Торт пісіріп, айына 2 млн теңгедей табыс табатын кәсіпкер на туралы не білеміз?

Лаура Мырзақоңырова - сонау 2012 жылдарда желіде қазақ тілінде алғаш рет рецепт жазып, қыз-келіншектердің алғысына бөленген көпбалалы ана. Жанұясында төрт бала тәрбиелеп отырған ол KAZ.NUR.KZ тілшісіне тәтті пісіру арқылы ай сайын қалай табыс тауып отырғанын айтты.


- Лаура, алдымен өзіңіз жайлы оқырмандарға әңгімелеп берсеңіз? Қайдан боласыз, қанша сәби тәрбиелеп отырсыз?

- Мен - Қызылорда қаласының тумасымын. Мектепті бітіргеннен кейін Алматыға ҚазҰУ-дің шығыстану факультетіне оқуға түстім. Кейін жолдасыммен танысып, тұрмысқа шыққанан кейін оқуымды Қытайда, Пекин қаласында жалғастырдым. Қазір, құдайға шүкір, төрт баланың анасымын.

- Сізді желіден тәтті-тағамдарыңыздың арқасында таптық, жалпы фуд блогерлікке қалай келдіңіз?

- Фуд-блогерлікке 2012 жылдың аяғында келдім. Өзім аспаздың қызы болғандықтан, кішкентай күнімнен бастап тамақты жақсы даярлай алдым. Ең алғаш рет 2012 жылдың аяғында, Қазақстанда қазақша рецепт жазатын блок ашқан болатынмын. Кейін ол блокты сайтқа айналдырдым. Ол кезде менің блок-сайтымның аты "Дәмді әлем" болатын. Қазақстан бойынша қыз-келіншектер мені сол кезден бастап тани бастады. Кейін Instagram, You Tube-ке сұраныс артқандықтан, сайттың қажеттілігі аз болып қалды. Қазір YouTube каналым бар, сол жерге видео-рецептерімді салып отырамын. Қазір өзімнің рецептер жинағымды шығару ойда бар. Бұл ой екі жыл бұрын келген болатын, қазір сол кітабымды жазып жатырмын.

- Оқырмандар саны да әжептәуір көп екен... Көпшілік тәттілердің рецепті үшін жазылады деп ойлайсыз ба?

- Instagram парақшамды мен ақпарат беру үшін қолданамын. Ол жерде тегін онлайн-сабақтар өтеді, тегін рецепттер жазамын, торт, тағам пісіруге қатысты лайфхактармен бөлісемін, тағамға қатысты көпшілік айта бермейтін ақпаратты жазғаным үшін, көп қыз-келіншектер жазылады деп ойлаймын.

- Сонымен бірге видео курстар да жүргізеді екенсіз... Ол идея қайдан келді?

- Видео-курстар жайлы идея осыдан бес жыл бұрын келді. Желідегі оқырмандардың көпшілігі басқа қалалардан болғандықтан, олар менің шеберлік сабақтарыма қатыса алмағандықтан, онлайн-дәрістер өткізуді сұрады. Қазір көптеген келіншектер сол курстарға қатысып, өз істерін дөңгелетіп отыр.

- Осы кәсібіңізбен табыс тауып отырсыз ғой... Құпия болмаса, қанша табыс табасыз? Тәттілерге тапсырыс көп түсе ме?

- Бұл кәсіптен пайда бар, адамның өзінің жасаған еңбегіне қарай. Бұл кәсіптен 500 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін табыс табамын. Қазір көбінесе тапсырыстан бұрын, видео-курстарға көбірек уақыт бөліп жатырмын. Тапсырысты тек қолым босаған кезде ғана аламын.

- Сарай тәрізді әдемі торттарды да жасап үйреніп жүрген сияқтысыз... Оның нәтижесі қалай болып жатыр ? Ондай торттарға тапсырыс бар ма? Жалпы оны әзірлеу үшін қанша уақыт керек?

- Сарай тәрізді әдемі торттарды жасауды жақында оқып келдім. Әзірге нәтиже көрсететіндей уақыт болған жоқ. Әрине ондай торттарды жасау ойымда бар. Жалпы олар бізге енді-енді келіп жатыр. Тапсырыстар болашақта болады деген сөз.

Ондай торттарды әзірлеу бірнеше күнді қажет етеді. Өйткені ол тортты тек бір адам жасау үшін, күн-түн демей жұмыс істеу керек.


Cұхбат 10 қазан 2019 г. 2 278 0