« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша міндеттер белгіледі. Әлеуметтік жағдайды жақсартуда тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымның тиімді жұмысына баса назар аударылатынын айтқан болатын. Сыр өңірінде инфрақұрылым жүйесін жақсарту бағытында ауқымды тірліктер атқарылуда. Соның ішінде газдандыру жүйелі жалғасуда. Қарқынды жұмыс нәтижесінде 2022 жылға қарай облыс халқының 70 проценті «көгілдір отынға» қосылу мүмкіндігін алады. Бұл жаңалықты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин сұхбат барысында айтты.
– Бір кездері «көгілдір отын» игілікке жарайтынына күмәнмен қарағандар енді шалғай елді мекендерге қашан келер екен деп тағатсыздана күтіп жүргені рас. Биылдың өзінде қалаға қарасты Қарауылтөбе елді мекеніне және бірнеше аудан орталығына көгілдір отын жетті. Облыс бойынша газдандыру жұмысы жайында айтып өтсеңіз...
– 2015 жылға дейін Қызылорда қаласы ғана газдандырылған болса, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры құрылысы аяқталғаннан кейін аудандарға «көгілдір отын» жеткізуге мүмкіндік алдық. Осыған орай 2015 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен меморандум жасап, нәтижесінде Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудан орталықтары мен Байқоңыр қаласын газдандыру жұмысы жүргізілді. Сол жылы газдандыру үлесі халық санымен есептегенде 34 процентті құраса, 2016 жылы 63 процентке жетті.
Аймақты газдандыру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында республика және облыс бюджетінен қаржы бөлініп, қалған 3 ауданды газдандыру жұмысы жүргізілді. Қармақшы ауданында автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы өткен жылы аяқталса, Сырдария, Жалағаш аудандарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табуда. Сырдария ауданында автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы өткен жылы басталып, бүгінде қабылдау жұмысы жүргізілуде. Әрі қарай кентішілік газ құбырларын жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінді.
Атап айтқанда, Жосалы кентіне ішкі газ құбырларын жүргізу жобасының жалпы құны 3 млрд 730 млн теңге құраса, оның 718,9 млн теңгесі республикалық бюджеттен, ал облыс қазынасынан 79,9 млн теңге бөлінді. 2020 жылға осы жұмыстарды жалғастыруға республикалық бюджеттен 2 млрд 638 млн теңге бөлінсе, облыстық бюджеттен 293,1 млн теңге қаржы қаралды. Бұл жоба 2020 жылы толығымен аяқталады.
Сонымен қатар Тереңөзек кентіне ішкі газ құбырларын жүргізуге жұмсалатын қаржы 2 млрд 442 млн теңгені құраса, биыл республикалық бюджеттен 525,6 млн теңге, облыстық бюджеттен 58,4 млн теңге бөлінді. Келер жылға республикалық бюджеттен 1 млрд 672 млн теңге қаралды. Жалағаш кенті бойынша жобаның жалпы қаржысы 3 млрд 592 млн теңге, биыл республикалық бюджеттен 1 млрд 369 млн теңге, облыстық бюджеттен 152,1 млн теңге бөлінді. Келер жылға 1 млрд 863,9 млн теңге республикалық бюджеттен және 207 млн теңге облыс бюджетінен қаралып отыр. Аталған аудандарда жыл соңына дейін бірінші әлеуметтік нысандар газға қосылатын болады. Ал, толығымен газдандыру 2020 жылы жүзеге асады.
Облысымызда тіректі елді мекендерді газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Арал ауданы Жақсықылыш елді мекеніне газ жеткізуге жұмсалатын қаржы 765,9 млн теңгені құраса, биыл республикалық бюджеттен 389,3 млн теңге бөлінді, ал келер жылға бұл жобаға республикалық бюджеттен 300 млн теңге қаралып отыр. Мұның барлығы Үкімет басшысы бекіткен «Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған» кешенді даму жоспарында бар. Сондай-ақ кешенді жоспарға қала маңындағы Ж.Махамбетов ауылы мен «Наурыз» шағын ауданы, Қармақшы ауданынан Төретем, Ақай, Арал ауданынан Сексеуіл кенті және Қазалы қаласын газдандыру да енген. Бұл 2019-2022 жылдар аралығында жүзеге асырылады.
2022 жылы жоба толығымен жүзеге асқанда облыс халқының 70 проценті табиғи газға қосылады.
– Қала іргесіндегі «Наурыз» шағын ауданы тұрғындары да газ қашан келер екен деп елеңдейді...
– «Наурыз» шағын ауданы мен Махамбетов ауылын газдандыру үшін жоба-сметалық құжаты мемлекеттік сараптаманың қарауында. Бұл жобаның техникалық ерекшелігі бар. Бізде газ құбырларының барлығы Сырдария өзенінің оң жақ жағалауында. Биыл оң жағалаудан сол жағалауға дарияның астымен газ өткіздік. Ең алдымен бұл аумаққа газ жеткізу үшін қаланы «көгілдір отынмен» қамтамасыз етіп отырған «АГРС-1» газ тарату станциясын кеңейту жобасын қарадық. Сонымен қатар Шиелі ауданында 5 елді мекен, атап айтқанда, Бекежанов, Қодаманов, Алғабас, Байсын, Бидайкөл елді мекендерін және Қазалы ауданы Ғ.Мұратбаев ауылына «көгілдір отын» жеткізуге мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды, мұны 2020 жылы жүзеге асыру жоспарлануда.
– Соңғы кездері «көгілдір отын» сапасы жайында түрлі пікірлер бар. Әдепкідей емес, жылуы азайды, ауа айдайды дегендей. Жалпы, газ сапасы туралы не айтасыз?
– Тұрғындар тарапынан мұндай пікірлерді естіп жүрміз. Бір ескеретіні, газға ешқашан ауа айдамайды. Ауа қосылса, жарылыс болады. Қызылорда қаласына газ «Ақшабұлақ-Қызылорда» магистральды газ құбыры арқылы келді. Бұл магистральдан қалаға сағатына 50 мың текше метр газ береді. Ал қыс мезгілінде қалаға қажетті көгілдір отын сағатына 110-120 мың текше метр. Яғни, бұл жетпегендіктен «АГРС-2»-ні салдық. Бұл газ тарату станциясына «көгілдір отын» «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан келеді. Екеуінің айырмашылығы – Ақшабұлақтан келетін ілеспе газдың құрамында пропан көп, ал батыстан келіп жатқан табиғи газдың құрамында пропан аз. Жалпы, стандартқа сәйкес келеді. Әдепкіде ілеспе газды пайдаланған тұрғындар табиғи газ құрамындағы сәл айырмашылықты байқап, түрлі пікірлердің туындауына себеп болса керек. Бір сөзбен айтқанда, «көгілдір отын» сапасында ешқандай мәселе жоқ.
– Сол жағалауды газдандыру жұмысына тоқталып өтсеңіз...
– Сол жағалауды газдандыру жаз мезгілінде толығымен аяқталды. Мұндағы әлеуметтік нысандар орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Ал, алғашқы көпқабатты 14 үйге жеке газ пештері орнатылды, қалған үйлер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.
– Әдетте көпқабатты үйлерге газ пешін орнатуға рұқсат берілмейді, жаңа үйлерде бұл қалай жүзеге асуда және қаншалықты қауіпсіз?
– Көп көкейіндегі сұрақ екенін білемін. Бұл көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Салыстырмалы түрде айтайын, оң жағалаудағы көпқабатты үйлер уақытында орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етуге есептеліп салынған. Сол себепті бұл үйлерге газ пешін орнату қауіпті екені анық. Ал сол жағалаудағы үйлер әр пәтерге жеке газ пешін орнатуға арналып салынған. Мәселен, мұнда әр үйде желдеткіш шахта бар. Бір сөзбен айтқанда, үй құрылысын жобалау барысында газ пешін орнату үшін тиісті қауіпсіздік талаптары толығымен сақталған.
Әңгімелескен
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА,
«Сыр бойы».
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |