Білім беру жаңаша сипатта дамиды

Жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға бай, тіліне, діліне, тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне,  салт-дәстүріне берік, рухы мықты, танымы мен тағылымы кең тұлға ретінде қалыптастыруда ұстаздарға артылатын салмақ аз емес. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен тамыз конференциясында мұғалім мәртебесі мен алдағы жаңа міндеттер сөз болды. Санаулы күннен соң басталатын жаңа оқу жылының алдында тың серпінді қажет ететін білім саласында қандай өзгерістер бар? Бүгінгі заман талабына сай білім берудің мазмұны мен алдағы оқу жылында атқарылатын істер туралы газет тілшісі облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебековамен әңгімелескен еді.


–    Майра Тұрған­бай­қызы, өткен апта­ның соңында Мемлекет басшысының қа­тысуымен болған тамыз конференциясына Сыр өңірінің ұстаздар қауымын бастап  барып келдіңіз. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа буынды тәрбиелеудегі мұғалімдердің рөлін атап өтті. Білім сапасын көтеру үшін кешенді шаралар қабылданатынын да жеткізді. Бүкіл еліміздің мұғалімдері бас қосқан жиында тағы қандай мәселелер сөз болды?

– Жалпы тамыз мәслихаты рес­публикада 16 тамыз күні Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті. ҚР Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағамбетов білім саласында бірқатар нақ­ты міндеттер қойды. Өзіңіз де естіген боларсыз, А.Байтұрсыновтың үлгісі бо­йынша әліппе қайта оқытылады. Бұл барша ата-аналарды, ұстаз­дарды қуантып отыр. Мұнан бөлек, мұғалімдер жалақысын арттыру бағытында тапсырмалар жүктелді. Алдағы 4 жыл ішінде педагогтардың еңбекақысы 2 есеге дейін ұлғайтылады.

Білім және ғылым  ми­нистрі  барлық жергілікті білім бас­қармаларына балалардың ма­ман­дық таңдау бағытына кө­мек беруді 7-сыныптан бастау мәселесін негіз етіп қойды. Мамандықты айқындау жұ­мысы жүйелі сипатқа ие болу керектігін айтты.

Министр білім саласында ашықтық бағытын ерекше қозғады. Әрбір мектептерде мұғалімдерді қызметке қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл ретте біз биылдан бастап педагогтарды электронды түрде қызметке қабылдауды бастадық. Білім мен ғылым саласын кешенді дамыту ісіне де ерекше көңіл бөлінді. Жалпы республикалық тамыз жиынындағы бірқатар тапсырмаларды іске асыру мәселелері облыстық тамыз кеңесінде де талқыланады.

– Алдағы жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Дайындық барысы қалай?

– Бүгінде басқарма тарапынан аймақтағы барлық білім беру ұйымдарының оқу жылына дайындық барысы пысықталуда. Қажетті жұмыстарды бақылау, оқулықтардың уақытылы жетуі, мектептердің жөңдеу жұмыстары, оқушыларды сыныпқа қабылдау сынды негізгі жұмыстар өз деңгейінде атқарылуда.

Өздеріңіз білесіздер, биыл  жаңа оқу жылында 4,9,10 сыныптар кестеге сай жаңартылған білім беру мазмұнына көшеді. Елімізде жаңартылған білім беру форматы осы кезге дейін де спиральдік жүйе бойынша жүргізілді, яғни, алаңдауға негіз жоқ. Жаңартылған мазмұнға сәйкес 10-сынып оқушылары «Графика және жобалау», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» сынды жаңа пән оқиды.

– Бүгінде жаңаша білім беру жолында өзгерістер жүріп жатыр. Ұстаздар мен оқушыларды қандай жаңалықтар күтуде?

– Алдағы 2019-2020 оқу жылында елеулі өзгерістер бол­майды. Бірақ, биыл білім беру саласында айтулы жаңалықтың бірі ретінде оқушылардың 1-сыныпқа қа­­былдануы автоматтандырылғанын айта кету керек, яғни, ата-аналар қажетті құжаттарды электронды рәсімдей алады. Сонымен бірге осы жылы мұғалімдерді қызметке қабылдау процесі де автоматты жүйеге ауыс­ты. Жүйе jumys.sitcen.kz ақпараттық жүйесі арқылы рет­теледі. Бұл өз алдына педагогтың уақытын үнемдеп, адами факторлардың қатысуынсыз іске асыруға жол ашады.

Жаңа оқу жылында облыста 293 мектепте 164 500 оқушы келеді деп күтілуде. Оқушылардың кон­ти­н­генті 2018 жылмен  салыстырғанда 10 мыңға көбейеді. Оның ішінде 1-сыныпқа келетін оқушылар саны жобамен 2500-ге артады. Қазіргі есебіміз бойынша облыста 1- сыныпқа 21553 оқушы қабылданады. Оқушылар саны­ның өсуі негізінен Қызылорда қаласында байқалады.

– Қанша мектепке жөндеу жұмыстары жүр­гізілді? Олар жаңа оқу жылына толыққанды дайын болады ма?

– Баршаға белгілі, Сыр елінде үш ауысымда оқитын мектептер жоқ. Мектеп сыйымдылығы мәселесін реттеу үшін қаладағы 1300 орынға профициттері бар 5 мектепке (№4,12,187, 217, 278) ІТ-лицей статусы берілді. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен информатика және робототехника үйірмелерін жүргізуге 19,9 млн теңге қаржы бөлінді. Бала саны көп мектептердің (№2, 3, 264, 101) оқушылары шағын аудандары бойынша ауыстырылады. Сондай-ақ, өткен жылдан бастап білім басқармасы тарапынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жеке мектеп құрылысын салуға бизнес секторымен бірлесіп, ауқымды жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде алдағы қыркүйек айында 1450 оқушыға арналған 3 жеке мектеп ашылады деп жоспарлануда. Бұл  1500 оқушы орны тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.

Мұнан бөлек, Жаппасбай батыр көшесінде құры­лысы жүргізіліп жатқан 600 орындық мектеп қазан айында пайдалануға беріліп, орын тапшылығын жояды деп күтілуде.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 3 мектепке республикалық, 2 мектепке аудандық бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жасалуда. Сонымен қатар, 288 мектеп жергілікті бюджет есебінен бөлінген 403,2 млн теңгеге ағымдағы жөндеуден өтуде.

Жөндеу жұмыстарын толық аяқтау барлық қала, аудан білім бөлімдерінің басшыларына тапсырылды және облыстық білім басқармасының тұрақты бақылауында.

– Биылғы тамыз мәслихатында қандай өзекті мәселелер сөз болады?

– Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын педагогикалық тамыз конференциясы биыл адами капитал мен білім сапасының артуына арналады. Жиын «Келешекке – кемел біліммен» тақырыбында өтеді.

Өздеріңіз білесіздер, бұл жиын – өткен жылдың қорытындысы негізінде алда тұрған міндеттерді пысықтау, өзімізге жаңа міндеттер алатын талқы алаңы. Облыстағы барлық педагогтар бірігіп, ортақ мәселеге қатысты өз ұсыныстарын жеткізетін болады. Себебі бізді білім саласында айқын міндеттер күтіп тұр. Қазір дамудың, жылдам қарқынға ілесудің уақыты. Бұл өз кезегінде сала мамандарының ұдайы білім арттыр­уына жол ашады.

Облыстық тамыз конференциясына білім саласында тәжірибесі бар халықаралық спикерлер қатысады деп жоспарлап отырмыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы».

Cұхбат 20 тамыз 2019 г. 2 104 0