Газ сапасы: Байыбына бармай, баға беру қиын

   Бүгінде облыс халқының жартысынан астамы «көгілдір отын» игілігін көріп отыр. Ал оны елді мекендерге, әрбір тұтынушыға жеткізіп беруші құрылым – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы. Қазіргі таңда тұрғындар арасында пайдаланып отырған газдың сапасы мен қысымына, бағасына байланысты сұрақтар да жоқ емес. Шын мәнінде, мұндай сауалдардың жауабы қандай? Тиісті мекеме көпті толғандырған мәселеге нендей пікір білдіреді? Осы орайда газет тілшісі филиал директоры Талғат Қызылбаевпен арнайы сұхбаттасып, мән-жайды бағамдап көрген еді.

– Талғат Жетпісбайұлы, алдымен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиа­лының атқарған жұмыстарын бір ширатып өтсеңіз...

– Біздің филиал өткен жылы бес жылдық инвестициялық бағдарламаны аяқтады. Қы­зылорда облысы елді мекен­дерін газдандыру мақсатында инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру қажеттілігі туралы 2013 жылы сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ басшылығына ұсыныспен шық­қан болатын. Бұл ұсынысқа ҚР Энергетика министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі және табиғи монополияларды реттеу комитеті қолдау білдірді. Нәтижесінде 2015-2019 жыл аралығында Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандары орталықтары мен Байқоңыр қа­ла­сына газ жеткіздік. Біз «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қы­зылорда өндірістік филиалы моно­полист болғаннан кейін өз қаржымызды және несиемен алын­ған қаржыны жұмсадық. Оның жалпы көлемі 22 млрд теңгені құрады. Осы елді мекендерде шамамен 37 мыңдай абонент газға қосылды. Оның ішінде заңды тұлғалар да бар. Қазалыдағы жылу орталығы, Шиелідегі цемент, әк зауыттары ірі тұтынушыларға жатады. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың қатарында қала іргесіндегі Қарауылтөбе ауылына газ жеткізілгенін айта кету керек. Бұл ауылда тұрғындардың көптен күткен арманы орындалып, «көгілдір отын» мәселесі шешімін тапты.

Ал енді жұмсалған 22 млрд теңге, оның ішінде өз қаржымыз, алынған несие бар, өз кезегінде тарифке әсер етті. 2015-2019 жылды қамтыған бұл инвестициялық бағдарламаны өткен жылы толығымен орындап біттік. Комитетке есепті жібердік, ал комитет өз кезегінде жергілікті монополияға қарсы департаментке жіберді.

Қазан айында қолданыстағы тарифтің мерзімі біткеннен кейін заңдылылыққа сәйкес келесі алты жылға, яғни 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламаны ұсындық. Оған байланысты қоғамдық тыңдау өтті. Тыңдауға қоғам белсенділері депутаттар, БАҚ өкілдері, блогерлер қатысты. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­­шылығы басқармасы тара­пынан қазіргі таңда мемлекет қар­жысына Жалағаш, Сырдария және Жосалыға газ желісі тартылуда.

– Тұрғындар арасында «газ сапасы нашарлап кетті» деген пікірді жиі естиміз. Онан қалды, «газ құбырына ауа қосып айдайды екен» дегендей әңгіме де бар. Осыны тарқатып айтыңызшы...

– Бұл пікірлер маған жақсы таныс. Алайда, оның шындыққа мүлдем жанаспайтындығы туралы үнемі айтып келеміз. Біз бәріміз де Бейнеуден келетін газды тұтынып отырмыз. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі құбыр жобасы. Мемлекетіміздің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруда маңызды рөл атқарады. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГҚ құрылысының арқасында Қазақстан оңтүстікке газды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету, елдің бірыңғай газ тасымалдау жүйесін құру және сыртқы нарыққа қазақстандық газ экспортын арттыру тәрізді маңызды үш міндетті шеше алды. Демек, бәріміз де экспортқа кетіп жатқан газдың бір бөлігін тұтынып жатырмыз. Ал экспортқа сапасыз дүние шығара алмайсың. Ол белгілі бір талаптарға, яғни мемлекеттік стандарттарға сай болуы тиіс. Сондықтан да газ Бейнеуден шығар кезде бекітілген стандарттық нормаға сәйкестігі тексеріледі. Мұндай тексеру Қытай еліне кірер тұста да жасалады. Ол жақта тағы да тексеріледі. Өйткені, талапқа сәйкес келмесе, Қытай жағы қабылдамайды да, біздің мемлекетіміз шығынға ұшырайды. Қытай сапасыз тауарға ақша төлемейді. Сондықтан да газ сапасы нашар деген сөздің еш қисыны жоқ. Сол секілді «құбырға ауа айдап жатыр» деген түсінік те қате. Бірден айтайын, ол тіптен мүмкін емес. Газға ауа қосылса, бірден жарылыс болады.

– Газ қысымы төмен деп ша­ғым­­данатындар да бар ғой... 

– Жыл өткен сайын қала өсіп, дамып келеді. Тұрғындар саны арта түсуде. Ал газ құбыры резина емес. Бірақ, мына жағдайды ескеру керек. Мысалы, гидравликалық есепке сәйкес 100 мм-лік құбырға 50 абонент жалғануы тиіс делік. Одан артық болмайды, газ жетпеуі мүмкін. Бізде сондай учаскелер болды, 100 абонент газ алатын жерге 150 абонент қосылған жағдайлар орын алды. Әрине, сол кезде газ жетпейтіні анық. Әдетте, мұндай шағымдар күн қатты суы­татын қаңтар, ақпан айларында болады.

Бұл проблеманы шешу үшін шет көшелерге тартылған тұйық­талған газ құбырларын айналымдық жүйеге (закольцовка жасау) жалғадық. Өткен жылы «Арай», «Саяхат», «Талаптан» шағын аудандарындағы құбырлар осындай жүйеге қосылды. содан кейін оларда қысым қалыпты жағдайға келді. Бұл жұмыстарды филиалдың өз қаржысы есебінен атқардық. Осылайша, бұл проблема да шешімін тапты. Кейде жаңадан қоныстанған тұрғындар құбырға заңсыз жалғап алады. Ондай тұрғындарға заңдастырып алуға мүмкіндік бердік.

– Тұрғындарды қызықтыратын келесі мәселе – әрине, газ бағасы. Тарифте өзгеріс бола ма?

– Бүкіл республика бойынша газдың көтерме бағасын Ұлттық экономика министрлігі бекітеді. Бірақ бұл баға газдың өзіндік құнынан біраз төмен. Демек, бұл – «ҚазТрансГаз Аймақ» үшін шығын. Министр ол проблеманы жақсы біледі. Біз ол шығынның орнын экспортқа жіберілген газ бағасымен жабамыз. Шамамен бір жылда 70 млрд теңгеге жуықтайды.

Алайда, әр аймақта әртүрлі тариф бекітілген. Мысалы, біз инвестициялық бағдарламаға 22 млрд теңге жұмсамай, газды тек «Ақшабұлақтан» алып тұрсақ, ол арзан болар еді. Қаншама елді мекенді газдандырғаннан кейін шығынның орнын жабу керек. Сырттан келіп жатқан қаржы жоқ, сол қаржыны қайтару керек. Ал Ақтөбеде бізден гөрі арзан, өйткені тасымалдау шығыны аздау. Бізге газ өзінен-өзі жетіп жатқан жоқ. Қуатты компрессорлар күшімен айдалады.

Газ тарифін бекіту құзыреті ұлттық экономика министрлігі мен табиғи монополияларды реттеу комитетіне берілген. Жоғарыда айттым ғой. Қазан айын­да қолданыстағы тарифтің мерзімі біткеннен кейін заңға сәйкес келесі алты жылға ұсыныс түсірдік. Қазіргі таңда бұрынғы тариф қолданылуда.

– «Сарыарқа» құбыры іске қосылып жатыр. Ертең ел ас­танасын газдандыру бастала­ды. Одан кейін Орталық Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының елді мекендерін газдандыру жүзеге асырылатын болады. Сол уақытта газ қысымы төмендеп, жетпей қалу проблемасы туындамай ма?

– Жоқ, ондай проблема болмайды. «Бейнеу-Шымкент» газ құбырының диаметрі 1000 мм, ал «Сарыарқа» құбырының диаметрі 800 мм. Магистральдық құбырлармен 9,8 МПа қысыммен газ айдалады. «Ақшабұлақтан» келетін газдың қысымы 5,1 МПа. Қаланың ішіндегі жоғары қысымды газ тарату құбырларымен 0,6 МПа, орта қысымды газ тарату құбырларымен 0,3 МПа қысыммен газ тасымалданады. Соңғы тұтынушыға, яғни әрбір үйге 0,003 МПа қысыммен барады. Соның өзі жеткілікті.

«Сарыарқа» құбыры еліміз­дің орталық және солтүстік өңірлеріндегі қазіргі кездегі және келешекте 50 жылдан кейін пайда болатын елді мекендердің өзіне жеткілікті болатындай етіп есептеліп жасалған. Оңтүстіктегі тұтынушыларға да, Қытайға жіберуге де жеткілікті газ бар.

«Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбыры көп­теген аймақтан өтеді. Бізде «Ақша­бұлақтан» келетін газ құ­быры бар. Оның ұзындығы 122 ша­қырым, диаметрі 325 мм. Ол жазғы уақытта қаланы толық­тай қамтамасыз етіп тұрады. Облыстағы ең ірі тұтынушы – Қызылорда қаласындағы жылу-электр орталығы жаз мезгілінде жұмыс істеп тұруына да жеткілікті. Ал бірақ жылу маусымы басталған кезде «Ақшабұлақтан» келетін газ жетпейді. Жалпы ол жақтан келетін «көгілдір отын» облыс орталығында тұтынушылар тұтынып отырған газдың 30 процентін ғана қамтиды. Қалған 70 процентін «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырынан алып отырмыз. Аудандардың барлығы осы магистральды құбырдан алып отыр.

– Қазір барлық салада цифр­ландыру кезеңі басталған. Бірақ осыдан бірнеше жыл бұрын үйлерімізге қойылған электронды газ есептегіштерді қайтадан механикалық түріне ауыстырып жатырмыз. Неліктен? Бұл кері кету емес пе?

– Облыс орталығында алғаш газ жүргізілген кезде шамамен 40 мыңдай абонентке «ҚазТрансГаз Аймақ» электронды газ есептегішті тегін орнатып берді. Он жылдан кейін оларды тұтыну мерзімі бітіп, батарейкасын ауыстыруға тура келеді. Қазір механикалық есептегішке көшіріп жатырмыз. Бұрынғы электронды есептегіштердің карточкасын учаскедегі кассаға апарып төлейтін болса, қазір банк карточкасымен үйден отырып төлей беруге болады. Абоненттер үшін осы тиімді деп ойлаймын.

– Қауіпсіздік шаралары туралы не айтасыз?

– Бізге монополияға қарсы қызмет департаменті мұндай қызметтермен айналысуға тыйым салған. Тек газ есептегіштің көрсеткішін ғана тексере аламыз. Ол көрсеткішті ватсаппен жіберуге де болады. Газ қондырғыларының қауіпсіздігін тексерумен арнайы мекемелер айналысады. Заң бойын­ша әрбір тұтынушы осындай қызмет көрсету мекемелерімен техникалық қызмет көрсету шартына отыруы тиіс.

Әрбір абонент қауіпсіздік мәселесіне өте мұқият қарағаны дұрыс. Жылу маусымы басталар алдында пештің түтін шығатын мұржасын тексеретін құрылым мамандарына міндетті түрде тазартқызып алуы тиіс. «Былтыр салынған, әлі жаңа» деген ойдан аулақ болу керек. Жазда пеш қосылмайды, құс ұя салып кетуі мүмкін. Салқын түсіп, пешті қосқанда түтін араласқан улы газ үйдің ішіне кетеді.

Газ пеші және плита тұратын жерде міндетті түрде терезенің желдеткіші, сонымен қатар вентиляциялық булық болуы тиіс және есік сыртқа ашылатын болуы керек. Газ – тілсіз жау. Оның иісі, дәмі жоқ. Адам оны сезбей ұйықтап қалады. Иненің көзіндей тесіктен газ кетсе ол жарылыс тудыруы мүмкін. Газ бөлмедегі ауаның 15 проценттей көлеміне жетсе, соның өзі жарылыс орын алуына жеткілікті.

Мен өзім қонаққа барған үйлерде плита тұрған жерден вентиляциялық тесікті іздеймін. Ал оны көбісі бітеп қояды, бұл дұрыс емес. Бүгінгі таңда біз үйіне газ желісін кіргізіп жатқан абоненттерге газ иісін сезетін арнайы қондырғылар – дабылқаққыш қоюды талап етудеміз. Бұл құрылғы азғантай газдың өзін бірден сезіп, дабыл қағады және газ клапанын жауып, тоқтатып тастайды. Сондықтан, қауіпсіздік мәселесіне немқұрайлы қарауға болмайды. Өзім күнделікті жұмысымды авариялық қызметтен мәлімет алудан бастаймын.

– Биылғы жылға қандай жоспарларыңыз бар?

– Біз биыл жаңа инвестициялық бағдарлама бойынша газ тарату жүйелеріндегі ГРП, ШРП деген қондырғыларды жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Қарапайым тұтынушылар олар туралы біле бермеуі мүмкін. Әйтсе де, газ тарату желілерінің қалыпты жұмыс істеп тұруына бұлардың нормаға сай болуының маңызы өте зор. Сондықтан да газ реттегіш пункттеріндегі пайдалану мерзімі өткен газ қысымын реттегіш қондырғыларын ауыстырамыз. Келешекте қандай да бір учаскеде тұйықталған желі болмауы жағына баса көңіл аударатын боламыз. Осы жылу беру маусымы аяқталысымен бұл жұмыстарға кірісеміз.

Әңгімелескен

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

Cұхбат 14 қаңтар 2020 г. 1 118 0