Еріктілер ел еңсесін көтереді

Өзгеге қол ұшын созу, бастаманы іліп алып, соңына дейін жеткізу үшін асарлату – біздің қанға сіңген қасиет. Әрі ол қоғамды өркениетке бастайтын ниеті оң, жүрегі кең адамдардың жұмысы. Бұл бүгінде заманның көшіне еріп, талапқа сай түрленіп, волонтерлік деген атауға ие болды. Президент те биыл оған ерекше пәрмен берді. Еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды істер іске асырылды. Сыр еріктілері де жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын дәлелдеуде. Жуырда облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Бауыржан Мастековпен атаулы жылда қолға алынған бастамалар мен алға межеленген жоспарлар жайын тарқатқан  едік. 

– Бауыржан Қайырбекұлы, алдымен  нақты статистиканы сөйлетсек. Бүгінде облыс бойынша қанша жас бар? Соның ішінде волонтер ретінде тіркелгені қанша?

– Бізде 188 790 жас бар. Оның ішінде қала жастары 41,4 процентті, ал ауыл жастары 58,6-ді құрайды. Ресми еріктілер ұйымдарына тіркелгендер саны 10 мыңға жуықтады.

– «Еріктілер жылы» несімен ерекшеленуде? Аз уақыт ішінде қандай шаруа атқарылды және алға қойылған мақсат қайсы? 

– Айтулы жыл аясындағы шаралар ауқымды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жылдың ашылуына өзі арнайы қатысып, жаңа жобаларға дем берілетінін айтты. Аталған жиынға біздің облыстан 30-дан астам делегат қатысып, жақсы әсермен оралды. Республика бойынша  алғашқылардың бірі болып бізде, яғни орталық жанынан «Волонтерлар штабы» құрылды. Қазіргі таңда штаб 7 бағыт бойынша қарқынды жұмыс жүргізіп келеді. Олардың қатарында «Құқықтық кеңес», «Ардагерлерді ардақтайық!», «Іздестіру» және тағы да басқа акциялар мен волонтерлық қозғалыстар бар. Жалпыұлттық «Біз біргеміз» челленджі, бірқатар еріктіліктің жарқын  жобалары да жүзеге асты. Жалпы, еріктілердің мақсаты мен қоғамдағы миссиясы жалғыз.  Ол – көмек беру, қоғамға пайдасын тигізу.

– Қазіргі таңда елде төтенше жағдай жарияланғалы белгілі. Әлеуметтік желіні парақтасақ, Сыр еріктілері осындай қысылтаяң шақта да тұрғындарға қол созып, індетпен күреске өзіндік үлес қосып жүр екен...

– Төтенше жағдайға байланысты бізде бірқатар шаралар тоқтатылды. Бүгінде волонтерлық негіздегі жұмыстарды қашықтан жүзеге асыру бойынша арнайы жоспар түзіп, жұмыс атқарудамыз. Соның ішінде көркемсөз оқу бейнебайқауын, қашықтан оқытатын «Қолжетімді ағылшын» жобасын іске қостық. Электронды оқулық платформалары арқылы «ҰБТ-ға дайындық шеберлік сабақтары», «Математика онлайн», «Спорт онлайн» сабақтары жүргізілуде. Бір сөзбен айтқанда, біз «Bilim» бағыты бойынша үздік ұстаздар арасынан ерікті түрде онлайн режимде сабақ беруге келіскен оқытушыларға барлық мүмкіндіктерді қарастырудамыз. Еріктілер қашан да елмен бірге. Сын сағатта жұмылып, көмек көрсетуге де даяр. Мәселен, қазір «Сабақтастық» бағыты бойынша олар тұрғындарға 28736 дана медициналық бетперде мен 1000-ға жуық антисептикалық құрал таратты. Әлеуметтік азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуде үлесі бар. Олар аймақтағы блок бекеттерде жұмыс жасап жатқан дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріне де көмек көрсету жұмыстарына атсалысуда. 

– Еріктілердің елге көмегі көп. Ал, оларды қандай да бір ынталандыру шаралары қолға алынған ба?

– Сыр еріктілерінің атқарар шаруасы әлі алда. Жастар жаңа жобаларды жетілдіріп, қоғамға пайда тигізуге асық. Бірақ, еңбек бағаланған кезде ғана нәтиже болады. Тым болмағанда қандай да бір негіздегі қолдау қажет екені сөзсіз. Қазір Үкімет тарапынан, жергілікті атқарушы билік тарапынан оларды ынталандырудың жаңа тәсілдері қарастырылуда. Елдегі төтенше жағдай шешімін тапқаннан кейін бұл мәселе де елеусіз қалмайды.

– Әдетте волонтер дегенде ең бірінші көз алдымызға үлкен мерекелердегі, мәдени шаралардағы және флэшмобтағы сабақтан еркінен тыс босатылған студенттер мен оқушылар елестейтіні жасырын емес. Сол көзқарастан қалай арылуға болады?

– Еріктілердің көбі жастар санатынан. Ерікті түрде волонтер атану да жастардың таңдауы, солардың ынтасы. Олар бұл шараларға өз қалауымен ғана қатыса алады. Бұл пікір әлі де еріктілікке ынталандыру, волонтерлік мәдениет туралы таным, түсініктің толық қалыптасуын қажет ететінін көрсетеді деп  білемін.

 – Сіздің ойыңызша, волонтерлар саналы қоғам жасай алады ма?

– Волонтерлік қызмет – өз еркіңмен баратын жүректің жұмысы. Ал, жүректің жұмысы жанданса, қоғам өркениетке өздігінен қадам басады.

– Волонтер болу үшін не істеу қажет?

Еріктілік – бұл ұстаным, бұл болмыс. Ол үшін қоғамдағы келеңсіздіктерге бейжай қарай алмайтын азаматтық ұстаным керек. Ең бастысы –  жақсылық жасауға деген ынта мен ниет.

– Сұхбатыңызға рахмет! 

 

 


Cұхбат 01 сәуір 2020 г. 1 864 0