« Қаңтар 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | ||
6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 |
13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 |
20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 |
27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
облыстық дене шынықтыру және
спорт басқармасының басшысы:
Жуырда ғана Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Altyn samǵaý-2019» Ұлттық спорттық жүлдесінің жеңімпаздары марапатталды. Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ұйымдастыруымен өткен шарада облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы «Үздік спорттық өңір» номинациясын жеңіп алды. Сондай-ақ, мәнерлеп сырғанаушы жерлесіміз Элизабет Тұрсынбаева қысқы спорт түрлері бойынша «Үздік спортшы» атанды. Жыл бойына Сыр спортының даңқын асқақтатқан жеңісті күндер көп болды. Оның үстіне, биылғы басты жеңіс – «Қайсардың» жиырма жыл бұрынғы ерлігі қайталанды. Сүйінші жаңалықтың ізін ала бере облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимовпен сұхбаттасқан едік.
– Республика бойынша үздіктер көшін бастадық. Рас, спортта ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз жетерлік. Бұл марапаттың жауапкершілігі қандай болмақ?!
– Қоғамның қайсыбір саласында болмасын, даму бар. Спорттағы алға жылжудың куәсі – өздеріңіз. Жетістіктеріміз өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан. Жыл басынан бері Қазақстан, Әлем, Азия чемпионаттары мен облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда спортшыларымыз 6492 медальді облыс қоржынына салды. Бұл анағұрлым көп. Мәселен, 2017 жылы 3817 медальға қол жеткізсек, былтыр 5418 медаль еншімізге тиді. Мұның өзі – ерекше айтып өтерлік нәтиже. Жоғарыда сіз атап өткен жетістік осындай жеңістеріміз үшін берілді.
Жапонияның Сайтама қаласында мәнерлеп сырғанаудан өткен чемпионат біраз уақытқа дейін ел арасында айтылып жүрді. Сол жарыста жерлесіміз Элизабет Тұрсынбаева Әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді әрі төрт айналым элемент секірген әйелдер арасында тұңғыш рет тарихқа енді. Қаршадай ғана қазақ қызы әлем дәрежесінде Алаштың абыройын асқақтатты. Біз неге үздік атанбаймыз?
АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында Сәпи Есенгелді мен Бекболат Рахат жеңімпаз атанды. Бұл да дүние жүзінің алдындағы абыройымызды асқақтата түсті. Біздің үздік болуға лайық екенімізді айшықтайтын тағы бір себеп – осы.
Нұр-Сұлтан қаласында еркін күрестен өткен Әлем чемпионатында Дәулет Ниязбеков күміс жүлдені иеленіп, 2020 жылы Токиода болатын Олимпиада ойындарына жолдама алды. Ал мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында жеңіл атлетикадан Ислам Салимов Паралимпиада ойындарына жолдама алды. Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан өткен Әлем чемпионатында Қамшыбек Қоңқабаев күміс, Тұрсынбай Құлахмет қола жүлдеге ие болды. Жақында ғана Алматы қаласында қазақ күресінен өткен «Әлем барысы» әлем чемпионатында Мақсат Исағабылов қола жүлдені иеленді. Сыр халқы үшін бұл аты қола болғанмен, заты алтынмен пара-пар жүлде болды. Өйткені, отыз мемлекет оғландарының арасынан жарып шығып, алғашқы үштікте болуға көп мемлекеттің мүмкіндігі де болмады. Біздің спортшыларымыз жарады. Мерейіміз үстем болып тұр. Осындай жетістіктеріміз үшін «Үздік спорттық өңір» атандық. Жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Үздік атанған екенбіз, соған лайық еңбек етуіміз керек. Енді бұрынғыдан бетер тер төгеміз. Мақсат – айқын, жоспар – нық. Облыс халқының қолдауымен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып әлі талай асудан асамыз.
– Жыл аяғына жақындадық. Әр жылды түйіндерде кейінге көз тастап, биыл не бітірдік деп жатамыз ғой. Халық арасында биылғы жылдың басты жеңісін «Қайсармен» байланыстыратындар көп. Сіздіңше, басты жеңісіміз қайсы?
– «Халық айтса, қалт айтпайды» деген бар. Елден асып қайда барамыз? Еткен еңбегіміз, атқарған жұмысымыз жұртшылықтың көз алдында. Нәтижеміз де солай болмақ. Биылғы жылдың басты жаңалығы – «Қайсар» футбол командасының Қазақстан кубогы ойындарында жеңімпаз атануы. Команда араға 20 жыл салып, екінші мәрте финалға шықты. Алдағы мақсат – келесі жылы Еуропа лигасында лайықты өнер көрсету. Осы үдеден шығу үшін аянып қалмаймыз.
– Еуролига демекші, қазіргі дайындық қалай? Мүмкіндігіміз қаншалықты?
– Жыл өткен сайын нәтиже жақсарып келеді. Бұл жолдама біздің биылғы басты табысымыз. Енді алдағы чемпионатта жүлдеге қол созсақ деген мақсатымыз бар. Сол үшін тыңғылықты әрі тынымсыз тіршілік етудеміз. Бастысы, қорғаныста сауатты, шабуылда ширақ қимылдасақ, техникалық жағынан түсіністік, бір-біріне деген сенім жоғары болу керек. Оның үстіне «Қайсардың» жанашыр жанкүйерлері жетерлік, олардың қолдауы командаға жігер сыйлайды. Әрине, қаламызға Еуропа лигасы алғаш рет келген соң «Қайсар» жанкүйерлерін жеңіспен қуантады деп ойлаймын. Оның үстіне командамыз Еуролигада Қазақстанның намысын қорғайды. Сондықтан футболшыларға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Биыл команда ішінде бәсекелестікті арттырамыз. Бұл футболдың өрістеп дамуына септігін тигізеді.
– Біздің өңір күрестен алда келеді, бокстан да қалыс қалғанымыз жоқ, сырғанаудан да талай асудан астық. Енді қандай спортты дамытуымыз керек?
– Облыста жоғары білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында Олимпиада резервін даярлау орталығы, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжі, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі және балалар мен жасөспірімдерге арналған 21 спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Бүгінгі жас спорттың қай түрімен шұғылданамын десе де, мүмкіндік жеткілікті. Тек табандылық керек. Бұл мектептерде 21 мыңға жуық оқушы спорттың 41 түрі бойынша жаттығып жүр. Түптеп келгенде, біз спорттың барлық түрін дамытуға жағдай жасаудамыз. Қызылордада кенже қалған спорт түрі жоқ деп айта аламын.
– Олжас Азатұлы, Сырдағы спорт саласына басшы боп келгенде алдыңызға қандай мақсат қойып едіңіз? Қазір сол мақсатқа жете алдыңыз ба?
– Әр адамның алдына қойған мақсаты болады. Мақсатсыз ешқандай да жетістік болмайтыны анық. Оған жету үшін аянбай еңбек ету керек. Еңбек өз нәтижесін береді. Менің ең бірінші мақсатым – облыстың спортын дамыту, әлеуетін арттыру болды. Алға қойған жоспарлар спорт саласындағы әріптестерімнің бірлесуімен кезең-кезеңімен атқарылып жатыр.
– Мәселен... Нені атап өтер едіңіз?
– Ерекшелеп атап өтетін нәрсе көп. Халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігін арттыру мақсатында, соңғы екі жылда аймақта 16 спорт ғимараты іске қосылды, оның 7-еуі облыстық бюджеттен, 9 спорт кешені мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында пайдалануға берілсе, 18 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді, 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Сондай-ақ, «Мұз айдыны» спорт кешенінің жанынан ашық жүзу бассейні ашылды. Жалаңтөс баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі күрделі жөндеуден өтті. Жоғары спорт шеберлігі мектебі, «Евразия» спорт кешені, №1, 2 және №5, аудандағы №8, 13 және №19 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектептеріне, «Евразия» спорт кешенінің бассейніне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұндай жұмыстар Қармақшы ауданы, Жосалы кентіндегі орталық стадион, Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі орталық стадион жөндеуден өтті. «Нұрсәт» теннис орталығының 4 жабық теннис кортының құрылыс жұмыстары жүргізілуде, 2020 жылы пайдалануға беріледі. 2018 жылы спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында қала, аудан мектептеріне 8 автокөлік берілсе, биыл 2 автокөлікпен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, былтыр Қызылорда қаласында ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубы, биыл мүгедектерге арналған спорт клубы құрылды. Жалаңтөс баһадүр атындағы облыстық мектеп-интернат олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі аталымына ие болды. Мұның бәрі өңірдегі спорт саласының дамуына әкеледі.
– Жоғарыда сіз атап өткен жұмыстың барлығы аймақ спортшыларына жасалған жағдай десек те болғандай...
– Біздің спортшылардың жеңісі – салауатты өмір салтының шынайы насихаты. Спортшылардың жеңісімен рухтанған балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуға ықыласы арта түсетіні анық. Спортшының әрбiр жеңiсi құрметке ие. Әрине, оларға қандай марапат көрсетсек те жарасады. Өйткені, олардың әрбір жеңісі еліміздің ұлылығын дәріптеуге арналады. Ұлы даланың ұлан-ғайыр атырабында еркін өскен дана халықтың бүгінгі ұрпағының да осал емес екенінің көрінісі бұл. Тағы бір айта кетерлігі, облыста 67 спортшы әртүрлі деңгейде стипендия алады.
– Олжас Азатұлы, тағы бір сұрақ. Бұқаралық спортты дамытуға байланысты қандай жұмыс атқарып келесіздер? Алдымызға меже қойдық, соған жете алдық па?
– Бұл мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Бүгінгі көрсеткіш бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 29 процентке жетті. Бұл – 232 мыңға жуық адам. Осы мақсатта 138 елді мекенде 282 спорт нұсқаушысы жұмыс істейді. Республикада дәл мұндай мүмкіндік жасап отырған бірден-бір аймақпыз. Сондықтан бұл тақырыпта еңсемізді түсірген жоқпыз. Бүгінде 7 аудан орталығында және Қызылорда қаласында 8 дене шынықтыру-сауықтыру клубында 12 мыңға жуық адам спортпен тұрақты шұғылданады. Мұндағы негізгі мақсат – жарыстарды көптеп өткізіп, халықты спортқа тарту. Жыл бойында қаншама шара өтіп келеді. Есептеп қарасақ, оларға 392 мың адам қатысыпты. Әртүрлі жас ерекшеліктеріне сәйкес акциялар, жарыстар, эстафеталар жолға қойылған. Веломарафонның өзі қаншама рет өткізіп жатыр. Нәтижесінде біз бұқаралық спортпен шұғылданушылар қатарын арттырып, спорттың денсаулық кепілі екенін көрсетеміз. Біз бұл межемен тоқтап қалмаймыз, әрі қарай да дамыту бағытында аянбай тер төгеміз. Сәл жетістікке жетсек, бізбен бірге қуанып, еңбегімізді елге көрсетуде еңбектеніп, саланы насихаттап жүрген сіздерге алғыс білдіремін.
– Жетістік көп болғай. Рақмет.
Әңгімелескен
Дәулет ҚЫРДАН.
«Сыр бойы».
« Қаңтар 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | ||
6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 |
13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 |
20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 |
27 | 28 | 29 | 30 | 31 |