Сапалы әрі қолжетімді қызмет кепілі

  Келер жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Жаңа жүйені енгізуге байланысты дайындық жұмыстары 2017 жылдан басталды. Осы уақыт аралығында қаншама ауқымды жұмыстар атқарылды, әлі де жалғасуда. Жалпы МӘМС-тің артықшылықтары қандай, ол бо­йынша медициналық көмек қалай көрсетіледі, жаңа жүйемен жұмыс істеуге сақадай саймыз ба? Газет тілшісінің осы және басқа да сұрақтарына облыс бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Руслан Бектубаев жауап береді.

– Руслан Фаризунұлы, МӘМС дегенде ең алдымен нені айтамыз? 

– Қазақстандықтардың ден­саулық жағдайына зерттеу жүргізгенде, біз  жақсы динамиканы байқадық. Өмір сүру ұзақтығы, ана мен бала өлімі сияқ­ты негізгі көрсеткіштер жақсаруда. Сонымен қатар, аурулар құрылымы өзгеруде. Осыған орай медициналық қызметтерді тұтыну көрсеткіші өсуде. Мәселен, бірінші орынға созылмалы аурулар шығады, бұл артерия­лық қысымды төмендету үшін жаңа дәрі-дәрмектерді, қандағы қантты бақылау, онкологиялық ауруларды емдеу бойынша жаңа технологияларды талап етеді. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін айтарлықтай арттыруға көмектесуі тиіс.

– Аударымдар мөлшері нақты бекіді ме? Әлеуметтік әлсіз санаттағы тұрғындарды медициналық қызметтермен толық қамтамасыз ету үшін қандай жағдайлар қарастырылған?

– 2018-2020 жылдарға бел­гіленген МӘМС жарналары мен аударымдарының мөлшері бо­йынша жұмыс берушілер (оның ішінде ЖК мен ШҚ иелері өз жұмыскерлері үшін жұмыс беруші ретінде) 2018-2019 жылдары  1,5%, келер жылдан бастап 2%, жеке тұлғалар былтыр мен биыл  төлемейді, келер жылдан бастап ЖК (өзі үшін) 1,4 еселенген ең төменгі жалақыдан  5%, АҚК негізінде еңбек ететін тұлғалар 2020 жылы айлық табысынан 1%, 2021 жылдан бастап 2%, өзге санаттар ең төменгі жалақыдан 5% төлейтін болады. Мемлекет  келер жылы жеңілдігі бар санаттар үшін мемлекеттік статистика органы тарапынан өткен 2 жылға бекітілген орташа айлық жалақының 1,4% көлемінде жарна аударады. Жұмыс беруші жалдамалы жұмыскерлердің табысынан алынатын жарнаны ұстап қорға аударып отырады (2020 жылы 1%, 2021 жылы 2%). Сонымен қатар, жұмыс берушілер жеке кәсіпкерлер азаматтардың әлеуметтік осал топтарына жататын қызметкерлер үшін төлемдерден босатылды. Олар үшін  келер жылдан бастап ай сайын мемлекет аударып отырады. Оған балалар, жұмыссыз­дар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, зейнетақы төлемдерін алушылар, соның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері – барлығы 15 санат кіреді. Зейнеткер немесе мүгедектер үшін жұмыс беруші шегерімдер жасамайды. Егер жеке кәсіпкер мемлекет төлейтін жеңілдігі бар санаттардың біріне кірсе,  төлемдерден босатылады.

– Медициналық сақтандыру қорына төлем 2017 жылдың 1 шілдесінен басталды. Облыс бойынша қанша қаражат жинақталды?

– Республика бойынша жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің аударымдары мен жарналарының жалпы сомасы 2017 жылдың 1 шілдесінен биылғы 31 шілдеге дейін 186,2 млрд  теңгені құрады. Оның ішінде облыс бойынша  5,6 млрд теңге. Атап айтқанда, жинақталған қаражаттың 96,8 % немесе 5,4 млрд теңгесі жұмыс берушілерге, 3,2 % немесе 175,2 млн  теңгесі жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық сипатта еңбек ететін санатқа тиесілі.

– Аймағымызда неше ме­дицина ұйымы қормен келі­сімшартқа отырған? 

– Бүгінгі күні қордың дерекқорына 95 медициналық ұйым тіркелген. Олардың 30-ы мемлекеттік, 65-і жеке. Былтыр­мен салыстырғанда жеке медициналық ұйымдардың саны 12 процентке артты. Биыл қор филиалы облыстың 74 медициналық ұйымымен келісімшарт жасады. Оның ішінде 30-ы (40,5%)  мемлекеттік, 44-і (59,5%)  жекеменшік клиника. Мемлекеттік тапсырыс аясында медициналық көмек көрсетуге дайын жеке ұйымдардың саны бойынша облыс көшбасшылар қатарында.

– Қандай медициналық қыз­меттер тегін медициналық кепілденген көмектің пакетіне енгізілген, яғни барлық азаматтарға қолжетімді? Сақтандырылған ­азаматтар үшін МӘМС пакетіне не кіреді?

– Былтырдан бастап, қор тегін медициналық кепілдендірілген көмектің операторы және медициналық қызметтер үшін бірыңғай төлеуші болды. ТМККК медициналық пакеті бойынша барша азаматтарға жедел жәрдем және санитарлық авиация, бастапқы медициналық-санитарлық көмек, шұғыл жағдайларда стационарды алмастыратын және стационарлық көмек, паллиативті көмек көрсетіледі. Әлеуметтік маңызы бар аурулар, негізгі созылмалы аурулар кезінде консультативті-диагностикалық қызмет, амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, туберкулезге шалдыққандарды медициналық оңалтуды алуға құқығы бар.

МӘМС медициналық пакетіне (сақтандырылған азаматтарға) консультациялық-диаг­ностикалық көмек, ересектерді профилактикалық тексеруден өткізу, балаларды мамандандырылған деңгейде тексеру, ТМККК пакетіне кірмейтін созылмалы ауруларды динамикалық бақылау және бағасы қымбат зертханалық қызметтер  (гормондар, дәрумендер, онкомаркерлер, антиденелер, ПЦР), бағасы қымбат диагностикалық қызметтер (КТ, МРТ, т.б.) кіреді. Бұдан басқа, ­ТМККК пакетіне кірмейтін аурулар бо­йынша амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационарды алмастыратын көмек көрсету, жоспарлы стационарлық көмек көрсету жатады.  Балалар мен ересектерге кардиология, кардиохирургия, неврология, нейрохирургия, травматология, ортопедия салалары бойынша медициналық оңалту қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, профилактикалық егулер мемлекеттің барлық азаматтарына тегін медициналық кепілденген көмектің пакетіне енгізілген.

– Маусымдық жұмыстарда істейтін тұрақты табысы жоқ азаматтар  жарнаны қалай тө­лейді? 

– Ресми жұмысы мен тұрақты табысы жоқ азаматтардың ең төменгі жалақыдан 5% мөлшерінде дербес жарна төлеп, ­медициналық сақтандыруды алу мүмкіндігі бар. Мау­сымдық жұмыс барысында жалақы болған кезде жұмыс берушілер қыз­меткерлерге есептелген кірістің 1,5%-ін, келер жылдан бастап 1%-ін аударуға міндетті.

– Азамат сақтандыру бойынша елден тыс жерде тегін емделе ала ма?

– Жоқ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры көрсетілген медициналық қыз­­­меттерді тек ҚР ау­­мағында төлем жасайды.

– Егер студент дип­лом алғаннан кейін жұмысқа орналаспаса, ол  жүйеге қалай қатысады?

– Оқу орнын бітіргеннен кейін жас маман жұмыссыз ретінде тіркелуі немесе төлеу­ші ретінде жарна аударуы тиіс.

– Жеке кәсіп қыз­меті тоқ­татылған жағдайда МӘМС үшін ақша аудару керек пе?

– ЖК қызметін тоқтата тұру кезінде азамат жеке кәсіпкер санатынан басқа санатқа ауысады, олар 1 ЕТЖ-дан 5% мөлшерінде жарна төлейді. Егер бұрынғы немесе жұмыс істеп жүрген кәсіпкер халықтың жеңілдікті санаттарының тізі­міне жататын болса, онда ол үшін жарналарды мемлекет келер жылдан бастап төлейді. Бұл жағдайда жеке кәсіпкердің өзі төлеуге міндетті емес.

– Өзін-өзі жұмыспен қам­тығандарға және елдің экономикалық тұрғыдан белсенді емес халқының басқа да санаттарына медициналық көмек қалай қамтамасыз етіледі?

– Өзін-өзі жұмыспен қам­тығандарға келетін болсақ, осы жылдың басынан бастап ерікті бірыңғай жиынтық төлемі (БЖТ) енгізілді. Ол бойынша қала тұрғындары үшін 2525 теңге, ауыл тұрғындары үшін 1263 теңге төлем бекітілді.  Оны репетиторлар, тұрмыстық техниканы жөндеу шеберлері, үй шаруашылығындағы жұмысшылар және т.б. төлей алады. БЖТ төлеу зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінде автоматты тіркеудің басталуын білдіреді. Төлеу­шілер МӘМС енгізілгеннен кейін медициналық қызметтерді толық көлемде алатын болады. Осылайша билік өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды медициналық сақтандыру жү­йесіне қосуға ынталандырмақ.

Облыста бейресми жұмыспен қамтылғандардың мәртебесін өзектендіру бойынша жұмыстар жалғасуда. Бүгінде 113415 тұрғынның 75,5%-і өзектендірілді.  Қалған 27746 адамды өзектендіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Барлық азаматтар сияқты оларға ­ТМККК пакеті шеңберінде медициналық қызметтер қолжетімді болады. Осы санаттағы азаматтардың МӘМС топтамасының қымбат тұратын қызметтерін пайдалану және сақтандырылған адамдардың қатарында болуы үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет. Онда біліктілігі мен тәжірибесіне сәйкес жұмыс ұсынылады. Егер азамат жұмыссыз мәртебесінде болса, мемлекет бөлінген уақыт ішінде жарна төлеу бо­йынша өзіне міндеттеме алады. Өз бетінше жұмыспен айналысушылар салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жарналарды мәлімделген кіріс­тен дербес жүзеге асыруы қажет.

– Келер жылдан бастап медициналық қызмет алуда тұрғындар жаңа жүйеге сүйе­нетін болады.  Осы орайда әркім өзінің әлеуметтік мәртебесін білуі шарт. Ендеше үйден шықпай-ақ әлеуметтік мәртебесін қалай білуге болады?

– ҚР Электронды үкімет пор­талында азаматтар өз әлеу­меттік мәртебесін тексере алады. Сайтқа электрондық сандық қолтаңба арқылы кіруге болады. МӘМС бойынша мәліметтер "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру" жеке кабинетінің бетбелгісінде қолжетімді. Сондай-ақ әлеуметтік мәртебені анықтау кезінде әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесіне ай сайынғы жарналар мен аударымдарды кім жүргізетіні туралы ақпарат шығарылады.

– Жаңа жүйенің жұмысын бастауына аз уақыт қалды. Денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер туралы қызылордалықтар қаншалық­ты ақпараттандырылды деп ойлайсыз?

– Иә, саладағы реформаны іске асыруға аз уақыт қалды, сондықтан тұрғындардың хабардар болуы – негізгі міндет. Облыстың жаңа жағдайда жұмыс істеуге әлеуеті жоғары. Егер былтыр  қызылордалықтардың 44%-і ғана медициналық сақтандыру туралы естіген болса, биыл әлеу­меттік сауалнама мәліметтері бо­йынша бұл көрсеткіш ­58%-тен асып отыр. Сондай-ақ, 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында пилоттық режимде және келер жылдан бастап қордың әрбір филиалында азаматтарды қабылдауға арналған стационарлық кабинеттер ашылады.

Жалпы, медициналық сақ­тандыруды енгізу үшін үлкен жұмыс атқарылды. Мәселен, нормативтік-құқықтық база қа­лыптастырылды, медицина­лық қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесі бекітілді, ақпараттық жүйелер дайын. Инфра­құ­рылымдық қор келер жылға арналған қызметтерді сатып алуға әзір.

Әңгімелескен

Айнұр БАТТАЛОВА.

Cұхбат 14 қыркүйек 2019 г. 609 0