«Пациенттің артынан ақша еріп жүреді»

 Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қолданыла бастағанына көп болған жоқ. Еліміз оған үлкен дайындықпен келді. БАҚ-та көп ақпарат берілді. Сөйтсе де, жаңа жүйеге қатысты сұрақ жетерлік. Соның бірнешеуін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовке қойған едік.

– МӘМС-тің бір артықшылығы – КТ, МРТ сияқты қымбат қызмет түрлері тегін. Одан басқа, халыққа тағы не ұсынылады?
– Жыл басында іске қосылған жүйе аясында екі пакет бойынша қызмет көрсетіліп жатыр. Оның бірі – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында көрсетілетін қызмет түрлері. Шұғыл емхана, амбулатория, стационар көмегі, вакцина, профилактика дегендей. Бұлардың бәрі Үкімет қаулысымен бекітілген тізімге сәйкес медициналық қызметті тұтынады. Аурушаңдыққа, мүгедектікке, өлімге әкеп соғатын жұқпалы емес 25 түрлі ауру Денсаулық сақтау министрлігінің құжаты бойынша регламенттеледі. КТ, МРТ-дан басқа жоспарлы стационарлық көмектің бәрі МӘМС пакетіне кіреді. Жоспарлы деп отырғаным – емхана немесе бейінді дәрігер жолдамасымен портал арқылы емделу. Оның ішінде жоғары технологиялық көмек те бар. Бұл – бауыр, бүйрек, жүрек, сүйек кемігін ауыстыру, ми мен ағза ақауын түзеу операциялары. Адам органын ауыстыру өте қымбат тұрады, 70 миллион теңгеге дейін барады. Медициналық оңалту емі бюджет қаражатының жеткіліксіздігіне байланысты бүгінге дейін қолжетімсіз болып келді. Ол үшін облыс бойынша 36 есе көп қаржы бөлініп отыр. Нарыққа қосылған жаңа ойыншылар мол инвестиция салуда. Жеке медицина мекемелері оңалту клиникаларын ашып, халыққа көмек көрсетіп жатыр. Қызылордадағы «Сана-сезім» клиникасы жаңа, үлкен ғимаратты тәуліктік стационар етіп қойған. Оған көбіне инфаркт алғандар, жүрегіне стенд қойғандар, операция жасатқандар, буын ауыстырғандар денсаулығын жақсарту үшін барады. МӘМС пакетінде тегін дәрі-дәрмек қарастырылған. Ол бұрын да бар еді, қазір тізім толықты. Сәуірден бастап есепке алынған адамдар үшін тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізу мүмкіндігі туып отыр.
– Көпшілік біле бермейді, сақ­тан­дыру шарты ақылы клиникаларға да қатысты ма?
– Сақтандыру қоры емханаларды жеке немесе мемлекеттік деп бөлмейді. Тек нормативті құжаттармен бекітілген талаптарға жауап беруі тиіс. Біз ұйымдастырған мемлекеттік сатып алу процестеріне қатысып, мүмкіндігін дәлелдесе, қай-қайсысы да тұрғындарға көмек көрсете алады.
– МӘМС бойынша ақысыз бері­летін дәрілер, көрсетілетін қыз­меттер тізімінен халық қаншалықты хабардар? Бұл туралы ақпаратты қайдан алсақ болады?
– Әрбір тұрғын мұндай ақпаратты өзі тіркелген емханадан алады. Респуб­ликада – 14-06, облыста – 40-00-01 нөмірлі call орталықтары жұмыс істеп тұр. Денсаулық сақтау министрлігі мен басқармасының, сақтандыру қорының сайт, блогтарына жүгінуге болады. Халық жаңа жүйеден хабардар. Өйткені түсіндіру жұмысы 2016 жылдың екінші жартысынан бері жүргізілді. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерінің көп көмегі тиді.
– Бастауын Германиядан – «Бисмарк моделінен» алатын ме­дсақ­тан­дырудың әлемде бірнеше үлгісі бар көрінеді. Олар қандай, Қазақстан қайсысына сүйенді?
– Денсаулық сақтау саласында халыққа қызмет көрсетудің үш үлгісі бар. Біріншісі – мемлекеттік, оны «Бевереджа моделі» деп атайды. Бүкіл мәселе мемлекет бюджетінің есебінен шешіледі. Бізде кешеге дейін осылай болып келді. Өткен ғасырдың орта шенінен бері бірнеше ел осы жүйеге жүгінеді. Ал әлеуметтік сақтандыру немесе «Бисмарк моделінде» халық белгілі бір мөлшерде ортақ қазанға қаражат құяды. Оның игілігін барлығы шектеусіз пайдаланады. «Бисмарк моделі» Франция, Германия, Австрия, Бельгия, Швейцария, Голландия Жапония сияқты дамыған мемлекеттерге тән. Нюанстары болғанмен, тиімді тұсы әлеуметтік сала, оның ішінде денсаулық сақтау мәселелері бойынша негізгі кепілдікті мемлекет өз мойнына алады. Тұрмыстық жағдайы көтермейтін адамдарға да қарасады. Медициналық қызмет нарықтық қағидаға сәйкес көрсетіледі. Жеке немесе ақылы үлгі негізінен АҚШ-та қолданылады.
– 15 түрлі санаттағы адамдардың жарнасын мемлекет төлейді. Статусы анықталмағандар да аз емес. Осы кісілер мен дербес төлеушілерге ұсынылатын қызмет пакетінде айырмашылық бола ма?
– Айырмашылық болмайды. Меди­циналық көрсетілім бойынша сақ­тан­дырылған адамдар МӘМС пакеті шеңберінде тегін қызмет алады. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі үшін сақтандырудың болуы шарт емес.
– Біреулер ауру жанына батпа­йынша дәрігерге бармайды, біреулер өзін жақсы күтеді. Біз айтқан бірінші топтағылар МӘМС-тің мүмкіндігін пайдаланбаса, оған салған жар­на­пұлы күйіп кетпей ме?
– Бір қазанға түскен жарнапұлды қолдануда бөліп-жару болмайды. Оның игілігі ел азаматтары, сырттан оралған қандастарымыз бен Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдіктер үшін ортақ.
– Жаңа жүйені қолданудағы қызыл­ордалықтар мен жеке ем­ха­налардың белсенділігі қай деңгейде?
– Халықтың белсенділігі сақ­тандыру нарығындағы жеке емханалардың үлесіне тікелей байланысты. Біздің дерекқорға МӘМС және тегін медициналық көмектің кепіл­дендірілген көлемі шең­берінде қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар емдеу ұйымдары топтастырылған. Облыс бойынша қазіргі күні олардың саны – 114. Оның 33-і – мемлекеттік, 81-і – жеке. Осылайша жеке емханалар саны жөнінен Қызылорда республикада алдыңғы орындардың бірінде тұр. Бұл бәсекелестік тудырып, тұрғындар үшін таңдау мүмкіндігін береді. Медициналық қызметтің сапасы сәйкесінше артады.
– Халықтың аузында «мемлекет­тіктен гөрі ақылы емханаларда жақсы қарайды» деген пікір бар. Сіз қалай ойлайсыз?
– Жеке емханалар қаржы санауды, оны ыждағаттап жұмсауды жолға қойған. Әрбір тиын маңдай терімен келген соң табыс түсіргенді дұрыс көреді. Ал ақша пациенттің артынан еріп жүреді. «Жақсы қарайды» деген пікірге келсек, ол дәрігердің білім-біліктілігіне, тәжірибесіне тікелей байланысты. Қандай емханада болса да мықты маманның іздеушісі көп.
– Дәрігерден бір кеңес болсын, сіз қалай күтінесіз?
– Тамақ, ұйқы, демалыстың нормасын барынша сақтаймын. Асыл дініміздегі «асқазанды үшке бөл, бірі – су, бірі – тамақ, бірі ауа болсын» деген тәмсілді ұстанамын. Қимыл-қозғалысқа көп мән беремін. Фитнес, жүгіру залдарына барып тұрамын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
Cұхбат 02 сәуір 2020 г. 1 400 0