« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Биыл – еріктілер жылы. Бұл қатарға қосылған жастардың алды қауіпті індетпен күреске өз үлестерін қосып жатыр. Жер-жерден құрылған еріктілер ұйымы түрлі деңгейдегі қайырымдылық шараларын жасауда. Көктемгі науқан кезінде дала диқандарына жәрдемдесіп жатқандары да жетерлік. Осы ретте «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиал төрағасы Талғат Оспанұлы Тілесті әңгімеге тартқан едік.
– Талғат Оспанұлы, еріктілердің көп еңбегінен хабардармыз. Десе де, осы істердің қоғам үшін қаншалықты маңызды екеніне тоқталсаңыз...
– Әлбетте, маңызы ерекше. Қазақта «болар бала он бесінде баспын дер...» деп бекер айтылмаса керек. Әлемді дүр сілкіндірген қауіпті індетпен күрес бәрімізге ортақ екенін ел жастары әу бастан ұғынды. Бұл бағытта алдыңғы буынмен бірге иық теңестіре еңбек етіп келеді. «Біз біргеміз!» акциясы аясында титімдей болса да үлес қосуды мақсат еттік. Теңіз тамшыдан құралатынын жақсы білесіз. Біз өңірдегі депутаттар мен меценаттарды, жас кәсіпкерлерді осы іске тарту арқылы күні кешеге дейін 1500 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз еттік. Олардың ішінде тұрмысы төмен отбасылар, жалғызбасты аналар және қарт кісілер алдыңғы қатарда. Карантин уақытында бізге белгілі бір талаптар қойылды. Барынша сақтық шараларымен үйлеріне жеткіздік. Бұған жасотандық 120 ерікті атсалысты. Акция әлі де жалғасып жатыр. Оған қоса қыздар үйде отырып, 3 мың бетперде тікті. Оны қоғамдық көлік тоқтамас бұрын жүргізушілер мен кондукторларға, базарда азық-түлік сатушыларға, жалпы алғанда, халықпен тікелей байланыстағы жандарға үлестірдік. Жас кәсіпкерлер қолдап, антисептиктермен қамтамасыз еттік. Бұнымен шектеліп қалмаймыз. Студент жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында әлеуметтік желі арқылы ұлы Абайдың 175 жылдығына орай онлайн түрде интеллектуалды сайыс өткіздік. Жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен марапатталып, жүлде онлайн түрде аударылды. Мұнан кейін де жастар өз өнерін онлайн көрсету арқылы «Үйде бол!» челленджін бастайды. Мұның барлығының қоғам үшін өзіндік маңызы бар деп ойлаймын.
– Ауылдық жерлерде де еріктілер ұйымы құрылғанынан хабардармыз. Олар немен айналысып жатыр?
– Еріктілер барлық жерде де бар. Осы шаралардың барлығына бірдей атсалыстық. Көктем – тіршіліктің тамырына қан жүгіріп, Жер-ананың бауыры жібитін шақ. «Көктемнің бір күні – жылға азық» деуші еді ғой. Шаруашылық құрылымдардың құрамында арық қазу, егін егуге атсалысу тәрізді маңызды жұмыстарды атқаруда. Қай жерден құрылды, сол жерде еңбек етіп жатыр. Әлеуметтік желіде олардың жұмыстары көрініп тұр. Сырдария ауданына қарасты бірнеше ауылдың ерікті жастары карантин уақытына дейін жалғызбасты аналар мен тұрмысы төмен отбасылардың ауласын тазалап шарбағына дейін жаңалап берді. Қысқасы, еріктілердің ісіне ел сүйсінді.
– Беткеұстар қандай нәтижелеріңіз бар? Еріктілердің еңбегінің ішінде қайсысына ерекше тоқталар едіңіз?
– Сіз білесіз бе, облыс орталығында қақпақсыз қалған құдық көп. Бұрындары үлкен мәселе болып көтеріліп жүрген. Кейін бәсеңдегендей болды. Сөйтсек, бұл проблема әлі де бар екен. Облыста 85 құдық қақпақсыз жатыр. Біз мұны тексерерде қасымызда арнайы бөлім мен басқармалардың мамандары болады. Мән-жайды анықтап, дейін және кейін деген фотоесептермен әлеуметтік желіге жариялап отырдық. Құдықтардың барлығы коммуналдық салаға тиесілі деп ойлаймыз. Бұл – қате пікір. Олардың ішінде теміржолға да, электр желілеріне де қарайтындары бар. Біз ашық құдықтың басына барғанда сол маңдағы тұрғындар келіп, алғысын білдіріп жатады. Олардың сөздеріне қарағанда, жағдай көптен бері осындай. Металл қабылдау пункттерін араладық. Қабылдамау керегін айтып түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Ал олардың бізге не айтқанын білесіз бе?! Бүтін тұрған қақпақты ұрлағандар әдейілеп сындырып, қырық бөліп апарады екен? Сынық қақпақты қабылдамауға олардың еш құқы жоқ. Міне, ұры-қары дегеніңіз қоғамнан айласын асырып, жан бағып жүр. Бұл да – біздің қоғам болып күресетін мәселеміз. Еріктілердің де еңбегі зор. Осы нысандардың барлығын аралап, жіті бақылауға алды.
– Жастардың ұйымдастырушысы ретінде алдыңызға үлкен мақсаттар қойған боларсыз. Осы кезге дейін жинаған тәжірибеңіз бар. Өңір жастарының басын қосуда, бір арнаға тоғыстыруда қандай қасиет керек?
– Орталық алаңдағы жұмыс орнымнан үйге қайтып бара жатып велосипедпен түрлі трюктар көрсетіп жүретін жастарды көретінмін. Күн сайын жандарынан өтіп бара жатып, бұларға не істеуге болады деп ойландым. Өйткені, маған олардың жүріс-тұрысы қазақы менталитетке келіңкіремейтіндей көрінеді. Көпшілігі денесіне сурет салдырып алған. Өтіп бара жатып, біреуін әңгімеге тарттым. Шара өткізіп, осы қабілеттерін сынға түсіргім келетінін жеткіздім. Олар келісе кетті. Көп ұзамай демеуші тауып, көше спортынан жарыс ұйымдастырдық. Бәрі белсенді. Жеңімпаздарды марапаттау сәтінде жүргізуші менің атым мен қызметімді атап, ортаға шақырғанда олар таңғалғаны бар. Мен мұнда не айтқым келді?! Әлбетте, қай ортамен тілдессеңіз де, сол ортаның тілімен сөйлеу керек. Олар «Nur Otan», «Jas Otan» ұйымдарына қатысып көрмеген, тек оқта-текте теледидардан көріп, естіп қалатыны болмаса... Бізге қарапайымдылық керек. Алдыңызға жағдайын айтып келген адам ресми киініп, галстукпен отырған сізге ағынан жарылып ештеңе айта алмайды. Қарапайымдылық үстіңіздегі киімнен бастап көрініп тұрады. Сіздің сұрағыңызға жауап осы. Барлық жасты бір арнаға тоғыстыру үшін олардың әрбірімен өз тілінде сөйлесу керек. Сонда ғана сіздің жоспарыңыз бен мақсатыңыз барлығына түсінікті болады.
Әңгімелескен
Дәулет ҚЫРДАН,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |