Хұсейн ӘМІР-ТЕМІР: «Театрдың миссиясы – адам жанын руханияттың күшімен тазалау»

  Театр афишасынан Хұсейн Әмір-Темірдің есімін көрсеңіз, спектакльдің сапасына алаңдамауға болады. Қызылордалық өнерсүйер қауымда осындай сенім қалыптасқан. Мәселе режиссердің 20-дан аса рөлді сомдап, 200-ге тарта қойылымды сахнаға шығарғанында, бай тәжірибесінде ғана емес. Бастысы – ол жетекшілік еткен спектакльдің ұлттық бояуы қанық, туындының тоқетері көңіліңді астан-кестен етіп, қуатыңды еселейтіндей күшке ие болуында. Театрдың жаңа маусымы қарсаңында облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн ағамен әңгімелесудің сәті түсіп еді, өмір мен өнер турасында бірер сауал тастадық.
Сонымен, «Сыр бойының» «Сыр-сұхбат» айдары сөйлейді.

– Хұсейн аға, сіздің өнер бая­ныңыз елге белгілі. Белгілі тұлға болу үшін тағдыр керек деп жатады. Әңгімемізді балалық шағыңыздан бастайықшы...
– Бала күндерім Сырдария ауда­нындағы қазіргі Асқар Тоқмаған­бетов ауылында өтті. Ол кезде Қызылорақ, Майлықұм, Бидайкөл деген колхоздар кейін бірігіп, 18-партсъезд аталатын. Қызылорақ колхозының адамдары 4-5 мекен-жайда орналасқан еді. Ал біз тұрған ауылда  бар-жоғы 5-6 үй бар. Анам Шәрбан Темірова колхозға еңбегі сіңген, ол кездегі құрметтің белгісі – облыстық «стахановшылар» тақтасына есімі екі рет жазылған жан. Ал, әкем – білімді, діни сауаты бар, ауылдық кеңестің хатшысы, «ликбезде» оқытушы болған кісі. Төрт-бес жасар кезім болуы керек, мені әліпби танысын деп, қағазға әріптерді жазып, қабырғаға тұтастай іліп қоятыны есімде. Соғыстан кейінгі жылдары бір сыныпта бірінші, екінші, үшінші, төртінші сыныптың оқушысы қатар отырып, бәріне бір мұғалім сабақ беретін. Жасы едәуір үлкен қыз-жігіттер де кейде сол қатардан табылатын. Мен де солай сауатымды аштым. Үшінші сыныптан соң әкем Тереңөзектегі орыс тамырының үйіне әкеліп, «енді осы үйде жатып сабақ оқып, мектепке барасың» деді. Ауданда ағайындарымыз да жоқ емес еді, әкемнің мұнысы орысша тіл сындырсын дегені болу керек.
– Актер боламын деген ой ауыл баласына қалай келіп жүр?
– Ол кезде актер дегеннің кім екенін біліппіз бе? Оқу бітірген жылы ұшқыш боламын деген оймен Оралға барып, медкомиссия мені жаратпай тастаған соң, әкем 1958 жылы Ленинградқа жіберді. Политехникалық университетке түсу үшін дайындалып, екі жарым ай пәтер жалдап тұрдым. Орысша сөйлеуден аздап қиналғаным рас. Бірақ сол кездері Ленинградтың «белая ночь» – атақты айлы түнін көріп, мұражайларын түгелге жуық араладым. Ол кезде өнердің мәнін толық түсінбеген де шығармын, бірақ ерекше дүние екенін сезіп, білдім. Сол жылы бір орынға жиырма бала таласып, оқуға түсу бұйырмай, ақыры кері қайттық. Кейіннен Ленинградқа жол түсіп, тағы бардым ғой, алғашқы келгендегімнің бәрі еске түсті. Бірақ бұл жолы өнер туындыларына, музейдегі мұраларға басқа көзбен қарайтынымды, басқаша ұғынатынымды түсіндім.
Толстой, Тургенев, Пушкин, Бальзак, Стендаль шығармаларымен жақын таныса бастағаным да сол уақыт. Келесі жылы Алматыдағы Сәтбаев атындағы политехникалық институтқа оқуға түстім. Мамандығым – тау кен инженері. Дәл сол кезде КПСС-тің бас хатшысы Н.Хрущев «студенттер сала бойынша теория мен практиканы ұштастырып білім алсын» деп нұсқау берген екен. Сөйтіп, оқуға жаңа түскен жастар Қарағандыдағы Дубовка деген жерде 101-шахтадан бір-ақ шықтық. Жер астында жұмыс істеп көргеннен кейін-ақ, бұл менің салам емес екенін түсіндім. Қысқы сессияны тапсырдым да, жазғы емтиханда «осымен қойғаным дұрыс» дедім. Осылайша алдымен шахтер, кейін актер болдық. Ал 1963 жылы актерлік оқуға түсу бұйырды.
– Мұнан кейінгі өміріңіз елдің көз алдында. Айтпақшы, бастапқыда Теміров болған екенсіз, Әмір-Темір деп қалай аталып жүрсіз?
– Менің аты-жөнім көп. 10-сы­нып­қа дейін фамилиям – Жүсіпов, атым Үсейін еді. Жүсіп – әкемнің есімі, ал қазақтар атымды Хұсейн демей, Үсейін дейтін. Әкелеріміздің тегі Теміров болып жазылған. 10-сыныпта куәлікке мен де Теміров деп жаздырып, фамилиямды ауыстырдым. 1992 жылы сандықтағы ескі құ­жаттарды ақтарып отырып, әкем мен анамның неке куәлігін тауып ал­масым бар ма?! Құжатта Әмір-Теміров Жүсіп, зайыбы Шәрбан Әмір-Темірова деп көрсетілген екен. Атам Әмір-Темір кезінде мешіт ұстаған, діни сауатты кісі болған. «Дін жоқ, Құдай жоқ» деген ұстаныммен билік молда, ишандарды қудалаған кезде ағайындарымыз Әмірді алып тастап, Теміров болып шыға келген. Бар сиқыры сонда мұның. Содан неке куәлігін алып, ауылдық кеңеске бардым, жаңа куәлік жазып берді. 1962-1992 жылдар аралығында Хұсейн Теміров болып жазылғанымның себебі осында. (Хұсейн аға стол үстіндегі «Ұйқыдағы ару» спектаклінің афишасын көрсетіп, мынау да менің бір атым деді. Мұнда театрдың көркемдік жетекшісі әрі спектакль режиссері Хұсейн Әмір-Темір дегеннен бөлек, қазақ тіліне аударған Сартай Жүсіп деп жазылыпты).
Менің тағы бір атым – Сартай.  Түрім сары болғасын, шешем Сартай деп еркелетуші еді. Кейде есімім бірнеше рет қайталанбасын десем, осы атты иеленетінім бар.
– Қазір афишадағы Хұсейн Әмір-Темір деген есімнің өзі қойылымның сапасына деген сенімді күшейтеді. Еңбегіңізге сай марапаттарыңыз да айтарлықтай екен. Шекспирдің «Король Лир» спектаклінен кейін атыңыз ерекше атала бастапты... Айтыңызшы, қай жылдарға қайта оралуды қалар едіңіз?
– Рас, «Король Лирді» қойған кез ерекше болатын. 1965 жылы оқу бітірген соң, Қарағандыда театр актері болып жұмыс істедім. Бұл кезде режиссерлікке түк қатысым жоқ. Жаман актер болған жоқпын. Қараған­дыбай Сатаев (қазіргі кинорежиссер Ақан Сатаевтың әкесі), Жұмабай Медетбаев, олар кейін Қазақстанның халық артисі атанды. Амангелді Тәжібаев және мен бармын. Жұмабай мен Қарағандыбай әуел бастан қазақ батырларын сомдады да, біз шетелдік, бүгінгі заман образдарына сай болдық. Лопе Де Веганың «Қызғаныштан махаббат» комедиясында Теодоро, Назым Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» драмасында Доктор рөлін ойнадым. 1967 жылы Қызылордадағы драма театрына ауыстым. Менімен бірге Алматыдан актер факультетін бітіріп, Шайтұрсын Әбдібаев, Тынымбек Пірімжанов, Тұрғанбек Әшімов те келді. Сол уақытта бас режиссер Маман Байсеркеновпен келіс­педік пе, әлде басқа жағдай болды ма, рөлсіз қалдым. Қарағандыда бас­ты рөл сомдап үйреніп қалғанмын, жақсы образға сусап, көңілім қоңыл­тақсып қалды. Содан кейін спектак­ль­ді өзім қойсам қайтеді деген ой келді. Басшылықпен келісіп, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклін қоятын болдым. Жұмыс сағат 11-де бастал­са, біз 9-да келіп репетицияға кірісе­тінбіз. Осылайша 1968 жылдың сәуір айында алғашқы қойылымды көрермен назарына ұсындық. Кейін Мәскеудегі Мемлекеттік театр өнері инсти­ту­тының Жоғары режиссерлік курсында оқу үшін Ресейге аттандым. Осылайша 1973 жылы дипломдық спектакльді қойғанға дейін, 4-5 қойылымның режиссері болып үлгердім. 1974 жылы Маман Байсеркенов  басқа жұмысқа ауысып, театрдың бас режиссері жыл сайын өзгеріп, директор «сенің режиссер болатын уақытың келді» деп  маған сеніп, өзі сол кездегі Қазақ ССР-нің мәдениет Министрі Ж.Еркім­бетовке тағайындатты.  Әрине, алғаш­қы уақытта, 1977 жылға дейін күн-түнді елемей, жақсы туынды үшін барымызды салдық. Бір күні «не тоңқ етіп құлармын, не жақсы дүние шыға­рармын. Шекспирдің «Король Лирін қоямын» деген шешімге келдім. Барлығы өре түрегелді. «Қайдағы саған «Король Лир»? Мықты режис­серлердің де қолынан келмеген дүние бұл. Не айтып тұрсың?» Жоқ, мен не болса да қоямын деп бекін­дім. Осы спектакльді дайындау үшін Серік екеуіміз Украинаның Львов қаласына да аттандық. Бүкіл Шекс­пир қойылымын сахналаған сурет­шілердің эскиздері көрсетілген «Совет­ские художники в творчест­ве Шекспира» деген альбом-кітап бар. Соның ішінде М.Заньковецкая атындағы драма театрының суретшісі Мирон Киприянның «Король Лирге» жасаған эскизі басылған екен. «Әй, сол Киприянға Серік екеуіміз барып қайтайық, ешқандай шешім шықпай жатыр» деп директорымыз Сақтаған Тұрлымұратов ағамызға қолқа сал­дық. Көркемдік шешім болмаса, қан­ша мықты деген актер ойнаса да, ол спек­такль емес. Ойды бағындырған соңғы түйіні болуы керек. Бұл – менің ақ дегенім ақ, қара дегенім қара деп өзіне әбден сенген, басынан бағы, астынан тағы тайған патша туралы шығарма. Әбден қартайған патша үш қызына корольдікті бөліп бермек болады. Ол үшін қыздары мұны барын салып мақтау керек. Екі үлкен қызы мақтауға келгенде бір-бірінен асып түсіп, кіші қызы «мен сізді тек әкем ретінде жақсы көріп, бағалаймын. Ертең тұрмысқа шықсам, ерімді де ең бірінші адам ретінде жақсы көретін едім» дейді. Бұл – адамның өмірдегі орны, қадірі туралы туынды. Енді осыған көркемдік шешім керек. Киприянның қасында бір күн болдық. Барғанымыздың пайдалы болғаны рас, бірақ әлі де нақты шешім шығара алмадық.
Бір күні Серік екеуміз көшеде алтын түстес, жалт-жұлт еткен ұзын етек көйлек киген келіншекті көріп қалмасымыз бар ма?! Бет-жүзін байқаған жоқпыз, бірақ сыртынан сұқтанып қарап қалғанымыз белгілі. Бір кезде Серікке қарап, «Киімі алтын ба, не бұл?! Ал осы жалт-жұлт еткен көйлектің ішінде шоқпыт бар болса ше? Қалай болар еді?» дедім. «А-а» деп аңтарыла қараған Серік содан кейін қайрылмады. 4-5 күнге дейін жоқ болып кетті. Содан бірнеше күн өткесін шеберханаға бас сұғып, дайындаған бүкіл эскиздерін жайып салды.
«Король Лирде» сахнаға екі шы­мылдық құрдық. Екі шымылдықтың да бір жағы алтындалған, көз тартатын патшаның шымылдығы, екінші беті кәдімгі шұрық-тесік шоқпыт. Шымылдықтар қойылым бойына жылжып, кері айналып тұрады. Ал алтынмен апталған король тағы бірте-бірте табытқа айнала бастайды. Өйткені үлкен орындықтың жақтауы табыт болуға ыңғайлы етіп жасалған.
Бұл еңбегіміз марапатсыз қалмады. «Король Лирді» қойғанымыз үшін 1977 жылы классикалық шығарма­лар­дың республикалық байқауында ІІІ дәрежелі дипломға ие болдық. Бас­ты рөлдерді сомдаған Серік Шоты­қовтың Сайқымазағы – І, Тұрысжан Айнақұловтың Лирі мен суретші Серік Пірмахановтың еңбегі үшін ІІ дәрежелі диплом табысталды. Ал 1968 жылы «Сау басыма сақина» деген атпен венгр драматургі Иштван Эркеннің «Тот, Майор и другие» пьесасын сахналадық. Бұл тапал Майордың соғыс уақытында елге демалыс алып келіп, түнде ұйықтауға қорқып, кеш батысымен онсыз да ауыр еңбектен шаршап жүрген үй егелерін  ұйықтатпай қағаз кестіріп, әбден қинап, жүйкесіне тиетіні туралы туынды. Пьесаны сахнаға даяр­­­лаған соң, комиссияны арнайы Мәскеу­ден шақырдық. Бұл спектакль үшін театр Венгр Халық Республикасы Мә­дениет министрлігінің арнайы қола жүлдесіне ие болса, мен бүкіл­одақтық фестивальдің лауреаты атандым. Осыдан кейін 1979 жылы театр ұжымы  Алматыға гастрольдік сапарға бардық. Ол кезде мұндай сапарда театр мамандары қойылымды талқыға салып,  артистердің еңбегін елеп-екшеп, гастрольдің нәтижесімен атақтар беретін. Мұның алдында 12 жыл бұрын, 1967 жылы театр Алматыға барып, бірнеше артистке атақтар берілген еді.  Ал біздің сапарымыздың нәтижесінде Ж.Бағысова – Қазақстанның халық артисі, Ш.Әбдібаев, С.Шотықов – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атақтарына ие болды. Сонымен қатар маған ерекше алғыс білдірілді. Режисерлікке қадам басқан алғашқы жылдар осындай естеліктермен есте қалыпты.
– «Театр тобырды ұлтқа айналдыратындай күшке ие» деген бар. Қазір руханият ордаларында шынымен осындай күш бар ма? Театр өз міндетін қалай атқарып жүр?
– Қалай болғанда да, театр мүм­кіндігінше ол міндетті атқаруда. Театр­дың миссиясы не? Рухани әсер ету. Адам жанын руханияттың күшімен тазалау. Әшірбек Сығай айтпақшы, спектакльден кейін  ауру адам жазылып, сау адам ауырыңқырап шығу керек. Егер театр осындай өз миссиясын орындай беретін болса, қашанда сол қалпында қалады. Спектакльді көріп болып, адамның ішімдікті, нашаны бірден қойып кетуі мүмкін емес. Театрдың міндеті – сана-сезіміңді ояту, рухани әсер ету. Қойылым бойы­на залдағы 700 адам бірдей күліп, бірдей жылап отырса, бір үнде, бір сезімдік деңгейде отырса, қандай керемет! Өйткені, бұл – театрдың міндеті.
– Репертуарға қатысты мәселе де күрделі екені белгілі. Қазір дра­матургтардың кемшіндігі жиі ай­тылып жүр. Бұл туралы Әшір­бек Сығай «Біз айтты екен деп, жазушылардың қатарынан драма­тур­­гияға дүркіреп келіп, ауысып жатқан ешкімді көрмедік. Демек, тұйықтан шығудың жолын іздеу» керек деген болатын...
– Қазір драматургия, драматург жоқ дейді. Бұл сөз баяғыда да айтылған. Кейде шығарманы жаңа заманға бейім­деп, түрлендіріп, оқиғаға басқа қырынан қарап, көрерменге ұсынуға болады. Айталық, «Еңлік-Кебекті» маған дейін кім қоймады? Бірақ мен қойған кезде бәрі таңғалды. Өйткені, бұл жолы ел бірлігін ойлаған, ақылы кемеңгер адам ретінде Кеңгірбай биді бірінші планға шығардым. Пьесада абыз деген образ бар, бірақ мен оны алып тастадым.  Кеңгірбай би. Рас, ол Кебекті өлімге қиды. Қимаса, наймандар көп. Қаласа тобықтыны түгелімен көшіріп те жібереді. Сондықтан ол ел амандығын бірінші орынға қойды. Ал спектакльдің соңында Кеңгірбай да, тобықтының билері де Еңлік пен Кебектен қалған сәбиді ала алмайды, өйткені қолдары қан. Мен бірінші планға шығарғаныммен, оларды ақтап тұрғаным жоқ, бірақ пьесаға өзгеріс жасап, оқиғаға басқа жағынан қарау керек болды. Мұндай оқиға елімізде 1992 жылы да болған. Қазақ жігіті шешеннің қолынан қаза тауып, биліктің араласуымен әрең басылған. Тіпті, содан кейін біраз шешен еліне көшіп те кетті.  
Театрдағы қаражаттың жетіспеуі бұ­рынғы пьесаларды түрлендіріп, қай­­та ұсынуға мүмкіндік берді. М.Әуез­ов­­тің «Бәйбіше-тоқал» спек­таклін мен осылай шығардым. Театр сыншысы Әшірбек Сығай Ж.Ай­мауытов пен Б.Майлиннің шы­ғар­­­мала­рының не­гізінде қойылған «Ала­­­са­пыранды» «театр өнеріндегі құбы­лыс» десе, «Бәйбіше-тоқал» – Әмір-Темір Хұ­сейн­­нің театр өне­рін­дегі екінші құ­былысы деп баға берді.
Пьеса – қиын жанр. Кейде театр­дың әдебиет бөлімі мамандары жас драматургтардың жаңа дүниесін та­уып, ұсынады. Сахнаға қоюға лайық­тылары да бар. Жастардың көңілінен шыққан Баянғали Әлімжановтің «Ойнайықшы бір, ойлайықшы бір» пьесасы сондай туынды. Биыл көк­темде Антон Чеховтың «Күзгі раушан гүлдерін» сахналадық. Арада қанша жыл өтсе де, бұл да заманмен үндесіп жатқан туынды. Бірақ бір спектакльді жылына 3-4 рет қана қоя аламыз ғой. Оның үстіне бір-екі жылдан кейін спектакльдегі артистердің де жасы өз образына сай болмай қалатыны бар. Оның үстіне кейде театр сахнасы да өзімізге тимей қалады...
– Соңғы жылдары облыстық театрға Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген жас мамандар келді. Кадр тапшылығы азайған болар...
– Труппа жинақталды. Спектакльдер дайындауға толық мүмкіндігіміз бар. Бірақ әлі де бір-екі жігіт қажет.
– Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да арнайы факультет болма­ға­нымен, соңғы жылдары М.Мә­метова атын­дағы Қызыл­орда педаго­гикалық жо­ғары коллед­жімен бірлесіп, ак­терлік өнер мамандығы бойынша сту­дент даярлай бас­тадыңыздар. Бас­­тама биыл да жалғаса ма?
– М.Мәметова атындағы оқу орнымен бірлесіп, дуальды оқыту технологиясы бойынша театр артисі мамандығын иеленген екі топты түлеттік. «Сөйлеу жанрының артисі» мамандығы бойынша тағы бір топ биыл бітірді. Студенттердің көп уақы­ты театрда өткені, оларды театр ар­тистерінің өнерге баулығаны бел­гілі. Бірақ мұның да олқы тұсы бар. Театрда студенттерге білім беретіндей қалыптасқан база жоқ артистер қойы­лымға дайындалып, оларға жеткілікті көңіл бөле алмайтын кездер де болады. Студенттердің де кешігіп, репе­тицияға келмей қалатыны бар. Сондықтан, биылдан бастап, дуальді оқыту жүйесін тоқтатамыз.
– Жергілікті оқу орнын бітірген мамандардың деңгейі қалай?
– Өнер академиясын бітіргендерден  қалысар емес. Қазір колледжде білім алған жас мамандардың бесеуі театрда жұмыс істеп жүр.
– Артистердің жалақы, баспана жайы туралы не айтасыз?
– Бұл жағынан ілгерілеушілік бар. Еңбекақыға қосымша үстемелер қосы­лып, тіпті қосымша коэффициент­терге байланысты мамандар басқа облыстың театр артистерінен артығы­рақ табыс табады. Екі жыл бұрын біздің театр артистеріне 2 пәтер берілді. Бірінде көпбалалы отбасы қоныс тойын тойласа, бірінде қазір режиссеріміз тұрып жатыр. Бірақ басқа облыстардан келген бірнеше қызымыз бірі ағайындарының үйінде болса, бірі пәтер жалдап тұрып жүр. Әрине, баспананың жайлы болмауы шығармашылыққа да әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан уақытша жа­тақ­хана ретінде пәтерде тұруына қолдау болса, жақсы болар еді.
– Пьесаны шикізат десек, спектакль – көрерменге ұсынуға лайық дайын дүние. Бірақ соны жарыққа шығару оңай емес. Санада соғыс, арпалыс болады мұндайда. Сіздің тәжі­рибеңіз кейінгілерге керек. Кітап жазып жүрсіз бе?
– Осы кезге дейін жұбайым, Қа­зақстанның еңбек сіңірген артисі Әлия Арысбаева екеуіміздің  шығар­ма­шылығымызға арналған «Бір сахна – егіз ғұмыр», театр өнеріне арналған «Өнер-баян» атты кітаптарым жарық көрді. Қазір спектакльдерді талдау, артистермен жұмыс істеу барысы толық қамтылған екі кітаптың жобасын дайындап қойдым. Ал 2003 жылдан бастап осы кезге дейінгі жұмыс барысын сәл басқаша жазғым келеді.
– Алдағы театр маусымында қандай жаңалықтар болмақ? Жуырда ғана өнер ұжымы Өзбекстанға барды. Сапар барысы туралы айтып беріңізші...
– Қыркүйек айында шымылдығын түретін жаңа маусымға әзірлік басталып та кетті. Келер жылы театр 65-маусымын жариялайды. Сондықтан осы бастан тың, ауқымды дүниелер жасауға барымызды саламыз. Ал Өз­бекстандағы Қазақстан күндері аясында 13-19 тамыз аралығында көрші елге сапарлап, «Нарком Жүргенов» спектаклін сахналадық.
Жүргенов – ұлттық мәдениет үшін барын салған, таланттардың танылуы­на жағдай жасаған тұлға. Ташкентте қазақ педагогикалық институтының директоры, Тәжікстан үкіметінің қар­жы комиссары, Өзбекстан үкіме­тінің халық ағарту комиссары, Қа­зақстан үкіметінің халық ағарту комиссары сынды жауапты қызмет атқара жүріп, қазақ орта мектептерінің санын көбейтуге, қазақ термелер жина­ғын құрастыруға, ұлттық мәде­ниетті дамытуға үлкен еңбек сіңірді. Өзбек­станда Жүргеновтің еңбегі қазір аса еленбейді.
Атақты биші Шараның өнерде өз биігін бағындыруына алғаш Темірбек Жүргенов қолдау көрсеткен. Қалай дейсің ғой?! Күләш Байсейітова мен Шара Жиенқұлованың ән әлемінде үзеңгілес, кейде тіпті бәсекелес екенін байқаған ол Шараға «Сенің биің де әніңнен кем түспейді. Бірің қазақ әнін, бірің биін шырқау биікке көтеріңдер. Егер құптасаң, мен сені өзбектің атақты бишісі Тамара ханыммен таныстырайын» деп Шараның таланты талайды таңдай қақтырған Тамарадан би үйренуіне жағдай жасаған екен. Бұл – екі ел мәдениетінің байланысын, халықтар достығын, Темірбек Жүргеновтің ұлтқа жанашырлығын танытқан жағдай. Біз бұл оқиғаны спектакльге қосып, өзбек сахнасында көрерменге ұсындық.
– Әңгімеңізге рахмет, аға!

Әңгімелескен
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
Cұхбат 28 тамыз 2019 г. 1 097 0