« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Qazaq Epos» ұлттық жобасы «Тұлпар мініп, Ту алған» республикалық байқауының ресми өкілі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Серік Сейітман Қызылордаға арнайы іссапармен келіп, «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтудан өтіп жатқан оқушылар сайысы туралы сұхбат берді.
– Серік Мықтыбекұлы, «Тұлпар мініп, Ту алған» республикалық байқауы аясында 6-10 сынып оқушылары «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтудан сайысқа түсетіні белгілі. Сонда, байқаудың мақсаты қандай?
– Бұл байқау төтеннен әншейін ұйымдастырыла салған жоспарсыз дүние емес. Президент Әкімшілігі мақұлдап, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өз бақылауына алып, Білім және ғылым министрлігі қолдау білдіріп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған үлкен мега жоба. Жобаның ережесі, жарғысы алдын ала бекітілді. Сол ережеге сәйкес сөйлер болсақ, байқаудың мақсаты – өскелең ұрпақты халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухына, намысшылдық, қайсарлық сынды игі қасиеттерге баулу.
– Қазір жер-жерде «Батырлар жырын тыңдайтын құлақ жоқ» деген пікірлер айтылып қалып жатыр. Осымен келісесіз бе?
– Неге? Бұған кереғар пікірге де дәлел бола алатын бізде нақты мысалдар бар. Былтыр «Тұлпар мініп, Ту алған» байқауы Алматы қаласында өтті. Өткен жылдағы жобаның жетекшісі ретінде нақты мысалдармен айта аламын. Ол кезде оқушылар «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтудан сайысты. Алматының 8 ауданында балаларды 8 рет іріктеуден өткіздік. Әр ауданнан акт залы ең үлкен деген мектептерді таңдадық. Сонда көрермендер лық толып отырды. 8 ауданның жеңімпаздары ақтық сында, қалалық Оқушылар сарайында өнер көрсеткен кезде де халық сыймай қалды. Сосын «Алатау» дәстүрлі өнер театрында гала концерт бердік, мұнда да халықтың қарасы тым қалың болып, керемет қолдау көрсетті. Қошемет тек қана залдың толып отыруымен өлшенбейді, бұл жерде халықтың құмарлана тыңдауы, қабылдауы, ықыласы да ерекше болғанын айта кету керек. «Қай жерде болады?», «Біз де барып көрсек бола ма?», «Билет таусылып кетпей ме?» деп, өздерінің ынта-ықыласымен хабарласып жатқан адамдар көп болды. Сондықтан, «Халық жыр тыңдамайды» деген – жалаң пікір. Алдымен, елге дұрыстап ұсынып көрейік, көркем тәсілмен көрсетейік, сол кезде ешкім тартылмаса, одан кейін басқаша ой түюге болады.
– Биылғы байқауға қанша оқушы қатысуға өтініш берді, оның ішінде Сыр өңірі өрендерінің белсенділігі қалай?
– Дәл қазіргі уақытта негізінен тіркеу аяқталды. Бірақ, оқушылар ауданның білім бөлімдеріне немесе облыстық білім басқармаларына барып, себептерін нақты дәйектермен дәлелдеп, тізімге қосылып жатса, біз де қарсылық танытпаймыз. Бүгінгі таңда республика бойынша 5621 мектептен 51 328 оқушы тіркелді, оларды 23 138 мұғалім дайындап жатыр.
Оның ішінде «Алаштың анасы» болған Сыр елі – жыр елінен 3000-ға тарта бала қатысып, оларды 1500-ге жуық мұғалім дайындап жатыр. Осы орайда республикада алғашқылардың бірі болып Ұлттық жобаға ерекше қолдау танытып отырған Қызылорда облысы әкімдігіне, іс басындағы азаматтарына, өңірдің зиялы қауымы мен БАҚ өкілдеріне зор алғыс білдіргіміз келеді.
Біздің республикалық Бас кеңсеміз Елордада орналасқан. Қазіргі таңда өңірлерде арнайы штабтар құрылып, жұмыс істей бастады. Істі басы-қасында жүріп атқару тиімді. Қызылорда облысындағы аймақтық штаб жетекшісі болып Дәурен Омаров деген азамат тағайындалды. Дәурен бауырымыз Сыр бойындағы қызметімізді алдағы уақыттарда да үйлестіре беретін болады.
– Былтыр байқауды қолдау мақсатында ұйымдастырылған жырдан үзінді оқудың эстафетасын құмарлана көріп бақылап отырдық. Осы жылы қандай қосымша шаралар қолға алынды? Биылғы байқаудың ерекшелігі неде?
– Биылғы байқау алғаш рет республикалық деңгейде өткізіліп отыр. Өткен жылы байқауды қолдау мақсатында «Алпамыс батыр» жырынан үзінді оқудың эстафетасы үлкен танымалдылыққа ие болды. Жырдан үзіндіні зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, биліктегі атқа мінген азаматтар оқыды. Бірақ, биыл эстафетаны дәл сол формада әрмен қарай жалғастыратын болсақ, елді жалықтырып алуымыз мүмкін. Сондықтан, «Қобыланды батыр» жырынан үзінді оқудың эстафетасы отбасылық сипатта қолға алынды. Яғни, әкесі оқып бастайды, оны анасы жалғайды, содан соң ұлы немесе қызы жалғастырады, демек, отбасында тілі шыққан баланың бәрі оқиды. Бұл жерде «Біз не үшін отбасылық сипатта қолға алып отырмыз?» деген сұрақ туындауы заңды. Онымыз – отбасы құндылығын насихаттап, ұрпақтар сабақтастығын дәріптейік дегеніміз. Қазір эстафета «Әке - ана - бала» жүйесінде болса, енді аталар мен әжелерді де қосқымыз келеді.
– 20 сәуір күні «Тұлпар мініп, Ту алған» байқауын қолдау мақсатында «Кенесары ханның ізімен: тағдырлы Торғайдан сырлы Созаққа» деп аталатын атты экспедиция жолға шықты. Осы туралы айтып кетсеңіз...
– Экспедиция, біріншіден – Ұлттық жобамызды қолдау мақсатында ұйымдастырылса, екінші мақсаты – «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалардағы міндеттерді іс жүзінде жүзеге асыру, қазақтың тарихын жаңғырту, атқа міну мәдениетін насихаттауды көздейді. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерінде» қазақтың соңғы ханы Кенесарының өз әскерін бастап Торғайдан Созаққа сапар шегетіні көркем баяндалады. Жаугершілік жағдайында мың шақырымға жуық жолды оның әскері 1 аптаның көлемінде жүріп отырады екен. Егер хан Кене қазіргі заманда өмір сүрсе, біз оның әскерінің қатарында болуға жарар ма едік? Ол 1 аптада еңсерген жолды біз де жеті күн ішінде жүріп өте аламыз ба? Хан мен ханның әскері қандай қиындықтарға тап болды, қай жерлерге тоқтады – осының бәріне экспедиция жетекшісі Бақытжан Тұрлыбек бастаған топ жауап іздеп қайтты. Бұйыртса, әсерлі һәм тағылымды бұл сапар жайлы арнайы түсірілген фильмді республикалық арналардың бірінен тамашалайтын боласыздар.
Өткен жылғы жеңімпаздың ата-анасы жер алып, үй салуды жоспарлады
– Байқау шарттары қандай, жырды міндетті түрде домбырамен сүйемелдеп, мақаммен орындау керек пе?
– Әрбір бастаманың ғылыми негізі болған дұрыс. Сондықтан, біз бұл байқауды бастаған кезде, ауыз әдебиеті саласының білгір мамандарымен, ғалымдармен көп кеңестік. Елдің пікірі екіге жарылды. Кейбіреулер: «Домбырасын алып, мақамға салып орындасын» дегенді айтты. Бірақ, көпшілігі: «Жырды толық жаттатқанымыздың өзі – үлкен олжа» деген пікірге тоқтады. Зейінді баланың бәрі домбыра тартып, мақамға салып айта бермейді ғой. Сондықтан, дәл қазіргі жағдайда, міндетті түрде домбырамен сүйемелдеу деген талап жоқ. Дегенмен, «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, егер мәреге қатар келген екі баланың талабы, таланты, білімі, білігі қарайлас болып жатқан жағдайда, біреуі мақаммен орындап, ол қазылар тарапынан оң бағаланып, алға озып кетуі де мүмкін. Оны да ескерген дұрыс.
– Бұл байқауға баланың қызығушылығын арттыру үшін не істеу керек?
– Байқауды өткізу жоспарының өзі баланың қызығушылығын арттыруға негізделген. Енді, арғы жағында «Үлкен жүлде, қомақты қаражат тігу арқылы балаларды осы байқауға тартуды көздеп отырсыздар ма?» деген сияқты сұрақ туындауы бек мүмкін. Әрине, қазір нарықтық кезең. Сондықтан, кезінде хакім Абай айтқан ғой: «Балаңды оқытудан малыңды аяма» деп. Бұл – мемлекеттің идеологиясы. Мемлекеттің идеологиясын жүзеге асыруға байланысты жас ұрпаққа бөлінген қаражат ешқашан құмға сіңіп кеткен су сияқты болмайды. Ол өзінің нәтижесін береді. Бала бұл байқаудың тек қана ақшасына қызығып қатыспауы мүмкін, оның атағы тағы бар. Кім елдің көз алдында жүріп, өзін білімді, зерек азамат ретінде, жақсы қырынан көрсеткісі келмейді?! Екіншіден, жеңіп алған қаражатты бала алмайды. Бала жеңімпаз атанып, сол жүлденің иегері болғанымен де, оны үйіндегі ата-анасы жаратады. Нақты дәлелдермен сөйлейтін болсақ, былтыр Алматы қаласында жеңімпаз атанған екі бала жағдайы төмен отбасынан екен. Олардың ата-анасы жүлдеге қатты қуанды. Өздері пәтер жалдап тұрады екен. Енді жер алып, үй саламыз деген жоспарларын құрып үлгеріпті. Сондықтан, бұл тек қана балаға деген қолдау емес. Баланың бойына ғұмыр бойғы ұлттық рух егілумен қатар, оның отбасына бұл үлкен қолдау болып табылады.
– Өткен жылғы байқау кезінде қандай қиыншылықтарға тап болдыңыздар?
– Өткен жылғы тәжірибеміз бойынша аса бір қиыншылыққа душар болған жоқпыз. Әкімдік бекітіп берген жоспар бойынша жүріп, әрбір жағдайды бақылауға алдық. Аудандық іріктеулерді өткізген кезде, таңертеңнен бастап, қас қарайғанға дейін отырған кездер болды. Қазылар алқасы шын жанашыр болып, жеңімпаздарды іріктеп, сұрыптап таңдады. Бір ауданнан жырды толық жаттаған бала 10-15, тіпті 100-деп шығуы мүмкін. Оның бәріне бірдей жүлде таратылмайды ғой. Үшеуі ғана келесі кезеңге өтеді. Сондықтан, кем дегенде үш-төрт кезең өткізіп барып, іріктеп шығарған кездер болды. Туралықтың талабын қазылардың алдына биыл да қатаң түрде қоюға ниеттеміз.
– Осы жылы масштабтың үлкеюіне байланысты қандай қиындықтар тууы мүмкін? Республикалық байқау қалай өтеді?
– Дәл қазіргі уақытта аса бір қиындық көріп отырғанымыз жоқ. Мақсат айқын, жоспар тамаша. Ауданнан үш бала жеңімпаз болады да, облысқа жолдама алады. Облыста бір ғана бала жеңімпаз атанып, республикалық ақтық турға өтеді. Елордамызда 17 өңірден келген 17 үздік бала үлкен салтанатты залда бақтарын сынайды. Ал бұл финалды бас ақпараттық серіктесіміз «Қазақстан» ұлттық арнасының тікелей эфирі арқылы бүкіл Қазақстан, ал онлайн режимінде әлем халқы көріп тамашалайды.
– Қатысушылардың арасында бұрын мұндай жобаларға қатысып көргендері бар ма? Әлде бәрі бірінші рет сайыста бағын сынайтындар ма?
– Бізде, қолдағы ақпарат бойынша, былтырғы байқауға қатысып қана қоймай, сол кезде жүлде алған оқушылар да қатысуға өтініш беріп жатыр. Олардың дайындығы биыл да тәп-тәуір секілді. Сондықтан, басқа сайыстар былай тұрғанда, дәл осы «Тұлпар мініп, Ту алған» байқауының былтырғы жеңімпаздары да қатысып, жүлде алып жатса, таңғалуға болмайды.
– Бірақ, олардың бұрын сайысқа қатысқандықтары ескерілмейді ғой?
– Жоқ, ол ескерілмейді. Байқаудың ережесінде оларға ешқандай басымдық берілмеген. Шарт бәріне бірдей. Кім қалай көрінеді, қалай өзінің қабілетін көрсетеді - сол жүлде алады.
– Байқауға қатысушы оқушыларға қандай үміт артып отырсыздар?
– Мемлекеттің өзі қолға алған шара болғандықтан, оларға біз ғана емес, сол мемлекеттің өзі көп үміт артады. Олар зейінді, өте сауатты ұрпақ болады. Олар «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылғандай, ұлттық кодты болашаққа тасымалдайтын және сол сәулелі жолдан өмірбақи айнымайтын ұрпақ болып тәрбиеленеді. Бұл балалар ертең үлкен халықаралық гранттарды жеңіп алатын, қайда барса да өзінің қазақ екенін ұмытпайтын һәм ұлықтайтын, осы мемлекетті құрушы қазақ ұлтының ең бір беткеұстар азаматы болатынына бек сенімдіміз.
Әңгімелескен
Ғазиза ӘБІЛДА,
Гүлдана АХМЕТЖАН.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |