«Сыр бойы» газеті тағы бір жаңа айдарды жүргізеді. «Сыр-сұхбатта» қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен белгілі тұлғалар, түрлі саланың майталман мамандары газет тілшілерімен еркін пікір алмасып, бүгінгі қоғамның тыныс-тіршілігін ой сарабынан өткізеді. Бүгінгі санда газет тілшісінің Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қаржыгер Қалқазбек Әжібековпен әңгіме-сұхбаты жергілікті басқару мен ауыл өмірінің өзекті мәселелеріне арналып отыр. Тілші: – Сізбен әңгімемізді бүгінгі күннің тақырыбымен бастағым келеді. Қазақстан Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев өзінің сайлаудан кейін қызметке ресми кірісу салтанатында сөйлеген сөзінде халықтың әл-ауқатын көтеру есептегі цифрлармен емес, нақты өмірдегі жағдаймен өлшенетінін атап көрсеткен болатын. Иә, шынында да біз цифрлардан жалықтық. Алайда онсыз өмір сүру де мүмкін емес. Қалай болғанда да деректер мен дәйектер біздің жағдайымызға өлшем болатын бірден-бір таразы екенін және жасыруға болмайды. Өзіңізге мәлім, Қазақстанда әрбір өңірдің жағдайына сипаттама беретін, әр жыл сайын қорытынды есепке құрылған жалпыөңірлік өнім көрсеткіші деп аталатын статистикалық деректер бар. Сізбен сұхбат алдында 2018 жыл қорытындысына зер салдым. Қазақстанның өндірілген жалпы ішкі өнімі 59,6 триллион теңгені құрады және өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлемінің өсуі 4,1% құрады. Жалпыөңірлік өнім өндірісінде ең үлкен үлесті Алматы қаласы – 20,6%, ал ең аз үлесті Солтүстік Қазақстан облысы 1,9% алады. ЖӨӨ-нің жоғары өсім қарқыны Атырау облысында (15,1%), Шымкент қаласында (11,9%), Қостанай облысында (7,6%) байқалады.
2018 жылы Қызылорда өңірінде 1,6 трлн теңге жалпыөңірлік өнім өндіріліпті. Зерттеп көргенімізде оның ішінде өнеркәсіп өнімінің үлесі 660 млрд теңгені құрайды екен. Яғни, жалпы өнімнің ішіндегі өнеркәсіптің үлесі – 40 процент. Ал өнеркәсіптің үлесіндегі мұнайдың еншісі 95 проценттен асып түседі. Соңғы жылдары облыстың мұнай кеніштерінде суланудың деңгейі күрт өсіп, мұнай өндіру көлемі едәуір қысқарды. Әлбетте, осының барлығы алаңдатпай қоймайды.
Біз неге үміт арта аламыз? Рас, соңғы жылдары ауыл шаруашылығына жақсы көңіл бөліне бастады. Нәтиже бар. Алайда өңірлік өнімнің өсімі өнеркәсіпке, одан қалды, шағын кәсіпкерлікке келіп тіреледі.
Облыс әкімдігінің бастамасымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыруды көздейтін өзекті мәселелер республикалық деңгейде талқыланды. Ондағы мақсат – мұнай-газ, су шаруашылығы салаларындағы, инженерлік инфрақұрылымды дамытудағы және тағы басқалай салалардағы қордаланған мәселелерді шешу.
Мәселен, мұнай-газ саласында «Оңтүстік Торғай», «Сарысу» және «Сырдария» шөгінді бассейндерінде геологиялық жер-қойнауын зерттеу жұмыстарын жүргізу ұсынылды. Бұл мұнай қоры көздерін айқындап, мұнай-газ саласындағы жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Жарайды, мұнай елге берілген несібе делік, басқа бағыттар бойынша не істеуге болады? Нендей резервтер бар?
Қ.Әжібеков: – Қазақстан – унитарлы мемлекет. Сондықтан оның әрбір аймағындағы халықтың тұрмыс деңгейінде көзге ұратындай айырмашылық болмауы тиіс. Жоғары атқарушы билік бұл тұрғыда не істей алады? Біздіңше, жаңа өнеркәсіп орындарын құру Сыр халқының келешегі үшін өте маңызды мәселе. Өнеркәсіп әлеуетін көтермей елдің табысы толыспайды. Мұны бір деңіз. Мұнайдың болғаны жақсы, әрине. Бірақ бізде осы сала қарқынды жұмыс істеген кезеңнің өзінде онда 4 мыңдай ғана адам еңбек етті. Олардың бала-шағасын есептегенде сала бар болғаны 20-25 мың адамның несібесін айырады екен.
Біз ендігі жерде ауыл өндірісіне мықтап бетбұрыс жасауымыз керек. Осы орайда қазіргі кездегі шалғайда жатқан үлкенді-кішілі ауыл тағдырына алаңдап, көкейде жүрген кейбір ойларымызбен бөліссек дейміз. Меніңше, осы жерде резерв көп.
Зер салыңыз, еліміздегі 18 миллионнан асатын халықтың 10 миллионнан астамы экономикалық тұрғыдан белсенді деп есептесек, оның 7,7 миллионы ауыл халқын (42,6%) құрайды. Еңбекке жарамды халықтың ¼ бөлігіне жуығы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар категориясында болса, оның басым бөлігі тағы да ауылдықтар үлесінде. Толығырақ талдау жасар болсақ, мұнан 50 жыл бұрын ауылдықтар үлесі ел халқының жартысын құрайтын, ол кезде тек қана ауыл статусы барлардың тұрғындары ғана есептелсе, кейінгі 10 жылдықтан бері ауылдықтар санатына кент тұрғындары қосылғанымен, үлес салмағының азайып бара жатқаны байқалады. Иә, бүкіләлемдік урбанизация процесінде мұндай жағдай қалыпты да шығар, бірақ Қазақстан үшін кереғар тұстары да бар.
Қазіргі уақытта елімізде ауылға әлеуметтік сала мамандарының баруына бірқатар жағдайлар жасалған. Барып та жатыр. Алайда жастар арасында елге барып жұмыс атқарғанша, инфрақұрылымы дамыған қалаларда тұрғанды қалайтындар әлі көп.
Тәуелсіздігіміздің бастапқы кезеңінде ауырлық, басқа салалармен салыстырғанда, ауыл шаруашылығына көбірек түскендіктен және оны қолдауға қаржының тапшылығына байланысты саланың еңсесі түсіп, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге қауқары болмады. Ауыл халқы қалаға үдере көшті, оның үлес салмағы қазіргі таңда ел тұрғындарының 43% құрауда. Елдің ішкі өнімінің 5% ғана ауыл шаруашылығына тиесілі. Осы ғасырдың басынан бастап экономиканың жандануына байланысты ауыл шаруашылығының өсімі де орташа 8%-тен өссе, таяу жылдары азық-түлік өндіруді 2,5 есеге өсіріп, бірте-бірте еліміздің жалпы өніміндегі үлесі де артпақшы.
Тілші: – Украинаның қаратопырақты аудандарындағы өңірлерге соғыс кезінде немістер көз тігіп, барын тонаса, қазір американдықтар қарыз беріп сұқтанып жатыр ғой…
Қ.Әжібеков: – Міне, мәселе қайда жатыр? Ауыл халқының көшуіне ауыл мен қала халқының арасында өмір сапасы және табыс деңгейіндегі айырмашылықтар айтарлықтай ықпал жасады. Әсіресе жастар. Бұл теңсіздік әлі де ұлғая беруі ықтимал. Себебі, ауылдағы еңбек өнімділігі төмен, инфрақұрылым дамымаған, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін негізгі тұтынушылар шалғайда орналасқан.
Тағы бір маңызды мәселе. Біздің бәрімізді елдің стратегиялық қауіпсіздігі, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі де алаңдатады. Бұл орайда кезінде келешегі жоқ ауылдар тізіміне енген жерлерге енді халықты қайта апару қиын болатынын түсінемін. Меніңше, сол кезде жіберген олқылығымызды жөндеуге әлі кеш емес. Кезінде республикада 409 ауыл, облыста 20 ауыл болашағы жоқ елді мекен ретінде жойылды. Бірақ малын нәпақа етіп тұрып жатқандар әлі бар. Асығыстық болды-ау деп ойлаймын. Бұл бір жағынан жер де, табиғат та жетімсірей бермей ме деген ойға жетелейді.
Сонымен бірге құптарлық істер де бар. Облыс бойынша 16 ірі елді мекен «тіректі елді мекендер» бағдарламасына еніп, олардың инфрақұрылымының дамуына, әлеуметтік-мәдени объектілерінің жаңаруына, жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасалуда. Басқа өңірлерде де көңілге қонатын істер бар. Атап айтқанда, еліміз тұрғындарының көші-қоны жоғары Шығыс Қазақстан облысында 100 ауылды абаттандыруға 1 млрд теңге бөлу межеленсе, Солтүстік Қазақстан облысында көшіп келушілер үшін ауылдық жерлерде 600 тұрғын үй салынбақшы.
Біздің облысымызда да 2001-2003 жылдары ауылдық жерлердегі мамандарды қамтамасыз ету үшін 1000 тұрғын үй салынғаны, экономикасы тоқыраған, негізінен бұрынғы мал совхоздарына әртүрлі көздерден (бюджеттен, жеке ел азаматтарынан, қорлардан) көмек көрсетіліп, елдің есін жиюына, орнықталуына септік тигізгені есімізде.
Басты мәселе – елдегі тұрғындарға барынша жағдай жасап, ауыл шаруашылығымен айналысуына көмектесу, ауылға жастарды көптеп тарту, ол үшін ипотекалық, арендалық үйлерді керек жеріне салып, ынталандыру шараларын үкіметтік деңгейде жетілдіру керек. Мұнан кейін мал ұстау, жемшөп дайындауға көмектесуді шешу қажет. 2009 жылдан іске асып келе жатқан «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы ауылдық жерлердегі кадр жетіспеушілігін жоюға бағытталған және өзінің оң нәтижелерін беріп келеді. Жақында ауылдық жерлерге барып жұмыс істейтін әлеуметтік сала мен ветеринария мамандарына төленетін көтерме жәрдемақыны 70 айлық есептік көрсеткіштен 100-ге көтеру туралы шешім қабылданды. Осы тізімге басқа да ауылдағы мамандар енгізіліп, қазіргі қолданыстағы әлеуметтік қолдау шарасы қарастырылса деймін. Сонымен қатар, осы мамандардың коммуналдық шығындарын (жылу, отын алу, электр энергиясы) өтеудің қазіргідей жергілікті жерлердің құзырына тапсырғаннан Үкіметтің бәріне бірдей нақты анықтаған нормативтерімен бекітіп берсе деген ұсынысым бар. Яғни, ең болмаса қазіргі әскери қызметшілерге төленіп жатқан тұрғынжайды күтіп ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеудің ақшалай өтемақысының айлық көлемі 3779 теңгеге теңестірілсе дұрыс болар еді.
Сондай-ақ, нақты ауылдың өзіне (аудан орталықтары мен кенттерді есептемей) барып қызмет атқарушы әлеуметтік-мәдени сала мамандарының лауазымдық жалақыларына төленетін үстеме мөлшері өссе құба-құп болар еді.
Қысқасы, біздің резервіміз – ауыл. Егіншілік, мал шаруашылығы – табыстың үлкен үлесін құрайтын болады. Халық түсіне бастады. Бірақ масылдығымыз, жалқаулығымыз кем түсіп жатқан жоқ.
Тілші: – Елде серпіліс бар екенін байқап жүрмін. Кәсіпкерлер оңай ақшаның мүмкіндігі тарылғанын сезіп, мал ұстауға бетбұрыс жасай бастады. Субсидия бөлінуде. Басқа да жеңілдіктер бар дегендей...
Қ.Әжібеков: – Ауыл шаруашылығына мемлекеттен қолдау көрсетіліп жатыр. Бірақ, менің ойымша, республикалық органдарда экономиканы тиімді басқаруда бірізділік керек. Егіншілікке, малға субсидия беру тәртібі жиі өзгереді. Министрлер жиі ауысады. Ауысқан сайын тәртіп өзгеріп, бұрын берілген субсидиялар жоғалады немесе беру шарты өзгереді. Меніңше, саланы басқаруда жүйелілік, дәйектілік жетіспейді.
Тілші: – Халықты елде шоғырландырудың тағы бір жолы – біздіңше, билікті орталықтан аймақтарға, жергілікті жерлерге беру саясаты қолға алынып жатқаны қуантады. Қаржы саласын ұзақ жыл басқарған білікті басшы ретінде ойларыңызбен бөліскеніңізді дұрыс көріп отырмын. Жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімділігі қаншалықты қайтарым береді деп ойлайсыз?
Қ.Әжібеков: – Жергілікті өзін-өзі басқару мәселесін іске асырудың негізгі механизмінің бірі олардың дербес бюджеті болып табылатындықтан, биылғы жылдың басынан енгізілген халқы 2000 адамнан асатын округтердің 4-деңгейлі дербес бюджетінің мәнісіне көңіл аударайық. Бюджет кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес төртінші деңгейлі бюджеттің кіріс бөлігіне жеті салықтық түсім мен басқа да салықтық емес түсімдер белгіленді. Қарапайым халыққа, бір қарағанда, ауылдың дербес бюджеттеріне зор мүмкіндік беріліп, өз мұқтаждарын мұнан бұлай өздері шешетіндей болып көрінгенмен, ал, іс жүзінде аталған салықтар мен салықтық емес түсімдердің саны көп болғанмен, ауылдық жерде олардың көлемі өте аз, мардымсыз екенін мамандар бірден-ақ байқады.
Республикада бюджеттердің кірістеріне талдау жасағанда таңқаларлық жайттарды байқауға болады. Атап айтқанда, жеке тұлғалардың мүлік салығынан 65 бюджетке бар-жоғы 14,2 млн теңге ғана түсу межеленіп немесе әрбір тұрғын үйге 199 теңге ғана салық есептелген, яғни, әрбір ғимараттың қалдық құны 398 мың теңгеге бағаланған. Бірқатар округтерде тиісінше 27-47 теңгеден ғана салық жинау межеленген немесе тұрғын үйлердің құны бар-жоғы 54-94 мың теңге деп есептелген. Осындай жағдайды жеке тұлғалардан алынатын жер салығынан да байқауға болады. Бірқатар ауыл округтерінде салық жүктемесі 200 теңгеге де жетпейді. Жеке тұлғаларға салынатын мүлік және жер салықтарының мұндай ауыз жарымайтын сомаға дейін жетіп, мүлік үшін 20-47 теңге, жер телімдері үшін 90-180 теңге жиналған.
Әрбір қожалық иесі тұрғын үйлерін жаңадан салса, кеңейтсе, жер учаскесін алса, оны ұлғайтса және оған техникалық паспорт, мемлекеттік акт алып тіркеткісі келсе, міндетті түрде «Азаматтарға арналған Үкімет» корпорациясына өтініш беруі, құжаттар алуы керек. Осы қызметтері үшін, яғни, жер телімін заңдастыруға 30-35 мың теңге, тұрғын үй үшін 10-16 мың теңге төлеуі керек. Оның үстіне төлейтін салығы да еселеп өсуі мүмкін. Осындай жағдайда қандай ауыл тұрғыны өз еркімен қомақты шығынданып жыл сайынғы төлейтін салығын көбейтуге қалайша мүдделі болмақшы?
Тіркеу мәселесін жеңілдету мақсатында 2018 жылдан бастап жылжымайтын мүліктерді пайдалануға беру актілерін мүлік иесі өзінің қабылдау актісі арқылы рәсімдеуге рұқсат етілген және мұндай актілер аудан, қалалардағы құрылыс-архитектура жөніндегі атқарушы органында есепке алынған соң, Мемлекеттік корпорацияның ақпараттық базасына енгізіледі. Енді осы жағдайда коммуналдық қызмет көрсетуші ұйымдар жаңадан салынған немесе реконструкцияланған ғимараттардың қабылдау актісі болмаса да, оларды электр энергиясына, су, жылу, кәріз, байланыс жүйесіне еш кедергісіз қосуды жүргізуде. Осындай жағдайдың салдарынан ауылдық жерлерде жылжымайтын мүлік, жер телімдерінің біршамасы толық салыққа тартылмай қалуда. Яғни, ауыл округтерінің кіріс базалары көпе-көрінеу толықтырылмауда.
Облыстағы бір округтің жағдайымен ішінара танысқанда 10 жеке қожалықтың 5-де шаруашылық жүргізуге арналған сарай, мал қораларының есепке алынбағандығы, 8-де үйіргелік жерлерінің көлемінің шаруашылық есепке алу дәптеріндегі мәліметпен салыстырғанда шамамен 500-1000 ш.м дейінгі аралықта артық екендігі байқалды. Сонымен қатар, үй шаруашылық есепке алу дәптеріне (похозяйственная тетрадь) алдағы уақытта бірқатар өзгерістер енгізілу керек секілді, яғни, қосалқы қызметтік құрылыстар (сарай, монша, гараж), қора-қопсыларының қабырға материалдары, ауданы және салынған жылдары туралы мәліметтер көрініс тауып, олар салық базасына айналуы керек.
Тілші: – Қандай ұсыныстар білдірер едіңіз?
Қ.Әжібеков: – Бұл орайда мынадай ұсыныстар білдіргім келеді:
- халықтың тұрғын үйлерін, жылжымайтын мүліктерін, пайдаланып отырған жер учаскелерін жыл сайын нақтылау мақсатында ауыл әкімдері мен салық органдарына үй-үйді аралауға, өлшеуге және есепке алуға, соның қорытындысымен салық есептеуге құқық беретін жағдай қарастырылатын тиісті заңдарға өзгеріс енгізілсе. Осылайша ауыл тұрғындары үшін әкімшілік кедергілер азаяр еді;
- аталған заңдарға, Кодекске өзгеріс енгізілгенше 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыста болған құрылысы аяқталмаса да, бірақ пайдаланылып жатқан ғимараттардың салық базасын анықтауды қайтадан салық органдарына жүктеуді қалпына келтірсе;
- жаңадан салынған ғимараттар мен реконструкцияланған құрылыстарды электр желілеріне, ауыз су, кәріз, газ, жылу, байланыс жүйелеріне қосу үшін объектінің пайдалануға беру туралы қабылдау актісі немесе техникалық паспортының міндетті түрде тіркелуі талап етіліп, ол барлық коммуналдық қызмет көрсетуші ұйымдардың міндетіне енгізілсе;
- егерде мұндай құқықтар шешілмесе, ауылдық жерлерде жеке тұлғалардың мүлік салығының өте төмендігіне байланысты және салықтандыру үшін жүргізілетін есеп, салық жинау жұмыстарының біршама уақыт алатындығы және сомасының мардымсыздығына байланысты ауылдық жерлерде (қала, кенттерді қоспағанда) осы салық түрін біржола енгізуді тоқтату мәселесінде тиісті органдар қарау керек секілді;
- ауыл бюджетінің кіріс көздерін ұлғайту мақсатында және оның дербестігін күшейту, өзін-өзі қаржыландыру мүмкіндігін арттыру үшін аумақтағы объектілер төлейтін жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықтан тұрақты нормативпен ауыл бюджетіне үлес берілсе, мемлекеттік баж салығы толығымен ауыл бюджеттерінің кіріс бөлігіне түссе олардың дербестігін қамтамасыз етіп, аталған салықтардың жиналуына қызығушылығы артып өз кірісі есебінен шығындарын жабу мүмкіндігі артар еді.
Атап айтқанда, қазіргі таңда 4-деңгейлі дербес бюджет арқылы 19 бағыттағы шығындарды қаржыландыру және басқа да шығындарды жүргізу қаралса, 2000-ға дейін тұрғыны бар округтерде 17 бағыттағы шығыстар аудан бюджеті құрамында бекітіліп жұмсалады. Осы екі жағдайға да ауыл округтері арқылы қаржыландыралатын бағыттарға мектептерді, кітапханаларды қосса және іс жүзінде оларға жүктелген міндеттерді толығырақ атқару үшін, денсаулық ұйымдарын қаржыландыруды да қазіргі орталықтандырылған жүйеден жергілікті жерге берген дұрыс секілді.
Ауыл әкімдеріне қосымша бірқатар функциялардың берілуіне (бюджет жобасын жоспарлау, бюджетті атқару, оның есебі, ауылдық меншіктегі мүлікті басқару, т.б) байланысты ауыл әкімдері жанынан орталықтандырылған бухгалтерия құру мәселесі шешілсе. Бұл жағдайда қосымша штат бірліктерін жаңадан енгізбей, ауыл әкімі арқылы қаржыландырылатын мекемелер мен ұйымдардың есеп қызметкерлерін жинақтау арқылы жүргізуге болар еді. Мұндай тәжірибе біздің елімізде өткен ғасырдың 70-90 жылдары болды. Ол тәп-тәуір нәтижесін бергенін білеміз.
Бір сөзбен айтқанда, елдің мұң-мұқтажын жергілікті жерде дер кезінде өз дәрежесінде шешудің уақыты келген сияқты. Бұл мәселеде қорқа соғудың, кейінге ығыстыра берудің қажеті жоқ. Сонымен қатар, айта кететін жайт, республикамыздың 16 аймағының 12-інде бюджет кірістері өз шығындарын қаржыландырмағандықтан республикалық бюджеттен траснферт берілуде. Осы тәуелділікті де біршама төмендету үшін қазіргі таңда толығымен орталыққа түсетін мұнай секторы ұйымдарының түсімдерін қоспағанда корпоративтік табыс салығынан толығымен немесе бөлу нормативі бойынша жергілікті бюджеттерге үлес беру мәселесі де шешімін тапса, құба-құп!
Жергілікті өзін-өзі басқару туралы тұжырымдама мен Ұлт жоспары – «100 нақты» қадамның 98-тармағымен жұмыс жасайтын негізінен жергілікті жерлер екенін ескеріп, осындай ұсыныстарға назар аударған дұрыс болар еді деп ойлаймын.
Қорыта айтқанда, біздің алдағы әлеуметтік, экономикалық, саяси өміріміз тек қана ауылмен байланысты екенін толыққанды түсінуіміз керек.
Әңгімелескен
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
«Сыр бойы».