« Қазан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
Адамзаттың қазіргі ұрпағы өз дамуының қарама-қайшылығы мол күрделі дәуіріне қадам басты. Күрделі дейтініміз, аға ұрпақтың айналасында болып жатқан бүгінгі құбылыстарды бағалап, өзінің сана сүзгісінен өткізуге қабілетті дегендері оншалықты көп емес. Себебі бүгінгі құбылыстың жай-жапсары көпшілігі үшін жұмбақ. Керек десеңіз, сананың қабылдауына тым ауыр соғады. Сонымен біз өзіміз қаламаған, жасыратыны жоқ сырттан таңылған жаһандану үрдісінде не болып жатыр? Біз қазір қандаймыз? Ертеңіміз не болады? Философия ғылымының докторы, профессор, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Баймырза Қожамберлиевпен болған әңгіме-сұхбатымызға осы және басқа да сауалдарға жауап іздейміз. Біздің өзара әңгімеміз еркін пікір алмасу сипатында өрбіді.
ЖА: – Баймырза Қожамберліұлы, бүгінде күллі әлем коронавирустан үлкен дағдарысқа ұшырады. Тіпті, оның жалын шарпыған ауқымын санасы түзу адамның өзі қабылдауға дәрменсіз болып шықты. Өзіміз мақтап, үлгі алатын демократиялық институттары, дамыған индустриясы бар мемлекеттердің өзі пандемия індетіне қарсы күресте дәрменсіздік танытты. Әңгімені үйреншікті сауалдардан бастағым келіп отыр. Не болды? Неліктен?
БҚ: – Алдымен әңгімемді мына мәселеден бастағым келеді. Өзің тарихты жақсы білесің, адамзат өз ғұмырында қысқа кезеңдер болмаса, ешқашан рахат өмірден тұратын алтын ғасырды бастан кешкен емес. Алғашқы адамдар табиғаттың еркін сыйы ретінде бәрін алды деген пікір айтушылар бар. Қоршаған ортадағы сананың пайда болуы нәтижесінде бөлініп шыққан адам еркіндікте болғанымен, өмір сүру қиындығымен ұдайы алысып-жұлысып келеді. Одан кейінгі формация адамының да, одан кейінгісінің де өз қиындықтары жетіп артылады.
ЖА: – Сөзіңізді бөлгенім үшін кешірім өтінемін, шығыс шайыры Шамшеддин Хафиз өлең жырында: «Бақытты ғой бұл өмірге келе салып өлгендер, ал өмірге келмегендер тіпті одан да бақытты» депті.
БҚ: – Бұл – философия. Қазақша жай ұғымға салғанда құдайтану ілімі десе де болады. Біз жаһандағы құбылыстардың тез өзгеріп жатқанын байқамай қалдық. Сайрандадық. Көп нәрсенің қадірін білмедік. Адам құндылығы дегенді тіпті ойлаудан қалдық. Ал өзгеріс жылдам болды. Айналасы 30-40 жыл ішінде болмысымыз мүлдем өзгерді. Тұтынушылық психология пайда болды. Барлығымыз сән-салтанатта өмір сүргіміз келді. Бір-бірімізбен жарыстық. Экономикадағы бәсеке болса кәнекей, біз той жүргізумен, аста-төкпен жарыстық емес пе?
ЖА: – Бұл орайда бүгінгі уақыттың сипатын алдын ала болжаған Мөңке би және атақты ғалым Лев Гумилевтің айтқандарын білетін боларсыз...
БҚ: – Кейде мен Гумилевті Мөңке бидің сөзін біреуден естіген шығар деп ойлаймын. Өмірде не болмайды? Кеңес ғалымы қазақтардың арасында көп болды. Олардан көп нәрсе естіді. Сол Гумилев уақыт өте келе адамдардың өзгеруі мүмкін екенін өз заманының бағытына қарап болжапты. «Этногенездің соңғы фазасына өткенде елдің белсенді өкілдерінің селдіреуі, қанағатшыл тобырдың қаннен-қаперсіз ғұмыр кешуі «өркениеттің» өзіндік ерекшелігіне айналады. Шығармашылықпен айналыспайтын, еңбек етпейтін, ой сезімі кедей, ындыны тойымсыз адамдар молаяды. Мұндай пенделер, әрине, ерлік пен естілік бел алған заманда өмірден орын таба алмас еді. Олар жауынгер болып жарытпайтындар, еңбек ету қолынан келмейтіндер, ал қылмыс жасаса, қатал заман қыршынынан қияды. Рас, босбелбеу өркениет кезіндегі тоқшылықта бір үзім нанмен жеңіл етек шүйке бас кім-кімге де табылып бағады. Дегенмен, «өмірге құштарлар» көбейген үстіне көбейе береді.... Өміршеңдік өлермендікке бағаланады, еңбекқорлық мазақ етіледі, ақылдыларды көргендер ашуға булығады.
...Жақсылық емес, жамандық сұрыпталады. Қабілетің дәріптелмейді, қабілетсіздігің марапатталады, білімің емес, біліксіздігің бағаланады, табандылығың емес, тайғанақтылығың таңғалдырады» депті ғалым.
Қалайша дәл болжаған? Менің ғалым ретіндегі түсінігім бойынша өмірдегі құбылыс кездейсоқтықтан пайда болмайды. Ол – белгілі бір түсініксіз, стихиялық қозғалыстың қорытынды жемісі. Біз байқамаймыз. Оның келгенін сезгенде аһ ұрамыз.
Бүгінгі дағдарыстың неден болғанын сәуегейлік жасап айтушылар көп. Өзімді-өзім алдағым келмейді. Білетінім, Германияның канцлері Меркель бұл екінші дүниежүзілік соғыс зардабына жақын келетін дағдарыс деп атады. Бұл пікірді айтып отырған жәй адам емес, дүниежүзіндегі 3-ші әлде 5-ші экономиканың жетекшісі. Тарихты білесің, сол екінші дүниежүзілік соғыста қанша адам шығыны болды?
ЖА: – Шамамен 50 млн. адам. Тең жарымы кешегі Кеңес Одағының халқы. Енді әңгімеңізді жалғастыра беріңіз...
БҚ: – Әлбетте, ел қорқып қалмасын, мен бұл жерде адам шығыны жөнінде айтқым келіп отырған жоқ. Соғыстың аты – соғыс. Бірақ бүгінгі дағдарыстың сипаты ауыр екенін айту үшін салыстырмалы түрде пікір білдіргенім ғой.
Иә, әлгі Меркельді айттым. Әрі қарай ойымды жалғастырайын. Ойдың сабақтастығы және керек. Сол Германиядан екінші дүниежүзілік соғыстан кейін үйінді ғана қалды. Коронавирустан кейін АҚШ, Испания, Италия, Германия үшін де оңай соқпайды. Ресейге де оңай болмайды. Экономикалық жағынан тағдырымыз ортақ Қазақстанды күрделі кезеңдер күтіп тұр. Бірақ Германия соғыстан кейін аяғынан тез тұрып кетті. Әлбетте бағдарламалар болды, көмектер көрсетілді. Қазақстанда да солай болады деп үміттенемін.
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев «Қазір бүкіл әлемнің және әлемдік экономиканың тағдыры ғалымдардың қолында. Бұл артық айтқандық емес. Әлемнің тағдырын футболшылар, шоу-бизнес өкілдері емес, ғалымдар шешеді. Біз осы жағдайдан сабақ алуға тиіспіз» деді. Президенттің осы сөзі мені қатты ойға қалдырды. Үндеу жарияланды. Бүкіл ел жұмылып жатыр. Орта және шағын бизнесті қолдауға көп қаржы бөлінді. Қазір цифрларды тізбелеп шығудың оншалықты қажеті жоқ қой деп ойлаймын. Ұлттық қордың бүгінде қаншалықты тиімді болғаны айтылуда. Әйтеуір құралақан емеспіз.
Қазір Ресей ақпарат құралдарында кеңестік жүйеден мұра болған медицинаның бүгінде өте тиімді жұмыс істеп жатқаны айтылуда. Меніңше, АҚШ пен Батыстан гөрі бізде дертке қарсы күрестің біршама жақсы жүргізіліп жатқанын осымен түсіндірер едім.
Батыстың менталитеті бөлек. Олар еркіндікті жақсы көреді. Бірақ Батыстың медицинасын мүлдем жамандауға қарсымын. Жалпы, менің ақпараттан алып отырған түсінігім бойынша АҚШ-та сол еркіндік мүлдем басым болды. Өйткені олар еркін өскен. Екі дүниежүзілік соғыс та олардың аумағында болған жоқ. Олар қасіреттің не екенін білмейді. Италия, Испания, басқа да Батыс елдерінің жаппай халықты дендеген ауруға қарсы дәрменсіздік танытуының бір себебі – осы.
Екіншіден, оларда жұқпалы ауруларды гигиена сақтамайтын тоталитарлық елдерде болады деген түсінік қалыптасты. Қытаймен барлығы шектеліп қалады деген ұғым болды.
Батыста медицинада жалпы жұқпалы ауруларға қарсы күресетін клиникалар жоқ. Барлығы жекеменшік. Оларда емделудің құны қымбат. Бір апта жеке меншік клиникада емделу үшін біздің ақшаға шаққанда 6 млн теңге төленуі қажет. Жедел жәрдем шақырту тым қымбат.
ЖА: – Сөзіңізді жандандырайын. Біздің Батысқа деген көзқарасымыз қазір өзгерді. Күні кеше Трамп әрбір тұрғынға 1200 доллардан қолдау көрсетті. АҚШ-та 400 доллар дүкенге екі рет барып, азық-түлік сатып алуға жететін қаражат екен. АҚШ-тың қоғам қайраткері Ариэль Коэн жуырда Ресей теледидары арқылы сөйлеп, американдықтардың орта тап жүргендері туралы біздің көзімізді ашты. Сол американдықтардың 75-80 процентінің жекеменшік үйі жоқ. Табыстары айлықтан айлыққа әрең жететін халық тобын құрайды. Ендеше біз өз елімізде жасалып жатқан қолдауларды жеңіл-желпі ойынмен қабылдауымыз мүлде қисынсыз. Сол АҚШ-тың өзінде екінші тоқсанның қорытындысымен жұмыссыздар саны 30 процент көлемінде құрайды деген цифрлар айтылуда. Мен қазір Қазақстанда немесе облыста жан басына қанша төсек-орын келетінін, әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда қанша дәрігерден келетінін білмеймін, бірақ соңғы келтірілген деректерден білгенім, Батыс елдерінде ол мүлдем аз көрінеді. Барлығы ақшамен емделеді.
БҚ: – Біздің медицина кемшілігіне қарамастан, жаңа айтқандай, кеңестік дәуірдің мұрасын сақтап қалды. Әрине, кемшіліктер бар, көптеген қысқартулар болды. Біз Батыс елдеріндегі салыстырмалы жағдайларды айтқанда, көп нәрсеге шүкіршілік етуіміз керек. Бөлініп жатқан қаржыға жағдайымыз түзеліп кетпесе де, қанағат етуге болады. Бұлардың бәрін мүмкіншілігімізге қарай бөлініп жатқан қолдау деп түсінгеніміз абзал. Біз жуырда мұғалім мәртебесі туралы заң қабылдадық. Халық жақсы қабылдады. Енді, меніңше, дәрігер мәртебесі туралы заң қабылдауымыз қажет. Уақыт бізден осыны талап етуде.
ЖА: – Алдымен біз алдағы уақытта жағдайдың біршама күрделі болатынын түсінуіміз керек. Бизнесмендер көмекке келуде. Соңғы уақытта Мағжан Ералиев, Бағдат Махашев, Асқар Маханбетов, тағы басқа кәсіпкерлер қаржылай көмек көрсетіп жатыр. Бұл – халқымыздың бойында, болмысында бар ізгі қасиет. Әсіресе, волонтерлардың қолдау көрсетуі ерекше сүйіспеншілік сезімін туғызады. Бұл – Президенттің бастамасы. Ел жақсы қабылдады.
БҚ: – Мен оларға өзім туған Қазалы өңіріндегі белді кәсіпкер Мінәжадин Өтеевті, Қызылордадағы қонақ үйін дәрігерлерге тегін берген Қайрат Боранбаевты қосар едім. Олар көп. Алдағы уақытта көмек беретіндер саны арта түсетініне кәміл сенемін. Менің бұл орайда айтатыным, қазір сыпсың әңгімеге ермей, барлығымыз ел болып ұйысып, қиындықтан шығудың жолын іздестіру маңызды екенін еске салғым келеді. Жауапкершілік, бірлік пен ынтымақ біз үшін алдағы уақытта дағдарыстан шығудың басты критерийі болып саналады.
Реті келген соң, сенен сұрағым келеді. Бізде қазір тұтынушылық психология деген ұғым пайда болды. Ол өзі қайдан келді?
ЖА: – Кәдімгі өзіміз айта беретін Батыстан. Жақсы салтанатты өмір сүруді ешкім жек көрмейді. Бірақ оның да шегі болуы керек. Өткен ғасырдың 60-жылдары тұтынушылық психологиясы пайда болды. Батыстың бай-шонжарлары салтанатты өмірді үйреншікті құбылысқа айналдыруды бастады. Кеңес жүйесі құлаған соң бізге Батыстың баюға, сән-салтанатты өмірге деген құштарлығы санамызға бірте-бірте ене бастады. Ақшаны көп табу, оны қандай жолмен болса да табу, тіпті ұсталмаса болды дегендей, ұрлықпен болса да табу үрдіске айнала бастады. Меніңше, біз Батыстың өркениетті үлгісін алудың орнына әлгі тұтынушылық психологияны, яғни, оңай ақша табуды тез үйрендік. Ал олардың артында Батыстың шіріген байлары тұрғанын білмедік. Алғаш шетелге барып келгендердің, әсіресе шенеуніктердің ойы тез өзгерді. Бұрын бірыңғай шектеу көріп қалғандар өздеріне ұнаған соң «о, осы жерде осындай екен ғой» деп мастанды. Ақыр соңында тойымсыз психология шама-шарқымызға қарамай, несиеге ұрынудан басталды. «Кедей бай болғысы, бай құдай болғысы келді». Біз осының бәріне алдағы уақытта барынша жауапкершілікпен қарап, өмірге деген көзқарасымызды мүлдем өзгертуіміз қажет деп санаймын. Ғалымдардың пікірінше, коронавирустан кейінгі өмірдің бір өзгерісі осы айтқаныма байланысты болады деп ойлаймын. Бұл қазақша айтқанда, «көрпеңе қарай көсіл» деген ұғымды білдіреді. Жалғыз Қазақстанда емес, бұндай өзгерістер көптеген елде болады. Сарапшылар бұл орайда халықаралық валюта қорының талаптарына өзгеріс енгізілмесе, әлемде халықтың кедейшілік тобы қазіргіден де көп болады деген пікір айтады.
БҚ: – Қазір гибридтік соғыс туралы көп айтылуда. Әлемде бірін-бірі жоққа шығаратын ақпараттар ағымы өте көп. Қайсысына сенеріңді білмейсің. Не істеуіміз керек?
ЖА: – Сіздің сыпсың әңгіме дегенге қатысты мынаны айтқым келеді. Қазір ақпарат құралдары жетілген. Гибридтік соғыс деген бар. Ол тыңдармандарын жалған ақпараттармен жаулау деген ұғымды білдіреді. Бұл соғыс кезінде жиі пайдаланылған. Оларға қатаң жаза қолданылған. Қазір де солай. Бірақ сол жалған ақпарат адамдардың санасын улайды. Біз не істеуіміз керек? Оларға жанды, дәйекті, шынайы ақпарат тарату арқылы күрес жүргізу қажет деп санаймын.
БҚ: – Тағы бір маңызды мәселе. Егер есіңізде болса, біз тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде біршама алтын кезеңдерді бастан өткіздік. Бірқатар дағдарыстар болды. Олар өтті де кетті. Әсіресе, әлем рыногында мұнай бағасының 180 долларға дейін көтерілген мамыражай уақытын жақсы білемін. Бюджеттің кірісі ернеуінен асып төгілді. Тіпті, екпе ағаштарға дейін, картоп егістігіне дейін субсидия төледік. Көпшілігі дәл осылай кете береді деп ойлады. Мал сатып алуға бөлінген жеңілдетілген несиені өйтіп-бүйтіп қағазын дұрыстап толтырып дегендей, баласын үйлендіруге жұмсағандар да болды. Бір нәрсе айқын. Біз енді осы ағаттықтарымыз үшін «үстемақы» төлейтін боламыз. Өйткені табиғатта, болмыста ешнәрсе аспаннан түспейді, ағаттықтарымыз үшін жауап береміз.
Бүгінгі уақыттың ерекшелігі сол, алдағы болмыстың қандай болатынын болжау өте қиын. Бүгінде халқы 1,5 млрд адамды құрайтын Үндістанның байырғы президенті Махатма Ганди: «Аш адамға Құдай нан түрінде келеді» депті. Демек, аш адам үшін тоқтық – жұмақ. Жұмақ дейтінім, көп халық болғандықтан, олар ұдайы кедейшілікпен өмір сүрді. Үнділіктердің өмірі кинодағыдай салтанатты болған емес. Британдықтар аяусыз қанады. Бірақ сеніммен айтуға болады: бізде ондай болмайды.
Қазақстанның өндірген бидайы өзіне жетіп артылады. Малы да бар, көкөнісі жеткілікті. Президент көктемгі егіс науқанына көптеген қаржы бөлді. Ел далаға шықты. Біз бар болғаны 18 млн халықпыз. Күдіктен сенім мол. Бірақ бұл біздің әрқайсымыздан жауапкершілік жүгін түсірмейді.
Әңгімелескен
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
«Сыр бойы».
« Қазан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |