауылындағы көп балалы отбасынан шыққан Нұрман аға өрімдей жас күнінен-ақ асқақ арманға қол созды. Бар болмысымен білімге талаптанды.
Алматыдағы жоғары оқу орнын үздік бітірген соң Қазақтың қой шаруа-шылығы ғылыми-зерттеу институты аспирантурасының күндізгі бөліміне оқуға түседі. Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты В.С.Жилякова талапкерге ғылыми жетекшілік жасайды. Көз майын тауыса еселеп еңсерілген еңбектің есесі қайтты. Н.Жүндабеков 1970 жылы «Қара және сұр түсті қаракөл қойының биологиялық ерекшеліктері және өнімдерінің сапасы» атты тақырыпта диссертацияны сәтті қорғап, биология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін иеленді.
Аталған ҒЗИ-дың тікелей тәжірибемен айналысатын 5 облысының бірі Сыр өңірінде ашылған бөлімшесіне басшылық жасау Нұрман Әліұлына жүктелді. Қаракөл қойының өнімін арттыру, әсіресе, қаракөл елтірісінің сапасын жақсарту алға басты міндет етіп қойылды. Бірақ, оның мұндағы істің ырғағына көңілі толмады.
«Ізденген жетер мұратқа» демекші, институт директоры Г.И.Поповпен бірігіп Бүкілодақтық АШМ-ге қарасты Қаракөл қой шаруашылығы Бас Басқармасына тың идеяға негізделген өтініш хат жолданды. Ұзамай Мәскеудегі одақтық ауыл шаруашылығы министрі В.К.Месяцтан Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Х.Ш.Бектұрғановқа ұсыныс хат келіп, ол ондағы қозғалған мәселеге түсіністікпен қолдау көрсетті. Нәтижесінде, 1974 жылы Қызылорда қой шаруашылығы тәжірибе станциясы (тікелей Қазақстанға қарасты) мен Аманкелді атындағы экспериментальды совхоз (тікелей Одаққа, Мәскеуге есеп беретін) біріктіріліп, ерекше статусқа ие мүлде жаңа құрылымға Н.Жүндабеков директор болып тағайындалды. Хасен Шаяхметұлының Нұрманды жеке қабылдап, келешегіне сенім жүктеуі жас ғалымды қанаттандыра түседі.
Атакәсібіміз – қой түлігін өсіруді жаңа заман талабына сай өркендетіп, одан тауарлы (өтімді) өнім өндіруге талпынған азамат әр кезеңде Сыр өңірінің басшылары болған И.Әбдікәрімов, Т.Есетов, Сырдария ауданын басқарған Е.Жүнісбаев, Н.Ергешбаев сынды тұлғалармен тіл табысып, қарқынды қызмет атқарды. Әсіресе, обкомпартияның турашыл, талапшыл, қадалған жерінен қан алатын қатал да қарымды бірінші хатшысы, бүгінде аты аңызға айналған Е.Әуелбековтің тікелей тапсырмасымен жұмыс істеген жылдары нағыз бағы жанып, базары қызған өрлеу кезеңі болды.
Біріккен шаруашылық пен ғылыми мекеменің алғашқы жұмысын тұрақты электр желісін тартудан, кеңшар мен Қызылорда қаласын жалғастыратын күре жол салудан бастады. Бұл жөнінде облатком төрағасы Ш.Бәкіровтен таяныш тауып, шаруасы сәтімен шешілді. Ол кісінің жанашырлығымен бұларға жаңадан ашылған құрылыс кәсіпорны ПМК-49 (жылжымалы механикаландырылған колонна) жеке перспективалық мақсатқа дербес бекітіліп берілді.