« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Талғамы терең, талабы мықты жастарды біріктіретін жастар ұйымдарының бірі – «Jas Otan» Жастар қанаты. Олардың мақсаты жарқын болашаққа жол салу. Еселі еңбек пен инновацияны қалайтын жас көшбасшылар қандай жобаларды жүзеге асыруда? Бұл туралы «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілеспен әңгімелестік.
– Талғат Оспанұлы, алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы жайында пікіріңізбен бөліссеңіз...
– Мемлекет басшысы Жолдауда жастар мәселесіне кеңінен тоқталып, нақты жұмыстар атқарылуы керек екендігін тапсырды. Алдымен, сапалы білім мәселесін ерекше атап өтті. Иә, қазір аты бар, бірақ базасы дұрыс жасақталмаған, сапалы білім беруге мүмкіндігі жоқ оқу орындары кездеседі. Бүгінде жастардың заман талабына сай білім алуына екі мәселе кедергі келтіруі мүмкін. Алғашқысы, оқу орындарында білімнің дұрыс берілмеуі, екіншісі – сыбайлас жемқорлық. Жолдаудан туындаған міндеттер бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен республикалық «Jas Otan» Жастар қанаты меморандумға отырды. Меморандум аясында адалдық алаңдарымен бірлесіп жұмыс жүргізілуде. Ал, біздің облыста «Таза сессия» жобасы бойынша Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенттері мен магистранттарынан 276 сауалнама алынды.
Қазір жастар санасындағы «пара бермесек, мәселе шешілмейді» деген стереотипті жою маңызды болып тұр. Оңтүстік Африкадағы іргелі бір оқу орнына кіреберісте мынадай жазу бар екен. «Егер бір мемлекетті жойғың келсе, білім беру жүйесін бұз, ал жастарын жойғың келсе, олардың бір-бірінен көшіруіне рұқсат бер». Сондықтан емтихандардың әділ болуына, жалпы оқу орнындағы сыбайлас жемқорлық мәселесіне қатты мән беруіміз керек.
Жуырда, әлеуметтік желіде белгілі бір оқу орнына қатысты студенттердің пікірі жарық көрді. Олар жазбада жаңа оқу жылы басталғалы сабақ беруге келмеген оқытушылар бар екендігін айтқан. Мұны көрген соң «Ақмешіт адалдық алаңымен» бірлесіп, дереу әлгі оқу орнына арнайы барып, қоғамдық бақылау жүргіздік. Сол кезде білім базасына, студенттердің сабаққа қатысуына байланысты олқылықтың бар екенін анықтадық. Тіпті мұнда студенттердің спортпен шұғылдануына жағдай жасалмаған. Сондықтан бұл оқу орны туралы аналитикалық ақпарат білім бақылау департаментіне жолданды.
– Облыстық «Jas Otan» ЖҚ ұйымдастыруымен «Jastar Otanga» еріктілер мектебі жасақталуда. Бұл келесі жылға дайындық болар...
– Иә, Президент алдағы жылды «Волонтер жылы» деп атау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл жұмысымызды келесі жылға дайындық деуге де болады. Қазір жастардың барлығының саяси сауаттылығы жоғары деп айта алмаймыз, кейбірінде саяси иммунитет жоқ, керітартпа әңгімелерге, сыртқы күштердің әсеріне сеніп қалып жатады. Сондықтан, саналы иммунитет қалыптастыруды алдыңғы орынға қойып отырмыз.
Екі апта көлемінде «Jas Otan prasеntation» жиынын барлық оқу орындарында өткізген едік, қазірдің өзінде 350 жастан ұсыныс түсті. Тіпті, студенттерден өзге жас мамандар да қатысуға ынталы. Әлі де 10 күндей уақыт бар, сондықтан жастардың бақ сынап көруіне болады. Біз соның ішінде 100 жасты таңдап алатын боламыз. Айта кетейік, бұл – республикалық емес, тек облыстық «Jas Otan» ЖҚ-ның инициативті жобасы.
Еріктілер мектебінің арнайы тұжырымдамасы да бар. Тұжырымдама бойынша оқыту 4 кезеңнен тұрады. Біріншісі, «Persona» кезеңінде тұлға ретінде қалыптасу, психология, өзін-өзі дамыту, имидж қалыптастыру бағытында білім алса, «Жүрек» кезеңінде еріктілікке бейімделу, көшбасшылық қасиетті дамыту, тайм-менеджментке дағдылану, үшіншісі «Саяси көзқарас» басқарушылық қабілетті жетілдіреді. Ал, «Даму» бағыты SMM, копирайтинг, тілдік курстардан тұрады. Осы кезеңдер аяқталғаннан кейін біз жастарға мынадай мүмкіндіктер ұсына аламыз: үш ерікті жасты «Nur Otan» партиясының кадрлық резервіне енгіземіз, үш еріктіге республикалық «Jastar Otanga» лагеріне, екі еріктіге «Nur Otan» партиясының саяси менеджмент мектебінде оқу жолдамасын береміз. Сондай-ақ екі еріктінің «Jas Otan» Жастар қанатының V сьезіне қатысуына ықпал жасап, барлық қатысушыларға сертификат табыстайтын боламыз. Сабақты әр аптаның жұма, сенбі күндеріне қойып отырмыз. Мұнда 6 ай бойы қоғамға танымал тұлғалар, белгілі сала мамандары жастармен кездесу өткізетін болады. Айталық, қазан айының соңында «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы «IС-GROUP» корпорациясының директоры, бизнес-мотиватор Ларион Лянды шақырмақшымыз. Ол еріктілер мектебіндегі жастармен қатар, Н.Бекежанов атындағы қазақ-музыкалық драма театрында жұмыссыз, маргинал жастармен кездесу өткізетін болады. Ларион Лянның бір кездері тұрмыстық жағдайы төмен болған, сондықтан оның жетістікке жету жолы жастарға қызық деп ойлаймын.
– Қазір елімізде шағын және орта бизнеске қолдау күшейді. Бір жыл бұрын кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен бірге «Самға» жобасын бастаған едіңіздер. Жоба нәтижелі болды ма?
– Бүгінде «Самға» жобасына қатысушылардың барлығын «Атамекен» қолға алған «Жас кәсіпкер» жобасына бағыттадық. Неліктен? Екі жобаның да мақсаты бір және ол жақта ең бастысы қаржы қарастырылған.
«Самға» жобасында байқағанымыз, жастар кәсіп ашу үшін екі негізгі бағытта келді, бірі мал шаруашылығын дамыту болса, бірі білім орталықтарын ашу. Біздің жоба үйлестірушіміз кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен бірлесіп, 35-тен астам жастың оқуына жағдай жасады. Пилоттық жоба келесі жылы да жалғасатын болады. Себебі, кәсіп бастарда көптеген жастарға заң тұрғысынан көмек керек. Кейбір дипломы бар жастардың арасында кәсіпкерлер үйінің, жұмыспен қамту орталығының қай жерде екенін білмейтіндер бар. Сондықтан оларға ақпараттық қолдау көрсетеміз, екіншіден кәсіпті әрі қарай жүргізуіне мүмкіндік жасаймыз.
– Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл орайда сіздер қандай жұмыс атқарудасыздар?
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсаты құстың логотипін қойып, шара өткізу емес. Жобаның мақсаты ата-бабаларымыздың тарихын таныту, бүгінгі буынның бойында рухани серпіліс жасау. Өткенде бір ағамыз қазіргі жастардың бойындағы ең жақсы қасиет прагматик екенін айтып қалды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында прагматизм деген бағыт бар. Расымен, қазіргі жастар өзіне керек дүниені жақсы біледі, соған тез бейімделеді, ал өзі қызықпаған дүниеге уақыт жоғалтпайды.
Рухани жаңғыру бір ұйымның ғана атқаратын жұмысы емес, ол түйсікпен келетін дүние. Қазір аудандарда еңбек лагері өткізілуде. Лагерь жұмысы Арал, Қазалы аудандарынан басталды. Ал, 4-5 қазанда Қызылорда қаласында ұйымдастырылмақ. Аталған бағдарламаны біз қалай насихаттаудамыз? Бүгінде атқа отыруды, асық атуды, домбыра тартуды, ет жіліктеуді білмейтін жастар бар. Ауылдық жердің өзінде қыздар сиыр сауу мен құрт жасауды білмейді. Бұрынғы дәстүрден қол үзіп қалдық. Біздің бабаларымыз дала академигі, дала медицинасының докторы болған деп айтар едім. Атқа мінудің өзі қаншама дертке шипалы, қазақтың жеті атадан қыз алыспайтын ұстанымының өзі ұрпақтың сан кеселге ұшырауының алдын алатын. Сондықтан, лагерьде жастардың ұлттық ойындар мен дәстүрлерді танып білуі үшін сайыстар ұйымдастыратын боламыз.
Лагерьдің ерекшелігі бұл жолы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жұмыспен қамту орталығы, «Даму» қорымен бірлесіп 50 маргинал жаспен түрлі бағытта жұмыс істейміз. Мақсатымыз – олардың жыл соңына дейін жұмыс табуына көмектесу, кәсіпке бейімдеу. Өйткені, олардың бәрі жұмыссыз. Кезінде облыс әкімі болған Қырымбек Көшербаев «сендер белсенді жаспен жұмыс істей бермеңдер, олар онсыз да қылмыс жасамайды, олардың өз бағыты, мақсаты бар. Одан да неге жұмыссыз жастарға көңіл бөлмейсіңдер?!» деп жиі айтатын. Сондай-ақ, лагерьде жастарды «Абзал и К» ТС-ға және жаңадан ашылған цехтарға апаратын боламыз. Мұндағы ойымыз, техникалық мамандықтардың да ештеңеден кем емес екенін көрсету. Қазір май-май болып жүрген ешкім жоқ, бұл техниканың дамыған заманы, жастар осыны түсінсе дейміз.
– Жаңа оқу жылы басталды, жасотандықтар қатары көбейген болар. Жалпы «Jas Otan» -ның жобалардан өзге, негізгі бағыттары қандай?
– Жас Отанның негізгі мақсаты жастардың басын біріктіру, қоғамдағы жаңа саяси процестерге жастарды бейімдеу, саяси көзқарастарын қалыптастыру, Елбасы саясатын жастар арасында насихаттау. Партияның жастар қанаты болғандықтан, жастар мәселесін тыңдау, оны жергілікті билікке жеткізу. Иә, қазір жасотандықтар қатары әртүрлі сала мамандарымен, студенттермен толығып жатыр. Айта кетерлігі, қазір «Оян, қазақ!» деп атқарылып жатқан жұмысқа керітартпа ой айтып, ұрандап жүрген жастар бар. Ондай арзан популизмге салынуға, арзан популизмге салынған жастарға еруге болмайды.
– Сөзімізді қорытындыласақ, тәуелсіз елдің жастары қандай болуы керек?
– Тәуелсіз елдің жастары, біріншіден, тәрбиелі болуы керек. Ядролық қару білімді адамдардың жетістігі, бірақ соның әсерінен адамзат үлкен жапа шекті. Сондықтан, замандастарым – біріншіден, тәрбиелі, екіншіден, білімді, үшіншіден, бәсекеге сай болса деймін. Шәкәрім ақын айтқандай, әр адам өзімен алысуы керек. Сондай-ақ, әр жастың бойында, ол кәсіпкер болсын, ол құрылысшы, домбырашы болсын, өз мақсатымен қатар, тәуелсіздікті баянды ету мақсаты болғаны дұрыс.
Әңгімелескен
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |