« Қаңтар 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | ||
6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 |
13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 |
20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 |
27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Желідегі сөз бостандығын теріс пайдалану қоғамдағы агрессия деңгейінің асқынуына алып келуі әбден мүмкін. Зияны жоқ ақпарат алмасу интернет зорлық-зомбылық – кибербуллингке қалай айналады және одан бала қалай қорғануы керек? Бұл туралы «BilimFoundation» қоғамдық қорының облыс бойынша өкілдігінің жетекшісі, психолог Сымбат Әбдірахмановаға бірнеше сауал қойған едік.
– Алдымен кибербуллинг ұғымының нақты анықтамасын білсек. Мәселе қаншалықты өзекті және неден бастау алады?
– Кибербуллинг – интернет-технологияларды, компьютерлерді, гаджеттерді және басқа да электрондық девайстарды қолдану арқылы біреуге мақсатты және қайталамалы түрде келтірілетін зиян. Бұл термин бірінші кезекте балалар мен жасөспірімдерге қатысты желі зорлық-зомбылығының сипаттамасы екенін айтып өткен жөн. Себебі ересектерге қатысты бұл ретте «киберхарассмент» деген танымал ұғым бар.
Балалар арасында топ мүшелерінің бірін агрессивті қудалау не қорлау мәселесі бұрыннан бар болғанымен, интернеттің дамуына байланысты мектептер мен өзге алаңдардағы классикалық зорлық-зомбылық желі кеңістігіне өтіп, таралымы бүгінде бақылаудан шығып барады. Мәселен, әлеуметтік желілермен танысқан адам үшін бұл – бүгінгі күннің жаңа нормаларына лайық болу құралы. Жаңа заман баласы үшін интернет – қоғамға бейімделу процесінің үлкен бөлігі өтетін кеңістік. Өз кезегінде, баланың желіде қалыптастырған әлеуметтік нормалары кәдуілгі өміріне өтіп, қарым-қатынасына тікелей әсер ете алады. Осыдан-ақ, кибербуллингтің, яғни желідегі қорлау, қудалау мәселесінің өзектілігін байқауға болады.
– Интернет зорлық-зомбылықтың түрлері қандай?
– Бүгінде желі қолданушыларының белсенділігінен туған кибербуллингтің сан түрлі жіктемесі бар. Олар: флейминг, троллинг, жала жабу, адам құпияларын ашу, жаю, желіде тұлғасын ұрлау, остракизм, алаяқтық, киберсталкинг, секстинг және т.б. Мұның бәрі балаға желіде телефон немесе СМС арқылы шабуыл жасау түрлері. Сондай-ақ, «кибербуллинг» ұғымы аясына буллингтің тікелей және жанама түрлерін де жатқызуға болады. Бұл, өз кезегінде, қудалау, зорлық-зомбылық көрсету процесіне өзге адамдардың тікелей қатысуын білдіреді. Мысалы, баланың желідегі аккаунтынан оның достарына немесе мұғалімдеріне агрессивті, қисынсыз хабарламалардың жіберілуі – соның айқын белгісі.
– Кибербуллинг қаншалықты қауіпті? Салдары қандай?
– Қауіп деңгейін білу үшін интернет зорлық-зомбылықтың белең алу себептерімен таныс болу жеткілікті. Біріншіден, желіде шабуыл жасау өте ыңғайлы, адам арам пиғылын жасырын және негізгі шаруаларынан бөлінбестен жүзеге асырады. Екіншіден, қудалаудың бұл түріне үлкен аудиторияны тарту оңайырақ. Бұл ретте, агрессорларға психологиялық тұрғыдан жеңіл, себебі желіде ешкім ешкімді тікелей көрмейді және әрекеттеспейді. Сондай-ақ, бақылаушылар саны да бірнеше есе артады, себебі, өзгені жәбірлеген пікірге лайк қоя салу оны тепкеннен әлдеқайда жеңіл.
Балалардың көпшілігі қудалауға тап болғанын айтпайды, сәйкесінше, ешбір шара қолданбайды. Бұл, өз кезегінде, кибербуллинг қаупі мен салдарын одан бетер арттырады. Себебі, кері байланысы болмағандықтан, қарсыластың интернет шабуылы ұзаққа созылуы мүмкін. Құрбанының реакциясын байқамаған агрессор қудалауға жұмсаған күшінің қайтарымын көрмейді. Бұл фактор жәбірленушінің жағдайын одан әрі қиындатады, себебі желіде агрессордың шын мәнінде қаншалықты қауіпті екенін бағалау мүмкін емес.
– Кибербуллингпен күресу, алдын алу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып отыр?
– «Сандж» орталығының былтырғы зерттеуіне сүйенсек, сауалнамаға қатысқан мектеп оқушыларының 66 проценті мектепте түрлі дискриминацияға (буллинг, бопсалау, қудалау, физикалық және психологиялық қысым көрсету, кибербуллинг) тап болған. Мәселе өзектілігін ескере отырып, облыстық білім басқармасы «Bilim Foundation» қоғамдық қорымен күш жұмылдырып отыр. Тараптардың бірлесуімен арнайы мамандар мектеп оқушыларына кибербуллинг туралы профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, мұғалімдер мен ата-аналарға мәселенің алдын алу, тап болған жағдайда күресу тұрғысында арнайы тренинг сағаттарын өткізуде. Сондай-ақ, қорлау-қудалауға тап болған балалар анықталып, оларға жүйелі психологиялық көмек көрсетіліп отыр. Одан бөлек, өңір оқушылары арасында арнайы сауалнамалар арқылы желі зорлық-зомбылығының енді ғана басталған жағдаяттары анықталып, балаларды уақытында ақпараттандыру арқылы мәселені түбірімен жою амалдары жасалды.
– Желіде қорлау, қудалауға тап болған балалар мен жеткіншектер қалай қорғануы керек?
– Ар-намысқа тиетін электронды хаттар алып, әдепсіз бейнероликтер мен суреттер, жалған аккаунттар арқылы тиісудің құрбанына айналған жағдайда, бала оларға жауап берместен, қорлау белгілері бар хаттардың скриншотын жасап, сақтап қоюы керек. Жала жабуға тап болса, агрессорға бұл қадамның қылмыстық іс екенін еске салуы қажет. Интернетте жеке өмірге қатысты сурет, видео немесе өзге де жеке ақпаратты жарияламас бұрын жақсылап ойланған жөн. Әлеуметтік желідегі құпия сөздерді жиі ауыстырып, байланыстар тізімін тазалап тұру керек. Күмәнді онлайн-топтарға жазылмаңыз. Ұрыс-керіс, қорлау, флейм бар чаттардан дереу шығып кету керек. Біреу қорқытып, қауіп төндірген жағдайда, бала дереу ата-анасына немесе өзге жақынына хабарлауы тиіс. Абзалы – қорлау-қудалау тоқтамаған жағдайда полицияға қоңырау шалу.
Әңгімелескен
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
« Қаңтар 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | ||
6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 |
13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 |
20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 |
27 | 28 | 29 | 30 | 31 |