« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ғұмырының жарты ғасырын баспасөзде, оның ішінде қазіргі «Сыр бойы» газетінде фототілші болып өткізген Болат Омарәлиев көргені мен көкірекке түйгені көп адам. Ол кісінің фотомұрағатынан қазақ өнері мен мәдениеті қайраткерлерінің бәрі де табылады. «Мұқағалиды ғана суретке түсірудің сәті түспеді, менде онан басқаның бәрі бар» дейді Бөкеңнің өзі.
Күлкісінен күн дөңгелеген Әмина, көк түтінмен көп қиялды қоса жұтқан Шәмші, Отырардың отымен тұтанған Мұқтар Шаханов, ән мен әсемдікті бір қауызға сыйдырған Роза Бағыланова, қоңыр күз ішіндегі Мәдина, «ей, ақбас тау, алдыңа келіп тұрмын» деп арқаланған Иран-Ғайып… кімді іздесеңіз де кезігесіз.
Ағамыздың айрықша қасиетінің бірі – әңгімешілдігі. Екеуара отырғанда ескіден келе жатқан аңыз-әфсаналардың кәусарына қандырып, есті сөзге еліктіріп әкетеді. Мына бір әңгімені де сол кісі айтып беріп еді.
…Әке-шешеден жастай айрылған Өзбекәлі Жәнібеков ағайындарының үйінде жатып оқып, 1960 жылы мектеп бітіреді. Алматыға оқуға барғысы келеді, бірақ көк тиын ақшасы жоқ. Бір жамағайынының үйіне барып, пойызға мінетін ақша тауып бер деп жалынады. Оларда да қайбір түзу тұрмыс болсын. «Әйелім көріп қоймасын» дегендей жан-жағына жалтақ-жалтақ қараған отағасы өздері сауып ішіп отырған қорадағы жалғыз ешкіні иығына салады да «Жүр, кеттік!» дейді. Темір жол бекетіне дейін ешкіні арқалап келген ол пойыздың машинисіне: «Мына баланы Алматыға жеткіз, мынау ешкі жолпұлы» деп Өзбекәліні шығарып салады. Өстіп арман қалаға жеткен бала келе-келе үлкен армандарына да жетеді.
Бір жылдары Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы болып тұрғанда Шымкентке облыстық комсомол пленумына келген Жәнібеков баяғы ағасын ойлап, Отырарға тартып кетеді. Ауылға барса сол өзі көрген ескі үй, кемпір-шал түйе қарап кеткен, баласы бар екен. Тірлігінде жақсылығын қайтара алмағанына өкінген Өзбекәлі сол жолы совхозда жаңа салынып біткен бір үйді қамқор ағасының баласына алып беріп кетеді.
Қазақта «жақсылығың қайтып өзіңе жетеді, өзіңе жетпесе балаңа кетеді» деген тамаша сөз бар. Қазекем қандай дана.
Д.АЯШҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |