Құнды деректердің алтын қоры

«Кім ақпаратқа ие болса, сол әлемді билейді» демекші, ақпараттық дәуірде оны басқару, пайдалану ісінің мән-маңызы айрықша. Өткен кезеңнің бай қазынасы мен бүгінгі күннің құнды деректерін келер ұрпаққа жеткізу, ғылыми айналымға қосу жаңашылдықты талап етеді. Бүгінгі күні архивтер – халық жадының сақтаушысы ғана емес, тарихи сананы қалыптастырудың, патриоттық, рухани тәрбие берудің маңызды бір құралы. Мемлекеттің кешегі және бүгінгі тарихының алтын қоры – архив жұмысының аяқалысы туралы газет тілшісі облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира  Әбуовамен әңгімелескен еді.

–    Мира Рахымжанқызы, еліміз туралы ауқымды әлеу­мет­тік-экономикалық, саяси, ғылыми, мәдени ақпараттарды жинап, идеологиялық мәні жоғары деректердің алтын қорын жасақтап отырған  ме­ке­менің жуапкершілік жүгі ауыр. Облыста қанша архив мекемесі бар? Олардың қызметі қандай? 

–    Архив қызметіне қоғам­ның әлеуметтік, экономи­калық, мәдени жадын сақтау жүктел­гендіктен бұл салада соңғы уақытта көптеген ауқымды істер атқарылды. Онда сақталатын ақпарат мемлекеттің қоғамдық-саяси, экономикалық-мәдени да­муында ерекше орын алады. Облыста  11 архив мекемесі бар. Барлық архивтерде 800 мыңға жуық құжат сақталған.

–    Кезінде аудан архив­тері­нің жағдайы мәз емес болатын. Бүгінде барлығы заман талабына сай қызмет жасайды. Қазір салада қандай мәселелер бар? 

–    Біз ескіліктен жыл са­йын арылып келеміз. Бірінші ке­зекте аудандық архивтерді айт­пай кетпеуге болмайды. Рас, осы уақытқа дейін кей­бір аудандық ар­хивтер ескі ғимараттарда ор­на­ласып, қоймаларымыз ша­ма­­дан тыс толып, мекемелерден құжат жинақтау мүм­кіндігінен айырылған болатын­быз. Аймақ басшысына мәселені ашық қойып, орын алған қиын­­шылық­тарды айттық. Соңғы 5 жылда 6 аудандық архив ғимараты жаңартылып, кеңейтілді. Саланың аса маңыздылығын ескерген басшылар 2018 жылдың қаңтар айында облыстық мемлекеттік архивті заманауи үлгідегі жаңа ғимаратқа көшірді. Ғимарат құ­жаттарды эвакуациялайтын қойма­лармен, заман талабына сай архивтік құрылғылармен, авто­матты түрдегі өрт сөндіру қондырғыларымен, заманауи жел­деткіш жүйелерімен, реставра­циялық жұмыс бөлме­лерімен, қор сақтау қоймалары мо­бильдік стеллаждармен қам­­тамасыз етілген. 2014 жылы Байқоңыр қаласынан қа­зақ­­стандық мекемелердің құжат­тарын жинақтау үшін архив ме­кемесі ашылды. Ұлттық архив қорының толықтыру көзі – мемлекеттік және мемле­кеттік емес мекемелердің ведомство­лық архивтеріндегі құжат­тар­дың қалыпты жағдайда рәсім­деліп, мемлекеттік сақтауға өтуі  маңызды мәселелердің бірі. Қазіргі таңда сала мамандары жинақтау  көзіне енген облыстағы 934 мекемемен тығыз жұмыс жасауда.

–    Сыр өңірінің тарихына қа­тысты зерттелмеген құжаттар бар ма? 

–    Сыр өңірі тарихына қа­тысты зерттелмеген тың құжат­тар Ресей Федерациясының Орынбор, Москва, Санкт-Петербург мемлекеттік архив­терінде, Татарстан, Өзбекстан Рес­­публи­каларының Орталық мем­ле­кеттік архивтерінде сақтал­ған. Еліміздің біртуар азаматтары, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Т.Жүргеновке қатысты құжаттар Өзбекстан, Тәжікстан Республикаларында, М.Шоқай туралы деректер Франция, Германия,Түркия елдерінің архивтерінде сақталуда.

–    Оларды елге қайтару мақсатында жұмыстар жасалып жатыр ма?

–    Тарихи жәдігерлерді түген­деп,  елге қайтару мақса­тында осы жыл ішінде Ресей Федерациясының Орынбор, Москва мемлекеттік архивтеріне іссапар ұйымдастыру және олардан құжат көшірмелерін алу жос­парланып отыр. Осы сұх­батты пайдалана отырып, «Жастар жылы» аясында  «Жас архив­шілер» конкурсының 24-25 қыр­күйек күндері Қызылорда қала­сында өтетінін айтқым келеді.

–    Қазіргі цифрландыру дәуірінде барлық іс- қағаздармен көрсетілетін қызмет түрлері электрондық нұсқаға өтуде. Бұл бағытта басқарма қорындағы құжаттардың ақпараттық жүйесі қаншалықты талапқа сай? 

–    2010 жылдан бері  «Электронды архив» бағдарламасы ен­гізіліп,  архивтік құжаттар цифр­лық форматқа көшірілуде. Барлық архив мекемелері серверлермен және жоғары жылдамдықтағы сканерлермен толықтай жаб­дықталған. Осы уақытқа дейін  құжаттардың 20 проценті сандық форматқа өтті.   Сонымен қатар, арнайы ақпараттық жүйе архив құжаттарын электронды түрде пайдалануға толық қолжетімділікті қамтамасыз етіп келеді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша «Кітап­хана қорларын цифрландыру» жобасы аясында  8146 кітап  (1 798 320 парағы), «Электронды архив» ақпараттық жүйесі бойынша 11 5879 сақтау  бірлігінің (істердің) 1670815  парағы сандық форматқа көшірілді.

Әңгімелескен

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

«Сыр бойы».

Cұхбат 17 қыркүйек 2019 г. 1 095 0