« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қай қызметте де ел мүддесін биік қойып, адамгершілік ұстанымнан айнымаған Әбдіжәлел Бәкірдің есімі халыққа жақсы таныс. Кеңес үкіметінің тұсында да, ел тәуелсіздік алғаннан кейін де Сыр перзенті саяси, әлеуметтік мәселелердің шешім табуына ықпал етті. Саяси ғылымдар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір 80 жаста.
Осы орайда, қайраткермен сұхбаттасып, ғибратты ғұмыры мен қазіргі кезең мәселелері туралы әңгімелестік.
– Әбдіжәлел аға, өмірбаяндағы жолдарды оқығанның өзінен-ақ болмысыңыз, елге қызмет етудегі үлкен жауапкершілігіңіз айқын аңғарылады. Әңгімемізді балалық шағыңыздан бастайықшы...
– Мен соғыстың алдында дүние есігін ашыппын. Бұл 1939 жылдың 23 желтоқсаны екен. Сол күні КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауы болып, атымды Сайлау деп қою туралы да ұсыныстар болған көрінеді. Бірақ жеме-жемге келгенде көрші әрі туысқан Тәжібай атты молда атамыз «Әбдіжәлел» деген атты құлағыма азан шақырып қойыпты. Көп ұзамай жай «Жәлел» аталып кетіппін.
Менің туған анам Бибіпатима Рахменбердіқызы әкеден жастай айырылған. Нағашы атам Айдарлыда мешіт ұстаған. Соғыс алдындағы саяси қуғын-сүргін кезінде мешітін, туған ауылын тастап, екі қызы мен әжем Бибісараны ертіп белсенділерден бой тасалап, Мақтаралға көшеді. Ол кезеңді Мұстафа Шоқай «Атамекен жағдайы» атты мақаласында былай суреттеген болатын: «Түркістанда жүргізіліп жатқан ашық террор, Кеңес өкіметінің қарапайым халықты жаппай қуғын-сүргінге ұшыратуы, азапқа салуы, аштыққа душар етуі мен жүздеген-мыңдаған жазықсыз жандардың атып өлтірілуі. Ең сорақысы ‒ партиядан шығарылғандардың, қамауға алынғандардың, жер аударылғандар және өлім жазасына кесілгендердің бар кінәсі – олардың баяғыда өліп қалған атасының бай, саудагер, ғұлама, яғни кезінде іс басында болғандары немесе айыпталушының көне медреседе оқығандығы» еді. Ал менің атам мешіт ұстаған, балаларға дәріс берген.
Елін, жерін танымайтын жаңа қонысқа барғанның не жақсылығы бола қойсын, бақылаушыдан таса демесе, баламалап айтқанда олар да битін сығып отырғандар ғой. Қоныс аударушылар қиыншылықтарға тап болып, атам мен інісі қаза табады да, елге «қыздар жетім қалды» деген хабар жетіп, Рахманқұл атам барып, келіні мен екі қызын елге жеткізеді. Жас әрі ажарлы Бибісараны алғысы келгендер туыстардан көп болған сияқты. Туған інісінің әйелі болғаннан соң Рахманқұл атам келініне үйлене алмайды. Содан әжем Айдарлыдағы көзейдің үш атасының бір тармағы, Доске ұрпағынан Сопбек баласы, әйелі қайтыс болған Ахметке тұрмысқа шығады.
Осы отбасында бойжеткен екі қыздың үлкені Бибіпатымаға менің болашақ әкем Қошқар үйленеді. Анамның төлқұжатына қарасақ, мені он алты жас шамасында босанған. Көшіп-қонып жүргенде құжат дер кезінде алынбаған да болуы мүмкін. Артымнан Тынысбек дүниеге келген соң, екіге қараған мені анамның екінші әкесі Ахметтің туған інісі Бәкірге береді. Меніңше, бірінің қайынағасы, екіншісінің ағасы оншақты жыл баласыз болғаннан кейін әке-шешем осындай қадамға барған сияқты. Содан маған төлқұжат алған кезде туған жылымды 1940 жыл деген де, айы қойылмай кеткен. Ал төлқұжат алғанда 1940 жылдың бірінші мамыры, бірде қаңтары болып жазылып жүрді. Осы құжатты ауыстырарда маған да ес кірді. Елу бес жыл «Бакиров Жәлел Бакирович» болып жүрдім. Енді шындыққа қарай жақындайын, менің туған әкемнің не жазығы бар деп ойладым. Содан Сырдария ауданының архивінен сонау туғанда алынған төлқұжаттың латынша жазылған көшірмесі қолыма түсті. Онда «Оразов Әбдіжәлел Қошқарұлы және 1940 жылы 23-ші қаңтарда туған» деп жазылған екен. Осының көшірмесін алдым да республика ішкі істер министрлігіне хат жаздым. Тарихымды толық баяндадым. Тегіме байланысты мынадай шешім жасадым. Ораз атам баласына 55 жылдан кейін қайтып келдім ғой ренжімес, Бәкеңнің 55 жыл атын алып жүрдім енді ол кісіні мүлде атамай, аруақты қорламайын, ол тегім болып, тек Бәкір болып жазылсын деп арыздандым. Өз атымды қайтарып, Қошқарұлы деп жазуды өтіндім.
Екі әкем де соғысқа кетіп оралмады. Мен Бәкір әкемнің туған ағасы Сопбектің Ахметінің қолында, тәрбиесінде болдым. Ол кісінің маған деген көңілі ерекше еді. Ахмет атамнан өз шамама қарай біраз нәрсе алдым. Ол кісі ескіше оқыған болатын. «Шаһнама», «Рүстем-Дастан», Асқар Тоқмағамбетовтің алғашқы шығармаларымен, Мұстафа Шоқай туралы да сол кісіден естідім.
Он үш жасымнан кейін өзімді асырап алған Бәкірдің әйелі Назираның тәрбиесінде болдым. Ол кісі мен үшін ештеңеден аянған жоқ. 1978 жылы дүние салғанша бар өмірін мен үшін, менің балаларым үшін сарп етті. Туған анам Патымамен 1958 жылдан бастап бірге тұрдық.
‒ Биыл сексен деген асудасыз. Айтыңызшы, егер мүмкіндік болса, қай жылдарға қайта оралуды қалар едіңіз?
‒ Өз өміріме негізінен ризамын. Институтты бітіргеннен кейін бір жарым жылдай ғана мұғалім болып істедім. Содан тоғыз жыл комсомол, он жеті жарым жыл облыстық партия комитетінде қызмет еттім. Әкем мен ағайым болмады, айтарлықтай қабілетті де емеспін, бірақ еңбекқорлығымды байқаған алдымдағы басшы кісілерден көп жақсылық көрдім. Комсомолда Абылай Айдосов, Болат Қарғабаев, Садықбек Хангелдин, партияда Абдулла Дәулетов, Дәуірхан Айдаров сынды абзал жандардың жақсылықтарын ұмыта алмаймын.
Әрине, ғылымға кештеу келгенім көңілде тұрады. Мен кандидаттық диссертацияны қырық үш жасымда, докторлық жұмысты алпыс алтымда қорғадым. Алайда қызметтер де із-түзсіз кеткен жоқ. Мұның ғылыми жұмысымда да өзіндік орны болды.
‒ Алғашында әдебиет факультетінде білім алып, кейінірек философия ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болдыңыз. Саяси тұрғыдағы ұстанымыңыз, ойларыңыз қоғамға игілік әкелді, діттеген нысанасына жетті. Ал, Алаш қозғалысын жүйелі зерттеуге не түрткі болды?
‒ Біздің тарихымыз қайта-қайта үзілген. Өмірде үзілген жіптің жалғаулары түйін-түйін болады. Сол сияқты біздің тарихымыз да түйін-түйін. Бұл кейінгі дамуымызға да көптеген қиындықтар туындатты. Алдымен Ресей империясы отарлап, Ұлы даланы толық иемденіп, тіліміз, дініміз, сонымен байланысты ділімізге шабуыл жасады. Ондағы мақсат өздерінен де терең тарихы бар халықты жаппай орыстандыру болатын. Патшалық Ресейдің саяси жалғасындай болған кеңестік заманда біздің түп-тамырымыздан айыру үшін аянбады. Тіпті 1938 және 1978 жылдарғы еліміздің Конституцияларының бірде-бірінде ана тіліміз туралы ешқандай бап болған жоқ.
Менің Алаш тақырыбына келуімнің өзіндік себебі бар. 2007 жылы болу керек Алматыдан жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Оразбек Сәрсенбаев телефон шалып, Мұстафа Шоқайдың үш томдығы дайындалып жатқанын, соған алғысөз жазып беруімді өтінді. Мен бірден бас тартып, «Ореке, мен ондай ұлылардың кітабына алғысөз жазатындай ғалым емеспін ғой» дедім. Бірақ Орекең жазғандарымды оқып жүргенін айтты. Несін жасырайын, мұның үстіне өзіміз де жазайық десе болар ма? Мұнда негіз бар еді. Өскен әулетіме Мұстафа Шоқайдың қатысы бар болатын. Мен тәрбиесінде болған Ахмет атам Мұстафаны өзінің атасы Мәмбетәлінің (Баспақ батырдың) қарындасынан туған деп отыратын. Кейін Мұстафаның туған інісі Нұртазаның (өзі 1937 жылы ағасы үшін атылып кеткен) баласы Мадиярмен Қызылорда қаласында, қазіргі Жарқынбаев көшесінде көрші болдық. Сол кісінің анасынан да азын-аулақ әңгіме естігенмін.
‒ Биыл Мұстафа Шоқайдың туғанына – 130 жыл. Ұлт болашағы үшін аянбаған, қазақ халқы ғана емес, түркі халықтарының бірлігін аңсаған Мұстафа Шоқайды толық тани алдық па?
‒ Мұстафа Шоқай Отанына басқа Алаш қозғалысының жетекшілеріне қарағанда кеш келді. Шығармаларының алғашқы томы шыққанына он жылдан енді асты. Қазақ оқырманы көбіне «Яш Түркістан» журналында жарық көрген Мұстафа Шоқайдың екі жүзден астам еңбегімен таныс. Орыс және француз тілдеріндегі жүзден астам шығармасы әлі қазақ тіліне аударылған жоқ. Өз шығармалары тоғыз тілде жарық көрсе, қазір Мұстафаның қызметі мен мұрасы туралы сегіз тілде жазылған мың жарымдай еңбек бар. Алайда біз Мұстафа тауының етегінде жүрміз.
‒ Ел арасында Мұстафа Шоқайға қатысты, оның шетелге эмиграцияға кетуі, Алаш арыстарымен қарым-қатынасы турасында әртүрлі пікір бар. Бұл туралы не айтасыз?
‒ Ең бірінші, Алаш қозғалысы мен өзінің оң қанаты ‒ Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының арасында стратегиялық принципті қайшылық болған емес. Тактикалық жайлар болды. Мұстафаның Алаш арыстарымен қарым-қатынасында әртүрлі пікір бар деп жүргендердің ойы әсте Әлихан бастаған топқа еш қатысы жоқ. Тіпті Мұстафа – шетелде жүріп Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлын шырылдап қорғаған жан. Шынына келгенде, Мұстафа Әлиханды ұстаз санаған. Кейін «Өздерің Ташкентте оқып жүргенде Әлиханның «орыс қоныстанушыларының мәселесін зерттеңдер, сонда сендер кейін біздің елімізге қауіп қайдан келерін білерсіңдер» дегенін еске алуы тегіннен-тегін емес.
‒ Сіздің жетекшілігіңізбен «Сыр саңлақтары» атты үлкен концерт-кездесу ұйымдастырылып, ол Ұлттық арнаның «Алтын қорына» қабылданыпты. Концерттің қандай ерекшелігі болды?
‒ Өткен ғасырдың 80-жылдары Кеңес Одағы ыдырауға тікелей бет алды. Әрине, сыртқы себептер де болды. Алайда Кеңес көсемдері тиісті реформа жасай алмады, оған саяси һәм рухани күштері жетпеді. Қайта құрамыз деп қайта қиратты. Мен он жеті жылдан астам уақыт жұмыс істеген партия органынан басқа қызмет іздей бастадым. Осылайша жаңадан ашылған Қызылорда телекомпаниясына жұмысқа орналастым.
Шынымды айтқанда, журналист емеспін. Мен мұнда көбіне ұйымдастырушылық жұмысқа ден қоямын деп ойладым. Солай болды да. Келісімен «компаниямызды айқындайтын не нәрсе болуы керек» деген мәселе төңірегінде ұжым мүшелерімен ақылдастым. Күнделікті ақпараттарды бұрын ашылған телекомпаниялар сияқты бере береміз дедік. Халық арасында «Сыр елі ‒ жыр елі» деген ұғым көптен бар. Сондықтан телекомпаниямызды өзгеден ерекшелеп тұратын халықтың өнерін, өнерді көтерген азаматтарды насихаттау деп таптық. Осы бағыттағы ізденістерден «Жас қанат», «Әнші балапан», «Таңшолпан» байқаулары туындады. Облыстағы ақын-жазушылар, әуесқой композиторлар, әнші-термеші сынды өнер иелерін тікелей насихаттауға кірістік. Бірде Алматыға арнайы адам жіберіп, Роза Бағланова апамыз бастаған әнші, ақын, композиторларды ауылға шақырдық. Олардың жол қаражаттарын, өзге шығындарын өз мойнымызға алдық. Тіпті үздіктеріне қаламақы деп ақша төледік. Үлкен залымызда екі күндік концерт ұйымдастырдық, оны республикадан екі сағаттық хабар етіп бердік. Айта кетейін, мұндай телехабарларымызды Алматыдан да беріп тұрдық. Әрине, біз туралы әртүрлі сөздер болды. «Облыстық мәдениет басқармасының жұмысын атқарып жатыр» деушілер де табылды. Жұмысымызды көре алмағандар да болды. Мысалы, Роза апамыз басқарып келген өнер адамдарының екі күндік концертіне облыстық әкімшіліктен келуге тиістілерден бірде-бір адам бас сұқпады. Роза апам ұшаққа мінерде, сол кездегі облыс әкімі Сейілбек Шаухамановқа «мұндай жұмысты республикалық теледидар да ұйымдастыра алмайды, Жәлелдің қолын алшы» деді. Мұны мақтаныш үшін емес, болған жайды баяндау үшін айтып отырмын. Бұл түсірілімдердің барлығы алтын қорда бар. Әрине, ол кездегі техникалық қуатты бұл кезбен салыстыруға келмейді. Дегенмен, оның барлығы – тарих.
Компанияға жаңадан біраз кадрлар келді. Кейбіреулері бірінен екінші үйге көшіп жүрді. Ол кезде пәтер мәселесі қиындау болатын. Мен ұжымдағы кейбір қарсылыққа қарамай, бұрынғы ақылы хабарларға беретін бес проценттік мөлшерді жиырма процентке көтердім. Осының есебінен ақылы хабарлар дайындаған тілші-қызметкерлердің табысы молайды. Ұжымда арнайы ереже жасап, несие беретін болдық.
Арада екі жыл өткенде телекомпаниямыздың арнайы тұсаукесерін өткізіп, көрші Шымкент, Жамбыл, Жезқазған, Ақтөбе, т.б. облыстардан әріптестерімді шақырдым. Алматыдан Шерағаң – Шерхан Мұртаза біраз техникалық бұйым алып келді. Осы оқиғамен байланысты қаланың береміз деп жүрген екі пәтерін сұрап алдым. Теміржол басшылығынан екі бөлмелі бір пәтерді сыйға алдым. Не керек, осындай жолдармен үш-төрт жылда 23 адамды үйлі еттік.
‒ Латын әліпбиіне көшудің тиімділігі турасында қандай ой айтасыз?
‒ Мен латын әліпбиіне көшуді қолдаймын. Осы латын әліпбиі әңгіме бола бастаған кезде қажеттігін айтқанмын. Көрші елдеріміз енгізді. Рас, біраз кемшілігі де бар.
Біз жалпы кеш қозғалатын қоғамда өмір сүріп отырмыз. Енді тәуелсіздік жылдары ана тіліміз көрмегенді көргеннен кейін латын әліпбиін қолға алдық. Ең бірінші ана тілімізге деген көзқарасты жөндеп алуымыз керек еді.
Латын әліпбиін ендіру бағытындағы жұмысымыз нәтижелі болуы үшін халқымыздың бетін мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тіліне шұғыл бұруымыз қажет. Өзгерістің өзі қоғамда мемлекеттік тілдің қолданыс аясының елеулі кеңеюіне жол ашады. Осы қадамға бара алмасақ, латын әліпбиі мәселесі ойлағанымыздай нәтиже бере алмайды. Онсыз қазірдің өзінде сан түрлі тілдік топқа бөлініп отырған қазағымызды тағы да латын әліпбилі, кириллицалы деп бөлуге көшеміз. Құдай оның бетін аулақ етсін!
‒ ҚР Парламентіндегі қызметіңізде астанада жалғыз ғана қазақ мектебі бар екенін мәселе етіп көтеріп, қазақ мектептерінің ашылуына себепкер болдыңыз. Жалпы, өмірлік ұстанымыңыз қандай?
‒ Мен әкесіз өскен адаммын. Адам қоғамға тек өзі үшін келген болса, адам қатарына жатқызғым келмейді. Қазақтың бұл бағытта қатты сөзі бар. Оны қайталамай-ақ қояйын. Сол себепті маңайымдағы байқаған кемшін жайларға қалай болса, солай қарай алмаймын. Несін жасырайын, тіпті бөпелі бола алмай жүрген болашақ аналарға да бейжай емеспін. Ықыласы болса, өзім білетін маман дәрігерлерді ұсынамын. Осылай бірнеше ата-ананы қуанттым.
Меніңше, адамға жақсылық жасау адам баласына Алланың берген бірінші тапсырмасы деп түсінемін. Абайдың «адам – адамға дос, бауыр» дегені де осыдан туған болар.
‒ Біраз уақыт бұрын қызмет бабымен елордаға қоныс аудардыңыз. Бірақ мұнан кейін де ел жағдайын ескеріп, бір жылдары туған ауылыңыз Айдарлыға су жеткізуге ықпал етіпсіз. Елге белгілі тұлғалардың аты ұмытылмас үшін есімдерінің орта мектептерге берілуіне үлес қосыпсыз. Қазір туған жерге жиі келіп тұратын боларсыз. Сыр еліндегі соңғы өзгерістер туралы қандай ойдасыз?
‒ Соңғы кездері облыста болып жатқан оң өзгерістерге тек қуанамын. Елге жиі келетін себебімнің бір арқауы осында жатыр. Мен Сыр бойындағы мәселелерді Мәскеудің, Алматының алдына нақты қойып шешіп, ерен еңбек еткен бірінші хатшыларды білемін. Өзім өнегесін көрген, қажырлы қызмет еткен, тікелей басшыларым болған абзал азаматтар да жадымда. Олар туралы мақалалар да жаздым. Реті келсе, еске түсіріп, айтып та жүрмін.
Ал өзім қызметіне куә болған Еркін Нұржанұлы Әуелбеков туралы мақалалар жаздым. Сол кезден кейін Сыр бойына, өз еліне айтарлықтай қызмет еткен Қырымбек Көшербаевтың еңбегін айтпай болмайды. Аймақтың жаңа басшысының алғашқы қадамдарына сүйсінемін. Лайым, азаматтар аман болып, еліне қызмет ете берсін!
Әңгімелескен
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |