«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, отбасында көрген тәлім, жадына тоқыған тәрбиенің арқасында бала көкірегі ояу, есті болып өседі.
Эльмира Нұрсейітова – 37 жасында батыр ана атанып отыр. Үлкен әулеттен шыққан Эльмира келін болғанда көпбалалы ана боламын деп ойламаған.
Мектепті бітірген соң Эльмира өмірлік жарын кездестіріп, тұрмысқа шықты. Алғашқы кездері ер азаматы екеуі Шиелі ауданы, Майлытоғай ауылында тұрды. Үй шаруасына мығым жас келін сиырды да сауып, айранын пісіп, енесінен алған тәлімімен инабатты да ибалы келін атанады. Кейін жұбайының жұмыс бабымен қалаға көшіп келеді.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан енесі Сәния әжеймен бірге тұрады. Білгенін үйретіп, әжелері баланы бағуға қолғабыс болып отыр. Сәния әжей де сегіз бала тәрбиелеп өсірген – «Алтын алқалы» батыр ана.
Енесінің жолын қуған келін бүгінде жолдасы Маратбек екеуі жеті баланы тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.
– Отағасы Маратбек мұнай компаниясында еңбек етеді. Тұңғыштары Ақмаржан – 20 жаста, Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжінің соңғы курсында оқиды, болашақ бағдарламашы, – деп әңгімесін жалғастырды Эльмира.
Грант негізінде оқып жүрген Ақмаржан – «Қызыл дипломға» үміткер. Нұрсәуле және Самат та студент. Ал Рамазан №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында 8-сыныпта. Ортаншы қызы Ақнұр шығармашылыққа жақын. Облыстық, республикалық конкурстардан орын алып жүр. Ал кішкентайлары Айдын және Адия есімді егіздер 2 жастан енді асты.
– Қыздарым кішкентайларынан өте ұқыпты. Менімен жарысып жүріп, тәттілерді дайындап, ас әзірлегенді ұнатады. Екінші сыныпта оқитын Ақнұр да тәтті тоқаш пісіргенді жаны сүйеді. Ал Самат бокс үйірмесіне қатысады, – деді анасы.
Өткен жылдың аяғында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Эльмира «Алтын алқасын» алды. Ол білгенін балаларына үйретуден жалыққан емес.
– Отағасы екеуміздің басты арманымыз, балаларымыз өскенде елімізге адал қызмет ететін азамат болып өссе, қуаныштарын көрсек, одан асқан ба¬қыт жоқ. Себебі бала – өмірдің жалғасы, отбасының мәні мен сәні, – дейді ол.