Күн сайын емес, сағат сайын сан алуан өзгеріске ұшырап жатқан бүгінгі қоғамда жас ұрпаққа білім берудің жауапкершілігі өте жоғары. Енгізілген жаңа технологиялар, тың әдістер, халықаралық тәжірибелер ұрпақ тәрбиесіндегі міндеттердің салмағын ауырлата түсті. Жаһандық қауымдастықтың бір бөлшегі ретінде өзгерістерге бейімделу – уақыт талабы. Осы орайда облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетовпен сұхбаттасқан едік.
– Бағдат Камбозұлы, елімізде «Педагог мәртебесі туралы» арнайы Заң қабылданды. Заңның негізгі басымдықтарын атап өтсеңіз. Аймақ мұғалімдері бұл жаңалықты қалай қабылдады?
– Әрине, ұстаздар қуанышпен қабылдады деп ойлаймын. Себебі педагогтардың мәртебесін айқындап берген Заңда педагог ұғымының мәні кеңейтілді, кәсіби ізденісі мен біліктілігін арттыруға бағытталған тетіктер мен әлеуметтік қолдаулар нақтыланды. Жалпы 2020 жыл білім саласы үшін екі маңызды құжатты қабылдаумен ерекшеленеді. Алғашқысы – ҚР Білім беру мен ғылымды дамытудың 2025 жылдарға арналған бағдарламасы болса, екіншісі – «Педагог мәртебесі туралы» Заң.
Заңның негізгі басымдықтары ретінде әлеуметтік қолдауларды айтсақ болады, яғни барлық педагогтардың сапалық құрамын арттыру үшін 2020 жылы жалақыны 25 процентке өсіру және 4 жыл ішінде екі есе арттыру көзделген. Ғылыми педагог бағыттағы магистр дәрежесі бар мектеп мұғалімдері үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы қарастырылды. Білім беру ұйымына алғаш рет келген жас мұғалімге тәлімгер бекітілгенін де ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар, педагогтарға сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін қосымша екі есе мөлшерде ақы қарастырылған.
Заңда мұғалімнің құқықтық қорғалуы және оларды кәсіби қызметінен тыс жұмыстарға тартпау тетігі де ұсынылды, яғни Заң педагогты барлық параметрлер бойынша қолдауға бағытталған.
– Жыл басынан бастап мұғалімдердің еңбекақысы 25%-ке көбейді. Бұл жұмысқа жаңа қабылданған жас мұғалімдерге де қатысты ма? Әлде...
– Педагогтардың айлық жалақысына қосылатын үстеме Үкімет қаулысына енген өзгерістерге сай төленеді. Жалақыға қосылатын 25 проценттік үстеме барлық педагогтарға төленеді. Бүгінде мұғалімдер бекітілген үстемесін алды. Бұл жаңадан жұмысқа орналасқан мұғалімдерге де қатысты.
– Биылғы ҰБТ сынағының алғашқы кезеңі өтті. Нәтижесі қандай болды? Жалпы ҰБТ-ға қатысты талаптарда өзгерістер бар ма?
– Өзіңізге белгілі, ұлттық тестілеуге қатыса алатын талапкер 4 рет тест тапсырады. Қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында сынақтар өткізіледі. Мемлекеттік білім беру грантына қатысу үшін оқушылардың маусым айындағы сынағы есепке алынады. Алғашқы қаңтар айындағы сынақ аяқталды. Облыс бойынша жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қаңтар айында ҰБТ-ға жалпы 4937 оқушы қатысты. Қорытынды бойынша орташа бал 75-ті құрады. Осы ретте айта кетуіміз керек, биылдан бастап бірыңғай тестілеу кезінде ұялы телефон, шпаргалка және тағы басқа заттар табылған жағдайда тестке мүлдем қатыстырылмайды.
– Облыста жеке балабақша және жеке мектептер саны қанша? Олардың қызметінің артықшылықтары қандай?
– Қазіргі білім беру бағытында жеке мектептердің үлесін көбейту маңызды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан мектептердің де саны артып келеді. Бүгінде облыста 412 жекеменшік балабақша және 5 жекеменшік мектеп жұмыс жасайды. Жекеменшік балабақшаларда 26 мың бүлдіршін тәрбиеленуде, жекеменшік мектептерде 900 оқушы білім алуда.
Осы ретте мен халыққа мына мәселені түсіндіре кеткім келеді. Жеке сектордағы білім ошақтарының барлығы бірдей балаларды мемлекеттік білім беру стандартымен оқытады. Жеке балабақшаларда ата-аналардың сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында білім, өнер, спорт бағытындағы үйірмелер жұмыс жасайды. Сонымен қатар, балаларды тасымалдау мәселесі шешілген. Бүгінгі күні 106 жекеменшік балабақша тасымал көліктерімен қамтылған. Ал, жеке мектептерде құрылтайшы бекіткен мектеп жарғысымен айқындалған жылдық күнтізбелік оқу кестесіне сәйкес оқу-тәрбие процесі күні бойы жүргізілуі мүмкін. Түске дейін сабақ процесі жүргізілсе, түстен кейін пәндерді тереңдету, қосымша білім беру бағдарламаларын игеру, үй тапсырмасын орындау мүмкіндігі қарастырылады. Типтік оқу жоспарларын таңдауда академиялық еркіндік берілген.
– Жерлесіміз, Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы балабақшада тек ана тілін үйретуді ұсынды. Педагог ретінде сіздің пікіріңіз қандай?
– Әрине, Мұрат Бақтиярұлының балабақшада тек ана тілін үйрету ұсынысына қарсылығым жоқ. Алайда, балабақшалардағы ұйымдастырылған оқу әрекеті «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына» және «ҚР Мектепке дейінгі білім берудің үлгілік оқу жоспарына» сәйкес жүргізіледі. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарында қазақ тілі (орыс тілінде оқытылатын топтарда), орыс тілі (қазақ тілінде оқытылатын топтарда), шет тілін оқыту көрсетілген. Бұл жастағы балалардың физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес қабылдауы жоғары.
Қазір цифрлы қоғам дәуіріндеміз. Ғылым тілімен айтсақ, біздің қоғамда «Z» ұрпақтар сабақтастығы қалыптасып келе жатыр. «Х, Ү» дәуірі ұрпақтарының өз ерекшелігі болса, «Z» терминінің ерекшелігін «Цифрлы адам» баламасымен қарастыруға болады. Біздің балаларымыз цифрландырылған, ақпараттандырылған дәуірде өмір сүруде. Олар үшін барлығы жеткілікті.
Сондықтан көп тіл білген балалардың мүмкіндігі де кең екендігін қоса кеткім келеді. Әрине, әрбір ата-ананың өз таңдау құқығы бар екенін де айтуға тиіспіз. Десе де, заманауи білім нарығынан қалып қоймас үшін үнемі дамып отыруымыз керек.
Сұхбаттасқан
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».