« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Шілденің алғашқы жексенбісі – қасиетті қара домбыраны әспеттейтін күн. Бұл күні қазақтың байтақ даласы домбыра үнімен тербеледі, домбыра үнімен оянады. Ең қуаныштысы, бұл мереке кейінгі толқынның ұлттық аспапқа деген құрметін арттырды. Мереке қарсаңында жас та болса, домбыра жасаудың шебері, Шиелі ауданы, Досбол би ауылының тұрғыны Біржан Ділмановпен дидарласудың сәті түсті.
– Қолөнер – кез келгеннің бойына қона бермейтін қасиет. Оның ішінде домбыра жасау аса шеберлікті талап етеді. Қызығушылық қай кезде басталды?
– Әкем қолөнермен айналысатын. Оның шағын шеберханасынан шықпайтынмын. Бірте-бірте әкеме көмектесетін болдым. Кейін өзім де домбыра жасай бастадым. Мектеп бітірген соң Алматыға жол түсті. Мұнда домбыра жасаудың шебері Мейірбек Ділманов ағамыздан үйрендім. Үйрену, көңілге түю өз алдына, ал өз қолыңмен домбыра жасау – қызық әрі үлкен жауапкершілік. Алғашқы жасаған домбыраны әлі ұмытпаймын. Кәдімгідей қобалжыдым. Үнін тыңдағанша тағат таппадым. Әрине, сәл кемшілік болды. Дегенмен, оны шертіп көргендегі әсерді әлі ұмыта алмаймын.
– Сіз жасаған домбыраның ерекшелігі неде?
– Әр шебердің өзіндік ізденісі болады. Мен сапасына ерекше көңіл бөлемін. Оны құрау, желімдеу секілді әрбір процестің талабы мен белгіленген уақытына аса ұқыптылықпен қараймын. Домбыра үнінің тазалығына ерекше мән беремін. Мереке-тойларда домбыраға алдымен назар аударамын. Тіпті, қалай жасалғанын, қай шебердің қолынан шыққанын алыстан танимыз. Бір үйдің балаларының мінезі бір-біріне ұқсамайтыны сияқты, әр домбыраның мінезі әртүрлі. Кейде екі домбыраны бірдей бастап, бірдей ағаштан жасасам да бәрібір бір-біріне ұқсамайды. Бұл да оның ерекше қасиеті болса керек.
– Қандай ағаштарды қолданасыз?
– Мүмкіндігінше діңі қатты ағаштарды қолданамыз. Африканың полисандрын, Индияның қызылағашын және қайың, қарағаш, Сырдың терегін де пайдаланамын.
– Бүгінгідей дүниенің бәрін жасанды заттар алмастырған кезде домбыраның табиғи қалпы қаншалықты сақталды?
– Бұрын ата-бабамыз жасаған домбыраға жетпейді. Бұл да бір уақыттың талабы болар. Бұрын домбыраны жасап болғаннан кейін жылқының майымен майлайтын болса, қазір лак жағамыз. Шегін малдың ішегінен иіріп жасайтын болса, қазір леска пайдаланамыз. Дегенмен, шебердің қолынан шыққаннан кейін табиғи қалпы сақталады деуге болады. Қазір базарда қырғыз өңірінен келген домбыра көп. Бірақ Сырдың шеберлерінің қолынан шыққанға жетпейді.
– Базардағы домбыра мен шебердің қолынан шыққан аспаптың айырмашылығын көпшілік қалай біле алады?
– Көкейдегі мәселе. Екеуінің айырмасы жер мен көктей. Домбыра таңдап аларда ағашына мән беру керек. Дыбысына, жасалу барысына назар аударған жөн. Домбыраны тани білетін адамның кеңесіне жүгініп, болмаса шебердің қолынан алған дұрыс деп ойлаймын. Себебі, домбыра сәндік бұйым емес. Онда мінез бар, сөйлейді, жаныңды түсінеді.
– Бір байқағанымыз, ұлттық аспапқа сұраныс жоғары секілді...
– Ауылдан үлкен цех аштым. Өзге де музыкалық аспаптар жасаймыз. Дегенмен, домбыра сұранысқа ие. Шеберханада үш адам тұрақты жұмыс істейді. Біз жасаған домбыра өңірге ғана емес, республикаға танымал екенін мақтанышпен айта аламын.
Әңгімелескен
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |