Тату ел табысты, алға оздырар әр істі

Бастауын іздесең бірнеше ғасырдың  қойнауынан хабар беретін, әр тасы мен аққан суы қарт тарихтың сырын айтатын Жалағаштай киелі өлкеде заманынан озық туған даралар көп болған. Мұнда өткеннің ізіндей, көненің көзіндей тарихи һәм мәдени орындар жетерлік. Атыраптың әр төбесінде айтылмаған сыр, жазылмаған шежіре жатыр.  Ежелгі Женттен бөлек, аттандап жауға қарсы шапқан Бұқарбай мен Сәрке батырдың, қара қылды қақ жарған Құба би мен Өмірбай, Бостай, Шортанбай шешендердің кіндік қаны тамған киелі орын екені белгілі. Темірбек Жүргеновтей ел мүддесіне жұмыс істеген қайраткерлердің туған жері бұл. Қомшабай Сүйенішов, Асқар Кіребаев, Темірше Сарыбаевтай ел руханиятына сүбелі үлес қосқан ардақтыларды неге айтпасқа?! Жалағаш дегенде, жалпақ жұрттың есіне алдымен осылар түседі емес пе?!

Бүгінде 80 жылдығын тойлағалы отырған жалағаштықтардың сындарлы сәтте биіктен көрініп келе жатқанына тарих куә. Заман көшінен қалмай, ауызбіршілікті ту еткен аудан халқының әлеуеті қалай? Ағыны жылдам бүгінгі дүние көшіне қалмай ілескен тұрғындардың ахуалы қай деңгейде? Осы мақсатпен апта басында Жалағаш ауданына аттанып, облыстағы Сыр маржанының үштен бір бөлігін өндіретін, ынтымағы артқан, ырысы тасыған елдің тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевқа жолығып, кент және елді мекендерде жасалып, атқарылып жатқан жарқын істеріне куә болдық.

Жұмыс кабинетінде қарсы алған Қайратбек Әубәкірұлымен бір сағаттан астам өңірдің жай-күйі жайында әңгімелестік. Ара-тұра сұрақ қойғанымыз болмаса, екі жылдан бері ауданның даму көрсеткіші үшін үзбей жұмыс жасаған басшының атқарған ісін қағаз бетіне түртіп отырмыз.

 – Жалағаш – Сыр өңіріндегі кезінде мал баққан, бүгінде егіншілікті кәсіп еткен өзіндік тарихы мен дәстүрі орныққан аудан, – деп бастады әңгімесін аудан әкімі. – Сонау Кеңес үкіметі кезіндегі «елді колхоздастырамыз» деген желеумен шолақ белсенділердің тегеурініне қарсылық білдіріп, 10 айға созылған Қарақұм көтерілісін жасаған аға буын өкілдері осы жердің азаматтары еді. Заман талабына сай жалағаштықтар бүгінгі күні егін егу, мал өнімін өндірумен айналысуда. Биыл 21800 гектар Сыр салысын егіп, одан мол өнім күтіп отырмыз. Мал шаруашылығы саласында төрт түлік басы өсіп келеді, – деді Қайратбек Әубәкірұлы.

Атқарылып жатқан жұмыстардың негізінен әр саланы дамытып, ең әуелі әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындау, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, экономиканы әртараптандыруға бағытталған басым жобаларды іске асыру мен инфрақұрылымды дамыту міндеті тұр. Әкіммен ашық диалог барысында ұққанымыз, экономикалық өсуді қамтамасыз ету мен әлеуметтік мәселелерді шешуде жұмыстар үзіліссіз жүргізіліп, тұрақты өсім қалыптасқан. Даму көрсеткіштері жылма-жыл артып келеді.

45 миллиард теңге инвестиция

Биыл ауданға тартылған инвестициялық жобалардың жалпы құны 45 миллиард теңгеден асқан.

– Оның 29 миллиарды биыл игерілуде. Бұл қаржының негізгі бөлігі – 19 миллиард теңге күн сәулесінен 30 мВт энергия өндіретін электр станциясы құрылысына тиесілі. Жоба жүзеге асқанда 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, бюджетке жыл сайын 150 миллион теңге қаржы түседі. Станция құрылысын «Nomad Solar» ЖШС алдағы жылы аяқтағалы отыр. Нысан аумағы толығымен тазартылып, тегістелді. Жоғары кернеулік алаңда инверторлық қосалқы стансалардың фундаменті құйылуда, күн панельдері тіректерінің 30 проценті орнатылды.

Одан кейінгісі – «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының екінші кезеңі. Жоба аясында Таң, Мәдениет, Бұқарбай батыр, Аққұм ауылдық округтерінде айналымнан шыққан 15123 гектар жер қалпына келтіріліп, суармалы жерлер мен канал жүйелері толық жаңарудан өтеді, – деді аудан басшысы.

Республика бойынша жобаның екінші кезеңі 2011 жылы қолға алынған еді. Оған облысқа қарасты «Сол тармақ» магистральды каналы бойындағы аталған елді мекендерде орналасқан суармалы жерлер енгізілді. Жалпы құны 12,5 миллиард теңгені құрайтын ауқымды жұмысты «Мелиоратор» ЖШС жүзеге асырмақ. Жоба барысында 829,7 шақырым канал, 924,3 шақырым қашыртқы тазаланады. Бір көпір жөнделіп, бір насос станциясы салынады.

Биыл мамыр айында «Мелиоратор» ЖШС мен су шаруашылығының мамандары бірлесіп жұмысты бастау үшін 4433 гектар жерді анықтады. Шілде айында Бұқарбай батыр ауылында іске кірісті. Ауылдық округтегі бірнеше ауыспалы егіс жүйесінің қашыртқыларын қазу және №8 ауыспалы егіс жүйесінен үш тоспа жасау жұмысы жүргізілді.

 Бұдан басқа жеке жобалардан «Туған жерге тағзым» акциясы аясында кәсіпкер, Алматы қаласының тұрғыны, Ақсу ауылының тумасы Ерлан Сағымбаев кент орталығынан 900 орындық мешітті, мешіт жанынан 360 орындық асхананы өз қаржысына салып жатыр. Құрылысы қазан айында толық аяқталады деп күтілуде. Сонымен бірге, елдің әлеуметтік жағдайына баса назар аударатын «Таң ЛТД» ЖШС басшысы И.Шағыртаев, «Ер-Әлі» ШҚ төрағасы Ә.Бекжанов, «Байтабын» ЖШС басшысы С.Мыханов, «Еңбек Жер» ЖШС төрағасы Ш.Искаков секілді ел азаматтарын атап өткен жөн. Олар туған жерге деген перзенттік парызын сезінумен қатар, инфрақұрылымды жөндеуге, қоғам тұрақтылығын сақтауға зор үлес қосып келеді.

Аудан әкімінің сөзінше, мәселе жоқ емес. Жалағаштағы көптеген әлеуметтік мәдени нысан тозған, жаңадан салуды қажет етеді. Мысалы, аудан тарихын көрсететін музей, оқушылар үйі мен өнер мектебі апатты жағдайда. «Ақтерек» балалар лагері де кеңестік заманда асар әдісімен салынған. Жалағаштан әлемге, Азияға белгілі спортшылар түлеп ұшқанымен, орталықта типтік спорт кешені жоқ.

«Өркен-Әлемнің» өнімі

Жалағаш кентінің батыс бөлігінен 22 гектар жер телімі белгіленіп, «Серпін» аграрлы-индустриалды аймағы құрылғанын білеміз. Бұл аймақ инженерлік инфрақұрылыммен толық жабдықталып, автожол, телефон, ауыз су және электр желілері түгелдей жүргізілген еді. Мұндағы жер телімінің 12,7 гектары кәсіпкерлерге табысталған.

Айта кету керек, аграрлы-индустриалды аймақта жалпы құны 191 миллион теңгені құрайтын 5 өндіріс орны іске қосылып, 66 адам жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта жалпы құны 457 миллион теңгені құрайтын 11 жобаны іске асыру жоспарлануда. Сапар барысында “Өркен-Әлем” ЖШС арнайы киім тігу цехының жұмысымен таныстық. Екі жылдан астам уақыт бұрын ашылған цех бүгінде 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өнімі Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарайды.

– Біздің бас офисіміз Алматы қаласында орналасқан. Мұнда 2017 жылдан бастап жұмыс істейміз. Әскерилерге арналған оқтан қорғайтын кеудеше, саперлар киетін шлем мен снаряд жарықшағынан қорғайтын киімдер тігеміз. Арнайы киімдер Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдердің тапсырысы бойынша жасалады. Барлық қызметкерлер – жергілікті аудан тұрғындары. Алдағы уақытта жұмыс ауқымын кеңейтетін үлкен жоспарлар бар. Айта кету керек, жыл аяғына дейін үш айдың ішінде екі топпен 30 қыз-келіншекті осы салаға бейімдеп, оқытпақпыз, – дейді цех филиалының директоры Жақсылық Өзденбаев.

Кәсіпкерлік саласына қатысты жыл басынан бергі мәліметтерге шолу жасасақ, аудан бойынша 1 шілдеге дейін тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 2340 болса, оның 89,1 проценті нақты жұмыс жасап тұр. Аудан халқының 6,6 проценті кәсіпкерлікке тартылған. Бұл көрсеткішті көрші аудандармен салыстырсақ, жалағаштықтар алдыңғы қатарда. Бірінші жартыжылдықта аудан бойынша кәсіпкерлік субъектілері арқылы 62 миллион теңгеден астам салық түсіп, 372 жұмыс орны ашылған.

Кездесу барысында аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы: «Кәсіпкерлікпен айналысуға халықтың талпынысы үлкен. Екі жыл бұрын 174 жоба 1,4 миллиард теңгеге қаржыландырылса, былтыр ол 2 есеге өсіп, 294 жоба 3,1 мил­лиард теңгеге жетті. Алғашқы жартыжылдықта 167 кәсіпкер 1,5 миллиард теңгеге жуық несие алып отыр. Мақсатымыз – кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздықты жою. Өйткені, «үкімет асырайды» деген масылдықтың уақыты өтті», – деді. Еңбекпен аты шыққан Жалағаштағы жұрттың бұл бағытта мол жетістіктерге жететініне сенім мол.

Құрылыс қарқыны қалай?

Әкім қабылдауынан шыға бере әкімдік жанынан салынып жатқан құрылыс жұмысына соқтық. Бұл мемлекеттік қызметкерлер мен бөлімдерге арналған аудан әкімдігінің жаңа ғимараты екен. Биыл құрылыс-монтаждау жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы бөлінген, «Real Stroy Invest» ЖШС мемлекеттік сатып алу жеңімпазы атанып, тиісті жұмыстар басталып кеткен.

– Барлығы 60-қа жуық адам құрылыс жүргізуде, оның 15-і – жергілікті тұрғын. Бүгінде жұмыстың 60 проценті бітті деп есептеуге болады, – дейді құрылыс шебері Еркебұлан Сыздықбаев.

Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде облыстан Жалағаш ауданына 626,4 мил­лион теңге қаржы қарастырылыпты. Бұған қоса, облыстық бюджеттен 76,3 миллион теңге бөлінген. Біз арнайы барып танысқан №201 мектеп-лицейдегі күрделі жөндеу жұмыстарына жоғарыда аталған қаражаттың толықтай пайдасы тиіпті. Оқу жылының басына дейін білім ордасы оқушылар мен ұстаздардың игілігіне беріледі. 140 адам жұмылдырылған құрылыс басында жұмыс қызып жатыр. Бұдан бөлек, аталған жоба аясында бөлінген қаржыға аудандық орталықтандырылған кітапхана ғимараты мен кент ішіндегі 6 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Жалағаштық ағайынның көптен күткені 100 орындық орталық аурухана құрылысы еді. Жылдар бойы күн тәртібінен түспей, ақыры шешімі табылған істің басталғанына да көп бола қоймапты. Бүгінде толықтай іргетасы қаланып, кірпіш өру жұмыстарына дайындық басталған. Үлкен аурухананың жалпы құны 4 миллиард теңгеден асады. Биылға республикалық бюджеттен 462 миллион теңге бөлініп, құрылысын жүргізуді «Абу-Сер» ЖШС қолға алған.

– Көріп отырғандарыңыздай, өткен мамыр айында сол кездегі облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың өзі келіп, басталған іске елмен бірге сәттілік тіледі. Содан бері тоқтаусыз жұмыс істеудеміз. Іргетасы құйылып, үстіңгі плита қабаттарын да жауып болдық. Алда кірпіш қалау жұмыстары бар. Осында 120 адам жұмыс жасап жатыр, оның 70 проценті – жергілікті тұрғын. Құрылыс материалдары толық әрі уақытылы жеткізіліп тұр, – дейді құрылыс басшысы Қайыржан Жұмаділдаев.

Сапардың келесі бағыты далада жалғасты. Біз барып көрген нысан – аудандық маңыздағы «Самара-Шымкент-Мәдениет-Т.Жүргенов-Жаңаталап-Аққыр» автожолы бойындағы «Оңтүстік коллектор» көпірі. Аудандық маңыздағы жолдар қатарына кіретін осы автожол бойындағы көпірді жаңғырту жұмыстарын «Жылу-ХХІ» деп аталатын серіктестік бас­тап кеткен. Уақытша айналма жол мен көпір құрылыстары, ескі көпірді бұзу жұмыстары аяқталған.

– Құрылыс басында 20 шақты адам бар. Көпірдің тіреу бағандарының іргетасын құйып болдық. Енді бұйырса, күн суытам дегенше біраз жұмысты еңсеріп қалармыз. Биылға бөлінгені – 153 миллион, ал жалпы көпір құрылысының жобалық құны – 288 миллион теңге, – дейді құрылыс бригадирі Қуаныш Әбдіров.

Айтпақшы, көпірді жаңғырту жұмыстарын толық аяқтап шығу үшін қажетті 100 миллион теңгеден астам қосымша қаржы облыстық бюджеттен бөлінсе, нысанды пайдалануға беруге мердігер мекеменің мүмкіндігі бар.

Сапар М.Шәменов атындағы ауылда аяқталды. Мұнда жалпы құны 689,4 миллион теңгеге 140 орындық орта мектеп ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Биыл облыстық бюджеттен бөлінген 100 миллион теңгеге іргетасы толық қаланып, кейінгі кезектегі жұмыстары әлдеқашан басталып кеткен.

Құрылыс саласы бойынша мұнан өзге Есет батыр ауылының Көкпая көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Бұқарбай батыр ауылының Әлпейісов, Оспанқұлов, Үркімбаев көшелері қосымша жаңартылған. Сонымен бірге, аудандық маңызы бар «Еңбек-Есет батыр-Жаңадария» бағытындағы автомобиль жолының 8 шақырымын орташа жөндеу жұмыстары аяқталыпты.

 «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында Аққыр, Жаңадария және Мақпалкөл елді мекендеріндегі ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған. «Бұл су жүйесі жыл аяғына дейін толық пайдалануға беріледі» дейді жауапты мамандар. Аудандық құрылыс бөлімі берген мәліметке сүйенсек, Қаракеткен ауылдық округіне қарасты Далдабай және Таң ауылдық округіне қарасты Жаңақоныс елді мекендерінде де осындай жұмыстар биыл басталған. Бұл екі нысанның игілігін тұрғындар келер жылы көреді.

Кент ішінде де біршама жұмыстар ат­қарылған. Біз көрген Абай, Бұқарбай батыр көшелерін қайта жөндеу жұмыстары күзге дейін аяқталады. Мамыр айында Мысық би, Әпрезов көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілген. Ал алда жоғарыда айтып кеткен «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ы.Алтынсарин, Т.Жүргенов, Конституция, І.Қабылов, С.Қалыбаев және Н.Мырзалиев кө­шелері орташа жөндеу жұмыстарын күтіп тұр.

Атакәсіп ауызды аққа жеткізеді

Мақала басында айтып кеткендей, Жалағаш – күрішті аймақ. Сонысымен ел аузында. Биыл аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары мол егілді. Оның ішінде Сырдың басты бренді – күріш 21800 гектарға орналас­ты. Мұнан бөлек, диқандар жаздық бидай, арпа, мақсары,  жаңа  және ескі жоңышқа,  картоп, бақша мен көкөніс өнімдерін еккен.

Жалағашта көбіне-көп ірі қараның саны артқан. Ауданда етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес шет елдерден  200 бас  ірі қара сатып алу жоспары белгіленген. Бүгінде Ақсу ауылдық округінен «Қиясов Е» ЖК  Ресейден 100 бас  асылтұқымды қалмақ сиырын әкелді. Алдағы қыркүйек айында «АгроЛидер Таң» ЖШС Чехия мемлекетінен 100 бас асылтұқымды сиыр әкеледі деп күтілуде. Сондай-ақ, 8 мың басқа жуық қой сатып алу да басты жоспарда тұр. Қаракеткен ауылдық округінен «Қаншайым» ШҚ «Агронесие корпорациясы» АҚ-дан 12 миллион теңгеге жуық несие алып, 805 бас жергілікті қой аналығы мен 32 бас  қазақтың ірі қылшық жүнді құйрықты қойының қошқарын алдыртып, ұсақ мал басын арттыруға кірісіпті. «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген ескі сөзді есте ұстаған ауылдағы ағайын бұл кәсіппен бел шеше айналыса бастаған. Жоғарыда айтылғандардан бөлек, Аққыр ауылдық округінен «Нұр-Бек» шаруа қожалығы 1000 бас қой малын алу үшін  «Агронесие корпорациясы» АҚ-ға құжаттарын дайындап, шаруашылықтың жері бүгінде нақтыланған. Ал Жаңадария ауылдық округінен «Хадиджа»  және «Ханшайым» ЖК 10 миллион теңге несие алып, 664 бас қой сатып алған.

Көгілдір отын келетін күн жақын

Солай деп ақпарат берді мұндағылар. Қолдағы дерекке сүйенсек, мемлекеттік сатып алу­дың қорытындысымен Тереңөзек кентін­дегі автоматтандырылған газ тарату станциясынан Жалағаштағы кент орталығына дейін магистральдық газ желісін тарту мен кентішілік газ желісінің құрылысын жүргізетін мердігер мекеме анықталған. «StroyGazCompany» ЖШС облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы газдандыру құрылысын техникалық қадағалаушы анықталғаннан кейін жұмысты бастамақ.

Айта кету керек, Тереңөзек кентіндегі автоматтандырылған газ тарату станциясынан аудан орталығы мен кент ішіне газ құрылысын тартуға былтыр облыстық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен жобалық-сметалық құжаттар әзірленген болатын. Биыл жыл басында мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, жоба құны 3 жарым миллиардтан астам теңгені құраған. Газдандыру жұмыстарын республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін облыстық басқармалар мен Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім тапсырылды. Бұл жұмыстар биыл және келесі жылы атқарылады.

Жастар жылының жаңалықтары

Кент орталығын аралай жүріп, арнайы «Жас­тар ресуртық орталығы» деп атау беріп, айдар таққан орталыққа соқтық. Жастар жылындағы жұмыстардың барысын байқағымыз келген. Орталық директоры Ерхан Бақбергенұлы өзімізбен тетелес жігіт екен. Сөзіміз жарасып, аудан жастарының жай-күйіне құлақ астық. Оның айтуынша, Жастар жылын өткізудің жол картасын жүзеге асыру үшін кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген.

– Аудан тұрғындарының 25 проценті – жас­тар. Оның ішінде 5 мыңға жуығы ауылдарда тұрады. Биыл мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 14 миллионнан астам ақша бөлінді. Кент орталығында Жастар жылының ашылуы Нау­рыз мейрамында жұртшылық алдында салтанатты түрде өткізілді, – дейді орталық басшысы.

Жастар жылы Жалағаш жастары үшін жағымды жаңалықтарымен басталды. Ау­дандық жастар ресурстық орталығы жанынан «Coworking» орталығын ашу үшін аудандық бюджеттен 5 миллион теңге бөлініпті. Аталған орталықта жастардың тұлғалық қалыптасуына арналған тақырыптық семинар-тренингтер, түрлі бағыттағы спорттық шаралар жасалып, бос уақытты тиімді ұйымдастыруға барлық жағдай бар. Сондай-ақ, мұнда жастарға арналған үстел теннисі, аэрохоккей, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ спорттық жабдықтар, музыкалық аппаратура, видеоойындар бөлмесі мен компьютерлік қызметтерді тегін алуға мүмкіндіктер жасалған.

Айтпақшы, әлеуметтік желі арқылы жарнамасы жер жарған жастар еңбек лагерінің жайын орталық директорынан сұрап білдік. Бұл шара биыл тұңғыш рет аудан жастарының қатысуымен «Тюрешова» шаруа қожалығында өтіпті. Шаруашылық иесі Болатбек Нұрдәулет жас кәсіпкер болғандықтан шығар, мұндай игілікті іске қолдау білдіріп, шаруашылық жұмыстарын жастарға таныстырып, оларды еңбекке баулып, өмірлік тәжірибесін жетілдіруге септігін тигізген. Еңбек лагеріне 25-тен аса ерікті жас қатысыпты. Шараға аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов арнайы келіп, олармен кездескен. Жастар келер жылы мұны облыстық деңгейде өткізуді және лагерь уақытын бір аптаға ұзарту туралы ұсыныстарын білдіріпті. Бұл бригададан бөлек, «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс жасауға ниетті 52 адам шілде айында маусымдық жұмысқа қосылып, туған жерді көркейту жұмыстарына атсалысып жүр.

Табысқа тоқмейілсуге болмайды

Бір сөзбен айтқанда, Жалағашта мемлекет қамқорлығын сезініп отырған халық бар. Мақалада баяндалғандардан бөлек, білім, мәдениет, спорт саласындағы жетістіктер де – аудан халқының қалыптасқан талпынысының, ізденісінің нәтижесі. Айтпақшы, жалағаштық түлектер өткен жылғы ҰБТ қорытындысымен орташа 85,7 балл алып, аудандар арасында бірінші орын иеленді. Тестілеуге қатысқан 226 оқушының 91,3 проценті грант иегері атанған.

Соңғы жылдары Әлем, Азия, сонымен бірге республикалық, халықаралық жарыстарда Жалағаштан шыққан спортшылар топ жарып жүр. Ал мәдениет саласы бойынша аудан өнерпаздары халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардан жүлделі орындарды иеленіп, жоғарғы нәтижеге қол жеткізуде. Аудан мәдениетін облыстық, республикалық мәдени кеңістікке ықпалдастыру, насихаттау мақсатында Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің жанынан құрылған халық театры Орал қаласында өткен «Өнерге тағзым» атты аймақтық халықтық театрлар фестиваліне қатысып, «Ең үздік театрлық эксперимент» номинациясын иеленді. «Жігер» этно-фольклорлық ансамблі Тараз қаласында өткен «Көне Тараз күмбірі» атты республикалық этно-фольклорлық ансамбльдер байқауынан Ықылас Дүкенұлы атындағы арнайы жүлдемен марапатталған.

– Мұның барлығы нәтижелі тірлік пен берекелі бірліктің арқасы. Біткен істің табысы мен жетістігіне тоқмейілсімей, Жалағашты көркейту мақсатында әлі де жұмыс жасай береміз, – дейді аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев.

Түйін. Жалағаш ауданының даму үрдісі бүгінгіден де қарыштай беретініне атқарылған істер мен жүзеге асып жатқан жұмыстар өлшем бола алады. Қазақта «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген қанатты сөз бар. Елде тыныштық пен бірлік болса, алдағы уақытта да аудан экономикасының қарқынды дамуы­на құтты қадамдар жасала береді. Жарқын болашақ пен кемел келешекті көздеген жалағаштық ағайынның бірлігіне іштей сүйсініп, өз мақсат-мұраттарын ілгерілету жолындағы айқын сапарына сәттілік тілеп, біз де кері қайттық.


Ержан ҚОЖАСОВ.

Cұхбат 10 тамыз 2019 г. 2 156 0