Бұл өлең бұрынғыдан өзгерек...

Алдымыздағы аптаның басында, яғни, 27-29 мамыр күндері Қызылордада «Парасатты поэзия» фестивалінің шымылдығы ашылады. Осыған орай, облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, фестивальдің үйлестірушісі, ақын Шәкизада Әбдікәрімовті әңгімеге тартқан едік.


– Шәки аға, жұртшылыққа ақындар тойы саналатын шараның негізі туралы айтып өтсеңіз?

– Соңғы жылдары аймағымызда мәдени даму сатысының басқышы айтарлықтай биікке өрлей бастады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Мұның ондаған мысалын келтіруге болады. Тұрғын үйлер ғана сап түзеп жатқан жоқ, бюджет қаржысымен әлеуметтік мәселелер де қатар шешіліп жатыр. Осы жетістіктеріміздің мәні оның басы-қасында рухани байлыққа жанашыр адамның болуымен байланысты. Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев туған жеріміздің мәртебесін мәдениеті мен өнері арқылы да көтере білді.

Осындай фестиваль ұйымдастыру мәселесі де аймақ басшысының ұсынысы бойынша өмірге келген-ді. Әрине, бұл бастаманың мән-мазмұны айқын. Кеңестік дәуірде әдебиет насихатының арнайы бюросы болды. Осы ұйым қазақ ақын-жазушыларын ел ішіне шығарып, халық шаруашылығы мен шығармашылық өкілдерін тығыз байланыстырды. Сол арқылы еңбек адамдарының образын жасаған қаншама романдар мен поэмалар жазылды.

Бүгінде бұл үрдістің жоғалып бара жатқаны жасырын емес. Қарапайым адамдар мен қаламгерлердің арасында алдымен нарық, кейіннен жаһандану деп аталатын жік пайда болды. Бұл бастама осындай кедергілердің көбесін сөгуге бағытталған. Шын мәнінде ел іші таза шығармашылықтың бал-шырынына шөліркеулі. Қазақтың жан-дүниесі әсіресе ешқашан да өлеңнен суымайды. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп Абай хакім айтқандай, қазақ пен өлең егіз ұғым.

Айтылған мәселелер тұрғысынан алғанда аймақ басшысының бұл бастамасы – дер кезінде, қажет шағында қолға алынған өміршең жоба.

Осыдан екі жыл бұрын бірінші фестиваль өткізілді. Оған еліміздің 12 облысынан және туысқан қырғыз ақындары келген еді. Мұнан кейінгі жылы облыс әкімінің тікелей ұсынысымен «Ұлы Дала үні» атты қазақ ақындарының қырғыз тіліндегі жинағын шығардық. О.Сүлейменов, М.Шахановтан бастап қазақтың үлкен ақындарымен бірге осы жинаққа Сыр елінің жиырма шақты ақыны енді. Фестивальдің бірінші күні сол кітаптың тұсаукесері болады.

– Биылғы фестивальға келушілер тізімі шараның халық­аралық сипат ала бастағанын көрсетеді. Мұндай ауқымды жиындардың өтетін орны біраз жұрт үшін еліміздің астанасы немесе Алматы секілді қалалар болып сезілетін. Бір жақсысы, бізді ақындар аламанына Сыр бойының таңдалғаны қуантып отыр.

– «Сыр – Алаштың анасы» демеді ме, Елбасымыз. Демек, түркі елі ақындары Алаштың ту тіккен жерін түгел көруі керек. Сыр бойы – қасиетті мекен. Осы топырақта түркі абызы Қорқыт дүниеге келген. Осы топырақта қазақтың алғашқы астаналарының қабырғалары ғасырлар биігінен қарап тұр.

Өзің де білесің, тұрғыны 400 мыңға толмайтын Витебск қаласы жыл сайын 30-40 елдің әншілерін жинап, «Славянский базар» фестивалін өткізеді. Демек, ән – осы жердегі белорустардың топырағына сай өнер. Ал, Сыр бойына жыршылық пен ақындық тән. Алысқа қарамай-ақ, осыған дейін үш жылда бір өткізіліп келе жатқан «Қорқыт және Ұлы дала сазы» өнер фестивалін айтсақ та өлең-жырдың Қызылордамен табиғаттас екеніне тағы бір көз жеткіземіз. Ендеше, поэзия тойының біздің өлкемізде өткізілуі барлық жағынан орынды бастама деп айта аламыз.

– Екінші мәрте қарсы алатын ақындарымыз қай жерлерден келмек. Биылғы фестивальдің қандай ерекшеліктері бар?

– Биылғы поэзия дүбіріне Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан, Татарстан елдерінен келген ақындармен қатар еліміздің әр аймағынан және өз облысымыздан, барлығы 27 ақын қатысады.

Ақындарды үш топқа бөлдік. Бірінші топ Арал, Қазалы, Қармақшыда, екінші топ Жаңақорған мен Шиеліде, үшінші топ Жалағаш, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласында өнер көрсетеді. Олар өлең оқып қана қоймайды, елмен тікелей жүздесіп, пікірлеседі. Әдеттегідей, мәдениет үйлеріндегі кездесумен шектелмейді, ауыл-ауылды аралап, жырдан шашу шашады. Аймағымыздағы Қорқыт ата кешені, Байқоңыр қаласы, Сығанақ, Сауран секілді жәдігер мекендермен бірге киелі орындарды да тамашалауға мүмкіндік алады. Бұл сапар ақындардың шабытын шалқытып, жаңа шығармалар тудыруға қозғау болатыны анық.

Тағы бір ерекшелігі, биылғы фестиваль Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ф.Оңғарсынованың – 80, дарынды ақын, сыншы-аудармашы Ж.Әбдірәштің 70 жылдығына және тағдырлы ақын Әділ Ботпановтың шығармашылығына арналады. Кездесу шараларында қатысушылардан бөлек осы ақындардың да өлеңдері оқылады.

– Ақындар жиналған жерде өлең бәйгесі де болатын шығар?

– Бәйгеге өлең шабады, озық өлең талғампаз жұрттың жүрегіне жетеді. Бұл – мүшәйра емес, фестиваль. Сондықтан барлық ақынға бір мөлшерде қаламақы белгіленген. Топтардың жұмысын Мұхтар Ниязов секілді белгілі сөз жүйріктері жүргізеді. Сондықтан ақындардың халықпен кездесуі ерекше қызғылықты, әсерлі дәрежеде өтеді деп күтілуде.

– Бұл өлең тойын жерлестеріміз жыл сайын қызықтай алады деп айта аламыз ғой.

– Әрине, бұл фестивальдің аясы жыл сайын кеңи береді, мазмұны тереңдей түседі. Шараның негізгі мақсаты – кейінгі ұрпақтың рухани қуатын арттыру, оларды отаншылдыққа, сүйіспеншілікке, сұлулыққа баулу. Біз дәл осы тұста осындай мүмкіндікке жол ашқан облыс әкіміне зор алғыс білдіруге міндеттіміз.

– Әңгімеңізге рахмет. Поэзия тойы халқымыздың жан-дүниесін қуаныш пен шаттыққа бөлей берсін. 

Әңгімелескен

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

Cұхбат 23 мамыр 2019 г. 1 666 0