Құрылысшылардың еңбек іздері мыңдаған тұрғын үйлер мен қызмет көрсету ғимараттарында, мектептер мен балабақша, ауруханалар мен емханаларда, мыңдаған шақырым жолдарда сайрап жатыр. Ел қуанышына айналған ғажайып кешендер мен көкпен таласқан көрікті үйлердің көптеп салынуына қыстың суығы мен жаздың аптап ыстығында тер төгіп жатқан құрыш қолды құрылысшылардың сіңірген еңбегі ерен. Олар білікті, іскер де қабілетті маман ретінде елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейінің өсуіне айтарлықтай үлес қосуда. Биыл Сыр құрылысшылары төл мерекелерін толымды жетістіктермен, оң көрсеткіштермен атап өткелі отыр. Себебі, облыстың құрылыс саласының құрылғанына 75 жыл! Мерейлі мереке қарсаңында газет тілшісі облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріковпен сұхбаттасқан еді.
–Мұхамедиса Әбдірахманұлы, қаладағы бой түзеген тұрғын үйлерде, еңсе тіктеген емхана-ауруханалар мен білім нысандарында, іске қосылған өндірістерде – бәрі-бәрінде құрылысшылардың қолтаңбасы жатыр. Бұл ғимараттар өз кезегінде әлеуметтің әлеуетін айшықтайтынын ескерсек, құрыш қолдар төккен тердің текке кетпегенін ұға аламыз. Облыстың құрылыс саласының 75 жылдық тарихында атқарған жұмыстарын тізіп шығу мүмкін емес шығар. Дегенмен, тарихқа тағы бір үңілсек, өткені мен келешегі туралы ойыңызбен бөліссеңіз...
–Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. Бүгінде өңірімізде құрылыс индустриясы қарқынды дамып, ел экономикасының, оның ішінде тұрғындардың әлеуметтік әлеуетінің артуына айрықша ықпал етіп келеді. Саланың өркендеуін облыс орталығы – Қызылорда қаласы аумағының өсуінен, аудан орталықтары, ауылдар мен елді мекендерге салынған әлеуметтік объектілер мен тұрғын үй құрылыстарынан, жолдардан байқауға болады. Мұнан 75 жыл бұрын облыста құрылыс саласында бір ғана мекеме болса, қазіргі күні құрылыс салумен айналысатын мекемелер саны артты. Бұлардың ішінде құрылыс салуға тапсырыс беретін, сәулеті мен жобасын келісетін, құрылыс-монтаж жұмыстарының, материалдарының сапасына бақылау жасайтын, құрылысты жобалайтын мекемелер бар. Барлық аудандар мен қала әкімдіктері жанында құрылыс, сәулет және коммуналдық шаруашылық бөлімдері құрылған.
1944 жылы 1 қарашада Еңбекшілер депутаттарының облыстық Совет атқару комитетінің жанынан архитектура істері бөлімі құрылған. Оның бірінші бастығы болып Петр Силович Югай тағайындалған. 1959 жылы құрылыс істері жөніндегі облыстық бөлім мен Қызылорда қаласының бас архитекторы басқармасы біріктірілді. Ал 1945 жылы Қызылорда плотинасының құрылысы басталды. Біздің облыс жағдайында суармалы егіс кәсібінен тұрақты мол өнім алу мәселесімен шұғылдану аса қажетті іс. Сондықтан Сырдариядан Қызылорда плотинасын құру керек болды. Бұл плотина – Орталық Азиядағы ірі су құрылыстарының бірі. Плотина салынып біткен соң аймақтың суармалы егін кәсібі қарыштап дамып, халық шаруашылығы мен мәдениеті көркейеді деген үлкен сеніммен қарады. Солай болды да. 1956 жылы плотина іске қосылып, маусым айында су жіберілді. Одан кейінгі жылдарда қаланың солтүстік батыс бөлігінде целлюлоза-картон комбинаты, өндірістік цехтар, жылуэлектр орталығы, Титов поселкесі салына бастады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылыс атаулы тоқырағаны рас. Соның ішінде, тұрғын үй құрылысын салу жұмыстары өте баяулады. 80-жылдардың ортасында басталған «Мерей» шағын ауданының құрылысы 2004 жылы тоқтады. Арал теңізінің тартылып, экологиялық апат аймағына айналуы бүкіл дүние жүзін алаңдатқан оқиға болды. Елбасының тікелей қолдауымен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасы дүниеге келіп, «Көкарал» бөгеті тұрғызылды, «Ақлақ» су тоспасы салынды. Кіші Арал теңізі сақталып, елдің ризық-несібесіне айналды. Аймақта балық шаруашылығы өркендеп, балықшылар атакәсібіне қайта оралды. Жағалаудағы елді мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды. Бүгінде Аралда бұрынғы Кеңес заманында болмаған жаңа технологиямен балық зауыттары жұмыс істеуде. «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» теміржол желілерінің құрылысы жүргізіліп, Сексеуіл арқылы өтетін теміржол бойында көптеген нысандар ашылды, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды.
Егемендік алған жылдардан бастап облыстың құрылысына Мәлік Сапарғалиев, Қожахмет Баймаханов, Кемал Нұрекешов, Әуезхан Уромбаев, Сухраб Жолдасбеков, Сержан Нәметша, Ерлан Төрәлиев, Нәжмадин Шамұратов, Батыржан Қаракөзов, Әмірқұл Жылқайдаров, Мұрат Тілеумбетов секілді ағаларымыз бен замандастарымыз басшылық жасады. Өзім 2016 жылдың қазан айынан бастап облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметіне келдім. Басқармада білікті де білімді кадрлар жұмыс жасайды. Осы жылдары облыс аумағында бірқатар әлеуметтік маңызды нысандар пайдалануға берілді. Жалғыз баспанасы апатты деп танылған отбасылар жаңа шағын аудандардан пәтер алды. Аймақтың құрылыс индустриясын өрге сүйреп келе жатқан ірі әрі қуатты құрылыс компанияларының қатары жыл өткен сайын көбейе түсуде.
Осы қызметке келерге дейін 2013-2016 жылдары қалалық құрылыс бөлімінің басшысы қызметінде болдым. Сол кезеңде Сұлтан Бейбарыс, Жаппасбай батыр көшелері бойындағы, Тасбөгет кенті, Титов қыстағы, «Сырдария», «Астана», «Арай», «Арай-2», «Нұр Орда», «Ипподром», «СПМК» жаңа шағын аудандары мен тұрғын үй кешендерінің құрылысына тікелей басшылық жасадым. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында қабылданған «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында қаланың бірқатар елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар жүргіздік. Нәтижесінде 57 скважина іске қосылып, облыс орталығы – Қызылорда қаласы толықтай жерасты су көзіне қосылды.
2016 жылы аумағы 980 гектарды құрайтын толықтай инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз етілген «Бәйтерек» жаңа шағын ауданы ашылып, жер кезегінде тұрған 6 мыңға жуық азаматқа жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер бөлінді.
Құрылыс материалдары өндірісімен айналысатын, темір-бетон, қыш, металл-пластик, ағаш, түрлі аяқжол және аллеялар төсеніштерін, тағы басқа да қажеттіліктерді шығаратын зауыттар мен өнеркәсіп орындары бар. Республика бойынша барлық аудандары мен елді мекендерінің бас жоспарлары бекітілген облыстың бірі – Қызылорда. Қаланың бас жоспарына біршама өзгеріс енгізіліп, аумағы 9 мың гектарға кеңейіп отыр. Бұл да аймағымыздың дұрыс бағытта дамып, өсіп келе жатқанын білдіреді.
–Құрылыс дегеніміз – ауытқуына ешқандай жол берілмейтін стандарттардың, нормалар мен ережелердің толықтай жиынтығы. Себебі, таразы басында сол ғимараттарда өмір сүретін, жұмыс істейтін адамдардың тағдыры тұр. Мұны құрылысшы мамандығын таңдаған адам ғана түсінеді. Қазір қарап отырсаңыз, Қызылорда құрылыс алаңына айналғандай...
– Дұрыс айтасыз, ауқымды саланы алға жылжытуда құрылысшылар қауымының еңбегі ерен. Миллиардтаған теңгенің ірі жобалары құрыш қолды құрылысшылардың табандылығының арқасында жүзеге асырылуда. Заманауи мектептер мен балабақшалардың бой түзеуі, денешынықтыру кешендерінің салынуы, жылдар бойы армандап келген тақтайдай тегіс жолдардың ауылдарға дейін жетуі – бәрі-бәрі құрылысшылардың қолымен тындырылып жатқан игі істер. Соңғы 6 жылда бұрынғы аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен облыс бойынша 200-ден аса әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Ал биыл басқарма арқылы 23 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Өткен 7 айда 3 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Олар – сол жағалаудағы Жастарға қызмет көрсету орталығы, қайта жаңғыртылған Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадион және Арал ауданы Шижаға елді мекеніндегі 100 орындық ауылдық клуб.
Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес облыс атынан Түркістан қаласына сый ретінде халыққа қызмет көрсету кешенінің (Шығыс моншасы) құрылысы жүргізілуде және жыл аяғына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Түркістан облысы Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайдан кейін қаланы қайта қалпына келтірудегі Сыр құрылысшыларының ауызбіршілігі мен ерліктерін ерекше атап өтуге болады. Арыс қаласы 17 аумаққа бөлініп, біздің облысқа бөлінген 6 аумақта 267 тұрғын үйді қайта қалпына келтіру тапсырылған. Бір үйдің баласындай жұмыла кіріскен Сыр құрылысшылары өздеріне жүктелген жауапты істі абыроймен атқарып, 1 ай ішінде 267 тұрғын үйге толық жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың алғысына ие болды. Арыстағы жұмыс қарқыны облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың тікелей бақылауында.
Қызылорда сәні мен салтанаты жағынан өзге қалалардан кем түспейді. Бұл ретте Сырдарияның сол жағалауын ерекше атап өтуге болады. Қазірдің өзінде сол жағалауда 18 көпқабатты үйлерден тұратын шағын аудан, балабақша, жастарға қызмет көрсету орталығы, «Болашақ» университетінің кампусы, 1925 жылы «Қазақ» деген атауды қайтару туралы тарихи қаулы қабылданған бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызбасының негізінде салынған «Рухани жаңғыру» орталығы ғимараттары бой көтерді.
–Әрбір отбасы баспаналы болуды армандайды, соған күш-жігерін салып ұмтылады. Бүгінгі күні тұрғын үймен қамту мәселесі қалай жүзеге асырылуда?
– Мемлекетіміз өз азаматтарының баспанамен қамтылуына, бақытты болуына мүдделі. Тұрғын үй құрылысы – тек мақсат қана емес, ел экономикасының өрлеуіне серпін беретін зор күш. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып, еліміздің барлық өңірлерінде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамуда. Соңғы 6 жылда 2,6 есеге өсіп, 2013 жылы 270 мың шаршы метрден 2018 жылы 700 мың шаршы метрге жетіп отыр. Облыс бойынша 361 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 7 709 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Апатты жағдайдағы баспана мәселесі толық шешімін тауып 713 отбасы жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Өңірде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1862 пәтерді құрайтын 43 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Біздің басты мақсатымыздың бірі – халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын барынша қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осы бағытта халыққа бастапқы жарнасыз алуға мүмкіндік беретін «Орда» жол картасы іске асуда. Сонымен қатар, «Баламекен» жобасы шеңберінде 100 отбасы «Болат Өтемұратов қорының», ал қалған 50 отбасы жергілікті бюджет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілуде. Маусым айында 100 пәтерлі 50 үйдің құрылысы пайдалануға берілді. Бұған қоса «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылуда.
– Қаланың, ауылдың сәнін келтіріп, айшықтандырып тұрған құрылыстарға қалдырған қолтаңба – әрқайсыңыз үшін үлкен мәртебе. Абыройларыңыз асқақ, мерейлеріңіз әрқашан үстем болсын! Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.