1941 жылдың 22 мау¬сымында Адольф Гитлер бастаған фашистік Германия әскері ескертусіз Кеңес Одағына басып кірді. Неміс басқыншыларының соққысына бірінші болып Брест қаласы ілікті.
Кеңес әскері жауынгерлерінің неміс басқыншыларына қарсы жанкешті қарсылығы Беларуссияның шағын ғана Брест қаласын тарихта Батыр қала ретінде қалдырды. Бүгінде тарихшылар қала тұрғындарының сол кездегі жанқиярлық ерлігін қаз қалпында ұрпаққа жеткізіп келеді.
Батыр қаланы сол уақыттағы Кеңес Одағы құрамындағы 15 республикадан әскери міндеттерін атқаруға барған азаматтармен бірге жергілікті тұрғындар да қорғады. Өшпес ерлік көрсеткен жауынгерлер ішінде қазақстандықтар да бар болатын. Арнайы мәліметтерге сүйенер болсақ, соғыс басталған кезде Брест қаласында 30 ұлттың өкілінен құралған 7-8 мыңдай әскер болған екен.
Міне, Батыр қала Бресті қорғаушылардың бірі менің әкем Кенжебек Кудасов.
Ал, енді осы қаһарман қаланы қорғаушы майдангердің өмір жолдарына тоқталар болсақ, әкем 1917 жылы Иіркөл ауылындағы шаруа отбасында дүниеге келіп, сол ауылдағы мектепте білім алған соң 1938 жылы әскери қызметке шақырылады.
Кеңес-Герман мемлекеттерінің екі арадағы келісім-шартына сүйенген Кеңес үкіметі Финляндиядан Ленинград қаласының кауіпсіздігі үшін Карель мойнағын КСРО-ға беріп, оның орнына Карелиядан жер алуды талап етеді. Бірақ, Финляндия үкіметі ол талапты орындамағандықтан Кеңес Одағы Үкіметі1939 жылдың 30 қарашасында Финляндияға шабуыл жасады. Сол уақыттары Финляндия үкіметі Кеңес Одағы тарапынан болуы мүмкін шабуылдан қорғану үшін алдын ала "Маннергейм шебін” тұрғызған болатын. Бірақ, финдердің қорғаныс шебін Кеңес әскері үлкен шығынмен болса да бұзып өтіп, жеңіске жетеді. Сөйтіп, 1940 жылы 12 наурызда Мәскеуде екі елдің басшыларының бітімге келуінің нәтижесінде Карель мойнағы мен тағы біраз аймақ КСРО құрамына беріледі.
Сол кездері Отан алдындағы азаматтық борышын зеңбірекші болып өтеп жүрген қызыләскер Кенжебек Ерішұлы 1939 жылы еліміздің солтүстік шекарасында өткен Финляндия және КСРО арасындағы соғысқа қатысады. Ал, 4 айға созылған соғыс біткен соң ол өзінің әскери борышын әрі қарай жалғастырады.
1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда менің әкем Брест қамалында әскери қызметін жалғастырып жүрген болатын. 22 маусым күні таңғы 4-тер шамасында Брест қаласының жанынан ағып жатқан өзеннің арғы бетінен атылып, қала ішіне түскен зеңбірек оқтары қала тұрғындарының тыныштығын бұзады.
Міне, сөйтіп қарапайым қазақ баласы туған жерден жырақ жерде неміс басқыншыларына қарсы соғысқа кіреді. Қаланы жаудан қорғауда Кеңес әскерлері жан беріп, жан алысқан ұрыстар өткізеді. Бірақ, сол уақыттардағы заманауи үлгідегі әскери қарумен жабдықталған неміс басқыншыларына төтеп беру мүмкін емес-ті. Кеңес әскері Брест қаласын тастап шығып, кейін шегінеді. Осы құрамда менің әкем де болады. Ол кейіннен даңқты қолбасшы, екі мәрте КСРО Батыры Иван Черняховский басшылық жасаған 3 Беларусь майданында зеңбірекшілер бөлімшесінің командирі болып, туған елімізді неміс басқыншыларынан азат етуге қатысады.
Майдангер өзінің қаруластарымен бірге Беларуссия, Балтық жағалауындағы одақтас республикалар мен Шығыс Пруссия, Польша мемлекеттерін жаудан азат етеді. 1942 жылы ұрыс даласындағы окопта коммунистік партия қатарына қабылданып, өзіне жүктелген партиялық міндеттерді мінсіз атқарады.
Әкем Ұлы Жеңісті Германияда қарса алды. Ол 1947 жылдың қараша айына дейін Үкіметтің арнайы тапсырмасымен соғыс болған Германия мен Ресейдің басқа да қалаларында халық шаруашылығын қалпына келтіруде әскери қызмет атқарып, елге оралады.
Сегіз жыл бойы туған елден жырақта өзінің азаматтық борышын абыроймен атқарып, аман-есен елге оралған әкем Кенжебек Ерішұлы майдан даласында неміс басқыншаларына қарсы өткізген сұрапыл соғыста көрсеткен ерліктері үшін 1943 жылы «Ерлігі үшін» медалімен және «Қызыл жұлдыз» орденімен, 1944 жылы «Мәскеу қаласын қорғағаны үшін» медалімен, 1946 жылы «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және «Кеннисбергті азат еткені үшін» медальдарымен, 1949 жылы «Кеңес Одағы Қарулы Күштері мен Флотына 30 жыл», сонымен бірге «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына 20, 30 жыл», «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл» медальдарының иегері атанды.
Әкем 1947 жылы елге оралған соң Қызылорда қаласындағы облыстық ішкі істер басқармасында қызмет етіп, аймақ тұрғындарының тыныштығын қорғауда және қоғамдық тәртіпті сақтауда абыройлы қызмет етті. Оның бейбіт күндері ел әлеуетін арттыру мақсатындағы елеулі еңбектері үшін де көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болды. Нақтырақ айтар болсақ, 1951 жылы «Елеулі еңбегі үшін» және І және ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», сонымен бірге «КСРО ішкі істер органына 50 жыл» медалдарымен және көптеген Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.
Елге оралған соң ата-анасының қалауымен сол ауылдың тұрғыны Серікбайдың қызы Әшенмен шаңырақ көтеріп, 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді.
Бүгінде ата-анамыздан тараған ұрпақтары, яғни Тұрақ ағам әке жолын жалғастырып ішкі істер органында көп жылдар абыройлы қызмет етті. Бірақ өмірден ерте өтті. Содан кейінгі әпкем Жаңагүл теміржол саласында еңбек етіп жүрсе, екінші әпкем Алтынкүл үй шаруасында.
Бүгінде өздерінің өнегелі өмір жолдарымен отандастарының құрметіне бөленіп, өмірден өткен өнегелі отбасыдан 15 немере, 10 шөбере өрбіп, тәуелсіз Қазақстан респрубликасының экономикасын нығайтуға және халқының әлеуетін арттыруға өздерінің үлестерін қосып жүр.
Міне, Фин және Ұлы Отан соғысына қатысушы әкем Кенжебек Ерішұлы мен үшін дара тұлға. Оның жарқын да шуақты бейнесі ұрпақтары үшін мәңгі өшпес есім болып қала бермек.
Қанат КУДАСОВ,
баласы, М.Әуезов атындағы мемлекеттік университеттің Ақтау қаласы өкілдігінің директоры.