Қуаныш Жиенбай, жазушы: «Сөз қадірін түсіріп алмау керек»

  «Жазған дүниелері де, қоғамдық істері де теңіз төңірегінен алыс­тамайды. Қайда жүрсе де, миының бір мүйісінде Арал тұрады». Бұл – жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Қуаныш Жиенбайға қаламгер Бауыржан Омаровтың берген сипаттамасы. Теңіздің ақжал толқыны сынды Аралдан шыққан ақпарат өкілі туған жерден шалғай жүр.  Бірақ жазушымен Аралдан басталған әңгімеміздің ауаны өздігінен теңіз жайына ойыса берді.

 Айта кетейік, «Сыр бойы» газеті енді жырақта жүрген жерлес­терімізбен пікір алмасу үшін жаңа айдар жүргізбек. Бүгінгі санда  Қуаныш Жиенбаймен, келесі сандарда Елордадағы Сыр перзенттері жазушы Жақсылық Рахматулла, жыршы Елмұра Жаңабер­геновамен сұхбат-әңгімемізді ұсынатын боламыз.

– Қуаныш аға, Волга бо­йындағы елге 14 вагон балық жіберіп, тарихтың жылнамасына жазылған Бөгенде туып-өстіңіз. Бұл – ақын Зейнолла Шүкіров­тің де ауылы.  Аралдан шыққан алыптармен жақсы араласқан боларсыз... 

– Біздің кезімізде Бөгеннің өзі ескі және жаңа Бөген деп аталатын. Екеуінің арасы 7 шақырым. Бесінші сыныптан бастап күніне 14 шақырым жаяу жүретінбіз. Қыс­тың қақаған аязды күндері әлі есімде. Ертелетіп үйден шыққан біздің үстімізде қысқартқанымен әжептәуір қолпылдап тұратын балықшылардың спецовка, күпәйкісі. Ескі Бөгенде Толыбай Абылаев деген ақынмен бірге оқыдым. Жақында мектеп бітіргенімізге 50 жыл толуына орай елге барып келдік, сапарымыз сондай табысты болды. Ауыл ақсақалдарымен әңгімелес­тік, елдің жайын бағамдадық. Мектепке арнайы барып, бес оқушыға өз атымнан шәкіртақы табыстадым. Біз оқыған мұғалімдердің көбі дүниеден өткен. Тек Әділхан Әбдікәрімов деген мұғаліміміз қалыпты. 70 жылдардың басында Бөген орта мектебінде Әділхан Қалдыбаев деген жігіт практикадан өткені есімде. Ол кезде жазушы емес еді. Кейін қазақтың қабырғалы жазушысы болып қалыптасты, Жамбыл облыстық газетінің бас редакторы болды. Иә, біздің ауыл – Зейнолла Шүкіровтің ауылы. Зекеңді көрдік. Мектептің жанындағы үйілген құмның басында теңізге қарап отыратын. Университетте оқып жүрген кезімде Молдахмет Қаназ съезге алып келді. «Жетісу» қонақүйінде екен. Бардым. Сол жолы Зекең жолдан шаршап келген, суға түсіп алайын деген соң, ваннаға түсірген ғой. Онысын Молдахмет ұмытып кетіпті. Зекең өзі тұра алмайды, я айта алмайды. Суда ұзақ отырғасын, әбден шыдамы кеткен. Бір кезде ғана есіне түсіп,  алып-ұшып жетсе, әбден тағаты таусылған ақын қасындағы үлкен насыбай шақшасын Молдахметке лақтырыпты. Сондай қызықтарды көрдік.

Әбдіжәміл Нұрпейісовпен жақсы қарым-қатынастамын. Біз теңіздің Сыр жағынан болсақ, ол кісі қыр жағынан. Үйіне арнайылап барып, ел, әдебиет жайында әңгімелесеміз, ағалық ақылын айтып тұрады.

– Жуырда туған жерге бардыңыз. Қалай өзгеріпті, не байқадыңыз?

– Аралға көбірек барғым келіп тұрады. Барғанда жақсы адамдармен жолығамыз. Қазір әңгіме айтатындай адам қалмады. Туыстар жан-жаққа көшіп кетті. 60 жасқа толғанымда сол кездегі аудан әкімі Нажмадин Мұсабаев арнайы шақыр­ды. Сонда байқадым, ел өзгеріп кеткен. Ескі Бөгенде екі үй ғана қалыпты. Көбі облысты оңтайландыру саясатымен орталыққа қоныс аударған. Бөгеннің сусыма құмы көшіп, үй арасына таудай боп үйіліп қалушы еді. Өзім тұрған үйдің орнын таппадым. Жаңа мектеп салыпты. Бұрын біз оқыған екі қабатты мектеп көзімізге зәулім ғимарат болып көрінетін, оған да 100 жыл болыпты. Сол мектеп әлі тұр.

Қазір адамдардың табиғатқа деген жанашырлығы азайған. Кіші Аралдың төңірегін айтайын, балықшы жерлестерімнің көбінде табиғатқа деген жанашырлық көзқарас жоғалған, табиғатты тонау принциптері жүріп жатыр. Кішкентай ғана теңіз жағалауында 6-7 балық зауыты бар. Ауылға барғанда балықты у шашып, теңіздің астына лампа қойып, кит аулаған секілді сүзіп алатындарды естіп жаным түршікті. Қытайдың торымен әбден сүзіп алатындары да бар екен. Балықтың уылдырық шашатын мезгілі болады, балыққа көбею үшін екі-үш ай уақыт береді. Оған қарап жатқандар аз, табиғатқа аяушылықтан гөрі, қатыгездік көз­қарас басым. Ауылға барғанда осы жағдайға жаным ауырып, «У мен уылдырық» деген повесть жаздым. «Қазақ әдебиеті» газетіне үзіндісі шықты. Ал енді повестьтің толық нұсқасы «Жұлдыз» журналына басылып шығады. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дегендей, лицензиямен балық аулау бір бөлек, коммерциялық жолмен пайда тауып, солтүстіктен оңтүстікке ағылған кәсіпкерлермен әр бұтаның түбінде есеп айырысып жүргендер бар. Бұл өзімнің көргенім емес, бірақ ауылдың ақсақалдары айтып, ренжіп отыр. Балықты умен аулау деген не сұмдық?! Ал кәсіпкерлерге бәрібір.

– Әңгімелеріңіздің арқауы – қоғамдағы мәселелер. «Өң мен түсте» күріштің жайын айтқан едіңіз...

– Шығармаларымның дені Аралдың тағдыры, табиғат турасында. Осы кезге дейін он шақты прозалық кітаптарым жарыққа шықты. «Өң мен түс» көрші елге деген қарсылық қой. Одан кейін «Акуланың бір қасық майы» деген әңгімем шықты. Ал екі-үш күнде  «Күздің жылы жаңбыры» деген әңгімелер мен повестер жинағым қолға тиеді.

– Апта бұрын өткен «Алтын қалам» байқауында «Жылдың үздік прозасы», «Киносценарий және драматургия» аталымдары бойынша жеңімпаз атандыңыз. Соңғы уақытта драматургиядан серпіліс байқалмайды...

– Кеше ғана Алматыдан келдім. «Алтын қалам» әдеби бәйгесінің екі номинациясын еншіледік. Драмалық шығармалардың қаламгерге тиімді тұсы айтатын ойыңды, эмоцияңды 30 бетке ғана сыйғыза аласың. Ал сол шығарманы прозалық тілге аудару үшін 300 беттей роман жазуға тура келеді. Сондықтан автор ойын жеткізудің тиімді жолы – драматургия. Қазір 6-7 пьесам бар. Қызылордадағы осы сала мамандары сахналаймыз деп пьесамды алған, бірақ хабар жоқ.

– Журналистиканың қазіргі жағдайына келсек. Қазіргідей ала­­құйын ақпарат заманында журналис­тер нені ескеруі керек?

– Аға ұрпақтың кейінгі буынға қашанда көңілі толмайды. Бұл бұрыннан белгілі жай. Журналистикаға айтылатын сынның алғашқысы журналистік кадрлардың шектен тыс көп дайындалуына байланысты. Баяғыда осы сала бо­йынша жыл сайын тек ҚазҰУ-ды 25 адам оқып бітіретін. Қазір кез келген жерде журналистика факультеті бар. Шымкенттің Сарыағаш деген ауданында жергілікті жерден құрылған бір оқу орны да журналис­тика факультетін ашып қойыпты. Бұл сандық, сапалық көрсеткіштің бәрін жоқ қылып жіберді. Жастардың технологияға ілескені, ақпарат ағынынан хабардар болғаны дұрыс. Бірақ адамның сөздік қоры деген болады. Қазір журналистердің сөз саптауы өте нашар. Сосын көбінің объектіге кім үшін келгені, не үшін әңгімелесіп отырғанынан хабары жоқ. Менің аты-жөнім болса болды, «аға, интервью беріңізші» деп жетіп келетіндер көп. Он жыл бойы «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істедім. Сонда Бауыржан Омаров менің бөлімімде болды. Қайнар Олжай және бірқатар танымал азаматтар – менің шәкірттерім. Сол жігіттер өте ізденімпаз еді. Қайнар «Вокруг света» деген журналдың бір нөмірін қалдырмай оқып жүретін. Ол адамның дүниетанымын дамытады ғой. Қазір қанша технология дамығанымен, адамның сезімін тек қана сөзбен жеткізуге болады. Айталық, бозбала мен бойжеткен кездесті. Жігіт қыздың қолын ұстағанда, қыз жүрегі дір ете қалды. Енді осыны, жүректің лүпілін, сезімін қандай телефонмен жеткізе аласың?! Балалар сан түрлі фильмдер көреді, ертеңіне сұрасаң білмейді. Адам санасына ақпарат ағыны құйылғанымен, оны ми қорытпайды. Нұрпейісов кейде «сөзді бей-берекет қолданасыңдар» деп ренжиді. Әр сөзді орнымен, мағынасымен қолдану керек. Қазір журналистер өмір сүрудің жеңіл тәсіліне көшіп алған. Журналистикада менің миыма кірмейтін пресс-релиз деген дүние шықты. Тілшілер жиналысқа барады да, жаңағы бір беттік қағазды алып кетіп қалады. Бұрын Сейдахмет Бердіқұлов «жиналысқа барып, отчет жазғаның керек емес. Егер жиналыста біреу ұйықтап кетіп, қор ете қалса, оқыр­манға сол керек» дейтін. Баспасөз хатшысы ақпаратты қалағанынша жазып береді, пиар жасайды. Журналист жаңағыны сәл өзгертеді де, газетке ақпарат береді. Республикалық газеттердің өзінде осындай бір-бірінен айнымайтын ақпараттар бар.

– Сіз журналистикаға қандай да­йындықпен келдіңіз?

– Алғашында ҚазҰУ-дың журфагі жалын ұстатпады. Мен оқуға түсе алмаған жылдары отбасымыз Қазалы ауданына көшіп келді. Бұл теңіз тартылған 1960 пен 1970 жылдардың арасы. Құрылыс мекемесінде бетоншы болып жұмыс істедім, канал қаздық. Осының бәрі маған сабақ болды. Қазалы аудандық «Ленин туы» газетіне ­Әлмәмбет Әлішев жұмысқа шақыр­ды. Корректор болып қызметке кірістім. Әлі есімде, бірінші рет «Қызыл Ту» колхозындағы 4 товарлы сүт фермасындағы рапорт тапсыру жиынына жіберді. Бұл – Кеңес Дүйсекеевтің туған ауылы. Тұңғыш рет командировкаға шығуым, жақын ауыл болғасын ­жаяу-жалпылап жетіп бардым. Жұрттың бәрі мойнына қызыл лента тағып, ақ халатпен жүреді деген қиялмен барғанмын ғой. Оның бірі де жоқ. Тек екі сауыншы жүр. Ұрандатып жүргеніміздің бәрі жалған екен. Сүт тапсыру көрсеткіші туралы ақпараттан сауыншылардың хабары да жоқ. Сол жылы мен Кеңес үкіметіндегі, қоғамдағы өтірік айтуды алғаш сездім. Сөйтсем, менің баруымның да қажеті жоқ, болмағанды болғандай қылып, ауылда отырып-ақ жазуыма болады екен. Келгеннен кейін редактор «репортаж дайын ба, номерге салайық деп жатырмыз» дейді. «Жоқ, аға. Ештеңе көрген жоқпын» дедім. «Жұмыстан шығасың, арыз жаз» деді. Сосын арыз жазып едім, ойланған болуы керек, сәлден кейін «тағы бір сынақтан өтесің» деп жұмыста қалдырды. Кейін Әлмәмбет Әлішевтің 70 жылдығында «Есіңізде ме, мені жұмыстан түске дейін шығарып жіберіп, түстен кейін қабылдағансыз» деп есіне салдым.

ҚазҰУ-де оқып жүріп, 4-курс­тан бастап тиражы 300 мыңға жететін «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істедім. Қазіргідей топан газет жоқ. Тек «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттері ғана бар. Оған жұмысқа орналасу да қиын болатын.

– Оқырманды жоғалтпау, жалықтырмау үшін саны көп, сапасы жоқ басылымдарға шектеу қою керек болар... 

– Қазір қоғамда газеттің қағаз нұсқасы жоғалады дегендей пікір айтылып жүр. Бірақ, Лондонға барғанымда көшеде миллион данамен тарайтын газеттер барын байқадым. Әр газетте шамамен 100 бет бар. Қағаз форматты газеттің болашағы жоқ шығар дейсің. Бірақ, Нью-Иорк, Токиода газет тарап жатыр. Қазір елді ештеңемен таңғалдыра алмайсың. Мұхтар ­Әуезов тіріліп келсе де, ешкім таңғала қоймас. Адамның қабылдау деңгейі жоғары. Мүмкін оқырманды селт еткізе алмайтын шығармыз. Мүмкін, оқырман мен газет тілшісінің имиджі сай емес. Оқырманның талғамы басқа болуы мүмкін. Айталық, қазір 11-сынып оқитын балалар менен әлдеқайда білімді.

Көп журналистердің айлығы аз. Қытайға барғанымда бір газетке интервью бердім. Түстен кейін қонақүйге арнайы келіп, 1000 юань ақша тапсырып кетті. Байқағаным, журналистердің тұрмыстық жағдайы көтерілгенде ғана күйбең тұрмысқа алаңдамайды, жазған дүниесінің өтемі болатынын біліп отырады. Ол журналистің сөзі қадірлі. Сонда сөздің қадірін түсінеді. Бәсекелестік сонда болады.

– Өткен ғасырда журналис­тика жампоздарының көзін көрдіңіз. Қалай ойлайсыз, бүгінгі буын оларды жете танып, қадірлей алып жүр ме? 

– Қомшабай Сүйінішов, Қази Данабаев сынды өмірден озған қаламгерлердің есімін жаңғыртып тұрған абзал. Айжарық Сәдібекұлы, Әскербек Рахымбек­ұлы қандай жақсы қаламгерлер?! Ал, өзіме рес­публикалық басылымдарға қызметке орналасқан соң, «Сыр бойы» газетінде жұмыс істеу бұйыр­мады.  Мүмкіндігім болмады.

– Қазір не жазып жүрсіз, қандай қызметтесіз?

– Қарап жатқаным жоқ. Ұлттық музейде «Мәдени мұра. Культурные наследие» атты екі тілде шығатын журналдың бас редакторымын. Басылымда қазақ елінің мәдени мұраларына қатысты, мәдениет, археологияға байланысты дүниелер жарық көреді.

– Рахмет!

Әңгімелескен

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

Қызылорда-Нұр-Сұлтан-Қызылорда.

Cұхбат 07 қараша 2019 г. 1 541 0