« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Мемлекеттік кіріс органдары – жоғары тиімділіктегі басқару жүйесі бар, салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді ерікті түрде төлеуге және еркін халықаралық сауданы ынталандыру және адал салық төлеушілер мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы ортаны жасаушы, клиентке бағдарланған қызмет. Мемлекетіміздің қалыпты дамуы мен өркендеуі бюджет кірісінің оңтайлы қалыптасуымен тығыз байланысты. Осы тақырып Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орыновпен жасалған сұхбатқа арқау болған еді.
– Ғалымжан Қалдыкөзұлы, мемлекеттік кірістер органдарының құрылғанына 5 жыл толып отыр. Сұхбатымызды бұрын өз алдына жұмыс жасап келген кеден, салық саласын біріктіру қандай мақсатты көздегенін және осы жылдар ішінде бюджеттің кіріс бөлігінің мәліметтерінен бастасақ.
– Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан кейін, салық-кеден саясатын жүргізуде, мемлекеттік аппарат пен бизнестің өзара іс-қимылын реттеу арқылы төлемдер мен салықтардың жинау міндеттері арасындағы қажетті теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік кірістердің жоғары тиімді бірыңғай жүйесін құру қажеттілігі туындағанын көрсетті. Сондай өзгеріс, осыдан бес жыл бұрын Салық және Кеден комитеттерін қосу жолымен, тарқатылған Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қаржылық және экономикалық қылмысты тергеу функциясын бере отырып, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетін құру арқылы жүзеге асты.
Қайта құрылған комитет – отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар үшін қызмет жасайтын, оларға тең дәрежеде бәсекелестік шарттарын жүргізуге жағдай жасауға жауапты, салық алымдары мен әкімшілендіру төлемдерін жинайтын орган. Салық және кеден саласын біріктірудегі негізгі мақсат – қазақстандық тауарлар мен қызметтердің, сонымен қатар еліміздің шекарасынан кірген әрбір тауардың соңғы тұтынушысына сатылуына дейінгі аралықтағы барлық қозғалысын, яғни сол тауарға салынатын салықтың түгелдігін бақылау.
Қазіргі уақытта кедергілерді қысқарту жолымен сауданы ынталандыру, кедендік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сыртқы сауданы әкімшілендіруді жақсарту, салықтар, алымдар және өзге де міндетті төлемдердің толықтығын қамтамасыз ету, көлеңкелі экономиканы төмендетудің тиімділік шараларын қабылдауды мақсат етудеміз. Мемлекеттік кірістер органы қоғамның қанағаттанушылығын арттыруды да назарда ұстайды.
Енді бюджеттік түсім түсу жөнінен статистикалық дерекке көз жүгіртсек, 2014 жылы мемлекеттік бюджетке түсім 88 млрд теңге болса, 2015 жылы – 76,4 млрд, 2016 жылы – 89,6 млрд, 2017 жылы – 104,7 млрд, ал, 2018 жылы 135,8 млрд теңге салықтар мен төлемдер түсуі қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, 2015 жылы шоғырландырылған бюджетке түскен түсім 222,5 млрд теңгені құраса, 2018 жылы 298,9 млрд теңгеге жетіп, үш жылда 76 млрд теңгеге артты.
– Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Еліміздің әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру тұжырымдамасын жүзеге асыру бағдарында Үкімет елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету бойынша 21 жобаны анықтады. Оның бірі – Қаржы министрлігінің «Салықтардың жиналымын арттыру» жобасы. Осы жобаны іске асыру шеңберінде министрліктің алдына салықтардың жиналымын 2016 жылғы 15,2%-тен 2025 жылы 25%-ке дейін ұлғайту міндеті қойылды.
Жоба жанама салықтарды әкімшілендіру (қосымша құнға салынатын салықтар және акциздер) және тікелей салықтарды әкімшілендіру деген 2 бағыт бойынша 8 бастамадан тұрады. Алғашқысы – «АСТАНА-1» бастамасы. Кедендік рәсімдер кезінде электронды декларациялау жүйесін әзірлеу шеңберінде «АСТАНА-1» электронды түрінде декларацияларды қабылдау және өңдеу бойынша жаңа көпфункционалды ақпараттық жүйе енгізілді. Ол алдын ала ақпараттарды беру, тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалану, транзиттік тіркеу, тауарларды шығарғаннан кейінгі уақытқа дейін уақытша сақтау қоймасында сақтау кезінде барлық кедендік процесті автоматтандырылған бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Оның енгізілуіне байланысты уақыт пен қаржы шығындары азайып, электронды декларациялау оң әсерін тигізді.
Облыста былтыр аталған ақпараттық жүйе арқылы 2813 кедендік декларация рәсімделсе, бірінші жартыжылдықта 1958 кедендік декларация өңделді. Бұрын мұндай экспорттық және импорттық рәсімдерге 55 минут кетіп, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар кеден органына жеке келуі қажет болатын. Қазіргі жүйе олардың арасындағы тікелей байланысын болдырмайды және рәсімдеуге өте қысқа уақыт жұмсайды.
«Электрондық шот фактуралар» бастамасы бойынша 2014 жылдың 1 шілдесінен бастап Салық кодексінің ережелеріне сәйкес шот-фактуралар электронды түрде жазылуда. Шот-фактуралар электронды түрде жазу кезең-кезеңімен міндеттеліп келсе, жыл басынан бері барлық қосымша құнға салық төлеушілерге (ҚҚС), ҚҚС төлеуші болып табылмайтын комиссионерлер мен экспедиторларға, сондай-ақ, импортталған тауарларды сатқан жағдайда да міндеттеледі. Қазіргі кезде бұл жүйені біздің облыста 1380 заңды тұлға, 379 дара кәсіпкер, барлығы 1759 адам қолданып отыр.
«Саудадағы қолма-қол есеп айырысуларды қысқарту» бастамасы шеңберінде онлайн-БКМ қолдануға көшу кезең-кезеңмен (тоқсан сайын) жүзеге асырылуда. Оларды жүзеге асыру кезінде салық төлеушілер ақшалай есеп айырысуда онлайн-БКМ қолдануды қамтамасыз етуге міндетті. Келесі жылдан бастап деректерді онлайн беру функциясы бар бақылау-кассалық машиналарды қолдануға толық ауқымды көшу, әсіресе ашық нарықта көлеңкелі айналымды айтарлықтай төмендетуге, сондай-ақ, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Бүгінде департамент бұл жүйеге көшу тәртібі төлем құралдарын қолдану міндеттілігі бойынша кең ауқымда түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Онлайн-БКМ енгізудің оңтайлылығы, мәселен, күніне бір чектен берген немесе күнделікті бір түсім сомасын көрсеткен сауда субъектілері түсімдерін 2 есеге дейін ұлғайтып отыр. Жобаға енгізілген 10 тойханаға жүргізілген талдау нәтижесінде, 64 млн теңгеге дейін кірісі ұлғайтылды.
– Төлем есептілігімен қатар тауарларға да қатысты ақпараттық жүйелер жасалған болар?
– Иә, «Виртуалды қойма» бастамасы тауарларды есепке алуды, қалдықтарды автоматты түрде санау және импортталып келген тауарларды кіріске алудағы бизнес-процесті автоматтандыру мақсатында жасалды. Виртуалды қоймада әрбір салық төлеушінің жеке қоймасындағы тауарлар жайлы ақпарат, оған тауардың кіруі, тауардың орнын ауыстыруы және есептен шығару туралы барлық электрондық құжаттар сақталатын болады. Нәтижесінде виртуалды қоймадан таңдалған тауар бойынша электрондық шотфактураларды рәсімдеу барысында тауар декларациясына тауардың шығу тегі сертификатындағы мәліметтер автоматты түрде толтырылады. «Виртуалды қойма» модулі арқылы өткізілетін тауарлар тізбесі кеңейтілуде. Жыл басынан бері жеңіл және жүк көліктер, 1 шілдеден бастап тоңазытқыштар, теледидарлар, 1 – қазаннан шаңсорғыштар, электр қыздырғыштар, фотокамералар енгізіледі.
«Тауарларды таңбалау» бастамасы шеңберінде елімізде тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін құру жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының жоспары бекітіліп, «Темекі және темекі өнімдері» тауар тобын ЕАЭҚ тауарларының цифрлық платформасы базасында темекі өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жоба жүргізілуде. Блокчейн (IBM Hyperledger Fabric) және жасанды интеллект (IBM Watson) технологиясын енгізу бөлігінде қолданбалы зерттеулер бойынша зертхана құрылады. «Blockchain» технологолиясын пайдаланудың негізгі принципі – ҚҚС қаржылық ағынын бақылау және нақты уақытта салық төлеушілердің салықтық міндеттемелерін орындаудың ашықтығын қалыптастыру. Осыны жүзеге асыруда ҚҚС төлеушілердің ҚҚС бақылау шоты қолданылады.
ҚҚС бақылау шоты бұл – ел аумағындағы екінші деңгейлі банктерден салық төлеушілер ашқан қосылған құн салығы бойынша төлемдердің қозғалысын есепке алу үшін пайдаланылатын банктік шот. Оны енгізу шеңберінде екінші деңгейдегі банктермен Блокчейн технологиясын пайдалануға уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ, ҚҚС бақылау шотын енгізу бойынша бизнес-процестер әзірленді. Оны қолдану нормалары жыл басынан қолданысқа енгізілді.
«Салықтық әкімшілендіру мақсаттары үшін үшінші тұлғалардың дерекқорларын құру» бастамасы бойынша бизнес субъектілерінің суды, газды және электр энергиясын тұтыну көлемі бойынша коммуналдық ұйымдардың мәліметтері негізінде «Суды, газды және электр энергиясын тұтыну арқылы қашықтықтан бақылау» жобасы жүргізілуде. Нәтижесінде бюджетке былтыр 64,8 млн теңге, өткен 1-ші жартыжылдықта 52,9 млн теңге салық түсті. «Жалпыға бірдей декларациялауды енгізу» бастамасы 2021 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылды және бұдан әрі кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл жүйені енгізудегі мақсат – жеке тұлғалардың табыстары мен мүліктерін тиімді бақылауға қол жеткізу.
Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатын, табысы мен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын міндеттің бірі – салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін салық рақымшылығын жүргізу. Осыған сәйкес, жыл басынан бері шағын және орта бизнес субъектілеріне 2018 жылдың 1 қазанындағы негізгі қарызын осы жылдың соңына дейін төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұлды есептен шығаруды көздейтін салықтық рақымшылық жүргізілуде.
Салықтық рақымшылық не үшін жасалады? Шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің қордаланған қарызының елеулі бөлігін өсімақы және айыппұлдар құрайды. Негізгі салықтан қарызын өтеуден соң кәсіпкердің кәсібін жалғастыруға, жаңа кәсіп түріне ауысуға, жаңа идеялары мен бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндігі пайда болады. Облыс бойынша рақымшылықты пайдалануға мүмкіндігі бар тұлғалар саны – 1839, олардың 2018 жылдың 1 қазанына жалпы берешегі 5,3 млрд теңгені құраған. Оның 3,5 млрд теңгесі негізгі қарыздары, 1,6 млрд теңгесі өсімпұл және 200 млн теңгесі айыппұлдар. Қазіргі уақытта 1170 салық төлеуші немесе 64 % 168,1 млн теңге негізгі қарызын өтеп, 31,8 млн теңге өсімпұлы есептен шығарылды. Одан басқа, 16 шілдеден бастап жеке тұлғалардың салықтары бойынша өсімпұлдарды есептен шығару жолымен іске асатын салықтық рақымшылық басталды. Өсімпұлды есептен шығарудың жалғыз шарты – жеке тұлғаның салықтар бойынша негізгі борышты төлеуі. Рақымшылықты пайдалануға мүмкіндігі бар облыс бойынша жеке тұлғалар саны – 63905, олардың жалпы берешегі 1 млрд теңгені құраса, оның 790 млн теңгесі негізгі қарызы, өсімпұлы 230 млн теңге.
– Салықтық қызмет көрсетудің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың барысы қалай?
– Мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарының талаптарына сәйкес, департаменттің салық саласында 28 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оның 18-і автоматтандырылған. Ал кеден саласы бойынша сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға көрсетілетін 16 мемлекеттік қызметтің алтауы толық автоматтандырылған. 2019 жылдың 1 қаңтарында 553 864 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілсе, 94% электронды түрде атқарылды.
Біздің басым бағыт – салық төлеушілерге сапалы мемлекеттік қызмет көрсету. Көрсетілетін қызметтің сапасы мен ұтқырлығын бағалау мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен «Цифрлы агент» мобильді қосымшасы былтыр жыл соңында іске қосылды. Мұнда мемлекеттік қызметті алушылардың нақты уақытта қызмет көрсету сапасына қатысты өз шағымын және тиісті бағасын беру мүмкіндіктері қарастырылған.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру мақсатында Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында кезекті басқарудың электрондық жүйесі орнатылған. Ол бойынша биыл 47215 салық төлеушіге қызмет көрсетілді. Дайын құжаттарды беру бойынша 3356, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 2, жеке тұлғаларға 30442, тіркеу және есептен шығару бойынша 8408, электронды цифрлық қолтаңба алу 1427, ҚҚС тіркеуге қою бойынша 526 кезекті басқарудың электрондық жүйесі арқылы қызмет көрсетілген. Кірістер органдарында мемлекеттік қызмет алу үшін мемлекеттік қызмет көрсетудің экстерриториялық принципі қарастырылған. Бұл – салық төлеушіге оның орналасқан мекен жайына қарамастан, 12 мемлекеттік қызмет түрін көрсету мүмкіншілігі деген сөз.
– Ғалымжан Қалдыкөзұлы, кәсіби мерекелеріңізді қандай табыстармен қарсы алып отырсыздар?
– Өткен жартыжылдықта шоғырландырылған бюджетке 198,6 млрд теңге түсім түсуін қамтамасыз еттік, бұл өткен жылдың осы кезеңінен 47,2 млрд теңгеге артық. Оның ішінде мемлекеттік бюджеттің үлесі 76,3 млрд теңге, тапсырма 102,8% орындалды. Республикалық бюджетке түсірілген салық көлемі 51 млрд теңге, өткен жылдың осы кезеңінен 17,1 млрд теңге артық (өсу қарқыны 150,4%), жергілікті бюджетке түсім 25,4 млрд теңге болып құралды, жоспардан артық түскені 2,9 млрд теңге немесе орындалуы 112,9%. Өсімге қол жеткізудің негізгі себептері облыстың макроэкономикалық көрсеткіштерінің жақсаруы. Мәселен, құрылыс көлемі (239,9%), көлік қызметі (104,3%), ауыл шаруашылығы өнімдері (102,3%) өсті.
Ақпараттық жүйелердің дамуы, бұрынғыдай тексеруге шығу деген түсінікті азайтты. Мысалы, 2017 жылмен салыстырғанда, тексеру саны 29% азайды (2017ж. – 1962, 2018ж. – 1392). Камералдық бақылау адал кәсіпкерлердің санын көтеруде. Декларацияларға жасалған нақты талдау қателікті өзі көрсетеді, ал, салық төлеуші белгіленген уақыт ішінде салығын төлеп, өз қателігін өзі жөндей алады. Камералдық бақылау нәтижесімен мемлекеттік бюджетке 9,5 млрд теңгенің қосымша кіріс көздері қамтамасыз етілді.
Бүгінде жаңа құрылым ретінде жұмыстарымыздың бірқалыпты ырғағы қалыптасып, тиімділігі жоғары екендігін осындай игі істер дәлелдеп отыр. Сондықтан, барлық әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, мемлекетіміздің экономикасын нығайтуда, беріктігін сақтауда қиын да қызықты еңбектерінің жана беруіне тілектестік білдіремін. Ел игілігі үшін жасап жатқан еңбектері әріптестеріме абырой, қуаныш әкелсін!
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбатты жүргізген
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |