«Еңбек ғана еңсемізді тіктейді»

Облыстық мәслихат депутаты, белгілі кәсіпкер Темірхан Әлімқұлов ең әуелі өзіне жоғары талап қоятындардың қатарынан. Сұхбат барысында «мен мынаны жасадым» дегеннен гөрі, «сайлаушылар көңілінен шыға алдым ба, өз міндетімді қалай орындап жүрмін?» деген сауалды өзіне жиі қоятынын байқадық. Содан да болар, оны ел қоғам жанашыры, қайырымды азамат ретінде жақсы таниды. Ендігі сөзді сұхбатпен өрбіткен едік.

– Еңбек жолыңызға көз жүгіртсек, жоғары білімді ма­ман алдымен еңбекті бас­палдағы тас қалаушыдан бастапты. Бұл диплом қолына тие салысымен креслода отырғысы келетін кейінгі толқынды ойландыратыны сөзсіз...

– Сол кездің талабы десек те болар, қолыңда қанша дипломың болса да кез келген адамның ең­бек жолы төменгі баспалдақтан басталатын. Бұл алған біліміңді тәжірибемен үндестіру үшін пай­далы. Білікті маман болу үшін еңбектің қазанында қайнау қажет. Сонда ғана сол саланың қыр-сы­рын бес саусақтай білетін бо­ласың. Еңбек жолым 1974 жылы Шиелі ауданындағы №97 СПТУ-да жүргізуші болудан бас­талды. 1975-1980 жылдар ара­лығында Алматы теміржол кө­лігі инженерлер институтын­да ин­женер-құрылысшы маманды­ғын алғаннан кейін елге келіп ПМК-47 мекемесінде тас қалаушы болып жұмысқа орналастым. Әрі қарай құрылыс саласында учаске шебері, прораб, бас инженер және басқа еңбек сатыларынан өттім. Бүгінде өздеріңіз білетіндей, «СМП-Қызылорда» ЖШС директорымын. Осы күнге дейін құрылыс саласын дамытуға үлес қосып, абыроймен қызмет атқа­рып келеміз.

– Облыстық мәслихаттың екі бірдей шақырылымында де­­путат болып сайландыңыз. Тә­жірибеңіз бар. Ел сенімін ақтау – үлкен жауапкершілік. Ха­лықтың мұң-мұқтажын, қо­ғамның түйткілді мәселесін ше­шуде халық қалаулысының ықпалы қандай?

– Облыстық мәслихаттың бе­­сінші шақырылымында Шиелі ауданынан сайландым. Бұл – ме­нің қалауымнан бұрын, ел­дің ұсынысы еді. Алтыншы шақы­ры­лымда облыс орталы­ғын­дағы №15 «Ғарышкер» сайлау окру­гінен  облыстық мәслихатқа депутат болып сайландым. Ел се­німін арқалау – үлкен жауап­кершілік. Кейде өзіме депутаттық міндетімді қандай деңгейде ат­қарып жүрмін деген сауал қойып, жұмысыма сын көз­бен қараймын. Ең бастысы, «ел сенімін ақтай алдым ба?» деген сұрақ әрдайым ойда жүреді. №15 «Ғарышкер» сайлау округі – қаланың шет аймағы. Шет аймақта шетін қалған шаралар аз емес. Жол, қоғамдық көлік және басқа мәселелер жыл сайын өз кезегімен шешімін тауып жатқанымен, әлі де түйінді мәселелер бар. Атап айтар болсақ, аяқ су мәселесі. Бұл мақсатта тиісті құжаттар жа­салып, аяқ су жеткізу үшін қажетті қаржы көзі қарастырылуда. Сү­лей­мен ишан көшесі асфальттал­ды. Ең бастысы, әрдайым халықтың ортасындамын. Кез келген мәселені тыңдап, шешімін табуына мүмкіндігінше ықпал етеміз. Депутаттық кестеге сәйкес қоғамдық қабылдау, ел алдында есеп беруді айтпағанда, сайлаушылар мәселемен іздеп келсе, әрдайым тыңдауға дайынмын.

– Сайлаушыларкөтеретін негізгі ұсыныстар қандай?

– Жеке мүддеден гөрі ортақ мәселемен келеді. Қазір халықтың көзқарасы өзгерді. Бұрын жер, үй сұрап, жұмысқа орналастыру керек деген сияқты жеке мә­селемен жиі келсе, қазір елге ор­тақ мәселені айтады. Бір сөзбен айтқанда, халық депутаттың міндетін түсінді.

– Бүгінгі күнге дейін бір емес, бірнеше мұқтаж отбасына тегін пәтер сыйладыңыз. Жақсылық ел ішінде тез тарайды ғой, жар­намасыз-ақ қайырым­ды­лық жа­сайтыныңыз жиі айтылады...

– Көлік жүргізіп келе жатып, радио­хабардың үніне еріксіз елең еттім. «Жүрек жылуы» хабарында қызылордалық көпбалалы ананың жайы бейжай қалдыра алмады. Өзі 7 баланың анасы, оның 3-нің мүмкіндігі шектеулі. Тағдырға шара бар ма, қолында сал болып төсек тартып жатқан ағасы бар. Барлығы 10 адам алақандай бір бөлмелік пәтер жалдап күнелтуде екен. Көпбалалы ананы іздеп тауып, үш бөлмелі пәтердің кілтін бердік. Бұған дейін екі отбасыға пәтер сыйлаған едік. Олар да шарасыз жандар. Бірі жалғызбасты мүгедек ана, енді бірі жалғызбасты ана. Пәтер алатындай жағдайы жоқ.

– Осыдан кейін пәтер сұрап келетіндер көбейіп кеткен жоқ па?

– Көбейіп кетті. Кейде оларға қарап өзім ұяламын. Тепсе темір үзетіндей азаматы бар, өзі де еңбек ете алатын мүмкіндігі бар жап-жас азаматшалар маған да тегін баспана беріңізші деп келеді. Шарасыз жанға қолдан келгенше көмекті аяп жатқанымыз жоқ, алайда мұның соңы «мен де тегін нәрсе болса, алып қалайын», деген масылдық пиғылдың қоғам дертіне айналып бара жатқаны жүрек ауыртады. Бір ғана мысал, қаламыздағы «Бәйтерек» шағын ауданында көпбалалы мұқтаж отбасыларға те­гін баспана салынуда. Біз де құрылысын жүргізуге үлес қостық. Алғашқы легі пайдалануға берілді. Бір қынжылтатыны – риза­шы­лықтан гөрі, міндетсіну басым. Өткенде сол үйден тегін баспанаға ие болған азаматша есігінің құлпын бұзып алыпты. «Жаңа құлып салып беріңіз» деп келіп тұр. Жергілікті билік қамқорлық жасап, даңғарадай баспана беріп жатқанда, кішкентай құлып сөз болып па?! «Неге мұндай деңгейге жеттік?» деп ойланасың.

Тағы бір мысал. Арыстағы апат. Оңай емес екені белгілі. Ел болып жұмылып жатырмыз. Дү­ниенің орны толар, ең бас­тысы, адамның амандығы. Осы­ған шү­кіршілік етеміз. Бүгін­де бұ­зыл­ған мен бүлінгеннің бәрі қал­пына келіп жатыр. Біздің облы­сымызға тиесілі 6-сектор­да 20 құрылыс компаниясы жұ­мыс істеуде. Мұн­да да кейбір тұрғын­дардың міндет етуі қынжылтады. Тіпті, сынбаған терезені өзі қолымен сындырып, қайта салғызған кө­ріністер жоқ емес. Оларға да оңай емес деп тү­сіністік танытсақ та кейбір адам­дардың көзқарасы ойландырады. Әрине, бәрі бірдей емес. Риза­шылығын білдіріп, құры­лыс­шыларға ұйымдасып ас дайындап, алғыс айтып жатқан тұрғындар да бар.

– Қоғамда қандай мәселе ойландырады?

– Адамдардың ниетінің өз­гергені. Еңбек етіп, бір жетістікке жетсем, өзімнің, айналамның жағ­дайын жасасам деп ұмтыл­ған­дардан гөрі, жатыпішер жал­қаулар көбейіп барады. Тегін дүниеге ие бол­ғысы келетіндер басым. Бір мысал айтайын. Жақында Шиелі ауданында жүріп жатқан құ­рылысқа жұмысшылар іздедім. Жұмыспен қамту орталығынан 12 адам кел­ді. Жұмыс іздеп жүрген сыңай танытқанымен, еңбек етейін деген ниет жоқ. Біреуі шындықты айтты. «Қазір осында жұмысқа тұрсам, тегін ақшадан айрылып қаламыз». Күннің ыстығында бейнеттеніп не керек?! Бір жалақының көлеміндей ақша өзі-ақ келіп тұр».

Тепсе, темір үзе­тін азаматтардың тірлігі осы. Студент-жастарды жұ­­мысқа шақырып көр­дік. Соншалықты қиын жұ­мыс емес. Әдепкіде құл­шын­ғанмен, күн сайын азайып, онның үшеуі ғана қалды. Себебін сұрасам, таңертең ерте тұру қиын екен. Еңбек етуге ұялатын, мемлекеттен сұраудан қымсынбайтын жағдайға келдік. Меніңше, ең­бекке қабілетті бола тұра жұмыс істемейтіндерге ша­ра қолдануды заңмен реттеу керек. Бұлай жалғаса берсе, масылдықтың зардабын тартатын боламыз.

– Халықтың әл-ау­қатын жақсартуды, табысын көтеруді Мемлекет басшысы атап айтты. Жұмыс беруші ретінде еңбек адамына қандай жағдай жасаудасыз?

– Нағыз еңбек адамдары – құ­рылыста. Күннің аптап ыстық- суығына да қарамай еңбек етеді. Құрыш қолды құрылысшылардың еңбегі бағалануы тиіс.  Мекемеде білікті мамандардың жалақысы 120-150 мың теңге. Жылына бір рет еңбек демалысы беріледі. Арнайы киіммен, құрылыс нысандарында 3 мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, ұзақ жыл ең­бек еткен қызметкерлерге көлік беру дәстүрге айналды. Бүгінгі күнге дейін ұжымда бес қызметкер көлік мінді. Бұл – ынталандыру әрі жастарға үлгі ету. Тағы бір атап айтатыны, мекемеде жұмыс істейтіндерге жағдайына қарай жал­ақысынан бөліп төлеуге үй беруді қолға алдық. Бір инже­неріміз үйдің жарты ақшасын төлеп, қалғанын айлығынан бөліп төлейтін болып баспаналы болды. Тағы бір құрылысшымыз жи­ған-терген 1 млн ақшасын төлеп, қалғанын айлықтан төлеуге пәтер алды. Қарызын неше жылда құ­тылатыны өз еркінде. Ең бас­тысы, процентсіз. Еңбек адамына осындай жағдай жасаудамыз.

– Құрылысшы ретінде нені армандайсыз?

– Қала келбетін ашатындай биік ғимараттар, ерекше құрылыстар салынса деймін. Құрылыс қар­қынына сөз жоқ. Алайда, бесқа­батты үйлерден аса алмай қалдық. Қала орталығында биік те еңселі зәулім үйлер салынса деп армандаймын. Біз биік ғимараттар салуға ұмтылуымыз керек.

Әңгімелескен

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА,

«Сыр бойы».

Cұхбат 20 шілде 2019 г. 927 0