« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жер – біздің ортақ байлығымыз. Табиғат ананың бізге берген теңдессіз сыйын бүгінгі ұрпақ қалай қадірлеп жүр? Асты мен үсті түрлі қазба байлыққа толы ұлан-асыр жер учаскелерінің игерілмей жатуы сырт көзге сын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталды. Тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі оны игермей, босқа ұстап отырғанына баса назар аударды. «Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс» деп атап өтті. Бұл бағытта біздің өңірде қандай жұмыстар жасалуда? Газет тілшісі облыстық жерді пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Қайрат Тоғызбаевпен сұхбаттасқан еді.
– Қайрат Әбенұлы, мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқына ие болғандардың көбі оны игермей отыр. Басқарма тарапынан оларға қандай шаралар қолданылады?
– Облыс көлемінде жердің пайдалануы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жүйелі түрде ұйымдастыру мақсатында бірқатар іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Жыл басынан бері жалпы көлемі 605,2963 гектар жер учаскелеріне 276 бақылау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 204,8563 гектар жер учаскелерінде 204 субъект тарапынан 246 құқық бұзушылық дерегі анықталды. 19 дерек бойынша 2097,313 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, 35 ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Салынған айыппұлдың 1651,813 мың теңгесі мемлекетке өндірілді. Қалған 445,5 мың теңге айыппұлды өндіру бағытында тиісті шаралар атқарылуда.
– Жер учаскелерін пайдаланбағандарға салынатын салық мөлшері де жоғарылай ма?
– Иә, әрине, жер учаскелерін пайдаланбаған және ҚР заңнамасын бұзған тұлғалар туралы мәліметті біз облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне жолдап отырамыз. Айталық, өткен жыл мен биылғы І жарты жылдың қорытындысы бойынша, жалпы көлемі 6609,5153 гектар болатын 230 жер учаскесінің салық мөлшерін жоғарылату туралы ұсынысты жеткіздік. Кірістер департаментімен бірлесе тиісті шаралар жасалды. Былтыр берілген нұсқамалар қорытындысымен 1267,4 мың теңге қосымша салық есептелді. биыл берілген нұсқамалар бойынша жоғарылатылатын қосымша салық мөлшерін есептеу жұмыстары жүргізілуде.
– Ауыл шаруашылығы жерін мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы жұмыстарға тоқталып өтсеңіз...
– Тамыз айында ҚР Президентінің қатысуымен өткен кеңесте мақсатсыз немесе заңнаманы бұзып пайдаланған жерді алып қою, оларды жыл соңына дейін ауылшаруашылық айналымына енгізуді қамтамасыз ету тапсырылған. Осыған сәйкес, мемлекет меншігіне қайтаруға бақылау күшейді. Жыл басынан бері 10053 гектарды құрайтын 39 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.
– Облыста жердің пайдалануы мен қорғалуына мемлекеттік бақылау саласында қаншалықты мониторинг жүргізіледі?
– Жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылау жөніндегі функциялардың іске асырылуы бойынша есептіліктің болмауынан атқарылған жұмыстарға талдау жасау мүмкін болмай тұр. Мәселені шешу мақсатында мониторинг жүргізу үшін «ZemControl» электрондық платформасын енгізу жобасы әзірленіп, облыстық кеңесте қолдау тапты. Бүгінде оның жүйесі әзірленіп, осы жылдың 1 шілдесінде жоба толық іске қосылды.
Соның нәтижесінде өңірімізде жерді пайдалану мен қорғалуына мемлекеттік бақылау жөніндегі функциялардың іске асырылуына еңбек ресурсын аз пайдалана отырып, тұрақты түрде талдау жасауға және есеп жүргізуге мүмкіндік туады. Проблемалық мәселелерге де талдау жасалып, дер кезінде шешілуіне қол жеткізіледі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |