Егер уақыт қайталанар болса, мен бәрін де солай жасар едім...

Былтыр аймақтың мәдениет саласындағы басты жаңалығының бірі – облыстық театрдың «академиялық» мәртебе иеленуі болды. Еліміздегі 60-қа тарта театрдың 10-ға жуығында ғана мұндай атақ бар. Әрине, олардың көшін әйгілі Абай, М.Әуезов, Қ.Қуанышбаев атындағы бұрынғы және қазіргі астаналық театрлар бастап тұр. 

Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық-драма театр ұжымы артистерінің шеберлігі, қай спектакльдің де кө­рермен көңілінен шығуы осы биікке жеткізді. Байқасақ, өнер иелерінің бұл жеңісі өмірінің 60 жылға жуық уақытын осы салаға арнаған, облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темірдің өмірімен, өнерімен де байланысты. 2003 жылы Хұсейн Жүсіпұлы Қызылордадағы қызметіне оралған соң, театр ұжымы бәйгелерде көзге түсіп, жеңімпаз атанғаны да ел есінде. Биыл қайраткер – 80 жаста. Мерейтой қарсаңында Хұсейн ағамен театр, режиссура төңірегінде сөз қозғадық.


Хұсейн ӘМІР-ТЕМІР:

 

«Тоқпановтың тоқпағынан шықтық...»


– Мен 1965 жылы консер­вато­рияның жанынан театр фа­культетін бітірдім. Ұстазы­мыз профессор, ҚР Халық ар­тисі Асқар Тоқпанов болды. Асанәлінің сөзімен айтсақ, «бә­ріміз де Тоқпановтың тоқпа­ғы­нан шықтық». Ол керемет ұстаз болатын. Константин Станиславский деген театр әлемінде жаңалық ашып, актер әліппесін жасап, бұл өнерді тек сахналық емес, ғылыми тұрғыда жарыққа шы­ғарған реформатор бар. Сол ілімменен қазір бүкіл дүниежүзі қаруланған. Асқар аға сынды ұстаздан тәлім алғаннан ке­й­ін Қарағандыда бір жылдай жұмыс істеп, екінші жылы жаңадан ашылған студия­да актер шеберлігінен дәріс бер­дім. Арнайы маманның тапшы кезі, сондықтан актерлерді әр жерден таңдап ала салмай, кәсіби тұрғыда аз да болса білім беру қажет болды. Қазіргі кезде солардың арасында екі адам үлкен беделге ие. Бірі – Қа­зақстанның халық әртісі Мей­рам Тілектесов, екіншісі – Мәс­кеуде Әміре Қашаубаевтың дау­сы жазылған таспаны тапқан, музыкант, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шә­кәрімов.

Ал, нағыз актерлік өнерге ден қойып, режиссураға қадам басуым 1967 жылы Қызыл­ор­даға келуіммен байланыс­ты. Менімен қатар үш жігіт қыз­метке орналасты. Бұлар – кейін­нен Қазақстанның еңбек сіңірген  артисі атанған Шайтұрсын Әб­дібаев. Қабілет-қарымы жоғары, сах­нада Ленинді, Сталинді ой­на­ған мықты актер Тынымбек Пірімжанов, Жетісай театрының бас режиссері болып жұмыс істеген Тұрғанбек Әшімов. Мі­не, сол 4 жігіт жастық жалын, білімімізбен театрға сер­пін, жаңалық әкелгендей бол­дық. Соның айғағы, сол жылы жұ­мыстан тыс уақытта «Қозы Көр­пеш – Баян Сұлу» атты Ғ.Мү­сіреповтің пьесасын дайындауға театр басшылығынан рұқсат сұрадым. Ең бастысы, актерлік құрамның жастар жағы маған сенді. Жұмыс таңертеңгі 11-де басталатын болса, біз сағат 9-да келіп, репетицияға кірісе­міз. Спектакльдегі маңызды рөл­де­рі­мізбен қатар, жаңа қойылым дайындаудағы мақсатымыз «өзі­міздің дұрыс дүние жасай алатынымызды халыққа көрсетсек, ел бізді таныса» деген ниет еді. Сол спектакль менің режиссураға бейімделуіме жол ашқан дүние болды. Осыдан кейін ғана өзімнің актерлермен жұмыс істей алатыныма, режиссер болатыныма сендім. Келесі жылы бас режиссеріміз Маман Байсеркенов Мәскеуге кетті де, оның орнына Төлеш Тұңғышбаев деген Қарағандыда бірге жұмыс істеген режиссер келді. Ол менің бұл  қадамымды құптап, қосымша спектакльдер бере бастады. Осылайша,  «Тағы да махаббат туралы», «Қыр гүлі», «Ержүрек Кикило» туралы ертегі» деген спектакльдерді қоюға мүмкіндік жасады. Бұл кезде жасым 27-28-де болатын.


«Кейде бір спектакль қойсақ, қойқаңдап кісі басып кете жаздап, бір киноға түссек, адаммен амандаспай кететініміз рас. Ол – мына қазақтың қанына біткен кейбір сауатсыздықтардың белгісі. Үлкен болған сайын адам кіші болады, жасы өскен са­йын күннен күнге кішірейіп бара жатқан ағаларымыздың бірі – осы Хұсейн Әмір-Темір».

Әшірбек Сығай,

ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

«Король Лир» труппаны «Хұсейн Әмір-Темірдің жолымен» жүруге жетеледі


– Театрда қандай шығарманы дайындауға бел бусам да, алдымен жасай алатыныма сеніп аламын. Бүгінде қандай жас болмасын егер ол өзінің қабілетіне, мүмкіндігіне, театрдағы актерлер құрамына сенсе ғана, өзі ойлағандай дүние жасауына болады. Батылдық сенімнен туа­ды. Хұсейннің де сол кездегі негізгі қағидасы сенім болды ғой деймін. Егер дәл сол уақыт қайталанар болса, мен бәрін де солай жасар едім. Себебі, бұл – өткен ғасырдың,  уақыттың, актерлік құрамның шамасы, мүмкіндігі.

Иә, театрға үлкен жаңалық әкелген Шекспирдің «Король Лир» шығармасына дейін де «Махаббат мұңы», «Қызым, саған айтам», «Ақмоншақ» деген спектакльдер дайындадық. Бірақ, шын мәнінде бүкіл труппаға өзгеріс әкелген дүние «Король Лир» болды. Содан кейін ғана актерлік құрам басқаша жұмыс істей бастады, бұл туынды оларға да, өзіме де сілкініс әкелді. Бұл салада жұмысын енді ғана бастаған жас режиссерға театрда отыз актер болса, он бесінің іштей сенімсіздік танытқаны жасырын емес еді. «Бір-екі спектакльге ғана күші жетеді» деген болар. Бірақ, сол жолы оқу орнында актерлік шеберлік бойынша оқыған маған Мәскеуде режиссура бойынша білім алғаным қатты көмектесті. Маман Бай­серкеновтің кезінде актерлер кәсіби деңгейге көтерілген еді, сол деңгейді одан әрі қарай жеткізген туынды болды бұл. «Король Лир»  бүкіл труппаны жаңа «Хұсейн Әмір-Темірдің жолымен» жүруге жетеледі. Әр режиссердің өз бағыт-бағдары болатыны белгілі, мен Маман Байсеркеновтің жолын қайталай алмаймын ғой. Сондықтан өз жолыммен шығармашылық топты алға жетелеуім керек болды.


Шопыр болып келіп, актер болып кеткендер бар...


– Бұл театрға шопыр болып келіп, актер болып кеткендер де бар. Серік Шотықов шопыр болып жүргенде, бір артист науқастанып қалып, соның сөздерін жаттап алған ол: «мен көрейінші» деді. Кейін сахнада басты рөлдерді сомдап, дарынымен басқаларды мойындатып, «Халық артисі» атағын алды. Одан кейін Секеңдей үлкен дәрежеге жеткен ешкім жоқ. Бекпейіс Ботпаев деген актерді ауылдағы көркемөнерпаздар ұйымынан алдық. Ол да өзін тәрбиелеп, Мәдениет қайраткері деген атақ алды. Бірақ, әр жерден басы қосылған актер­лер кәсіби деңгейде өнер көрсетуі үшін үлкен дайындық қажет болды. Талдықорғаннан Қы­зыл­ордаға келіп қызметіме кі­ріс­кен соң, әр аптаның бір кү­нін «Шығармашылық күні» деп атап, актерлерге сабақ өткіздім. Не үшін? Менің қазіргі мықты актерлерім Бақытбек Те­мірбеков әуел баста – ән, тіп­ті Лондонға барып өнер көр­сеткен Ұғым Баймаханов би факультетінде оқыған. Айгүл Қиятова, Ғалия Боранбаева да – биші. Демек, олардың басын біріктіріп, бір бағытта дамып, актер мен режиссер бір-бірін түсіну үшін үлкен еңбек керек. Труппаны сол кезде Шиллердің әйгілі «Зұлымдық пен махаббат» спектаклін қоюға дайындай бастадым. Мұны соның алдында ғана Талдықорғанда сахнаға шығарған болатынмын. Бірақ ел алдында қойғанымыз жоқ, бұл тек бір рөлді бірнеше адам сомдап, бір-бірінің кемшілігін сабақ барысында айту арқылы, образды түсінуге жасалған қадам еді.


«...Қазақстанда 43 театр болса, соның ішінде осы фестивальға лайықты деп 13 театр іріктеліп алынды. Бұл іріктеудің ішінде біздің театрдың болғаны үлкен қуаныш болды. Шынын айтқанда, біздің театр соңғы жылдары басқа театрлармен байланысын үзіңкіреп алып, шеттеңкіреп жүрген болатын. Оның үстіне жерлесіміз, белгілі режиссер, республикамыздың Еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темір театрға оралып жатты. Осыған орай сол фестивальға әзірлік Хұсекеңе тапсырылған болатын».

Серік Пірмаханов.


1992 жылдан 2003 жылға дейін Талдықорғанда еңбек етіп, небір ауқымды пьесалардың жа­рыққа шығуына, өз діттеген нысанасына жетуі үшін бар күш-қайратымызды салдық. Бір сөз­бен айтқанда, ол театрға бе­рерімді бердім. Ал, Қызылордаға қайта оралуымның да себебі бар. Біріншіден, зейнет жасына жетуім болса, екіншіден сол кездегі облыстық мәдениет бас­қармасының басшысы Жа­ңыл Жонтаева хабарласып, ұсы­ны­сын жеткізген еді. «Театрға бас режиссер қызметіне келген соң, ұжым фестивальдарға қатысып, орын алуы керек. Сізді арнайылап шақыруымыздың ау­­қымды себебі де сол. Егер же­­текшілігіңізбен актерлер осындай жетістікке жетсе, театрда қаласыз» деген талап қойды.

Осылайша елге оралып, сол жылы Оралда өткен рес­пуб­ликалық ХІ театр фес­­тиваліне қатысып, «Иса­тай­дың барында» деген спек­такльді сахналадық. Қойы­лым ойлаға­нымыздай бол­ды, театр­дың көптен бергі же­тістігіне қол жеткізіп, ІІ орын иелендік. Мұ­ның оқиғасы көп. Үлкен дайындықпен барған­дықтан ар­тистер қазылар шеші­міне рен­жіді, бірақ мен бұл жетістікке де қуандым.

Қазіргі заманда көрермен – ең қиын мәселе. Бұрын ауылдар­ды аралап, гастрольге шық­қанда билет құнына азық-түлік берген кездер де болды. Тіпті, Талдықорғаннан Сыр еліне гастрольдік сапарымызда аудан басшылары билет құнының орнына күріш берейік деген ұсы­ныс айтты. Уәделерінде тұрды, сол жолы 18 тонна күріш алып қайтқанымыз есімізде. Ең бас­тысы, көрермен театрдан «Ой, соларды қойшы» деп ренжіп қайтпауы керек. Көбісі «Астанада да, Алматыда да театрға барып спектакль көрдік. Бірақ Қызылордадағы қойылымдарға жетпейді, бәрібір бөлек» дегендей пікір айтады. Шын ниеттері ме, әлде бізді кө­термелеу үшін айта ма?! Бүгінде көрерменнің пікірін театрдың сайтына, әлеуметтік желідегі парақшаларына да беруді жол­ға қойдық. Соңғы уақытта «Ти­кетон» желісінен билет ала­тындардың саны артты. Кө­рермен көбейіп келе жатыр.

Ал театрдың биылғы спек­таклінің алғашқысы – «Абай». Бұл – бұрын да қойылып жүрген туынды. Десек те, қойылымының «жанын тазалау», алғашқы қал­пына келтіру, бүкіл артист бі­рінші рет ойнап жатқандай етіп шығару үшін он күндей дайын­дық жүргіздік. Бұл «сөзін білеміз ғой» деп артистердің рольге селсоқтықпен қарамауы үшін керек. Қазір жаңа спектакльге дайындық үстіндеміз. Пьесаны тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ауыл тақырыбына арнап жазған болатынмын, әлі де өзек­ті. Байқауда жүлде де иеленді. Бірақ туындыны тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қоюдың сәті түскелі тұр, әрі мерейтой аясында ұсынбақпыз.


«Орыстың сөзі бар ғой «странный человек» деген. Оқып жүргенде-ақ өзі странный болатын. Біздің курстың ішіндегі ретімен жүретін бір тарзан еді. Ешкімге бағынбайтын, өзімен-өзі. Уақыты жоқ. Өз бетімен жатып алады да, кітап оқиды. Адам көңілді болса, басқа тірлік жасайды, ал ол жатып алып кітап оқиды. Бір қызығы, бұл өте тап-таза адам болатын».

Есім Сегізбаев, 

ұстаз, актер.


– Иә, бұл Есім Сегізбаевтың 61 жас мерейтойымда айтқан сөзі болатын. Сонда жиналған өнер адамдары 60-ты емес, неліктен 61 жасты атап өтіп жатқанымды әртүрлі жорамалдады. Жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Мен 60 деп келіп жүрсем, мұнда 61-ді тойлап жатыр екен» ғой деп 60 деп жазылған папка әкелетіні сол кез. Есім Сегізбаевтың «Странный» деп жүргені де осыған байланысты.  Негізгі себеп елден ерекшеленіп 61 жасты атап өту емес, сол жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақты алуым болды. Қазақ өзі талай жыл бір салада еңбек етіп, елге аты тараған адамның қандай атағы бар деп сұрайтын әдеті ғой. Ал, жас кезімде қызық әдеттерім болғаны рас. Айталық, Қызылордадан Алматыға сапарлап барсам, күндіз дос-та­ныстарыма да іздеп барып, жо­­­лықпайтынмын. Олардың кү­­­ні бойы жұмыста болатынын ес­керіп, әрі уақыттарын алмайын деп, тек кешкі 22.00-23.00-ден кейін ғана есіктерін қағатынмын. Бірінің үйіне сол шамада, біріне түнгі 12-де барамын. Қазір көзі тірі достарым «сенің ескертпей түнделетіп келетініңді сағындық қой» деп хабарласып тұрады. Бірақ бұрынғыдай емес, қазір олар елге келсе, конференция, жиындарда, қонақ үйде кездесіп, әңгіме-дүкен құрамыз.


Өткен жылы сұхбатымызда Хұсейн аға «Театрдың миссиясы не? Рухани әсер ету. Адам жанын руханияттың күшімен тазалау. Әшірбек Сығай айтпақшы, спектакльден кейін  ауру адам жазылып, сау адам ауырыңқырап шығу керек. Театрдың міндеті – сана-сезіміңді ояту, рухани әсер ету. Қойылым бойына залдағы 700 адам бірдей күліп, бірдей жылап отырса, бір үнде, бір сезімдік деңгейде отырса, қандай керемет!» деген еді. Бұл жолғы әңгімемізде де режиссердің осы міндет жолында жанымен, жүрегімен қызмет атқарғанын аңдадық. Мерейтойыңыз құтты болсын, аға!


Айдана ЖҰМАДИНОВА,
"Сыр бойы".




Cұхбат 04 ақпан 2020 г. 604 0