Ұлы дала – бәріміздің панамыз

Қазақстан халқының татулығы мен ынтымақтастығыбейбітшілігі мен тұрақтылығы  еліміздің ең басты байлығыБүгінде ел бірлігі мен тұтастығын сақтапсан этностың басын қосыпқоғамдық институт ретінде өзінің маңыздылығын дәлелдеген Қазақстан халқы ассамблеясына 25 жыл толдыЕлдіктің өлшемітұрақтылықтың тұтқасы болған ассамблея біздің бейбіт қоғамның ажырамас бөлшегіне айналдыСодан да боларелдің қол жеткен табыстарынабіздегі орын алған татулық пен түсіністік жағдайларына әлемдік өркениет қызығушылық танытудаБұл - ең алдыменауызбіршіліктіңхалықтың бірлігінің арқасында жетіп отырған игілікті нәтижеОсы орайда 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Төрешовамен сұхбаттасқан болатынбыз

– Ләйлә Бегалықызы, еліміздегі этностарды бір арнаға тоғыстырып, тұрақтылықты сақтап келе жатқан ҚХА-ға биыл 25 жыл толуда. Ширек ғасыр уақыт ішінде ҚХА түрлі жобалар мен бастамалардың басында болып, елдік мәселелерді шеше білді. Осы ретте облыстық ассамблеяның үлесі қандай?

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, Қазақстан – полиэтникалық мемлекет. Бұл – тарихи қалыптасқан дүние. Тәуелсіздік алғаннан бері біздің көпэтносты халқымыз бейбітшілік пен өзара түсіністікте өмір сүріп, мемлекетіміздің өркендеуіне белсенді атсалысып жатыр. Кез келген мемлекет үшін қоғамдық келісімнің маңызы ерекше. Биыл Қазақстан халқы ассамблея­сына – 25 жыл. Осы жылдар ішінде өңірлік ассамблея өзіне жүктелген міндетті лайықты орындап келеді. Әсіресе, аймақта өмір сүретін  этностардың өз мәдениетін, тілі мен дәстүрлерін сақтауға сеп болып, ұлт­аралық келісімді нығайтуға жұмыс жасауда. Сыр өңірінде Қазақстан халқы ассамблеясының барлық құрылымдары қалыптасып, жемісті жұмыс жүр­гізіп келеді. Бүгінде облыстық Ассамб­лея­ның құрылымдары қа­тарына 11 этно­мәдени, аудандарда 6 этно­ба­­ғыт­талған бірлестік, 118 аналар кеңесі, 165 қоғамдық келісім кеңесі, ғылыми-сарапшылық тобы, медиация кабинеті, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да «Қазақстан халқы ассамблея­сы» кафедрасы, депутаттық және кәсіпкерлер тобы, журналистер мен сарапшылар клубы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, қайырымдылық ба­ғытында үйлестірушілік және қолдау көрсету мен волонтерлік орталықтары кіреді. Бүгінде бұл құрылымдар жү­йелі жұмыс жүргізіп отырған іргелі әрі ауқымды күшке айналды. 

Жыл басынан бері облыстық ҚХА-ның бастамасымен түрлі форматта 86  іс-шара өтті. Оған 30 мыңнан астам аймақ тұрғыны атсалысты.

Ел тарихындағы маңызды оқиғалар  ҚХА мен Консти­ту­цияның 25 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жыл­дығына арналған шараларды облыстық ассамблея мазмұнды түрде жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ, ҚХА Төрағасы, Елбасы ұсынған бастамалар мен рухани жаңғыру аясында қойылған міндеттер және ҚР Президентінің Жолдауда айқындаған мәселелерін іске асыруда.

– Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты шаралар мен жұмыстардың көбі тоқтап, кейбірі онлайн түрде өтуде. Сіздерде қалай жүзеге асуда?

– 1 мамыр – Қазақстан хал­қының бірлігі мерекесі тәуелсіз еліміздегі тарихи тағылымы терең маңызды күннің бірі. Алайда, биыл мемлекеттік мереке төтенше жағдай кезінде атап өтілетін болады. Елімізде пандемияға қарсы алдын алу-санитарлық іс-шаралар жүргізілуде. Көпшіліктің қатысуымен өтетін ойын-сауықты уақытша шектеу бойынша карантиндік шаралар енгізілді. Бүгінде кешенді жоспар әзірленді. Соған сәйкес,  мерекені онлайн форматта және әлеуметтік желілер мен блог-платформалардың мүмкіндігін пайдалана оты­рып, виртуалды іс-шаралар ұйым­дас­ты­рылуда. Осыған орай, аймақта жалпы саны 400-ге жуық іс-шара өткізу жоспарлануда және ақ­па­раттық, ғылыми-танымдық, қо­ғамдық-мәдени бағыттар қам­тылады.

Барлық іс-шаралар жергілікті БАҚ-та, әлеуметтік желілерде арнайы хештегтер арқылы жария­ланады. Көпэтносты халқы­мыз­дың бірлесе жүріп өткен дара жолы, бірге көрген қиындығы мен ауыртпалығы, бірге қол жет­кізген жетістігі, барша отан­дас­тарымыздың ортақ рухани игілігі насихатталады.

– Карантин уақытында өңірлік ассамблея тарапынан қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында қандай жұ­мыстар жүріп жатыр?

– Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы өз жұмысын онлайн форматында әлеуметтік желілерден бөлек, енді Youtube сайтында жүргізетін болды. Қызылорда облысы әкімдігінің интернет-алаңы  27 сәуір күні жаңа «Сыр бірлігі» өңірлік ҚХА-ның жобасымен толықты. YouTube арнасындағы жаңа медиалық өнімнің негізгі мақсаты – өңір тұрғындары ара­сында бірлік, келісім және бей­бітшілік идеясын нығайту.  Канал 5 бағыт бойынша жұмыс жасайды.

«Жасампаз 25 жыл» бөлімі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың баста­ма­сымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблея­сы туралы, фестивальдар, мәдени күндер, онлайн-концерттер, ұлттық тұрмыстың виртуалды көріністерінен және  т.б. мате­риал­дар қамтылса, «Татулық тұғыры» бөлімінде аймақтағы түрлі этнос өкілдерінің дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, асханасы және олардың көрікті мейрамдары «Масленица», «Сабантуй», «Сольналь», «Остерн», «Песах» және тағы басқалары туралы  материалдар бар.

Облыстық Ассамблеяның та­нымал өкілдерінің, белгілі жер­лестеріміздің және табысты аза­­маттарымыздың тарихы, пат­рио­тизм, жетістікке жетудің жолдары туралы баяндары «Сырлы сұхбат» айдарында топтастырылды. Егер де қазақ халқының философиясын танып, тілін үйренеміз, Абайдың шығармашылығын оқып, репрессия мен депортация тарихы немесе бірлік пен келісім құндылықтары туралы онлайн-лекция тыңдаймыз деген көрермен «Таным сағаты» бөлімін көре алады.

Қайырымды істер мен Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы во­лон­терлік орталығының жұмы­сымен танысып, еріктілер мен бел­сенді жастардың карантин жағ­да­йында қызылордалықтарға қол­дауын көр­гі­ңіз келсе, «Біз бір­геміз!» бөлі­мін­де орналас­тырылған.

Мамыр айынан  бастап  «Сыр бірлігі» Youtube видеохостингі мен әлеуметтік желілерде Отан қорғау­шылар мен Ұлы Отан соғысының  75 жылдығына орай онлайн байқау, онлайн челлендж, онлайн лекциялар және тағы басқа танымдық шаралар жалғасын табады. Жалпы, бұл канал өңір тұрғындарын бірлік пен ынтымаққа және татулыққа шақырады. 

– «Сыр бірлігі» каналының ашылуы – үлкен қуаныш. Көрермені көп болсын дейміз. Айтулы мерекеге орай оқырмандарымызға арнап ізгі лебізіңізді жолдасаңыз...

– Біздің байлығымыз, құнды­лы­ғымыз – бірлік, татулық, достық. Ең бастысы – этнос өкілдерінің ауызбіршілігі мен татулығы құр жалаң, ұран сөздер емес. Қай­сыбір жеңісті алып қарасақ, ол қазақстандықтардың мызғымас береке-бірлігі мен қажыр-қай­ра­­тының арқасында келгенін аң­ғарамыз. Ғасырлар бойы тағдыр тәлкегіне ұшыраған этностарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді. Қазіргі таңда бірлігі берекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болатынын жаһандану дәуірі көрсетіп отыр. Осы орайда, біз қазақы қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінің бірлігі мен әрбір азаматтың Отанға деген сүйіспеншілігі, халқымыздың дос­тығы мен өзара түсіністігі әрдайым берік болып, бірлігіміз мәңгі жасай берсін!

Әңгімелескен

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 

Cұхбат 01 мамыр 2020 г. 1 471 0