Кәсіпкерліктің жауапкершілігі зор

Кәсіпкерлік саласында әйелдер үлесі айрықша. Жуырда өңірімізде іскер әйел-кәсіпкерлер форумы өтіп, шарада сырбойылық кәсіпкер әйелдердің жетістігіне куә болдық.

Олардың қатарында «Баланс+ консалтингтік қыз­мет көрсету орталығы» ЖШС директоры Ақмарал Баймаханова есімі ерекше аталады.  Онымен әңгіме кәсіпкерліктің қыр-сырымен бөлісуге арналды.

– Өзіңіз басқаратын мекеменің атқаратын қызметі жайында айтып берсеңіз...

– Біз бухгалтерлік, қар­жылық есеп, салық саласына маманданғанбыз. 2014 жылдан бері осы салада курстар ұйымдастыру, бухгалтерлік қызметке байланысты кеңес беру, салықтық есеп берулерді және бизнес-жоспар дайындау, мемлекеттік сатып алу порталымен жұмыс жасауды үйретеміз. Бүгінде мекемеде  5 адам тұрақты жұмыс істейді.

– Кәсіпкердің еңбек жолы кәсіп бастаушыларды қызықтыратыны сөзсіз. Кәсіп бастаудағы алғашқы қадамыңыз бен тәжірибеңізді оқырмандармен бө­ліс­сеңіз...

– Кез келген адам бойындағы қабілетіне қарай бейімделеді. Менің мамандығым – экономист-бухгалтер. Статистика ғылымының магистрімін. 2005 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы университеттің «Есеп және аудит» кафедрасында оқытушымын. Есеп-қисап бойынша ақыл-кеңес сұрау­шылар қатары көбейгендіктен, біліктілігімді кәсіпке айналдыру идея­сымен сіңілім Ақтолқын екеу­міз кәсіп бастадық. Осы орайда атап айтайын, біздегі бір мәселе, қай салада болмасын білімді жетілдіруге немқұрайлылық басым.  Неше жыл бұрынғы білімімен жұмысын істеп жүре беретіндер бар. Алайда уақыт талабы мұны көтермейді. Себебі, сәт сайын өзгеріс болып жатыр, тіпті жаңалықты меңгеріп үлгере алмай жатырмыз. Әрдайым білім жетілдіру, іздену нәтижесінде кәсіп бастау, оны тіркеу соншалықты қиын болған жоқ. Негізі кәсіп бастаушылар кәсібін заңдастыру жұмыстарын қиынсынады. Технология заманында бұл аса күрделі шаруа емес. Тіпті үйден шықпай-ақ құжат дайындауға болатынын жұртшылық біліп жатыр. Ең бастысы, кәсіп бастағанда оның заңды түрде тіркелуіне және есеп-қисабына баса мән беру қажет.

– Бүгінде кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан қолдау аз емес.

– Мемлекет қолдауы жо­ғары деңгейде. Оқимын, ізденемін дегенге де барлық жағдай жасалған. Жеңілдетілген несие, қайтарымсыз қаржы берілуде. Біз кәсіп бастағанда несие алғанымыз жоқ. Бір ноутбукпен бастадық. Алдағы уақытта кәсібімізді кеңейткіміз келеді. Осы мақсатта Еуропалық даму банкінің кәсіпкер әйелдерге арналған «Әйелдер – шағын кәсіпте» атты төрт айлық курсын оқудамын. Осы курсты аяқтаған соң банктің әйел кәсіпкерлерге арналған жеңілдіктерін тиімді пайдаланып, кәсіпті одан әрі кеңейтсек деген жоспарымыз бар.

– Іскер әйел-кәсіпкерлер форумынан түйгеніңіз...

– Сыр елінің кәсіпкерлік саласында кәсіпкер әйелдер қатары көбейіп келе жатқанына қуандым. Форум арқылы біз бір-бірімізбен таныстық, ақпарат алмастық, пікірлестік, кәсіпкерлік саласының жетістігі мен мәселесін талқыладық. Мұндай шара адамды алға ұмтылуға, әлі де биік белестерді бағындыруға жігер береді.

– Кәсіп бастауға талаптанып жүргендерге айтарыңыз...

– Бір кәсіпті бастамас бұрын сол салада жұмыс істеп көруі керек. Мәселен, сұлулық салонын ашқысы келген адам ең алдымен өзі сұлулық салонында еңбек ету керек. Бір саланың бүге-шүгесін жетік меңгермей, сол саланың әрбір баспалдағынан өзі өтпей, кәсіп ашамын деу бекер. Жақсы кәсіпкер болу – жауапкершілік. Ең бастысы, кәсіп бастаудан қорықпау керек және жауапкершілікті сезіну қажет дер едім.

– Рахмет.


Әңгімелескен

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА,

«Сыр бойы».

Cұхбат 01 маусым 2019 г. 1 629 0