« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ел игілігі үшін жүзеге асып жатқан бағдарламалардың халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, экономиканы көтеруге септігі зор. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жұмыссыздықты азайту мақсатында халықтың шағын кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасалған. Бағдарлама аясында жұмыссыз азаматтардың кәсіппен айналысуы үшін жеңілдетілген несие алуына да мүмкіндік бар. Бұл мақсатта несиелендіру жұмыстары «Байқоңыр (Байконур)» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы жүзеге асып келеді. Облыста бұл мақсатта 2011-2016 жылдарға республикалық бюджеттен 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Мақсаты айқын қаржыны облыс тұрғындары қалай жұмсады, қайтарымы қандай деген сауалдарды аталған акционерлік қоғамның мемлекеттік бағдарламалармен жұмыс жасау бөлімінің бас менеджері Серік Жаңабаевқа қойған едік.
– Жақында «Байқоңыр (Байконур)» ӘКК» АҚ облыс тұрғындарына таратылған несие қаражаттарын өсімпұлсыз қайтаруға мүмкіндік берілгенін хабарлап, акция жариялады. Ең алдымен несиелендіру мақсатына тоқталсаңыз?
– «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында аймақтық өкілетті мекеме ретінде «Байқоңыр (Байконур)» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына 2011-2016 жылдары аралығында республикалық бюджеттен 5 млрд 187,6 млн теңге бөлінді. Ондағы мақсат – халықтың жұмыссыз бөлігін жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту. Бұл жұмыссыз азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Жұмыс жоқ, кәсіп бастауға қаржы жоқ дейтіндер үшін бағдарлама аясында жеңілдетілген процентпен несие берілді. Ал әрі қарай еңбек ету әрбір адамның өзіне байланысты. Мемлекет еңбек етемін дегенге барынша жағдай жасауда. Соның бір дәлелі – осы бағдарламаның жүзеге асуы.
Аталған қаражат 145 несие ұйымына (оның ішінде 129 несие серіктестігі және 16 шағын несие ұйымы) конкурстық негізде таратылды.
– Бүгінгі күнге «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында қанша адам несие алды?
– Облыс тұрғындарын несиелендіру қорытындысымен 2145 адам несие алып, шағын кәсіпкерлер қатары артқан. Нәтижесінде 2676 адам жұмыспен қамтылды. Бұл елдегі жұмыссыздықты азайтуға бірден-бір сеп. Сонымен қатар ел экономикасын дамытудың көзі шағын кәсіпте десек, аймақ тұрғындарының мүмкіндікті пайдаланып, кәсіппен айналысуға ынталануы қуантады.
– «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие беруде облыс тұрғындарына қандай жеңілдіктер қарастырылған?
– Біріншіден, несие алушылардың басым көпшілігі – қалалық немесе аудандық жұмыспен қамту орталықтарында жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрғандар. «Байқоңыр (Байконур)» ӘКК» АҚ арнайы комиссия құрамымен бірлесе отырып несие алушылардың конкурстық құжаттарын қарап, жеңімпазды анықтайды. Несие алуға үміткерлер бизнес жоспарларын тапсырады. Комиссия шешімімен конкурс жеңімпаздары анықталып, құжатта көрсетілген несие қаражаты табысталады. Несие 3 000 000 теңгеге дейін, 4,27 процентпен 60 айға беріледі.
– Несие қаражатының әрі қарай мақсатты жұмсалуына бақылау болады ма?
– Бағдарлама аясында несиелендірілген несие ұйымдарының қаражатты мақсатты жұмсалуын бақылау негізінде акционерлік қоғам тарапынан мониторинг жүргізіледі. Жүргізілген мониторинг кейбір несие ұйымдары мүшелерінің берілген қаражатты мақсатсыз жұмсап, мемлекет қаражатын талан-таражға салған фактілерді анықтады.
Сонымен қатар, несие алып бастаған кәсіптерін әрі қарай жүргізе алмаған жағдайлар да бар. Бұл несиені алуға асыққанмен, мақсатты жұмсауға келгенде әлде де жауапкершілік төмен екенін байқатады. Қағаз жүзінде мақсатын айқын көрсетіп, қаражат қолға тиген соң той-томалаққа, тағы басқа негізсіз жұмсағандардың ісі жауапсыз қалмайды. Себебі, мемлекеттің әрбір тиынының сұрауы бар. Алайда мұны түсінбейтіндер де кездеседі. Елдің ішінде кәсіп етіп, еңбек етуден гөрі дайынға, тегінге ие болғысы келетін масылдық психологияның әлде де жойылмағаны қынжылтады.
– Акция жариялағандарыңызға қарағанда, несиені қайтаруда мәселе бар сияқты?
– Жоғарыда атап өткендей, несие қаражаттары белгілі бір процентпен берілген. Демек, қаражат қайтарымды негізде берілген. Бағдарламаға қатысушылар мұны жақсы біледі. Алайда, тағы да жауапкершіліктің төмендігі осы несиенің қайтару деңгейінен байқалады.
Бағдарлама бойынша барлығы 5187,6 млн теңге таратылған болса, оның негізгі қарызы бойынша 1859 млн теңгесі ғана қайтарылған. Бүгінгі күнге несие ұйымдарының қарызы 3258,9 млн теңгені құрап отыр.
Қарызы қомақты бірқатар несие ұйымдарына қатысты «Байқоңыр (Байконур)» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы сотқа талап арыз берді. Талап арыздар негізінде 50-ге жуық несие ұйымдарына қатысты сот шешімі шығып, сот орындаушыға жолданған. Сондай-ақ, облыстық кірістер департаментіне 100-ден астам несие ұйымына қатысты арыз жолданып, тергеп-тексеру нәтижесімен 2 несие ұйымынан 2 адам сотты болды.
Бірқатар несие ұйымының басшыларына қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қарызды өндіру барысында сот орындаушылар кейбір соңғы несие алушылардың атындағы мүліктеріне тыйым салып, олар қазір өз мүліктерін қажетті мақсатта пайдалана алмауда.
Сондай-ақ, азаматтардың есепшоттарына банктік бұғаттау қойылып, айлық, зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақыларынан 50 процентке дейін ұсталуда.
«Байқоңыр (Байконур)» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің шешімімен «Қарызды өсімпұлсыз төле» атты акция жүруде. Акция бойынша несие ұйымдары «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында алынған несие қарыздарын 01.09.2019 бен 31.12.2019 жыл аралығында төлеген жағдайда, төленген сомасына сәйкес өсімпұлдар алынып азайтылатын болады.
Сондай-ақ, акционерлік қоғам «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында қалыптасқан қарыз сомаларын төлеуге арналған «Қазпочта» АҚ-ның облыс бойынша барлық бөлімшелерінен арнайы ашылған есепшотын ұсынады.
Бұл акция өз кезегінде тұрғындардың несие қаражаттарын өсімпұлсыз төлеуіне тікелей бағытталатынын айта кеткен жөн. Осы акцияны оңтайлы пайдаланудың маңызын ескерте отырып, қарызды өсімпұлсыз қайтару айтарлықтай жеңілдік екенін хабарлаймыз.
– Президенттің халықтың белгілі бір санатының несиесін кешіруі халыққа әсер етпей ме, яғни қарызымыз кешіріліп қалар деп үміттеніп төлемей отырғандар да бар шығар...
– Халыққа осы мәселені газет арқылы ашық айтайын. Несие алушыларға бұл жеңілдіктің қатысы жоқ. Бағдарламамен алған несиенің қайтарымы бар және ол қаражат республикалық бюджетке кері қайтуы тиіс. Сондықтан, бұдан бөлек жеңілдік күтпей акцияны пайдаланып қарызды қайтарған жөн.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |