« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Әлеуметтік саланы кең қамтыған реформалардың басты мақсаты – халықтың тұрмыс жағдайын, өмір сүру сапасын арттыру. Бүгінде мемлекет тарапынан көрсетілетін халықты қолдауға арналған шаралар еліміздің ішкі саясатының басым бағыттарының бірі ретінде қалыптасып отыр. Мәселен, “Nur Otan” партиясының ХVІІІ съезі еліміздің жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетіп, алдағы 10 жылдың негізгі басымдықтарын көрсетті. Әлеуметтік саланың әлеуеті артқанымен, түйіні тарқатылмаған дүниелер жетерлік. Көкейдегі сауалдарға жауап алу үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевпен әңгімелескен едік.
– Талғат Тұрсынұлы, Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларында әлеуметтік сала назардан тыс қалған емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріскен бойда осы бағыттағы жұмыстарға баса көңіл бөліп келеді. Осыған орай биыл бірінші рет елімізде атаулы әлеуметтік көмек беріле бастады. Біздің өңірде бұл көмекті қанша адам алды?
– Өзіңіз білетіндей, “Nur Otan” партиясының XVIII съезінде елдегі түйткілді мәселелерге қатысты маңызды шешімдер қабылданса, басты назар көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған тұрғындарды қолдауға бағытталды. Соған орай нақты тапсырмалар жүктеліп, бірқатар жұмыстар атқарылды. Мәселен, биыл жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге бюджеттен 19,1 млрд теңге қаражат қаралды. Оған 31155 отбасы (154800 адамға) ілігіп, 16,7 млрд теңге тағайындалды. Қазіргі күні 30874 отбасыға (151278 адамға) 15,4 млрд теңге төленді. Атаулы әлеуметтік көмектің 1 адамға орташа айлық мөлшері 9812,1 теңгені құрады. Сонымен қатар, облыс бойынша осы жылдың 1 желтоқсанына бюджеттен 157637 аз қамтамасыз етілген азаматтарға 15,7 млрд теңгеге әлеуметтік көмек төленді.
– Осы жәрдемақы тағайындалғаннан кейін әлеуметтік жағдайлары барларға да берілген деген себеппен қаржыны қайтару жұмыстары жүргендігін білеміз...
– Өкінішке орай, атаулы әлеуметтік көмек көрсету барысында оң тенденциялармен қатар оның теріс жақтары да кездесті, яғни, әлеуметтік көмекті алу үшін әдейі ажырасу, жұмыстан өз еркімен шығу, табысын жасыру, отбасының табысы бар мүшелерін тіркеуден шығару жағдайлары орын алды. Бұл еңбекке жарамды халық арасында масылдық көңіл-күй қалыптастырды. Сондықтан, бізге бір емес, бірнеше рет тексеруге тура келді. Қазір облыс бойынша табысын жасырған және қайта есептеуге жататын 3637 отбасына қайта тексеру жүргізіліп, 1594 отбасына 1071 млн теңге тағайындалған әлеуметтік төлем тоқтатылды. Артық төленген 219,9 млн теңгенің 40,9 млн теңгесі бюджетке қайтарылды.
– Атаулы әлеуметтік көмек алдағы жылы қалай өзгереді? Оны кімдер алады?
– Келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек беру тәсілі өзгереді. Көпбалалы отбасылар үшін жасы 18-ге толмаған бала санына қарай төленетін мемлекеттік жәрдемақы қолданысқа енгізіледі. Бала санына байланысты жәрдемақы мөлшері әртүрлі болады. Бірақ отбасы табысы есепке алынбайды. Ол – әр бала үшін 10-11 мың теңге шамасында, яғни, 2018 жылдан бастап тағайындалуы тоқтатылған ұқсас жәрдемақы мөлшерінен 7-8 есе артық. Атаулы әлеуметтік көмек табысы аз отбасыларға беріледі. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 проценті көлеміндегі шекті өлшем сақталады. 2019 жылдың үшінші тоқсанындағы есеппен ол біздің облыста – 28114 теңге болса, соның 70 проценті – 19680 теңге. Жан басына шаққандағы жиынтық табысы осы сомадан аспайтын отбасылар атаулы әлеуметтік көмек ала алады. Әйтсе де, балаға төленетін кепілдендірілген жәрдемақы 20789 теңге күйінде қалып отыр.
Жәрдемақы мөлшерінде өзгеріс жоқ екенін ескеру керек. Ол тек ересек адамдарға қатысты кедейлік шегі мен табыс айырмашылығында ғана болуы мүмкін. 18 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде жоғары оқу орнында оқитын 23 жасқа дейінгі студенттерге кепілдендірілген жәрдемақы жыл соңына дейін төленеді.
– Кепілдендірілген әлеуметтік пакетті түсіндіріп өтсеңіз...
– Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа механизмінде кепілдендірілген әлеуметтік пакет қарастырылған. Соған сәйкес тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балаларын қолдауға ерекше көңіл бөлініп отыр. 1-6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік жиынтығы, гигиеналық заттар, 6-18 жасқа дейінгі балаларға мектепте ыстық тамақ, оқу құралдары мен киім беріліп, оқуға барып-келу шығыны өтеледі. 18 жасқа толмаған балаларға кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек көрсетіледі.
Өңірде тағайындалған атаулы әлеуметтік көмектің 65 процентке жуығы балаларға тиесілі. Алдағы жылы көпбалалы аналардың үй жағдайында кәсіппен айналысуы үшін арнайы курстар ұйымдастырылады. Ендігі жерде еңбек етуге қабілетті адам уәкілетті орган ұсынған жұмысты істеуге міндеттеледі. Оған көнбеген жағдайда үй ішіндегілер атаулы әлеуметтік көмектен қағылады. Сонымен бірге, келер жылдан бастап ол тоқсан сайын тағайындалмақ.
– Басқарманың тағы бір жауапты саласы – халықты жұмыспен қамту. Дәл қазіргі кезеңде өңірдегі жұмыссыздар саны қанша процентті құрайды?
– Жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеуші ретінде 33030 адам хабарласып, олардың 18721-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, нысаналы топтарға жататын 921 адамның (мүгедектер – 581, жазасын өтеп келгендер – 339, оралман – 1) 602-сі жұмыспен қамтылды. Жыл басынан бері 84 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, 4425 адам жұмыспен қамтудың белсенді түрлеріне (3166 тұрақты) жолдама алды. Айта кету керек, биылғы «Еңбек. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыруға облысқа 9,7 млрд теңге қаралған, оның 8,3 млрд теңгесі игерілді. Бағдарламаға қатысушы ретінде 29649 адам енгізілді. Олар – жұмыссыздар, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар, жұмыс іздеушілер, оқушылар, студенттер, зейнеткерлер.
Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға 1515 адам оқытылды. Ал жұмысшы кадрларды еңбек нарығындағы сұранысқа ие кәсіптер бойынша қысқа мерзімді оқытуға 2177 адам жолданды. Оқу курстарын аяқтаған 1185 адамның 792-сі жұмыспен қамтылды. Демек, 379-ы тұрақты жұмысқа орналасса, 413 адам мемлекеттік грант алды.
Екінші бағыт – жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 2752 адам жолданды, 2470-сі оқуды аяқтап, 206-сы шағын несие, 707-сі мемлекеттік грант алды.
Үшінші бағыт – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы еңбек нарығын дамыту және еңбек ресурстарының ұтқырлығы аясында 25404 адам жұмыспен қамтудың шараларына қатысты. Оның ішінде 14353 адам бос жұмыс орындарына орналасса, 1254 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, мерзімі аяқталған 373 адамның 158-і тұрақты жұмысқа орналасты. Жастар тәжірибесі бойынша 3114 адам, қоғамдық жұмыстарға 6683 адам тартылды.
Сонымен қатар, бағдарламаның шеңберінде екі жоба енгізілді. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жастардың жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтіп, 2 жылға дейін жұмыспен қамтылып, алғашқы жылдың еңбекақысы бюджеттен субсидияланатын болады. Ал, «Ұрпақтар байланысы» жобасы зейнеткерлік жасқа жеткен қызметкер-тәлімгердің қасына бағдарламаға қатысушы 18 айға тұрақты жұмысқа орналасады. Әрі қарай тәлімгердің орнына жас маман ауыстырылады. Оның ережелері енді қабылданады.
– Әлеуметтік саладағы түйткілді мәселе деп нені айтар едіңіз?
– Әлеуметтік саладағы мәселелердің маңызды емесі жоқ. Себебі, бізге жас баладан еңкейген қарияға дейін мәселесін айтып келеді. Оның ішінде аз қамтылған отбасылар санатына жататындар, мүгедек жандар, көпбалалы аналар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар, қарттар болғандықтан ол мәселеге өте ұқыпты қарау қажет. Біз шешпеген күнде де басқа мекемелерге шығып, азаматтарды әуре-сарсаңға түсірмеу жолдарын қарастырамыз.
Жалпы, өтіп бара жатқан жылда басқарма атқарған жұмыстар нәтижелі болды деп айта аламын. Межеленген индикаторларға қол жеткізілді. Сәуір айында басталған әлеуметтік көмектің жаңа форматы аясында тиісті жұмыстар жүргізілді. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 74 жылдығы, Қарттар күні, мүгедектер күні өз деңгейінде аталып өтті. Республикалық үздік әлеуметтік қызметкер байқауында Қазалы ауданындағы «Шапағат» қоғамдық қоры мен басқармаға қарасты №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары үздік болып танылды. Еңбек әулеттерін анықтап, ұлықтауды үрдіске айналдырған форумды 6-шы рет өткіздік. Осы жұмыстардың барлығы да алдағы уақытта жалғасын табатын болады.
Әңгімелескен
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |