«Мемлекет қолдауы көп мүмкіндікке жол ашты»

Бақыт Жаханов,

облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:



Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында ілгерілеушілік бар екені баяндалды. «Басты мақсат – қолда бар мүмкіндіктерді, әлеуетімізді толық пайдалану. Аталған жетістіктерді еселеуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы. Осы орайда бірқатар сала бойынша тапсырмалар жүктелді. 

Біздің бүгінгі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жахановпен пікірлесуіміз келелі жиында асыраушы салаға қатысты айтылған мәселелер төңірегінде өрбіді.

– Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығы саласының инвесторлар үшін тартымдылығы төмен екенін атап өтті. Отандық және шетелдік инвестиция тарту мәселесі облыста қаншалықты өзекті?

– Өңірге отандық және шетелдік инвестиция тарту бағытында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігі мен қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 5 жыл ішінде 2,5 есе арттыру мақсатында жергілікті ауыл шаруашылығы өнімін өткізу нарықтарына кешендік маркетингтік зерттеулер жүргізілді. Нәтижесінде облыстың агроөнеркәсіптік кешенін 2020 жылға дейін дамытудың агрокартасы әзірленіп, жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өңірлік бағдарламаны орындау тұжырымдамасы әзірленді. Агрокарта шеңберінде секторларды негізгі екі бағыт бойынша дамыту қолға алынды. Олар – ішкі нарықты толықтыру үшін секторды дамыту және экспортқа бағдарланған өнім өндірісін кеңейту. Бұл ретте өндіріс аясы мал шаруашылығын жедел қарқынды дамыту есебінен кеңейеді.

– агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнім экспорты көлемінің ақшалай мәнде 2,5 есе өсуі (2017 жылғы деңгейге қарағанда), яғни 2017 жылғы 28,7 млн доллардан 73 млн долларға дейін;

– АӨК инвестициялар көлемінің ақшалай мәнде 1,6 есе өсуі (2017 жылғы деңгейге қарағанда) 2017 жылғы 4,9 млрд теңгеден 7,9 млрд теңгеге дейін.

Осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін 9 басым бағыт анықталды. Олар: ет және сүт мал шаруашылығын дамыту, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру, суармалы жерлерді қалпына келтіру, қайта өңдеу және зәкірлі кооперацияны дамыту, балық шаруашылығы және АӨК өнімін өткізу инфрақұрылымын дамыту.

Қазіргі міндет – барынша инвестиция тарту. Сондықтан 2022 жылға қарай АӨК-нің басым салаларында 32 млрд теңгеден астам сомаға 148 жобаны іске асыру жос­парланып отыр. Осы ретте жыл сайын рыноктар конъюнктурасының өзгеруін ескере отырып, инвестициялық жобалар портфелін арттыру бөлігіне толықтырулар енгізіледі.

Олардың бір бөлігін біз биыл іске асыра бастадық. Атап айтқанда, отандық инвесторлар осы жылы құны 5,9 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаны іске асырады. Олар: Қызылорда қаласында жылдық қуаттылығы 5000 тонна ет комбинаты, Шиелі ауданында қуаттылығы тәулігіне 24 тонна сүт шығаратын 1200 басқа арналған «Сыр Агро» ЖШС-ның тауарлы-сүт фермасы, «Қармақшы Құс» ЖШС-ның жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы, «Самұрық құс» кооперативінің құс фабрикасын кеңейтіп, оны 50 мың басқа жеткізу, автоматтандырылған жылыжай құрылысын іске қосу.

 

 

– Жергілікті ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісі қаншалықты жолға қойылған? 

– Осы уақытқа дейін өңірдің экспортқа бағытталған негізгі дақылы күріш саналып келсе, қазір мал шаруашылығы өніміне сұраныс жоғары. 2018 жылы Иран, Ресей мен Өзбекстанға 10,4 мың бас қой экспортталды. Биыл ет экспортын 400 тонна көлемінде сойы­латын мал есебінен қамтамасыз ету жос­парланып отыр. Биыл жалпы салмағы 148,4 тоннаны құрайтын тірі мал жөнелтіледі. Оның ішінде Иранға – 789 бас қой, Өзбекстанға – 59 бас түйе және 250 бас мүйізді ірі қара.

Сондықтан ет (қайта өңделген өнім) экспортын қамтамасыз ету үшін биыл халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ет комбинатын салу басталды. Құрылыс 2019 жылдың соңына дейін жалғасады. Комбинат жылына 5 мың тоннаға дейін ет және ет өнімін өндіруді қамтамасыз етеді. Тек осы жобаны іске асыру ет өндірісін 19 процентке арттыруға, жыл сайын 2 мың тоннаға дейін ет және ет өнімін экспорттауға мүмкіндік береді.

Бұған қоса, 200 тонна жылқы етін экспорттауды қамтамасыз ету жоспарлануда. Негізгі бағыт – Еуропа. Бүгінде Қытайға мақсары майын экспорттау басталды. Бұл – Сыр өңірінің тағы бір экспорттық әлеуеті. Біз мақсары майын жылына 2,5 мың тоннаға дейін экспорттауды қамтамасыз ете аламыз. Бұл жыл сайынғы экспортты 2,8 млрд теңгеге ұлғайтады.

2018 жылы облыстан құны 34,5 млн доллар болатын 95,8 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталып, 2017 жылмен салыс­тырғанда 18,2 процентке артты. Оның 94,5 проценті – өңделген ауыл шаруашылығы өнімі. Былтырдан бастап экспортталатын өнім түрлері көбейіп, Қытай, Түркия, Араб Әмірлігі мемлекеттерінің нарығы игерілуде. Мәселен, 2013 жылы экспортқа 3 түрлі өнім – балық, күріш, астық қалдығы шығарылса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 16-ға (қауын, қарбыз, тірілей қой, мақсары майы, картоп, өсімдік шырындылары, рапс және күнбағыс тұқымдары, күріш сабаны, көкөніс, томат, тірілей мүйізді ірі қара және түйе) артты.

Жалпы, экспортталған өнімнің негізгі өткізу нарығын Тәжікстан, Ресей, Украина, Өзбекстан, Әзербайжан мемлекеттері құрады. 2019 жылдың 1 мамырындағы есеп бойынша облыстан құны 11 985,6 мың долларды құрайтын 29 125,4 тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 91,6 процентті құрап отыр. Сонымен бірге, арпа мен бидай есебінен экспортталатын өнім түрлерінің саны 18-ге артты.

Электронды саудасын жүйелендіру және агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында «Агробиржа» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында электронды сауда жасауға және өнімді өткізуге мүмкіндік беретін web-ресурс құрылды. Оған қоса, Android платформасында «Агробиржа» web-ресурсына кіруді қамтамасыз ететін мобильді нұсқа жасалды. Қазіргі таңда сайт қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде жұмыс істеп тұр. Бұл элект­ронды сауда нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді.

– Өзімізде өндірілген өнім өзіміздің қажеттілікті өтеуге, ішкі сұранысты қана­ғаттандыруға жеткілікті ме?

– 2018 жыл бойынша әлеуметтік маңызды 19 азық-түлік тауарының 3 түрі – ақталған күріш, сүт, ас тұзы бойынша облыс халқының қажеттілігі толықтай қамтамасыз етілді. Қалған түрлері аймағымыздың табиғи-климаттық жағдайының қолайсыздығынан жеткіліксіз деңгейде өндірілуіне байланысты өзге өңірлерден тасымалданады.

Мәселен, қызылордалықтар бір жылда 67034 тонна сүт тұтынса, ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес 2018 жылы өндіріс көлемі 86 386,5 тоннаны құрады. Бұл 2017 жылғы осы мерзімдегі өндіріс көлемінен 101,9 процентке артық. 2018 жыл бойынша 162 697 тонна күріш жармасы өңделіп, 2017 жылмен салыстырғанда 93 процентке орындалған. Ас тұзы бойынша 2018 жылы 219 456 тонна немесе 2017 жылғы өңделген 209 681 тонна көлемнен 104,7 процентке артық өндірілді. Сонымен бірге, облыс өз өндірісі есебінен 2018 жылы сиыр етіне қажеттіліктің 89,3 процентін қамтамасыз етті.

– Президент мемлекеттік қолдау талап­тарының жиі өзгеруіне байланысты сын айтты. Осыны тарқатып айтып берсеңіз...

– Мемлекет қолдауы нәтижесінде соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуында оң нәтиже қалыптасты. Өткен жылы 2013 жылмен салыстырғанда облыстың агроөнеркәсіп кешені саласында:

– АӨК-ні қолдауға бөлінген қаржы 5,2 млрд теңгеге артып, 13,3 млрд теңгені құрады;

– 103,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді, бұл 31,6 млрд теңгеге артық;

– ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 26,1 есе артты.

Негізінен, ауыл шаруашылығы сала­сындағы мемлекеттік саясатты Ауыл шаруашылығы министрлігі айқындайды, ал біз – жергілікті атқарушы органдар осы саясатты жергілікті жерлерде жүзеге асырамыз. Дегенмен, біз де мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі үшін ұсыныстарымызды жолдап отырамыз. Осының арқасында Қызылорда облысы жағдайында сүтті-тауарлы фермаларда сиыр ұстау ерекшелігін ескере отырып, жем-шөпті субсидиялау нормативін ұлғайту, өңірдің мамандандыру схемасына сүтті мал шаруашылығын дамытуды енгізу, асылтұқымды мал басын жедел ұлғайту мақсатында асылтұқымды мал сатып алуды субсидиялау нормативін 50 процентке ұлғайту, гербицидтер құнын субсидиялау нормасын 50 процентке дейін қалдыру, 2019 жылдан бастап электрондық агрохимиялық картограмма қызметінің құны қымбат болуы­на байланысты картографиялық ақпаратты енгізуді 2021 жылға дейін тоқтату туралы ұсыныстарымыз қолдау тапты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының аймаққа жұмыс сапары кезінде күріш өндірушілер күріш дақылын субсидиялауды жалғастыру туралы ұсыныс көтерді. Осыған байланысты күріш дақылына арналған субсидия нормасын 3500 теңгеден бекіту жоспарланып отыр. Бұл негізгі дақылдың өнімділігі мен сапасын арттырып, өзіндік құнын арзандатуға мүмкіндік жасайды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

Cұхбат 27 шілде 2019 г. 1 260 0