« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Ең әдемі келіншек», «Біз де ғашық болғанбыз», «Ғашықсыз ғасыр», «Тойдан қайтқан қазақтар». Жасы жетпістен асқан жерлесіміз, жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың қаламынан туған осынау дүниелер театрсүйер қауымға етене таныс. Қазақ драматургиясындағы өзіне тән ерекшелігімен танымал ағамызбен туған жерге сапары кезінде жолықтық.
– Аға, қаламгерлік жолға қадамыңыз ақындықтан басталғанын білеміз. Өлең жазуды неге қойып кеттіңіз?
– Шешем Балшай ақындығы бар кісі еді, соған қарағанда бұл қасиет маған нағашы жақтан дарыған болуы керек. Аузыма қайдан түскені белгісіз, бес жасымда шешеме «ақын болам» деппін өзімнен өзім. Қарап отырсам, сол кезде жаздым деп жүргенім құр шатпақ екен. Әкем Базарбай қойшы болатын, әріп үйретіп, жазуымды «түзетті». Оқуға құштарлығымды байқаған шешем бір күні дүкеннен «Әліппе» сатып әкеп берді. Алты-жеті жасымда «Батырлар жырын» жаттап алатын дәрежеге жеттім. Мектепке толық сауатты болып бардым. Шығармашылық жолымдағы алғашқы жетістігім – мақтау грамотасын бесінші сыныпта Сырдария аудандық комсомол комитетінің хатшысы, ақын Надежда Лушникованың қолынан алғаным есімде. Қаламгерлікке қадамым осылайша бала күннен басталды. Ол үшін журналистикада оқу керек деген қасаң түсінік болды бізде. Ондай факультет бүгінгідей әр жерде жоқ, Алматыда ғана. Еліміз бойынша жылына небәрі 25 адамды және екіжылдық еңбек өтілімен ғана қабылдайды. Мақсатыма жету үшін мектеп бітірген соң ауылда қой бақтым. Сол кезде облыстық, аудандық басылымдарда өлеңдерімнің жариялануына Қазақстан Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің жауапты хатшысы, ақын Асқар Тоқмағамбетов пен облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің әдебиет бөлімінің меңгерушісі, ақын Қомшабай Сүйенішовтің ықпалы тиді. 1966 жылы республикалық жас ақындар конкурсының жүлдесін иелендім. Садықбек Хангелдин, Әбдіжәлел Бәкір газетке шыққан өлеңдерімді жинап, конкурсқа жолдапты, оны үшінші орын алғанда бір-ақ білдім. Сол жылы журналистикаға оқуға түсіп, ақын ретінде таныла бастадым. Алғашқы өлеңдерім «Бастау», «Көктем тынысы» жинақтарына енді. Бірақ ақын болу үшін адамға мінез керек. Маған жалын, жігер жетіспеді де, кейін өлеңге жолағаным жоқ. Биыл жарыққа шығатын үштомдық шығармалар жинағымның бір томына жиырма жасқа дейін жазған өлеңдерім топтастырылып отыр. Ол «Ауыл мен Алматы» деп аталады.
– «Қошқар баққан Байеке ақын» деген әңгімеңіздің астарындағы ой қазір қаншалықты маңызды?
– Әңгіме болған оқиғаға негізделген. Басты кейіпкері Байнаш – ауылда қой баққан кісі. Оның бойында ақынға тән мінез, жүрегінде лапылдап тұрған от болғанымен, оқуға шамасы жетпеді. Білімнің ізіне түскенде атақты ақын болар еді деп ойлаймын. Әңгіменің астарында ешқандай саяси мән жоқ. Өйткені әдебиет газет сияқты насихат құралы емес. Негізгі мақсатым – ауыл өмірін, адамдарының бойындағы ерекше қасиеттерді ашып көрсету.
– 90-жылдардың басындағы сұхбаттарыңыздың бірінде Балтық елдеріне сапарыңыздың түйіні ретінде қазақ жастарына тән бірнеше кемшілікті тізген едіңіз. Біз сыннан сабақ ала алдық па?
– Көп жылдан бері Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында сабақ берем. Байқайтыным, жастар өте талантты. Академия табалдырығын аттап, алдыма келген студенттерге екі нәрсе айтам. Біріншісі – «мен сияқты оқымаңдар» деймін. Өйткені өзім Алматыдағы студенттік жылдарымды босқа өткізіппін. Шығармашылықпен жөндеп айналысқаным жоқ. Университет бітіріп, қолынан ештеңе келмейтін маман болғаннан гөрі кәсіптік оқу орнының дипломымен сантехник болған пайдалырақ. Екіншісі – «жақсы жар таңдаңдар» деймін.
– Жас прозаик, драматургтен кімдердің шығармашылығымен таныссыз?
– Шәкіртім Айдана Аламанның пьесалары Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында сахналанып жүр. Дегенмен, қазіргі жас жазушылардың ең үлкен кемшілігі – әдебиет оқымайды, қазақтың бай тілін қалай қолдану керегін білмейді. Сондықтан олардың шығармашылығымен жақсы таныс емеспін.
– «Жақсы пьеса – сапалы әдебиет» дейді Мұхтар Әуезов. Сапалы әдебиет жасауға қазақ драматургтері қаншалықты үлес қосып жүр?
– Өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін қазақ әдебиеті – проза, драматургия мен поэзия дүниежүзілік әдеби стандартқа толық жауап беретін деңгейде болды. Өйткені жазылған дүниенің көркемдік сапасы, тілдік норманың сақталуы көркемдік кеңестің сүзгісінен әбден сұрыпталатын. Бүгінгідей кім көрінген кітап шығарған жоқ. Айналдырған екі-үш мемлекеттік баспа жұмыс істеді. Мәдениет министрлігінің репертуарлық коллегиясы мақұлдаған пьеса ғана театрда сахналанатын. Кейін бәрі өзгерді. Екінің бірі кітап жазатын болды. Осыдан кеп оқырманды жоғалтып алдық. Өзің айтқан сапалы әдебиетті жасау үшін бір кездері қолданылған талаптарды қайтадан қолға алып, күшейтуге тиіспіз. Мысалы, Ресейде мәдениет министрлігі бекітпеген пьеса көрерменге ұсынылмайды. Францияда шетелдік жазушылардың туындысын сахналау үшін рұқсат алу керек.
– «Өз ақшасына кітап шығаратындарға қарсымын» дейсіз. Қалай сонда?
– Кітап шығару – әлемде кең тараған бизнестің бір түрі. Ол да – шопанның еңбегі сияқты дүние. Қой баққан адам оны жұртқа тегін таратып бермейтіні сияқты, кітап неге сатылмауы керек? Жазушы еңбегі саудаға түспей оның жағдайы да түзелмейді, әдебиет те дамымайды. Өзі кітап жазып, оны өзі шығартып, өзі сататын жағдай өкінішке қарай бізде ғана кездеседі.
– Дамыған мемлекеттерде кітап тарату ісімен әдеби агенттер айналысады, мысалы...
– Елімізде неге әншілердің дәурені жүріп тұр деп ойлайсың? Өйткені олар продюсермен жұмыс істейді. Әдеби агенттік дегеніміз де сол сияқты. Жазушы еңбегінің бағалану-бағаланбауы оның өзіне тікелей байланысты. Өз басым кітап шығару үшін қалтамнан бір тиын төлеген емеспін. Пьесамды да ақысын берген театр ұжымына ұсынамын.
– Біз биік көретін қаламгерлердің өзі кейде бітіспес даудың ортасында жүреді. Бұл қалай?
– Есімдерін ел білетін екі азаматтың Шыңғыс хан төңірегіндегі пікірталасы әлі күнге жалғасып келе жатқанын білем. Ал олар содан не ұтты? Бұл бәрібір тұлға туралы тарихта қалыптасқан таным-түсінікті өзгерте алмайды. Пайдасыз әңгіме тек қаламгерлердің қадірін түсіреді. Біршама жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде «Өз қадірімізді өзіміз кетірмейік!» деген мақалам жарық көрді. Кейін тағы «Қаламгерлікті саясаткерлікпен шатастырмау керек» деп те жаздым. Сондықтан ештеңе өнбейтін дау-дамайды доғарып, отандық әдебиет пен ақын-жазушылардың жағдайын оңалтуға бірлесе күш жұмсауға тиіспіз.
– Қазір не жазып жүрсіз, аға?
– Биылға жоспарланған үштомдық шығармалар жинағымның «Ауыл мен Алматы» деп аталатын соңғы томын баспаға дайындап жатырмын. Одан бөлек, ұлттық мәселелерді қаузайтын публицистикалық мақалалар жазып жүрмін. Драматургиядағы жаңалығым – «Қызылорданың қыздары» атты пьесаны өткен жылдың соңында қызылордалық Жастар театры көрермен назарына ұсынды. Қала әкімдігі және мәдениет бөлімінің қолдауымен құрылған театрдың режиссері – мәдениет қайраткері, ақын Оңталап Нұрмаханов. Шығарма кейіпкерлері – расымен де Қызылорданың қыздары. Бір жолы осындағы қонақүйлердің бірінде орыс және кәріс ұлты өкілдерінің – қос қарындасымның қазақ тілінің майын тамыза сөйлегеніне риза болып, өзгелерге үлгі еткім келді. Одан басқа, «Мәңгілік өмір – махаббат» деген пьеса жаздым. Талдықорған театры қазір сахналаудың қамына кірісті.
– Әңгімелесуге уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан:
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |