ТОҚСАН ҮШІНШІ КӨКТЕМ

ТОҚСАН ҮШІНШІ КӨКТЕМҚазалы ауданының тұрғыны, «Алтын алқа» иегері, Батыр ана Балзира Амандос ғұмырындағы тоқсан  үшінші көктемін қарсы алып отыр.
Қазіргі таңда ел анасына айналған Балзира әже  бұрынғы №13 ауылда дүниеге келген. Мектеп есігін «Ворошилов» ауылында ашып, қалған төрт кластық білімді Майдакөлде алыпты. Балалық кезеңі мен жастық шағы ауыр да қасіретті жылдарға тап келгендіктен ерте есейді. Бұғанасы бекімей жатып ауылда ересектермен бірге тынымсыз еңбек етті. «Бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен толассыз тер төкті. Көптен күткен Жеңіс күні де келіп жетті. Өмірдің құрсаудай қысқан қатал сәті де артта қалды. Балзира Данияр Ақтасов есімді азаматпен отау құрды. Екеуі алтын асықтай ұл-қыздар сүйді. Ұзақ жыл бойы отағасымен бірге Арал ауданының Қарақұм кеңшарында жұмыс істеді. Ағамыз шопан болса, Балзира көмекші шопан ретінде талай марапат-мақтауды иеленді. Перзенттері де жетіліп, ел қатарына қосылды.
Алпысыншы жылдардың ортасында Қазалы ауданының Карл Маркс сов-хозына (қазіргі Бекарыстан би ауылы) қоныс аударды. Осынау іргелі қоныста зейнеткерлік демалысына шыққанша үздіксіз еңбек етті. Содан бері де жарты ғасырға жуық уақыт зымырап өтіпті. «Өткен күнде белгі жоқ» дейміз. Неге болмасын?! Адал еңбегінің өтеуіне берілген бірнеше медальдің иесі Балзира әже бауырынан өрбіген перзенттерінен  тараған 28 немере, 18 шөберенің қызығына кенеліп отыр. «Жас кезде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген осы.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
ТАҒЫЛЫМ 07 наурыз 2017 г. 778 0