ӘР КӨҢІЛДІҢ ШЫРАҒЫ БОП ҚАЛҒАН ЖАН

Басшы кадрларды іріктегенде кеңес кезеңінің өте бір жақсы, ел сүйсінетін осы заманға да  өнеге, үлгі етерліктей  жағымды жұмысының бірі – нәзікжандылардан саралап, таңдап ел басқару істеріне тартуы еді. Қармақшы ауданының басшылығында  қызмет атқарған Марияш Сапабекова, Бағия Оспанова, Тұрсынкүл Әбдиева, Ырысты Тілеуқабылова, Зауыткүл Қалиева, Тынышкүл Дәлиева  сынды апаларым мен қарындастарымның есімдері ел есінде.  Олардың әрқайсысы партия мен ел сенімінен шыға білді. Ол кезеңде  партия мен ел сенімі біртұтас  болатын.  
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңы. Қармақшы аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне аудандық кеңес сессиясында жиырма сегіз  жасар қыз Тұрсынкүл Әбдиева сайланды. Осыған дейін осы және аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған, талабы күшті  айналасындағылардың апшысын қуырып жүретін, атынан ат үркетін үлкен кісі басқа жұмысқа ауысып,  орнына келген Тұрсынкүлге «алып кете алса болар еді», «қыз баланы көтеру мақсатындағы  қадамның бірі ғой» деген ел-жұрт арасында әртүрлі ой-пікірлер орын алған-ды. Елдің тілегі мен сенімі,  қызғанышы мен күдігі де осының ішінде болатын. Сенетіні, Тұрсынкүл осы қызметке келер  алдында  аудандық атқару комитетінің хатшысы және мектеп директоры қызметтерін абыройлы атқарған, атқару комитеті жұмысымен, аудан шаруашылықтарының  жай-күйімен етене таныс, проблемалармен бетпе-бет келмесе де толық хабардар. Аудандық, облыстық партия және атқару комитеттерінің бюро, сессия, пленум мәжілестеріндегі жарыссөздер мен түрлі талқылаулардан жинаған тәжірибесі, түйген ойы бар қалыптасқан кадр болатын. Күдіктенушілер мен қызғаныш иелерінің  қаңқу сөздерінің ғұмыры ұзаққа барған жоқ. 
Тұрсынкүл төрағалық қызметті өте қарқынды бастады. Қармақшыға Байқоңыр ғарыш айлағы жақын. Әскерилерде құрылысқа,  коммуналдық-шаруашылық жұмыстарына қажетті дүниенің бәрі бар.  Осы мүмкіндікті Тұрсынкүл өте ұтымды пайдаланды.  Ғарыш айлағы басшыларының тілін тауып қажетті құрылыс материалдарын алдыртып, бір-екі айдың ішінде аудан орталығының көшелеріне аудан тарихында болып көрмеген асфальт төсетіп, Мәскеудегідей (сол кезде көпшілік таңырқайтын жаңалықтарды  Мәскеудегідей дейтінбіз) бағаналар орнатып жарқыраған шамдар қойды. Үйіміз басқа жақта болса да, Тұрсынкүлдің жайнатқан теп-тегіс, шамаладай жарық көшелерімен жүре бергіміз келетін. Әбдиеваның төрағалық қызметтегі аты дүркіреді. Қай кезеңде болмасын, алдын-ала жоспарланған,  қаржысы қаралған нысандар ғана салынатыны белгілі. Ал, кеңес кезеңінде аудан орталықтарын абаттандыру жұмыстарына қаржы  мардымсыз бөлінетін. Жаңадан іске кірістің екен, ауданға қажет екен деп сұрағаныңды ала алмайсың. Әбдиева жұмысты жүргізудің жолын, атқарылар ауқымды шаруалардың амалын тапты. Қаралған азын-аулақ қаржыға  көлемді жұмыстар атқару  мақсатында  өндіріс, құрылыс, көлік және басқа да аудан мекемелерінің техникаларын, кент тұрғындарын сенбілік-жексенбілік арқылы жұмылдырды. Аудан орталығына жақын жердегі қиыршық тас араласқан топырақты жұмылдырылған көліктермен тасытып, асфальт төселер  алдындағы жұмыстарды  дайындаттырып алып барып, жаңағы мардымсыз қаржыға асфальт төсеу жұмыстары атқарылды. Бастаған жұмыстарының аяқталмай қалғаны болған жоқ. Жетіспеген қаржыны жыл аяғында басқа аудандардағы игерілмеген қаржылар есебінен жауып отырды.  Жаңа төрағаның іскерлігіне тәнті болған жұрт, «қалауын тапса, қардың жанатыны, сұрауын тапса, адам баласының алмайтыны жоқ» екендігіне көздері жетті. Аудан жұртшылығы әр демалыс сайын ұйымдастырылған сенбіліктерге үлкен  ықыласпен қатысатын болды.
Шабыт деген – тек ақындар мен жазушыларда немесе күй шығарушылар мен сәулетшілерде ғана емес, қоғам және мемлекет қайраткерлеріне де ортақ қасиет. Тұрсынкүл де Қармақшы ауданы атқару комитетіндегі қызметінде үлкен шабытпен еңбек етіп, талант иесі екендігімен танылды. Оның шабыты мен таланты Қармақшы ауданының орталығы  Жосалы кентінің  сәулеттенуі, жарық  пен  су құбырларының тартылуы, аяқ су жолдары қазылып, көгалдандыру жұмыстарының жандануы және басқа көптеген коммуналдық проблемалардың оң шешімін табуынан көрініс тапты. Елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың межелі мерзімінде салынып, аяқталуын қатаң қадағалап, аудан көлемінен тыс орындарда шешілуге тиісті, бірақ сөзбұйдалықпен кейінге ығыстырылып келе жатқан күрделі мәселелерді атқару комитетінің мәжілісінде сол саланың облыстық  деңгейдегі басшыларын қатыстырып, талқылап, оң нәтижеге қол жеткізіп отырды.  Ел-халық  риза болды. Осындай үлкен ұйымдастырушылық, іскерлік жұмыстарына облыс басшылығы да қанағаттанды.  Облыстық атқару комитетінің кезекті мәжілісінде сол кездегі комитет төрағасы Әбен Асқаров Қармақшы ауданында осы қызметті атқарған бұрынғы үлкен кісіге:  «Осынша жыл аудан басқарып, бір бағананың басына бір шам ілген жоқсың!  Міне, қарашы, Әбдиеваны, оның атқарамын, жасаймын деген жұмыстарына біз қаржы тауып бере алмай отырмыз», – деп, өзге аудандық атқару комитеттерінің төрағаларына  қарата сөйлеп, «Қармақшы ауданынан үлгі алыңдар», деген еді. 
Кеңестік дәуір кезеңінде аудандағы партиялық, кеңестік басшылықтарда алты бірдей лауазымды кісі қызмет атқаратын.  Газеттерде сол басшылардың көзі тірілері мен марқұм болғандардың  өмір жолдары  жайлы жазылғандарды оқып отырсаң, қайраткер емесі жоқ.  Жоспарлы жүріп жатқан жұмыстар ауқымындағы салынған әлеуметтік нысандар мен  асфальттанған көшелерді жаңағы алты басшының алтауына да сол кісінің жекедара қайраткерлігінің жемісі деп жазу белең алған.   Ал, Әбдиева Тұрсынкүлдің мен айтып отырған жұмыстары сол кездің өлшемімен Қармақшы ауданындағы ең бір ауқымды, көпшілікті елең еткізген  және басқа ешбір басшының  ортақтығы жоқ  игі шаралар еді.  Бірақ кадрға баға берудегі біржақтылықтың әсерімен Тұрсынкүл Қармақшы аудандық атқару комитетінде ұзақ істей алмады,  бұрынғы мектеп директорлық қызметіне қайта оралды.        
Шәкірт тәрбиелеу ісінің  де ыстық-суығын сезіне жүріп, ұстаздар ұжымының  ұйытқысы болды.  Бір мектепті он жеті жыл басқарып   ұл-қыздарының  білім алуларына  мүмкіндік  жасау  мақсатында  білім  ордасы  Алматыға  қоныс аударды.  Мектепте сабақ  бергеннің  бәрі  бірдей өзін ұстазбын деуге, немесе «ол менің шәкіртім еді»,  деп айтуға қақысы бар деп айта алмаймын. «Ол кісі менің ұстазым еді» дегенді  шәкірттері  айтулары керек. «Мен Әбдиевамен бірге қызмет істедім, ұлағатын көрдім, тәжірибесімен толыстым», дейтін әріптестері жетіп артылады. «Мені оқытты, ұстаздық етті, біліктілігі мен өнегесімен жүрегімнен орын алды, Тұрсынкүл апайға қарыздармын», – деуші шәкірттері Қазақстанның әр түкпірінде,  шаруашылықтың  әр  саласында баршылық. Олардан арнайы құттықтаулар алып, той-томалақта жолығысқанда  жылы лебіздер есітіп  Тұрсекеңнің көңілі марқайып, мәртебесі көтеріліп қалатыны бар.  Бұдан қырық жыл бұрын ел сенімін ақтап, жарқырап көзге түскен Тұрсынкүл Әбдиеваның ел-жұрт алдында жүзі жарқын, еңсесі биік. Қазір Алматыда, Алла берген ұл-қызын  тәрбиелеп, азамат етіп өсіріп, олардың білім-ғылым жолындағы жетістіктеріне марқайып, немерелерінің шат күлкілеріне мәз болып,  туған ауылының түлеп, түрленіп жатқанына ризашылық  сезіммен, аналық  ақ пейілімен  тілекші болып жүріп жатыр. 
Сәпен  АҢСАТОВ,
еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері.

ТАҒЫЛЫМ 11 қаңтар 2014 г. 1 140 0