« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Тамыздың 14-15 күндері Өзбекстандағы Қазақстанның мәдениеті мен өнері күндері аясында Сыр елінің мәдениет майталмандары Ташкент және Науаи қалаларында болып, өнер көрсеткен еді.
Осы шаралардың барысы жөнінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуовамен еркін әңгіме құрдық.
– Мира Рахымжанқызы, жедел ақпараттан хабардар болып отырсақ та, Сыр елі өнерпаздарының өзбек еліне жасаған өнер сапары жөнінде өз аузыңыздан естісек деп едік. Сапардың негізгі мақсаты жайлы айтып берсеңіз...
– Сапардың басты мақсаты – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени байланысты одан әрі дамыту, тағдырлас елдердің тарихын және елі үшін, жері үшін тер төккен тұлғалардың білімге құштарлығын, еңбексүйгіштігі мен отансүйгіштік қасиеттерін үлгі-өнеге ету. Негізінен біз екі елге ортақ тұлға, Алаш арысы Темірбек Жүргеновтің жүріп өткен тарихи жолдарын насихаттау арқылы өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге атсалысу мақсатын санамыздың басты нысанасы етіп алдық.
Өнер сапарын өзбек еліне облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы бастап барды. 14 тамыз күні сағат 11-де Ташкент қаласындағы Өзбек Ұлттық академиялық драма театрының мәжіліс залында «Орта Азия мен Қазақстанның білімі мен мәдениетін дамытудағы Темірбек Жүргеновтің жасампаздық жолы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел жұмысына Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы репрессия құрбандарына арналған музей директоры, тарих ғылымдарының докторы Бахтиор Хасанов, Өзбекстан Ғылым академиясы тарих институтының профессоры Равшан Назаров, қазақ мәдени-ұлттық орталығының директоры Серікбай Үсенов және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Оразбақов, Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың директоры Сәпен Аңсатов қатысты.
Сонымен қатар театрдың бірінші қабатында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі, С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының филиалы қорынан Сыр елі қылқалам шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, осы күні кешкілік Өзбек Ұлттық академиялық драма театрының сахнасында Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының ұжымы көрерменге Рахымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» деп аталатын тарихи драмасын тарту етті.
Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов – 1929-1937 жылдар аралығында Тәжік, Өзбек, Қазақ ССР-інің халық комиссары болып, халық ағарту ісіне және ұлттық өнердің дамуына зор үлес қосқан тұлға. Сонымен қатар, спектакльде сол замандағы қазақ өнерінде өшпес із қалдырған атақты әнші, биші, күйшілердің де бейнесі көрсетілді. Спектакльге қазақ би өнерінің падишасы атанған Шара Жиенқұлованың өзбек биінің жарық жұлдызы Тамара ханымнан би өнері бойынша дәріс алғандығы туралы тың дерек қосылды.
– Бұл дерек қайдан табылды?
– Өзбек еліне өнер сапары басталмас бұрын біздің театрымыздың өкілдері алдын ала Ташкентке барып, Темірбек Жүргенов жөнінде архив мәліметтеріне зерттеу жүргізді. Тамара ханым жайлы дерек сол кезде табылды. Қызыл мен ақ алмасып, тақ пен тап арбасып жатқан заманда елді өрге, өнерді төрге сүйреп, жан аямай қызмет еткен Темірбек Жүргеновтің арқасында өзбек пен қазақтың өзара байланыста болған тұлғалары жайында әлі де қызықты деректердің табылуы ғажап емес. Спектакльді қойған режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темірдің Тамара ханым жайлы деректі қойылымға қосуы көрерменнің көңілінен шыққан сюжет болғаны шын.
– Халықтың спектакль туралы пікірлеріне құлақ түрген шығарсыз? Көрермен тек қазақ жұртшылығы ма, өзбек ағайындар да бар ма?
– Негізі «өзбек – өз ағам» демекші, ала тақиялы ағайын біздің тілімізді, біз оларды тәржімасыз-ақ түсіне береміз ғой. Көрермен ішінде жергілікті ұлт өкілдері де баршылық екенін көрдім.
Кезінде «Сыр бойы» газетінде қызмет еткен Құрманғали Ажаров деген әкемізді білетін боларсыз. Сол кісінің Гүлжаһан атты қызы өзбек азаматымен бас қосыпты. Гүлжаһан спектакльге екі ұлын ертіп келді. Қойылымнан соң маған жолығып, аз-кем әңгімелестік. «Қызылордада осындай жоғары деңгейлі театр бар дегенге көрмесем, сенбес едім. Мынау ғажап қой! Көрермен қатарында талай адам көз жасын сығып отырды. Артистердің шеберлігіне сөз жоқ. Осы спектакль арқылы біз тарихи тұлға Темірбек атамыз туралы тереңірек білдік» – деп ол ағынан жарылды. Осындай жылы лебіздерін басқа көрермендер де айтып жатты.
– Жалпы, сіздерді жергілікті жұрт қалай қабылдады?
– «Әлбетте» деп қоштап, «мархамат» деп иіліп тұратын өзбектердің кісі сыйлауы ерекше. Тұз-дәмін көтеріп шығып, көңілдерін алдына ұстаған ташкенттіктер Сыр елінің өнеріне ерекше сүйсініс білдіріп, қол соқты. Ішкі дүниелеріндегі «арғы түбіміз бір» деген ағайындық сезімі сыртқа шығып тұрғандай әсер қалдырады.
– Негізінен Алаштың біртуар ұлы Темірбек Жүргеновті танытсақ деген мақсаттарыңыз орындалған екен...
– Солай болды. Спектакльден кейін Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қор төрағасы Сәпен Аңсатов ағамыз 40-50 кісіге дастархан жайып, тұлғаның рухына арнап өз есебінен ас берді. Ағамыз бұл сауапты ісімен баршаның ризашылығын алды.
– Сыр өнерпаздарының екінші бір тобы Ноуаи жақта болды ғой...
– Дәл осы уақытта Ноуаи қаласы, «Фархад» мәдениет сарайында бауырлас халыққа қазақ жұртының мәдени мұрасын, ұлттық өнерін насихаттау мақсатында Қызылорда облыстық филармониясының Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі мен жеке орындаушылардың және Сыр елі жыраулық өнерінің өкілдері мен «Томирис» би ансамблінің қатысуымен «Сырдария – достық арнасы» атты гала-концерт өтті.
Концертке Науаи облысы әкімінің орынбасары Фахриддин Солиев, Науаи қаласы әкімінің орынбасары Умирзак Мурадуллаев, Өзбекстанның халық артисі Эльер Носыров, Қазақ диаспорасының арнайы өкілдері, Ташкент, Ноуаи, Сырдария облыстары бойынша қазақ ұлттық мәдениет орталықтарының өкілдері қатысты.
Шараның ашылу салтанатында өзбекстандық өкілдер қазақ жұртына деген ыстық ықыласын білдіріп, екі елдің қашаннан етене жақындығын сөзге тиек етті.
Кеште Қорқыт, Түркеш, Құрманғазы, Әлшекей сынды дала композиторлары мен кәсіби композиторларымыздың туындылары, әлемдік классикалық шығармалар орындалды. Бағдарламаға бауырлас екі елдің достығының айғағы ретінде өзбек халқының шығармалары, би қойылымдары енгізілді.
Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, «Құрмет» орденінің иегері Кеулімжай Ботабаев, дирижері, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Гүлдәрі Ізбанова, жеке орындаушылар – Бисенбек Төлеубаев, Айдос Иманжаппаров, Тұңғыш Президент қорының стипендиаты Назым Сағынтай, Қазақ мәдениетінің қайраткері Мақсат Мақұлбеков, халықаралық конкурстардың лауреаттары – Гүлназ Нағашыбай, Аружан Қойшығара, Азиза Әбдірейім өнер көрсетіп, көпшілік қошеметіне бөленді.
Сыр бойында сақталған ерекше феномен, көмей тілді қозғай жырлайтын музыкалық мәдениетіміздегі ең көне, ең күрделі өнеріміз жыраулық дәстүр болса, осы концертте Сыр мақамдарының нағыз шабандоздары – Нұртілек Ақтаев, Күнсұлу Түрікпен, Марат Сүгірбай, Әділхан Қуаңбаев Ұлы даланың үнін асқақтата көтерді. Республикалық күйшілер конкурсының лауреаттары – Әшімхан Нұрғали, Тоқтар Айсұлтан, Бейбіт Темірханның күй тартысы көпті таңдай қақтырды. Концертті облыстық филармонияның артистері Амандық Жаппарбердиев пен Ақсамал Сағымбай жүргізді.
Гастрольдік сапар 15 тамыз күні Кенимех, Үшқұдық, Тамды аудандарында дәстүрлі орындаушылардың экспедициялық концерт жобасы аясында жалғасын тапты.
– Жырау мен жыршылардың барлығы не себепті Науаиға барған?
– Ташкентте тұратын қазақтарды жергілікті жұрттан айыру қиын. Бұл көпжылғы араласу салдары болса керек. Ал, Ноуаида, әсіресе Кенимех, Үшқұдық, Тамды аудандарында тілі де, ділі де қазыдай бұзылмаған қазақтар тұрады. Олардың жыраулық өнерді бағалауы да ерекше. Осы жағдайды есепке алдық.
– Оң сапар болған екен...
– Өзге ұлт тілін, әдеп-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін, мәдениетін білу және рухани болмысын тану – тұтас бір қоғам үшін зор тәжірибе. Біз осы сапарда өзіміздің ойлаған мақсатымызды орындадық деп ойлаймын.
– Шекараны білмейтін ұлы өнердің жаңа сапарларында жолығайық. Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |