Өмірде әркімнің үлгі тұтатын адамы болады. Өзім ешқандай адамды үлгі тұтпаймын. Бірақ мені ерлігімен, адамгершілік қасиеттерімен, өмірге деген құлшынысымен сүйсіндіретін, өзіндей болуға шақыратын адамдар бар. Солардың бірі - облысқа белгілі ақын, группаласым Әбілқасымов Нұрмұхаммед аға.
Қоғамда тағдырдың жіберген сынағына мойымай, қарсы тұрып, қолынан келгенше батыл болуға тырысатын жандар көп. Олар әркез қоғамның бір мүшесі екенін көрсеткісі келеді. Ондай жандардың өмірге деген құштарлығы ерекше болады. Себебі олар он екі мүшесі сау адамға қарағанда өмірдің мәнін терең түсінеді, әр күніне ерекше үмітпен қарайды, күндердің күнінде жақсылықтың боларына сенеді. Бұндай қиындықтарды бастан өткеріп, шыдамдылық таныту екінің бірінің қолынан келе бермейді. Кейде мына қайнаған тірлікпен жүріп, шүкіршілік айтуды ұмытып кетеміз. Сонда төсекке таңылып, бір қадам аттаудың өзі мұң болып жатқан жандарды көріп шүкіршілік етеміз.
Нұрмұхаммед Әбілқасымов Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылында дүниеге келген. Өмірдің қиындығын сабырмен жеңіп келе жатқан азамат. Туылғанынан ДЦП дертіне шалдыққан. Аузына тістеген кішкене таяқшасы арқылы ұялы телефонына өлең жазатынымен ерекше. Бала кезінен өлең жазуға құштар болған азамат бүгінде облыс көлеміне танымал. Нұрмұхаммед ағаның өлеңдеріне елімізге танымал сазгерлер ән жазған және аз уақыт ішінде екі жыр жинақтың авторы атанып үлгерген. Оның сыршыл өлеңдері, жыр шумақтары өмірге құштар жанды елестеді. Өмірде жаман мен жақсылық қатар жүретіні анық. Алла тағала оған үлкен бақ берді. Ол екі жыл бұрын отбасын құрды. Әйгерім есімді аруды өмірлік жары етіп алды.
Алғаш Нұрмұхаммед ағамен шығармашылық емтиханда таныстым. Мүмкіндігінің шектеулігіне қарамай білімге құштарлығы сол кезден ақ мені тәнті етті. Арманы орындалды, сынақтан сүрінбей өтіп, армандаған мамандығының білім грантын жеңіп алды. Қазіргі таңда Нұрұхаммед ағамен бір топта оқимын. Оқуға деген құштарлығы бізді жігерлендіреді. Әркез жанашырлық танытып, ағалық ақылын айтудан шаршамайды. Мерекелік- шараларға белсене қатысып, топ ішіндегі шағын жиындар мен туған күн кештеріне жиі келіп тұрады. Бізде қолымыздан келгенше , әсіресе емтихан кездерінде көмек көрсетіп тұрамыз. Осындай батылда қайратты жанмен топтас болғанымды мақтан тұтамын. Білімге құштар, өмірге ғашық азаматты керісінше мүмкіндігі шектеусіз жан дер едім. Өмірдің мәнін түсінбейтін жастарға үлгі боларлықтай азамат деп есептеймін. Ендеше алдағы уақытта білікті маман атанып, өмірлік жары екеуінің жолын жалғайтын сәбилері болсын деп тілеймін.
Арайлым ӨМІРБЕК